Сабақты зерттеу үрдісі бойынша тәжірибелік нұсқаулық
Зерттеуді бастамас бұрын, алдымен Сабақты зерттеу үрдісі мен Іс-әрекеттегі зерттеу үрдісінің теориялық негіздемесін, айырмашылығы мен ұқсастықтарын зерделеп алған дұрыс. Ол үшін Мұғалімдерге арналған нұсқаулықтағы: «Мектеп базасында жүзеге асырылатын Іс-әрекеттегі зерттеу үрдісі арқылы практик-мамандар мектеп проблемаларын қарастырып, оларға жан-жақты жауап беру мүмкіндігіне ие болады. Бұл – «мектептегі шара» немесе «мектеп туралы ақпарат» қана емес, ол, ең алдымен, «мектеп үшін» жүргізілетін зерттеу шарасы» деген Іс-әрекеттегі зерттеу туралы мағлұмат пен «Сабақты зерттеу тәсілінде ең бастысы «зерттеу сабағы» немесе «сабақты зерделеу» үрдісі болып табылады. Бұл үрдіс барысында ынтымақтастықтағы мұғалімдер оқу сапасын арттыру үшін белгілі бір тәсілді қалай дамытуға болатындығын анықтау мақсатында оқушылардың оқу үрдісін зерделейді. ... Сабақты зерттеу мұғалімдерді оқыту және олардың тәжірибесін дамытудағы бірлескен тәсіл болып табылады және де іс-әрекеттегі зерттеу сияқты бірқатар циклдерді қамтиды» (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, 1(ілгері) деңгей, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, Астана, 2015ж) деген Сабақты зерттеу туралы мағлұматты салыстыра отырып, қатар оқу ұсынылады. Себебі, тәжірибе барысында байқағанымызға сүйенсек, мектеп мұғалімдерінің басым көпшілігі Іс-әрекеттегі зерттеу мен Сабақты зерттеу үрдістерін шатастырады. Бұл қалыпты жағдай, себебі деңгейлік бағдарламада аудиториялық оқытудың бірінші «бетпе-бет» кезеңінде мұғалімдерге мүлдем таныс емес жаңа үрдіс туралы ақпаратпен танысуға аз уақыт бөлінген және Сабақты зерттеу үрдісі бойынша қосымша ақпарат алатын көздер аз. Зерттеумен айналысқысы келетін мұғалімдердің Сабақты зерттеудің қандай да бір педагогикалық әдістемені жетілдіруге немесе енгізуге бағытталған үрдіс екенін есте ұстағандары жөн.
Енді Пит Дадли өзінің «Сабақты зерттеу: нұсқаулығында» ұсынған үрдістің әр қадамына нақты тоқтала отырып, тәжірибе негізінде түсініктеме беріп көрейін.
«Сабақты зерттеу – мұғалім тәжірибесі саласындағы білімді жетілдіруге бағытталған, сабақтағы іс-әрекеттегі зерттеудің ерекше үлгісі болып табылатын педагогикалық тәсіл. ... Сабақты зерттеуге шараны бірлесе жоспарлап, өткізетін, қадағалайтын, оқытумен оқуды талдай отырып, өз қорытындыларын қағаз бетіне түсіретін мұғалімдер тобы қатысады. Сабақты зерттеу циклін өткізу кезінде мұғалімдер оқыту тәжірибесіне жаңа әдістер енгізеді немесе оны жетілдіреді, кейін ашық Зерттеу сабағын өткізу немесе жұмыс сипатталған құжатты жариялау арқылы әріптестеріне таратады.
Сабақты зерттеуді өткізу барысында топта (немесе жұппен) жұмыс істейтін мұғалімдер:
Өздері күнделікті жинаған материалдары мен жүйелі бағалау деректерін оқушылардың оқу мен даму басымдықтарын белгілеу үшін қолданады.
Алдағы уақытта әзірленетін немесе жетілдірілетін, белгіленген міндеттерге жауап беретін оқыту әдістемесін бірлесіп анықтайды.
Үш «бақылаудағы оқушыны» анықтайды, олар әрқайсысы сыныптағы белгілі бір топтың өкілі болуы қажет, мысалы, оқу үлгерімінің деңгейі жоғары, орта, төмен оқушылар.
• Зерттеу сабағын бірлесіп жоспарлап, сабақты өткізу барысында зерттелетін үш оқушыны үнемі назарға ала отырып, оқыту әдістемесін пайдаланады және оның нәтижелерін мұқият зерттейді.
Бақылаудағы оқушылардың дамуы мен оқуына басты назар аудара отырып, Зерттеу сабағын өткізеді және оны қадағалайды. Аталған үдерістер бірнеше сабақ бойы
қайталанып, жетілдірілуі мүмкін. Бақылауды барлық Lesson Study кезінде жүргізу міндетті емес.
Бақылаудағы оқушылардың Зерттеу сабағы туралы ойларын білу үшін олармен сұхбаттасады.
Зерттеу сабағын талқылайды.
Қолданылатын әдіске бақылаудағы оқушылардың қалай қарайтынын, олардың жеткен жетістіктерін, оқуда көрсететін нәтижелері мен кездесетін қиындықтарын білу,
сонымен қатар алынған тәжірибені келешекте оқыту мен оқу әдістемесін әзірлеу үшін пайдалану мақсатында Зерттеу сабағына талдау жүргізеді.
Мектеп мұғалімдеріне таныстырылым жасау немесе коучинг өткізу арқылы Сабақты зерттеу тәсілін қолдану нәтижелерін көпшілік қауымға ұсынады.
Соңғы екі тарауда мектеп басшыларының бұл бағытта не істей алатындығы туралы идеялар қарастырылған:
Сабақты зерттеу үрдісін өткізу уақытын жоспарлау және осы тәсілді мектеп бағдарламасына енгізу;
ә. Сабақты зерттеу үрдісі негізінде кәсіптік оқытуды дамыту мен қолдау (Пит Дадли, Сабақты зерттеу: нұсқаулық, 2011ж).
Достарыңызбен бөлісу: |