Созақбай – бейіт. Сырдария өзенінің аңғарында, Тұран ойпатында. Кісі есімінен қойылған атау.
Созықтабан – төбе. Арал Қарақұмының оңтүстік-шығысында, Байқоңыр қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 120 км жерде. Абс. биіктігі – 235 м. «Табаны, етегі созылып жатқан төбе» мәніндегі атау.
Сорқұдық – құдық. Арысқұм құмының батысында. «Тұзды, батпақты жердегі құдық» мәніндегі атау.
Табаққалған – құдық. Арал Қарақұмының оңтүстік-шығысында, Тұран ойпатында. Белгілі бір оқиғаға байланысты қойылған атау.
Тайлақкеткен– артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Ру не кісі атынан қойылған атау.
Таң – ауыл. Жалағаш кентінен батысқа қарай 34 км жерде, Сырдария өзенінің сол аңғарында. «Атқан таң, нұр шапақты таң» мәнінде кеңес дәуірінде қойылған атау.
Тасшоқы – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 50 км жерде, Жаңадария өзенінің жағасында. «Тасты шоқы, тасы көп шоқы» мәніндегі атау.
Татен – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Тектұрмас – төбе. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында. Абс. биіктігі – 146 м. Кісі есімінен қойылған атау.
Теңізбай – қоныс. Дариялық жазығының солтүстік-батыс бөлігінде. Ру не кісі есімінен қойылған атау.
Тобыр – темір жол бекеті. Жалағаш кентінен шығысқа қарай 9 км жерде. Ру атынан қойылған атау болуы мүмкін.
Тоғайқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Тоғай ішіндегі құдық» мәніндегі атау.
Тоқта – төбе. Дариялық жазығының солтүстік-батыс бөлігінде. Абс. биіктігі – 140 м. Тоқтай, Тоқтас, Тоқтар деген ру не кісі аттарының бұрмаланған тұлғасы болуы мүмкін.
Төрешқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Төрештің құдығы» мәніндегі атау.
Тұрсынбек – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Түбекбұлақ – құдық. Дариялық жазығының батыс бөлігінде. «Түбектегі суы мол құдық» мәніндегі атау.
Түйекеткен – көл. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-батысында, Қараөзек тарамының бойында. Көлге түйенің батып кету оқиғасына орай қалыптасқан атау.
Тыштықбай – құдық. Арысқұм құмының батысында. Кісі есімінен қойылған атау.
Шалғынбай – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Шаменов – ауыл. Жалағаш кентінен батысқа қарай 18 км жерде, Сырдария өзенінің оң жағасында. Бұрынғы атауы – Айнакөл ауылы. Кісі есімінен қойылған атау.
Шәкімқазған – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Құдықты Шәкім деген кісі қазғандығын аңғартатын атау.
Шәуек құмы – төбе. Мақпалкөл ауылының Жаңадария бетінде 10-15 шақырымдай жерде орналасқан. Шәуек деген Қарақалпақтың адамы болған. Ол осы жерге келіп ел тұрғындарына бидай ектіреді. Бидайы жоғарыда аталған құмның биіктігімен бірдей болады. Сондықтан ауыл тұрғындары бұл жерді Шәуек құмы деп атаған. Осы ауылдың барлық жерін су басып кеткенде ауыл халқы осы Шәуек құмының төбесіне орналасқан екен.
Шергелтай – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 100 км жерде, Қуаңдария өзенінің сол аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.
Шымқорған – Жамандария өзені бойындағы қорған. Жалағаш ауданы жеріне жақын. 1818-1814 жылдары салынған. Дуалының биіктігі – 8 м. Бекіністің төрт бұрышында мұнаралар орнатылған, айналасы екі қатар ормен және сумен қоршалған. Бекіністің оқ-дәрі, қару-жарақ сақтайтын ұңғыма орны сақталынған.