Абай ауылы – ауыл, Қосшыңырау ауылдық округінің орталығы. Қызылорда қаласынан солтүстікке қарай 12 км жерде орналасқан. Ауыл 2000 жылға дейін Интернационал деп аталып келген. 1965-1996 жылдары күріш өсіретін өзімен аттас кеңшардың орталығы болған. Кеңшар негізінде Абай және округке қарасты Досан, Қарауылтөбе ауылдарында ЖШС және бірнеше шаруа қожалықтары құрылды.
Айнакөл – ауыл. Қызылорда қаласынан солтүстік–батысқа қарай 20 км жерде. Бұрынғы атауы – Опытное, Қызылөзек ауылы. Көлдің мөлдір таза түсіне орай айнадай боп жалтырап жатуына сай қойылса керек. Кейіннен осы көл атын ауылға берген.
Айтбай мешіті – сәулет өнері ескерткіші. 1878 жылы Айтбай қажының қаржысына Әулиеата шеберлері Ысқақ пен Камал салған. Ауданы – 22х16, биіктігі – 14 м. Алдыңғы жағы үлкен портал болып келеді, күйдірілген қышпен өрнектелген, ортасындағы ойық-есік, екі жағынан төрт жалған терезе іспеттес оймышпен әшекейленген. Төбесі қаңылтырмен жабылып, әктелген.
Ақжарма – ауыл, ауылдық округ орталығы. Қызылорда қаласынан батысқа қарай 12 км жерде, Сырдарияның сол жағалауында орналасқан. Ақжарма ауылында Қызылорда қаласын жеміс-көкөніс және сүт тағамдарымен қамтамасыз ететін шаруашылық нысандар орналасқан.
Ақмәмбет – 12-14 ғасырлардан сақталған қоныс орны. Қызылорда қаласынан оңтүстік–батысқа қарай 20 км жердегі Шірік-Рабат көне қаласының оңтүстік-батысында 65 км жерде, Жаңадария өзенінің ескі арнасының бойында орналасқан. Қоныс орнында қабырғаларының биіктігі 0,5-0,6 м екі үйдің жұрты сақталған. Жанында 18-19 ғасырларға жататын мазар бар. Ақмәмбет қонысы мен мазарын 1956 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (археолог Н. Н. Вактурская мен М. Г. Воробьев зерттеген). Кісі есімінен қойылған атау.
Ақмешіт – көне бекініс орны. Қазіргі Қызылорда қаласының орнында болған. Бекіністің іргесі 1817 жылы қаланған. А. И. Добросмысловтың айтуынша Ақмешіт бекінісін Қоқан ханы Омархан салғызған. Бекініс жобасы шаршы, әр қабырғасы 110 м, саз балшықтан тұрғызылған. Іргелерінің қалыңдығы – 10,5 м, жоғарғы жағы – 4,36 м, биіктігі – 12 м болған. Қабырғаларының жоғарғы жағында оқ атуға ыңғайлы ойықтар жасалған. Бекініс сыртынан ені 10 м ор қазылған. Ордың алдынан қорғаныс қабырғаларының 2-қатары тұрғызылған. Бекініс ішінде саз балшықтан салынған 50-ге жуық үй, екі мешіт, медресе, оқ-дәрі қоймалары, құдықтар болған. Бекініс орыс әскерлері келген кезде «Перовск форты» болып аталған. Қазан көтерілісінен кейін Ақмешіт аты қайта берілді. Сырдария облысының уездік орталығына айналды. 1925 жылы оған Қызылорда аты беріліп, 1929 жылға дейін Қазақстанның астанасы болды.