Бөрібай – темір жол бекеті. Қызылорда қаласынан шығысқа қарай 11,5 км жерде. Кісі есімінен қойылған атау.
Бірқазан – елді мекен, темір жол бекеті. Белкөл кентіне қарасты елді мекен. Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 27 шақырым жерде орналасқан. Жерінің аумағы – 921 га. 1942 жылы ұсақ колхоздар ірілендіріліп, колхоз орталығы «Бірқазан» стансасы болды. Ол жылдары өзен айналасында бірқазан деп аталатын құс өте көп мекендеген. Осы құс атымен қойылған атау.
Геологтар ауылы – Александровск және Геологтар ауылы атанған екі ауыл Кеңес дәуірі кезінде іргесі 1929 жылы қаланған Комсомол ұжымшарының қарамағында болған (қазіргі Қызылжарма ауылдық округі).
1967 жылы Александровск ауылында геологтар мекемесі құрылып, жеке тұрғын үйлер салынған. Мекеменің өз алдына балабақшасы, дүкені, асханасы, клубы, моншасы, орталық жылу жүйесі, таза ауыз су жүйелері жасалып, жас мамандар осында тұрақтанған.
Халық депутаттары Қызылорда облыстық Кеңесі төрағасының 1992 жылдың 4 мамырындағы №27 қаулысымен Қызылжарма ауылдық кеңесінің Комсомол, Геологтар, Александровск ауылдары Қызылорда қаласының әкімшілік-аумақтық бағыныштылығына берілген. 2005 жылдың қаңтар айында Талсуат ауылдық округі құрылып, Қызылжарма ауылдық округінің құрамындағы Геологтар, Александровск ауылдары Талсуат ауылдық округінің қарамағына берілді.