Онтогенетикалық дамуына қарай:
Перинаталды-құрсақтағы кезең: эмбрионалды даму (эмбрион) – 1,5-2 айға дейін ұрықтың қалыптасуы; плацентарлы даму (ұрық) – 3-10 ай, ұрықтың өсуі.
Босанғаннан кейінгі кезең: ерте; жетілген; соңғы
Б.Ц. Урланис
Қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуына қарай:
- ясли жасы – үш жасқа дейін
- балабақша жасы – 3-6 жас
Э.Эриксон
Әлеуметтік-психологиялық дамуына қарай: сәбилік шақ (туғаннан 1 жасқа дейін); ерте балалық шақ (1-3 жас); ойын жасы, мектепке дейін (4-6-7 жас)
Д.Бромлей 1966 ж.
Жалпы дамуына қарай: құрсақтық кезең, балалық щақ кезең: сәбилік шақ (туғаннан 18 айға дейін); мектепке дейінгі балалық шақ (18 ай – 5 жас)
П.П. Блонский
Тістің пайда болуына қарай: тіссіз балалық (8 айдан 2-2,5 жас); сүт тісі кезіндегі балалық (2-2,5 жастан 6,5 жас)
Л.С. Выготский
Тұрақты және дағдарыстағы дамуы кезеңдеріне қарай: туған кездегі дағдарыс (2 айға дейін); сәбилік шақтағы дағдарыс (1жасқа дейін);
1 жастағы дағдарыс; ерте балалық шақ (1-3 жас); 3 жастағы дағдарыс
Д.Б. Эльконин
Өмір сүруіне қарай: ерте балалық шақ
- Нәрестелік шақ (0-1 жас)
- Ерте балалық шақ (1-3 жас)
Я.А. Коменский
Тәрбиелеу оқытуға қарай:
Бірінші кезең: баланың туғанынан 6 жасқа дейінгі кезеңінде әрбір отбасында – «Ана мектебі»
К.Қожахметова
Психологиялық және физиологиялық даму ерекшеліктеріне байланысты: туылғаннан 1 жасқа дейін – «нәресте»; 1-ден 7 жасқа дейін – «сәби»
Қ.Шалғынбаева
Еңбек етуге икемділігіне қарай
балбөбектік (1-6 жас)
С.Ғаббасов
...адам физиологиясының кезеңдері мен халық педагогикасының негіздеріне қарай: тән құрылысы - жан дүниесі; ұрық тазалығы – тек, тұқым қуалау; ана құрсағындағы тоғыз ай – түйсік, ішкі сезім, жүрек тәрбиесі; нәресте кезеңі – бесік жыры, ақыл тәрбиесі; балбөбек кезеңі – тіл, ой, зерде; сәбилік кезең – табиғатқа сүйсіну, таңдау
Ұ.М. Әбдіғапбарова
Қолөнерін үйренуіне қарай:
1- 6 жас – көріп-білу, байқау кезеңі
М.Құрсабаев «Атамекен» бағдарламасында
Халықтық педагогика негіздеріне қарай:
1) ана құрсағындағы кезең;
2) сәбидің дүниеге келуі (1-12 ай);
3) сәбилік кезең (1-3 жас)
Демографиялық энциклопедиялық сөздік
Өмір кезеңдеріне қарай:
1-10 күн – жаңа туған нәресте
10 күн-1жыл – омыраудағы балалар
1-3 жас – ерте балалық шақ
Мәскеуде (1965 ж.) ССРО Педагогикалық ғылымдар Академиясының симпозиумында
Жаңа туған нәресте 10 күнге дейін.
Омыраудағы жас 10 күн – 1 жыл.
Ерте балалық шақ 1–2 жас.
Балалық шақтың бірінші кезеңі 3–7 жас
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы
1. Жаңа туған бала (туған сәттен бір-екі айға дейін)
2. Нерестелік шақ (бір-екі айдан бір жылға дейін);
3. Ерте сәбилік шақ (бір жастан үш жасқа дейін)
Жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарты (2012 ж.)
Ерте жас –туғаннан 3 жасқа дейінгі кезең:
нәресте - туғаннан1 жасқа дейінгі кезең
сәби - 1-3жас
Жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарты (2016 ж.)
Бөбек жасы – 1 жастан 3 жасқа дейін:
ерте жас – 1 жастан 2 жасқа дейін (ерте жастағы топ);
кіші жас – 2 жастан 3 жасқа дейін (бірінші кіші топ)
Жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарты (2018 ж.)
Біздің зерттеуіміз үшін қызығушылық тудыратын баланың зияткерлік дамуына әсер ететін Ж.Пиаже-нің жіктемесі: 1-кезең – сенсомоторлық зият (алғашқы кезеңдері: өз денесіне бағыну және тәжірибелік зиятты объективтеу); 2-кезең – репрезентативті зият және арнайы операциялар (алғашқы кезеңдері: алдын ала операциялық зият және нақты операциялар) [3].
Пиаже әр адам белгілі бір сатылардан өтіп, оларды жаңа деңгейге көтеріп, келесі қадамдарға шығады деген қорытынды жасайды. Бірақ бұл жіктемеде, біздіңше баланың үздіксіз дамуы есепке алынбағандығы байқалады.
Д.Бромлей жіктемесінде адам дамуының бес циклін көрсеткен: құрсақтық, балалық, жастық, ересек-тік, кәрілік. Айта кету керек, автор баланың ақыл-ой дамуында құрсақтық циклге мән беріп, оны төрт сатыға бөліп ерекше анықтайды: ұрықтану; эмбрион; тұқым; дүниеге келу сәті. Д.Бромлей топтамасында бізге қызығушылық тудыратыны, балалық кезеңі. Ол «балалық» кезеңін үш сатыға бөледі: сәбилік шақ (туғаннан 18 айға дейін); мектепке дейінгі балалық шақ (18 ай – 5 жас); мектептегі ерте балалық шақ (5-11-13 жас) [4].
Онтогенез ұғымын 1886 жылы Э.Геккель енгізген. Ол баланың онтогенездік дамуына байланысты екі маңызды кезеңді атап өтеді: перинаталды-құрсақтағы (жатырда пайда болғаннан дүниеге келгенге дейінгі) кезең; босанғаннан кейінгі-құрсақтан кейінгі (адамның дүниеге келгенінен өмірден кеткенге дейінгі) кезең. Перинаталды-құрсақтағы кезеңнің бөлінуі: эмбрионалды даму (эмбрион) – 1,5-2 айға дейін ұрықтың қалыптасу кезеңі; плацентарлы даму (ұрық) – 3-10 ай, ұрықтың өсу кезеңі. Баланың тез өсуімен және дамуы, анасының ағзасы арқылы қоректенуімен сипатталады, сондықтан жүктілік кезеңіндегі анасының созылмалы науқасы, оның тамақтану ерекшелігі, психикалық және физикалық ауыртпашы-лығы болашақ баланың дамуына маңызды әсер етеді. Босанғаннан кейінгі кезеңдегі сатылар: ерте; жетілген; соңғы. Дүниеге енді ғана келген адам ересек адамнан бірнеше сапалық ерекшеліктерімен өзгешеленеді, оның қарапайым кішірейген көшірмесі ғана болып есептелмейді. Дамып келе жатқан баланың ересектердің деңгейіне жету уақыты ағзаның негізгі физиологиялық көрсеткіштерін ескергенде 16-20 жылды құрайды. Онтогенез процесінде жеке ағзалар мен жүйелер бірте-бірте жетіледі және өзінің дамуын әртүрлі кезеңде аяқтайды. Бұл әртүрлі жастағы балалар ағзасының жұмыс істеу ерекшеліктерінің пісіп-жетілуін негіздейді [5].
Құрсақтағы кезеңде ағза мен тіндер қаланады, олардың саралануы жүреді. Босанғаннан кейінгі кезеңдегі онтогенезде ағза мен жүйенің пісіп-жетілуі әртүрлі жастағы балалар ағзасы қызметінің мүмкін-діктерін, оның сыртқы ортамен өзара байланысының ерекшеліктерін анықтайды.
Баланы ана құрсағынан дамыту пікірін қазақстандық ғалым С.Ғаббасов та қолдап, негіздеген. Ол адам дамуының жас ерекшелігін адам физиологиясының кезеңдері мен халық педагогикасының негіздеріне қарай бөледі: тән құрылысы - жан дүниесі; ұрық тазалығы – тек, тұқым қуалау; ана құрсағындағы тоғыз ай – түйсік, ішкі сезім, жүрек тәрбиесі; нәресте кезеңі – бесік жыры, ақыл тәрбиесі; балбөбек кезеңі – тіл, ой, зерде; сәбилік кезең – табиғатқа сүйсіну, таңдау; балиғат кезеңі – білім және логика; кәмелет кезеңі – орта білім сана. Соның ішінде ұрық тазалығына, ана құрсағындағы тәрбиеге аса мән береді [6].
Осындай ой М.Құрсабаевтың ұлттық тәрбие құндылықтарына негізделген «Атамекен» бағдарлама-сында да тұжырымдалған. Ол балалар жас ерекшеліктерін мынадай кезеңдерге бөліп қарастырған: 1) Ана құрсағындағы кезең; 2) сәбидің дүниеге келуі (1-12 ай); 3) Сәбилік кезең (1-3 жас)... Автор тәрбие жұмыстарының бағыттары мен мазмұнын осы кезеңдерге сәйкестендіріп ұсынған. Соның негізінде тілін, дінін, салт-дәстүрін меңгерген жеке тұлғаны тәрбиелеп шығару мүмкіндігін айтады [7].
Ал. П.П. Блонский балалардың жас ерекшелігін тістің пайда болуымен байланыстырады. Ол балалық шақты үш кезеңге бөледі:
тіссіз балалық (8 айдан 2-2,5 жас),
сүт тісі кезіндегі балалық (2-2,5 жастан 6,5 жас),
тұрақты тістер кезіндегі балалық [8].
Анри Уолло балалардың онтогенетикалық дамуына қарай жас шекарасын 7 кезеңге бөліп көрсетеді:
1) импульсивті кезең «6 айға дейін);
2) эмоционалды кезең (6 айдан 10 айға дейінгі кезең) – эмоцияның жинақталуы;
3) сенсомоторлық кезең (10 айдан 14 айға дейінгі кезең) – тәжірибелік ойлаудың қалыптасуы;
4) жобалау кезеңі (14 айдан 3 жасқа дейінгі кезең) зерттеушілік белсенділіктің қалыптасуы;
5) жеке-даралық кезең (3 жастан 6 жасқа дейін) – «Меннің» қалыптасуы;
6) оқу кезеңі (6 жастан 12-14 жас) – объективті жетістік;
7) жыныстық жетілу кезеңі 14 жастан бастап) – өзіндік «Мен» көзқарасына бағытталуы мен өзіндік ойлау қабілетінің қалыптасуы [9].
Л.С. Выготский балалардың даму сатысын тұрақты және дағдарыс кезеңіне қарай бөледі: бір жылдық дағдарыспен аяқталатын дүниеге келер алдындағы кезең; үш жылдық дағдарыспен аяқталатын ерте балалық шақтағы кезең; жеті жасқа дейінгі дағдарыстан тұратын мектеп жасына дейінгі кезең. Тұрақты кезеңде балада сырттай ешқандай елеулі өзгерістер болмайды, ұзақ уақытқа созылатын даму бірте-бірте жүреді. Дағдарыс кезеңінде қоршаған ортадағы шынайы заттармен қақтығысқа, барлық мүмкіндіктерге қарсылық білдіруге негізделген дамуда елеулі секіріс болады. Л.С. Выготскийдің тұжырымдауынша тұрақты және дағдарыстағы дамуы кезеңдері: туған кездегі дағдарыс (2 айға дейін); сәбилік шақтағы дағдарыс (1жасқа дейін); 1 жастағы дағдарыс; ерте балалық шақ (1-3 жас); 3 жастағы дағдарыс; мектепке дейінгі жас (3-7 жас); 7 жастағы дағдарыс - мектеп жасы (7-13 жас); 13 жастағы дағдарыс -жеткіншек жас (13-17 жас) 17 жастағы дағдарыс [10].
Д.Б. Эльконин баланың дамуын ерте жастағы балалық кезең, балалық кезең және өсу кезеңі деп үшке бөледі. Әр кезең баланың іс-әрекетінің жетекші түрімен байланысты екі кезеңмен алмасып отырады. Бірінші кезеңде «міндетті, мотивті және адамдармен қарым-қатынас нормасын басым игеру және осы негізде мотивациялық-қажетсіну аясын дамыту жүреді», екіншіде – «қоғамда өндірілген заттармен әрекет жасау тәсілдерін басым игеру және осы негізде балалардың зияткерлік-танымдық күшін, олардың операциялық-техникалық мүмкіндіктерін қалыптастыру жүреді». Элькониннің жүйесі бойынша жас ерекшелік аралығы: ерте балалық шақ - нәрестелік шақ (0-1 жас); ерте балалық шақ (1-3 жас); балалық - мектепке дейінгі жас (3-7 жас); кіші мектеп жасы (7-11/12 жас); жеткіншек - жасөспірім жасы (11/12-15 жас); ерте жастық шақ (15 жасқа дейін). Ол осы кезеңдер аралығындағы баланың даму өзгерістерін былайша сипаттайды:
нәрестелік кезеңді қамтитын тікелей-эмоциялық қарым-қатынас;
ерте жастағы балалықты қамтитын заттық-қимылдық кезең;
мектеп жасына дейінгілер үшін іс-әрекеттің жетекші түрі болып табылатын рөлдік ойындар [11].
Э.Эриксон адамның әлеуметтік-психикалық дамуын сегіз фазаға бөледі:
Сәбилік шақ (туғаннан 1 жасқа дейін)
Ерте балалық шақ (1-3 жас)
Ойын жасы, мектепке дейін (4-6-7 жас)...
Бірінші кезең (туғаннан бір жасқа дейінгі кезең) «базалық сенім базалық сенімсіздікке қарсы». Бұл кезеңде ана мен баланың жағымды қарым-қатынасын қалыптастыру өте маңызды болып табылады. Егер анасы баланың қажеттілігіне сай сезімтал қамқорлық, сүйіспеншілік пен нәзіктік көрсетсе, бала өзінде барлығы ойдағыдай екенін сезінеді, ол өзімен өзі болады және баланың мінез-құлқы басқа адамдардың күткеніне сәйкес келеді. Сәби әлемге деген сенімді сезінеді, балада елеулі ауытқушылықтар мен аурушаң-дыққа әкеп соғатын өзгерістер болмайды. Бір жастан үш жасқа дейінгі кезеңге сәйкес келетін екінші кезең «ұялуға қарсы автономия» деген атауға ие болды. Баланың тез дамуы оның барынша дербес болуына мүмкіндік береді. Ата-аналар баланы жиі бақылауға алады, тыйым салады, шектеу қояды. Үнемі тыйым салу балада өзін түкке тұрғысыз сезімінің пайда болуына негіз болады. «Шамадан тыс ұялта беру шынайы дұрыс мінез-құлыққа апармайды, керісінше жағдайдан шығу үшін жасырын шешім қабылдауға, байқатпай кетуге қадам жасатады». Бала осы жастан бастап балалық дөрекілігімен қоғамның назарын аудара бастайды. Сондықтан ересектердің міндетіне баланы құрметтей білу және оны шамадан тыс еркелете бермеу жатады. Осы жағдайда ғана бала өмірде әділдікті сезіне отырып алға қарай жүреді және қоғамның толыққанды мүшесі ретінде«бастама кінәні сезінуге қарсы» деп аталатын келесі кезеңге өтеді [12].
Кеңестер Одағы тұсында Мәскеуде (1965 ж.) педагогикалық ғылымдар Академиясының симпозиумында келесі жас кезеңдері қабылданды:
Жаңа туған нәресте 10 күнге дейін.
Омыраудағы бала 10 күн – 1 жас.
Ерте балалық шақ 1–2 жас.
Балалық шақтың бірінші кезеңі 3–7 жас.
Балалық шақтың екінші кезеңі ер балалар үшін 8-12 жас, қыз балалар үшін 8-11 жас.
Ал, көпшілікпен мақұлданып қабылданған демографиялық энциклопедиялық сөздікте адамның өмірінің кезеңдері, соның ішінде балалық шақтың (салыстырмалы шектерін ескере отырып) аралығы төмендегідей берілген:
жаңа туған нәресте – 1-10 күн
омыраудағы балалар – 10 күн-1жыл
ерте балалық шақ –1-3 жас
алғашқы балалық шақ – 4-7 жас [13].
Қазақ халық педагогикасында және отандық ғалымдар еңбектерінде де балалардың жас ерекшелік аралығы қарастырылған.
К.Қожахметова өзінің монографиялық еңбегінде халықтың түсінігінде қалыптасқан жас ерекше-ліктері кезеңінің үш тәсілін көрсетеді:
Бірінші тәсіл адамның психологиялық және физиологиялық даму ерекшеліктеріне байланысты:
- туылғаннан 1 жасқа дейін – «нәресте»,
- 1-ден 7 жасқа дейін – «сәби»...
Екінші тәсіл, қазақ халқының мал шаруашылығымен байланысты:
- туғаннан – 10 жасқа дейін – «қозы жасы» (бұл жаста балалар қозы баққан);
Үшінші тәсіл, мүшел жасқа байланысты [14].
Ал, С.Қалиевтің еңбегінде қозы жасы, қой жасы, жылқы жасы, патша жасына мазмұндық сипаттама беріледі [15].
Сондай-ақ, Қ.Шалғынбаева балалардың еңбек тәрбиесіндегі жас кезеңдері мәселесін жыныстық ерекшеліктеріне қарай жүйелеген:
Ер балалардың жас кезеңдері:
- балбөбектік (1-6 жас);
- балиғаттық (7-15 жас);
- бозбалалық – жетілген азамат (16-18 жас).
Қыз балалардың жас кезеңдері:
балбөбектік (1-6 жас);
балиғаттық (7-15 жас);
бойжеткендік (16-18 жас) [16].
Ұ.М.Әбдіғапбарова қазақ халық педагогикасындағы балалар мен жастарды сәндік-қолданбалы өнерге үйретудегі жас кезеңдерін айқындаған:
1-6 жас – көріп-білу, байқау кезеңі;
5-9 жас – қолөнерінің қарапайым жұмыстарына қатысу кезеңі;
10-14 жас – қолөнерінің негізгі жұмыстарына үйрену кезеңі;
15-19 жас – қолөнерінің бір түрі бойынша мамандану кезеңі [17].
Сонымен, мектепке дейінгі балалардың жас ерекшеліктерін физиологиялық және психикалық дамуына қарай топтастырған ғалымдардың еңбектеріндегі, бағдарламалар мен сөздіктердегі жіктемелерге жасаған талдау олардың құрсақтық – туғанға дейінгі кезең (Д.Бромлей, С.Ғаббасов, М.Құрсабаев және т.б.) және нәрестелік – туғаннан 1 жасқа дейін (Л.C. Выготский, Д.Б. Эльконин, Э.Эриксон), 1,5 жасқа дейін (Д.Бромлей), 2-жасқа дейін (Г.Крайг), 3 жасқа дейін (В.Квинн.); ерте балаллық шақ туғаннан 2 жасқа дейін (A.B. Петровский), 1-2 жас (JI.C. Выготский, Д.Б. Эльконин), 1-3 жас (B.C. Мухина, Э.Эриксон), 1,5 – 5 жас (Д. Бромлей), 2-6 жас (Г.Крайг), 3-6 жас (В.Квинн), мектепке дейінгі балалық шақ – 3-6 жас (Л.С. Выготский, A.B. Петровский, Д.Б. Эльконин) кезеңдерін қамтитынын көрсетті.
Қазақ халық педагогикасы аясындағы еңбектерде ерте балалық шақ кезеңін нәрестелік – 1 жасқа дейін (К.Қожахметова), сәбилік 1-3 жас (С.Ғаббасов, М.Құрсабаев), 1-7 жас (К.Қожахметова), балбөбектік – 1-6 жас (Қ.Шалғынбаева) деп қарастырылғаны байқалды.
Жоғарыда талдау көрсеткендей, ерте балалық шақ кезеңі, олардың жас шекара аралығының бірыңғай жүйеге келмегендігін көрсетті. Балалардың жас кезеңіне берілген теориялық тұжырымдар мен жіктеме-лердің алуан түрлілігі, бірыңғай пікірге келмеуі ерте балалық шақтың әлі де зерттеле түсу қажеттілігін көрсетеді.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында баланың жас ерекшелік шекарасын:
1) жаңа туған бала (туған сәттен бір-екі айға дейін);
2) нәрестелік шақ (бір-екі айдан бір жылға дейін);
3) ерте сәбилік шақ (бір жастан үш жасқа дейін) деп көрсеткен [18].
2012 жылғы ҚР МЖМБС-нда ерте жас –туғаннан 3 жасқа дейінгі кезең: нәресте-туғаннан1 жасқа дейінгі кезең, сәби-1-3жас деп көрсетсе, 2016 жылғы ҚР МЖМБС- бөбек жасы – 1 жастан 3 жасқа дейін: ерте жас – 1 жастан 2 жасқа дейін (ерте жастағы топ); кіші жас – 2 жастан 3 жасқа дейін (бірінші кіші топ) деп берілген [19].
Аталған мемлекеттік бағдарлама мен стандартта да баланың ерте жасы 1-3 жас аралығы екендігін нақты көрсетеді.
Біз де ғалымдардың баланың үйлесімді дамуының негізі үш жасқа дейін қаланады деген тұжырым-дары негізінде, халықтық педагогика және психолог ғалымдардың (Л.Выготский, Д.Эльконин, Э.Эриксон және т.б.), сондай-ақ аталған мемлекеттік бағдарламалар мен құжаттардағы балалық шақ кезеңдері жіктемесіне сүйене отырып, ерте жас аралығын шартты түрде былайша бөлеміз: Ерте жас – туғаннан 3 жасқа дейінгі кезең:
нәресте – туғаннан 1 жасқа дейін
сәби – 1- 3 жас
Енді анықтап алған жас аралығындағы баланың қай кезеңінен бастап танымдық белсенділігін дамытуға баса көңіл бөлу керектігін анықтау үшін олардың физиологиялық және психикалық даму ерекше-ліктері туралы теориялар мен тұжырымдарға мән бердік.
Аса көрнекті чехтың ұлы педагогы Я.А. Коменский баланың сезім ерекшеліктеріне байланысты оқыту жүйесін құру керектігін айтты. «Ұлы дидактика» еңбегінде мектепке дейінгі тәрбиенің жүйесін жасады [20].
Ж.Ж. Руссо мектеп жасына дейінгі психологиялық ерекшеліктерін толық ашып берді. Ол баланың ақыл ойының, ықылас-тілегінің өзіндік ерекшелігінің болатынын, оларға барлық уақытта бала деп қарауға бол-майтындығын, кейде үлкендермен түрліше араласу баланың табиғи дамуына кері әсер етеді [21].
Г.Песталоцци баланың жеке басының қалыптасуына жанұяның әсіресе ананың ролі зор деп бағалады. Ол танымның басталар сәті сезімді қабылдау деп есептеді, әрбір баланың бойында бақылау мәдениетін қалыптастыруды талап етті [22].
Әсіресе біздің еңбегіміз үшін қызығушылық тудырған және зерттеу барысында негізге алынған В.С. Мухинаның «Балалар психологиясы» еңбегі болды [23].
Нәрестенің физиологиялық дамуында ол ересектерге толық тәуелді болады, тілді қолдана алмайды. Физикалық тұрғыдан қарқынды өседі (1,5-2 есеге). Қозғалу белсенділігі дамиды. 1 айлығында иегін көтереді, 2 айлығында кеудесін көтереді, 3 айлығында затқа ұмтылады. 4 айлығында сүйемелдеумен отырады, 5-6 айлығында затты қолымен ұстай бастайды, 7 айлығында басқалардың көмегінсіз отырады, 8 айлығында басқалардың көмегінсіз отыра алады, 9 айлығында сүйемелдеумен тұрады, ішімен еңбектейді, 10 айлығында қолымен тізесіне сүйеніп еңбектейді; екі қолымен ұстап жүреді. 11 айлығында сүймел-деусіз тұрады, 12 айлығында бір қолымен ұстап жүреді.
Нәрестенің психикалық дамуындағы басты іс-әрекет– ересектер мен эмоциялық қарым-қатынас: заттар арқылы байланыс; біріккен қызмет ретіндегі байланыс. 4-5 айлық кезеңде қарым-қатынас таңдау сипатына ие болып, күлкі, қимыл реакциясы пайда болады, ересектердің субъектілі, жеке қарым-қатынасы арқасында нәресте өзін-өзі қарым-қатынастың жеке субъектісі ретінде сезіне бастайды; бірінші жарты жылдықтың соңына қарай өзіне жақын ересектермен аффективті – жеке байланыс қалыптасады. Ересектермен эмоциялық қарым-қатынас нәрестенің қоршаған заттарға бағытталған танымдық белсен-ділігін ынталандырады. Психикалық сезіну, қабылдау үдерістері дамиды. Екі айлық кезеңде көруінің шоғырлануы пайда болады және жетіледі. Үш айлық кезеңде оның ұзақтығы 5-7 минутқа созылады. Екі айдан бастап қарапайым түстерді ажырату қабілеті біліне бастайды. 3-4 айлық кезеңде заттардың түрін қабылдауы байқалады (иілген заттарға көп көңіл бөледі). Есту және көру қабілеттерінің ересектерден айырмашылығ болмайды. Бала көргеніне ұзақ қарай алады, естігенін және көргенін дұрыс байланыстыра алады. Кеңістікті қабылдауы белсенді дамиды. 4 айлық кезінде бала жай ғана көрмейді, қарайды. 6 айлық кезінен бастап түске деген белсенді қызығушылығы байқалады. 8-10 айлығында бала кеңістіктегі заттарды қабылдай бастайды. Алған әсерлері қабылдауға айналады. Зейіннің басында шоғырлану реакциясы ретінде көрінеді. Кейіннен айналасындағыларға танымдық қарым-қатынас түрінде дамиды. Зейіннің пайда болуы мінез-құлық пен іс-әрекеттің барынша күрделі түрінің тууына ықпал етеді. Есте сақтау тану және бейнелеу түрінде пайда болады. Есте сақтауда бірінші танудан басталады (3-4 айлық кезеңнен кейін бала кез келген уақытта анасын таниды). Ассоциативті есте сақтау пайда болады. 8 айдан кейін қайта жаңғырту пайда болады. «Ішкі» сезіну мен қабылдау іс-әрекеті істей бастайды. Бірінші қозғалмалы, эмоциялық және бейнелі есте сақтау дамиды, бір жастың соңына қарай сөзді есте сақтаудың алғышарттары қалыптаса бастайды. Ойлау- сезімдікжәне қозғалыс үдерістерін дамыту көрнекі-әрекетті ойлаудың алғашқы түрін дамытудың негізі болып табылады. Бір жастың соңына қарай сезімдік зияттың алғашқы белгілері пайда болады. Көрнекі-әрекеттік зияттың пайда болуы басқа жетістіктерге жету үшін өлшем құралы ретінде пайдаланылады. Сөзге қатысын айтсақ, ересектердің сөзіне назар аударады. 1,5 айдан 4 айға дейінгі кезеңде уілдеу сипатындағы қысқа дыбыстар шығарады. Алғашқы жартыжылдықта сөзді есту қалыптасады, сонымен бірге баланың өзі де гуілдеген дыбыстар шығарады. Алты-жеті айлық кезеңінде диалгтің түрі мен құралы барынша күрделене түседі. Тіпті баланың жылауының өзінен бірінші күнге қарағанда көптеген өзгерістер байқалады. Қорқыныштан жылау мен жайсыздықтан жылаудың, шақырып жылау мен шағынып жылаудың айырмашылығы байқалады. Бала екінші жартыжылдықта дыбыс шығарып былдырлай бастайды. Бір жастың соңына қарай 10-20 шақты сөзді түсінеді және оған көңіл бөледі, сонымен бірге өзі де бір немсес бірнеші сөздерді айтады. Автономды сөзі қалыптасады. Мағыналы сөздерді қолдануы қарқынды дамиды. Заттардың атауы мен олардың арасындағы өзара байланысты қолдана алады. Эмоциялық дамуы - екі айлығында анасын тани бастайды. «Кешенді тіршілік» – жақындарына эмоциялық-жағымды сезімдік реакция пайда болады (күлу, уілдеу, көз алмай қарап қалу, назарын шоғырландыру). Бұл алғашқы әлеуметтік қажеттіліктің – қарым-қатынас қажетті-лігінің пайда болғанның куәсі болып табылады. 3-4 айлығында балада эмоциялық жағдай: таңырқау, мазасыздану (физикалық жайсыздық жағдайында), қажеттілігін қанағаттандырған кезде босаңсу, еркінсу пайда болады. Таныстарына күледі, таныс еместерді көргенде күлкісін тоқтатады. Жағымды эмоциясын білдірген күлкісі кейіннен айқайға ұласады. 7-8 айлығында таныс еместерін көргенде мазасыздануы күшейе түседі. 7 ай мен 11 айдың арасында «ажырасудан қорқу» – анасы жоқ боп кетекенде қайғыру немесе қорқыныш пайда болады. Жылаудың барлық түрін көрсетеді. Жүру – ескі даму жағдайын ауыстыратын нәрестелік жастың жаңалығы. Алғаш рет бірыңғай әлеуметтік жағдайдағы, енді баланы анасы бастамайды, баланың өзі қалауы бойыншы анасын бастап жүреді.Осы шақта оның бойында «Біз» пайда болады [24].
Л.И. Божович жаңадан пайда болу, баланың есіндегі заттардың аффективті бейнелері оның қажетті-лігін ынталандыру арқылы өтеді деп есептейді. Л.И. Божовичтің тұжырымдауынша, үш жастағы дағдарыс өзін-өзі бағалауды дамытумен, барлығын өзі жасауға деген ұмтылыстан талап етіледі. Дағдарыс себебі «жасаймын» және «жасай аламын» деген талаппен қақтығыстан пайда болады Қарым-қатынастың ескі жүйесін қайта қарау, өзінің «Мен» дағдарысы. Жақын ересек адамдардан психологиялық бөлектену. «Жетістігі үшін мақтаныш» пайда болады [25].
Осыған байланысты бірінші жылдағы дағдарыс жүрудің дамуы есебінен және сөздік іс-әрекетті игеру-мен пайда болады. Ата-аналар мен балалардың арасында жаңа өзара байланыс орнайды. Л.С. Выготский осы дағдарыстың белгісін эмоциялық қырсық мінез көрсетумен пайда болатындығын (бала өалағанын талап етеді және ересектердің қарсылығына ұшырайды, оның көңілі қалады, нәтижесі – аффективті мінез-құлық) негіздейді. Л.С. Выготский: «Фазалық жағынан – сөз, семиотикалық жағынан – сөйлем. 2-3 жасар кезінде бала сөйлемдегі сөздер бір-бірімен байланысты екенін түсіне бастайды (екінші сөздік «жаңалық»)». Бала алғашында дұрыс тыңдауды, содан кейін дұрыс сөйлеуді үйренеді. Үш жасар кезінде көлемі жағынан да, сапасы жағынан дасөзді түсінуі өседі. Балалар тек нұсқау-сөзді ғана емес, әңгіме-сөзді де түсінетін болады. Сөздің көрсеткіштік қызметінен мағыналық қызметіне өту жүреді. Жағдаяттық сөз пайда болады. Тек коммуникативтік қана емес, сөздің реттеушілік және қорытындылаушы қызметі дамиды. Балалар өздеріне таныс сөздерді бір-бірімен ауыстырып қолдануды тарата бастайды [26].
Сонымен жоғарыда айтылып өткендерді қорытындылап, тұжырымдап көрейік. Баланың өмірінің алғашқы үш жылында дамуы қарқынды жүреді. Бұл кезеңде барлық сезім мүшелерінің іс-әрекеті, әсіресе көру және есту, тез жетіледі. 11-12 айда бала негізгі қозғалыстарды игереді. Бір жасқа толғанда оның сөздік қорында 6-10 сөз болады. Олардың саны өсіп, екі жаста 200-300 сөзге дейін, ал үш жаста 1000-нан асып 1500 сөзге дейін жетеді.
Сонымен жоғарыда жас кезеңдеріне, баланың физиологиялық, психикалық дамуы, ерте дамуы ерекшеліктеріне берілген талдау бізге «ерте жастан дамыту» ұғымына анықтама беруімізге мүмкіндік берді. Біздің тұжырымдауымызша «ерте жастан дамыту дегеніміз - баланың туғаннан 3 жасқа дейінгі аралығында дене, ақыл-ой тәрбиесін дұрыс ұйымдастыру». Олай дейтініміз, дене тәрбиесі – баланың физиологиялық (бойы, салмағының өсуі, денсаулығы, еңбек әрекеті) дамуын жүзеге асырады. Ал, ақыл-ой тәрбиесі – психикалық үйлесімді дамуын (сенсорлық, танымдық, эстетикалық, адамгершілік және т.б. сезімдерін, ой-өрісін, белсенділігін) қамтамасыз етеді.
Сонымен, ерте жас – 1 жастан 3 жасқа дейінгі баланың психикалық және дене бітімінің даму сатысы, ол үлкен жартышарлар қабығы қызметінің дамуындағы сапалы өзгерістермен сипатталады. Бұл кезеңде баланың жеке-дара дамуында жүрісі, қозғалысы, ұсақ моторикасы қалыптасады, соның арқасында қоршаған ортаны тану мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейе түседі; үлкендермен және құрдастарымен жағдайлық-іскерлік қарым-қатынасы дамиды; когнитивті үрдістер қалыптасады; пассивті және белсенді тілді игеру орын алады; қызбалық және ерік өрістері анығырақ бола бастайды, өзіндік сана қалыптасады. Ал бұл болса, баланың осы жас аралығында танымдық белсенділігін дамытудың қажеттілігін көрсетеді.