ЖАҢА БУЫН ОҚУЛЫҚТАРЫНЫҢ МАЗМҰНЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДАҒЫ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУ ЖОЛДАРЫ
Г. Н. Зейнолдина
Өскемен қаласы әкімдігінің «№29 қосымша білім беру мектеп-орталығы» КММ
Өскемен қаласы, zeinoldina29@mail.ru
Аңдатпа
Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформасына түрлі жаңалықтар енгізілуде, жаңашыл, заманауи жобалар жасалуда. Солардың бірі – жаңа буын оқулықтары. Сондықтан, ұстаздар ең алдымен Мемлекеттік стандарт талаптарын нақты түсініп, біліктіліктері соған сай болуы шарт.
Аннотация
В настоящее время в систему образования страны внедряются различные новшества, разрабатываются новые, современные проекты. Одним из них являются учебники нового поколения. Поэтому учителя должны, прежде всего, четко понимать требования государственного стандарта и соответствовать их квалификации.
Annotation
Currently, various innovations are being introduced in the reform of the education system of the country, innovative and modern projects are being developed. One of them is a new generation of textbooks. Therefore, first of all, teachers must clearly understand the requirements of the state standard and have appropriate qualifications.
Біздер қазіргі таңда күрделі қоғамдық өзгерістердің куәгері болып, жаңа қоғамды, ортаны құрушы, тың өзгерістерді жасаушы өкіл ретінде өмір сүріп отырмыз. Болашақ ұрпақ қазіргі ғылым мен білімнің тұтқасын ұстап отырған ғалымдармен ұстаздарға ерекше жауапкершілік артады.
Тәуелсіздік туы желбіреп, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болғалы, тілді жан-жақты үйрету, айшықты тіл құралдарының қыр-сырларын игерген болашақ жастарды тәрбиелеуде, оқу-тәрбие үрдісі мұғалімдердің алдына күрделі мақсаттар қоюда.
Жалпы білім беретін мектеп реформасының қайсысы болмасын, оның мүлтіксіз жүзеге асырылуы сапалы оқулыққа тікелей байланысты. Себебі, мектеп оқулығы барлық оқу үрдісінің өзіндік озық үлгісі болып табылады. Ол оқытудың мазмұнын ғана емес, сонымен қатар, жұмыстың әдістемелік тәсілдерін, жалпы бағытын және оқытушы мен оқушының көңіл-күйін анықтап отырады.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде де оқулық мәселесіне ерекше тоқталып өткені сондықтан [5].
Жаңа буын оқулықтары – қазіргі таңда өте өзекті мәселе. Сондықтан, ұстаздар ең алдымен Мемлекеттік стандарт талаптарын нақты түсініп, біліктіліктері соған сай болуы шарт. Ж.А.Қараев: «Оқулық жай ақпарат көзінен оқушының өз бетімен белсенді түрде танымдық қызмет атқара алатын құралына айналу керек» дегендей, екіншіден, бүгінгі оқу үрдісі оқушыларға тек қана білім беріп қоймай, сол білімді ізденушілік жолмен табуды талап ететіндіктен, осы жұмыс барысында жаңа технологиялармен ұштастыру қажет [4]. Білім беру барысында әр баланың психикалық, физиологиялық деңгейін ескере отырып, тілге деген қызығушылықтарын арттыру, патриоттық сезімдерін ояту, дарындылықтарын айқындау керек.
Кезінде көптеген кеңес және шетел педагог-ғалымдары оқулық мәселесімен арнайы шұғылданып, «оқулық» ұғымына дидактикалық тұрғыда жауап беруге талпыныстар жасады. В.П.Беспалько оқулыққа «адамзат тәжірибесінің әртүрлі салаларын біріктіретін күрделі, кешенді модель» деп анықтама берсе, оқулықтану ғылымының атақты өкілдерінің бірі С.Т.Шаповаленко оқулыққа «ғылым негіздерін игеру жөніндегі оқушыларға арналған құрал», – деп анықтама берді. В.В.Краевский «оқулықта тек оқушының іс-әрекеті де алдын-ала жоспарланып қойылған», деп көрсетеді, ал чех ғалымы М.Крымкова оқулықты реалдық оқу үрдісінің алдын-ала жобаланған бейнесі деп есептейді [3].
Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформасына түрлі жаңалықтар енгізілуде, жаңашыл, заманауи жобалар жасалуда. Солардың бірі – «Қазақстан Республикасы орта білім беру мазмұнын жаңарту» аясындағы жаңартылған білім беру жобасы. Бұл жоба «Спиральді оқыту» бағдарламасы деп те аталады [2].
Спиральділік қағидаты бойынша құрылған білім беру бағдарламасы Джером Брунердің «Білім беру үдерісі» (1960) атты еңбегінде қарастырылған танымдық теорияға негізделеді. Оның пікірінше, ең күрделі материалдың өзі дұрыс құрылымдалып, дұрыс ұсынылатын болса, оны тіпті кішкентай балалар да түсіне алады.
Брунердің жұмысына негізделген спиральді білім беру бағдарламасының негізгі ерекшеліктері:
-оқушы мектепте оқыған кезде тақырыпты немесе пәнді бірнеше рет қайталап оқиды;
-әрбір қайталап оқыған сайын тақырыптың немесе пәннің күрделілігі арта түседі;
-жаңа білім алдыңғы біліммен тығыз байланысты және бұған дейін алынған ақпарат тұрғысынан қарастырылады.
Спиральді білім беру бағдарламасын жақтаушылар оның төмендегідей басымдықтарына назар аударады:
-оқушы пәнді қайталап оқыған сайын ақпарат толықтырылып бекітіліп отырады;
-спиральді білім беру бағдарламасы жеңіл идеялардан анағұрлым күрделі идеяларға қисынды жолмен ауысуға мүмкіндік береді;
-оқушыларды соңғы оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін бұрын алған білімдерін қолдануға жетелеу ұсынылады.
Осыған сай мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен оқу бағдарламалары да ұсынылуда.
Өкінішке орай біздің оқулықтардың кемшіліктері де жоқ емес.
Біріншіден, оқулықты баспаға даярлайтын авторлардың арасында тікелей байланыс жоқ сияқты. Сондықтан алдыңғы сыныпта оқытылған материалдар кейінгі сыныптарда қайталанып отырады. Егер де лексикалық материалдар мен сөздік минимумдар қайталанып қана қоймай, жаңа тіркестер мен сөздік қорлар арқылы терең әрі жан-жақты меңгерілуге тиіс.
Екіншіден, оқулық авторларларының бірінің ұстанған принципін екіншісі ұстанбайды. Сол себепті ең негізгі мақсат – тілді қатынас құралы ретінде сөйлесім әрекеті арқылы ойын еркін, дұрыс, түсінікті жеткізу толық іске асырылмайды. Үйретілетін тілдік матеиалдар жүйелі түрде бірінші деңгейден екіншіге, екіншіден-үшіншіге т.б. сабақтаса отырып, ортақ принципке бағындырылып, дамытылып, тереңдетіліп оқытылғаны тиімді болар еді [6].
Үшіншіден, оқулықтардағы әріптерде бірізділіктің жоқтығы.
Төртіншіден, оқулықтардың электронды нұсқасының қолжетімді болмауы. Атап айтқанда, мұғалімдер мен оқушыларға арналған Opiq онлайн платформасы мұғалімдер мен оқушыларға таптырмас көмекші құрал. Тек, оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Оның себебі, платформаның ақылы болуында.
Қорыта айтқанда, оқу материалдарының мазмұны мемлекет стандартының талаптарына, сабақ мақсаттарына, оқушының жас ерекшелігіне, білімді қабылдау деңгейіне сай болуы қажет. Сонымен қатар оқу материалдарының функционалдылығы, оқиғалылығы, жаңашылдығы және оқушы үшін маңызы болуы шарт. Материалдар оқу әрекетін рөльдік түрде ұйымдастыруға, эмоционалды болуы қажет.
Басқа ұлт балалары үшін тақырыптарды меңгеру өте қиын тиеді. Сондықтан да оқу үрдісін инновацияландыру әр мұғалімнің шығармашылығымен, шеберлігімен сабақты жоспарлай білуіне байланысты.
Мемлекеттік тілді өзге ұлт балаларына үйретуде сөз, сөз тіркесі, сөйлем, бейімделген мәтіннен басқа оқушы мен оқытушы арасында белгілі бір жағдаят немесе, тақырыпқа сай іс-әрекеттік білім болуы шарт. Сондықтан, оқулық жазуда, Т2 талаптарын ескерген жөн болар [1].
Білімді ұрпақ тәрбиелеу баршамызға жүктелген міндет екенін есімізден шығармайық!
Достарыңызбен бөлісу: |