Жаңа технологияның өзін мұғалім түрліше іске асыруы мүмкін



Дата23.04.2020
өлшемі20,02 Kb.
#64527

Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің зияткерлік кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу- тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Жаңа технологияның өзін мұғалім түрліше іске асыруы мүмкін. Бұл жерде технологияны жүзеге асырушының тұлғалық компоненті, белгілі бір ерекшеліктері елеулі түрде әсер етеді, сонымен бірге оқушы әрекеті оның қабылдауы, ынтасы, құштарлығы негізгі рөл атқарады. Бүгінгі оқыту жүйесінде әр түрлі жаңа технологиялар пайдалану тәжірибелерге еніп, нәтижелер беруде.

«Дамыта оқыту» деп баланың білім алуға әрекет етуін ұйымдастыра оқытуды атайды. Дамыта оқыту сабақтарындағы ерекеше ахуал, мұғалім мен оқушы арасындағы ерекше қарым-қатынас. Мұғалім бұл жағдайда дайын білімді түсіндіріп қоюшы, бақылаушы, бағалаушы емес, танымдық іс- әрекетті ұйымдастыратын ұжымдық істердің ұйытқысы. Дамыта оқыту баланың шығармашыығын дамытады. Ойлауға үйрететін сабақтарды дамыта оқыту сабақтары деп білеміз.

Дамыта оқыту жүйесінде мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас жаңа қағидаларға негізделеді. Олар - ынтымақтастық, өзара сыйластық, түсіністік сияқты қасиеттер. Бұл технологияның маңызды тағы бір ерекшелігі: сынып оқушыларын жақсы, жаман оқушылар деп бөлмей, барлық баланың дамуы үшін қолайлы жағдайлар туғызуды мақсат етеді. Нашар оқушының да өз шамасы келгенінше, қабілетті жеткен жерге дейін еңбек етуі ойластырылған. Сол арқылы ол да өзін мүмкін дәрежеге дейін дамыта алады. Бұл жолда баланың қателесуі, жаңылуы әбден мүмкін. Тек мұғалім тарапынан көрсетілген сабырлылық, байсалдылық оның өз күшіне деген сенімін арттырып, алға жетелейді деп есептелінеді.

Қазіргі таңда оқыту үрдісіне қойылатын талаптардың өзгеруіне байланысты оқыту технологиялары негізінен қолданылуда. Оқу үдерісіндегі оқыту технологиялары дегеніміз қойылған мақсаттарға және күтілетін нәтижеге тиімді жету жолдарын қамтамасыз ететін оқу бағдарламаларында қамтылған білім мазмұнын меңгертудің жүйеленеген формалары, әдіс – тәсілдері.

Бастауыш білім беру деңгейінде қолданылатын оқыту технологиялары төмендегі негізгі талаптарға сәйкес болуы керек: оқу үдерісінде білім оқушылардың өздерін еркін сезінуіне жағдай туғызу, оқушылардың оқуға деген қызығушылығын дамыту, күтілетін нәтижелерге жетуге талаптандыру,

жеке басты дамытуға бағытталған әдіс – тәсілдерді қолдану.

Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу - әрбір ұстаздың басты міндеті. Білім негізі мектепте қаланатын болғандықтан, оқушының жеке тұлғалық күшін дамыту, оның шығармашылық мүмкіндігінің дамуы басты рөл атқарып отыр. Олай болса, қазіргі ұстаздар қауымының алдындағы үлкен мақсат: өмірдің барлық саласындағы белсенді, шығармашылық іс-әрекетіне қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеу.

Бұл мақсатқа жетуде ұстаздар терең білімді, әдістемелік жағынан толық қаруланған және жоғары мәдени деңгейі болуы тиіс. Себебі, қазақ тілі , ана тілі пәнінің мұғалімі оқушылардың оқуға ынтасын оятып, олардың қабілеттерінің дамуына жол ашады. Мұғалім алғашқы сабақтан бастап әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін, ынтасы мен бейімділігін, оқу мен еңбекке ұқыптылығын ескере отырып оқу үрдісін жүргізуі керек.

Ертеңіне лайық ұрпақ тәрбиелемеген елдің келешегі жоқ десек, сол ұрпақты тәрбиелеудегі ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. «Ұстазын сыйламаған елдің ұрпағы азады», — дейді халық даналығы. Осыған байланысты шығармашылық, ізденіс деген әр ұстаздың алдында тұрған үлкен міндет деп ойлаймын. Мектеп оқушыларының шығармашылыққа қызығуын қалыптастыру өте маңызды, күрделі және көп салалы.

Шығармашылық – бұл адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылу, іздену. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі қажет. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өмірден өз орнын табуға көмектеседі. «Шығармашылық» ұғымының жалпы теориясын зерттеген С.Л.Рубинштейн «оқушы шығармашылығының ерекшелігі оның сапалы түрде мақсатты әрекет жасауымен анықталады» — дей келе, «шығармашылық, шешімінің нәтижесі баланың өзі үшін жаңалық болса жеткілікті» екендігін айтады, яғни баланың шығармашылық өнімді еңбегі оның жеке тәжірибесімен салыстырылады.

Педагог ғалымның айтқанының сөз өнері — әдебиетке тікелей қатысы бар. Өйткені М.Жұмабаұлының сөзімен айтқанда, «қазақ баласының жаратылысы соны тілейді». Сабақтарды түрлендіріп өткізудің маңызы ерекше. Мұндай сабақтардың тиімділігін атап өтсек: сабақ құрлымының ұйымдастырылуы, сыныптағы оқушылардың іс-әрекетін бақылауға қолайлылық, оқу-танымдық тапсырмаларды орындаудағы ұжымдық бірлескен әрекеттің жүзеге асуы, оқу уақытының үнемделуі.

Қазіргі кезде мектептің алдына қойылып отырған басты талаптардың бірі – рухани дүниесі бай, жан – жақты дамыған жеке тұлға тәрбиелеу. Баланың шығармашылық қабілетін дамытудың жолдары, құралдарын анықтау ертеден зерттеліп келеді. Оқушының шығармашылық қабілеттерін дамыту мәселесін талдау, ең алдымен «қабілет» ұғымының мәнін терең түсінуді талап етеді. Шығармашылық ұғымын «жалпы интеллектуалдық қабілет» деп қарастыруға болады. Қабілеттілік репродуктивті, шығармашылық деп екі салаға бөлінеді: қабілеті дамыған адам – білімді әрі жаңа жағдайды, іс – әрекетті тез қабылдайды, оны үлгі бойынша жүзеге асырады, өзінің жеке іс – әрекетімен жаңалық ойлап табады, жаңаны қалыптастырады.

Уақыт талабына сай оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін, оқытуды жаңа ақпараттық технологиясын пайдаланған жөн. Шығармашылыққа үйрету үшін мынандай жағдайларды ескерген жөн. Мұғалім оқушылардың оқуға ынтасын оятып, олардың қабілетінің дамуына жол ашу, алғашқы уақыттан бастап – ақ әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін, ынтасы мен бейімділігін, оқу мен еңбекке ұқыптылығын ескере отырып, жұмыс істеу бағытын, жоспарларын жасау керек. Бастауыш сыныптардағы пәнаралық байланыстар арқылы оқушының шығармашылық қабілетін дамыту негізінде дүниеде барлық заттың, құбылыстардың бірімен – бірі байланыстылығы туралы тұжырымдалған дүние туралы білімдер де бірімен – бірі байланысты болады.

Шығармашылық сипаттағы сабақтар түрлерін жүйелі ұйымдастыру арқылы оқушылардың танымдық белсенділігі қалыптасып, ұстазы берген ақпаратты, іс-әрекет тәсілдерімен бағалау өлшемдерін қамтитын қоғамдық және ұжымдық тәжірибе тағылымдарын игеріп қана қоймай, оқушы барлық іс-әрекетте шығармашылық бағыт ұстанады, қабілет білігін ұштай түседі.

Оқушылардың шығармашылық қабілеттері ашылу үшін белсенді формалар мен әдістерді қолдану керек: әңгімелесу, пікірталас, ойындар, тартыстар, жорықтар мен сайыстар, сұхбат, байқаулар, олимпиадалар, бақылаулар, шығармашылық еңбек, жобалар, дербес сабақтар. Оқушылардың қабілеттеріне қарай әрбір баланың ойын оятып, ойландыруға, талдау жасауға, салыстыруға жетелейтін жеке шығармашылық тапсырма береміз. Осындай әдістерді жиі пайдалану оқушылардың шығармашылыққа баулуына, шәкірт бойындағы талант көзін ашуға, тілін байытып, қиялын ұштаумен өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді.

Ұстаз еңбегі – оқушы білімімен өлшенеді десек, ұстаз еңбегінің күрделілігі – әрбір баланың бойындағы қабілетті дамыту арқылы өмірді, әлемді танып білуге қоғам алдындағы жауапкершілік қасиеттерін сездіре білуінде жатыр.Оқушылардың қызығушылығын арттырып отыру үшін ұстазы сабақ үстінде, сабақтан тыс уақыттарда әр түрлі әдіс- тәсілдерді қолданып отыруы тиіс. Олар мынадай: Тақырыпты терең ұғындыру, түсіндіру; Сабақта немесе сабақтан тыс уақыттарда әр түрлі тақырыптарда пікірталас тудырып отыру; Логикалық ойлауын жетілдіретін тапсырмалар беру; Ойларынан тест тапсырмаларын құрап келу, есеп құрау, ертегі құрау,ертегілерді сахналау, шағын мәтіндер құрау, өлең жолдарын құрау; Қиялдау арқылы сурет салғызу; Ана тілі сабақтарында мінездеме беру; Авторлар туралы толық мағлұмат жинау; Әр түрлі тақырыпта сайыс өткізу; Сабақ үстінде қосымша тапсырмалар беріп, орындауын қадағалау.

Осындай әдіс – тәсілдерді үнемі жүргізу оқушыларды шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байытуға, қиялын ұштауға, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді. Бала бойындағы қабілетті ашу – оқушыны шығармашылық бағытта дамуына жете мән беруі болып табылады. Бала мен мұғалім арасындағы қарым-қатынастағы сезім байланысын орнатып, үйлесімділікке қол жеткізуге Ш. Амонашвилидің мұғалімдерге берген кеңесін де басшылыққа алуға болады. Ол: «Педагогикалық үдерісте баламен тіл таба білу, яғни балаға өз ойын, талғамын, көңіліндегісін айтуға мұрсат беру тәрбиешіден көп шеберлікті талап етеді. Осынау қарым-қатынаста бала жанының қозғалысы ұстаз жанының қозғалысымен үйлесім тапқан кезде бала өз бойындағы табиғи дарынын ашады, ал мұғалім өзінің шығармашылық жігер қуатының жемісін көруге мүмкіндік алады. Басқаша айтқанда, бала шығармашылығы мұғалім шығармашылығымен ұштасып кетеді. Мұндай жағдайда рухани тұтастық пайда болады» - дейді.

Шығармашылықпен айналысқан оқушының ойы жүйрік, тұғыры биік азамат болып қалыптасады. Ана тілімен қатар қазақ тілі сабағы да сөзбен жүргізілетін жұмыс сөздерді байланыстырып сөйлеуге, әңгіме айтуға, шығарма жазуға көмектеседі. Сөздік жұмысы оқушыны бір жағынан ойлауға жетелесе, екінші жағынан қызығушылығын оятып, шығармашылық қабілетін арттыруға, белсенділікке ынталандырады.

Осы орайда 3-сыныпта ана тілі сабағында баланың шығармашылық қабілетін дамытуда пайдаланған жұмыс түрлеріне тоқтала кетсем деймін.

Өлең құрастыру.

Бұл жұмысты екі тәсіл арқылы ұйымдастыруға болады.

а) Дайын өлең жолдарын ұсынып, оқушыларға соны аяқтауды тапсыруға болады.

Оқушыларға осы дайын өлең жолдары ұсынылып, оны ары қарай жалғастыру тапсырылады. Тапсырма дұрыс орындалу үшін, ең алдымен, оқушылар құрастыруға тиісті

Оқушылардың шығармашылық белсенділігін қалыптастыруда өлеңнің сызбасы түсіріледі:

«Отаным неткен ғаламат,

Сүйемін сені мәңгілік», — ұсынылған жолдар.

«Арнадым саған өлеңді,

Жасай бер сен де мәңгілік», — оқушының аяқтауы, яғни бұл – жоспар, өлең ұйқасқа құрылады және бұл сызба бойынша өлеңнің бірінші, екінші, төртінші жолдары ұйқасуға тиіс.

ә) Дайын ұйқастар ұсынылады. Мысалы, «Күз» тақырыбына арнайы төмендегідей ұйқас бойынша өлең құрастыру тапсырылады:

… байлық

… алдық


Оқушының тапсырманы орындауы:

Күз — байлық,

Күзде астық мол алдық.

Ұстаз еңбегі – оқушы білімімен өлшенеді десек, ұстаз еңбегінің күрделілігі — әрбір оқушы жүрегіне жол таба білуінде. Әрбір баланың бойындағы қабілетті дамыту арқылы өзін, өмірді, әлемді танып білуге, қоғам алдындағы жауапкершілік қасиеттерін сезіндіре білуінде жатыр.



Бастауыш сыныбындағы оқушы бойында шығармашылықты дамытуда үздіксіз құлшыныс, оқуға, білім алуға деген ұмтылыс ұдайы өшпей, күннен-күнге дами түсуі қажет. Сонда ғана оқушы бойында білім нұры тасып, сыныптан-сыныпқа көшкен сайын оқушының ішкі дүниесі, сыртқы ортамен байланысы дамып, оқушы дүниетанымы арта түсері анық.

Заман талабына сай білім бере отырып, оқушы бойында шығармашылық қабілетін дамыту бүгінгі таңда ұстаз үшін үлкен жауапкершілік іс болып табылады. Бұл туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – қоғамның нарықтық қарым-қатынасқа көшу кезінде саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы, іскер, өмірге икемделген, жан-жақты мәдениетті жеке тұлғаны қалыптастыру», – деген болатын.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет