Жаңашыл ұстаз «Мені ұстаз етіп қалыптастырған – шәкірттерім»
Қ.Бітібаева
Мұғалім болу, оның ішінде жаңашыл мектеп мұғалімі болу ең ерекше мамандық дер едім. Неге десеңіз, бұл жерде үлкен жауапкершілік ең үлкен жүрек сүйіспеншілігі қажет. Ал, ол кез-келген адамның қолынан келе бермейтіні анық. Жауапкершілік өз жұмысымыздың сапасын көтерсе, сүйіспеншілік бала жанын, жүрегін ашуда басты негіз бола алады. Сол себепті, мұғалім мамандығының маңызы да жылдан-жылға артып келеді.
Қазіргі кезде жаңа заман талабына сай «жаңашыл мектеп», «жаңашыл ұстаз» деген ұғымдар кіріп, санамызға қалыптасты десем, артық айтқандық емес. Ендеше, жаңашыл мектептің жаңашыл ұстазы қандай болуы тиіс?
Менің пайымдауымша, жаңашыл мектеп мұғалімі рухани ішкі жан дүниесі жаңарған, қазіргі технология ғасырына мықты тәжірибемен қаруланған, жүрегі мен жаны ізгілікке толы жан болуы керек деп ойлаймын. Біріншіден, адамның ішкі рухани әлемі кедей болса, мол білімнің ешқандай да пайдасы жоқ деп ойлаймын. Демек, алдымен, рухани біліммен сусындап, өзімізді өмір бойы дамытып, тәрбиелеуіміз керек. Оны Әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп жеткізді емес пе? Бұл тәрбиенің басында, ең алдымен, ұстаз тәрбиесі мен этикасы тұр деп ойлаймын. Осы орайда, ұлттық санамызға лайықты, ұлттық құндылықтарды бойымызға сіңіре алсақ, шәкірт тәрбиесіне де салмақты үлесімізі қосамыз деп білемін. Қазіргі жаңартылған білім мазмұнының өзі ізгілендіру, ынтымақтастыққа бағытталған емес пе? Сондықтан да, ұстаздар қауымы да ішкі әлемнің жаңаруы мен сананың жаңғыруына аса көңіл бөлгеніміз жөн деп ойлаймын. Ол үшін қоғамдағы болып жатқан жаңарулар мен жаңғыруларға көш ілгері жүруіміз керек.- қорытынды
Екіншіден, жаңашыл ұстаздың рухани бай әлемі, рухани мол білімі ғылым саласынан меңгерген білімімен ұштасып, сабақтасып жатуы керек. Яғни, жаңашыл ұстаз өз пәнінің майталманы, көшбасшысы болуы тиіс деп ойлаймын. Шәкірт алдындағы абыройымызды асқақтататын да пәнімізге деген сүйіспеншілікте ғой.Өз пәнімізден ғана емес функционалдық сауаттылығымыз жоғары болып тұрса, ұстаз үшін ол бір мәртебе деп түсінемін. Оқу және жазу сауаттылығымыз, экологиялық, жаратылыстану, математикалық, құқықтық сауаттылығымз жоғары болса, жаңашыл мектептің іргесі берік болмақ. Ондай мектеп пен ұстаздан шыққан шәкірт ел тізгінін берік ұстайтын, зияткер тұлға болады. Өз басым бір біліммен тоқтап қалмай, рухани және біліктілік көтеру мақсатында түрлі семинар мен конференция, вебинарларға қатыса отырып, тәжірибе алмасып, шыңдалу жолында жетістіктерге жеттім. Ұстаз даналығын меңгердім. Мен үшін ұстаздық жол – ақ жол, адамдық пен адалдықтың жолы, асқан білімнің, ілімнің жолы. Осы жол ғана менің шәкірттерімнің көзіне тайсалмай тік қарауға үйретеді. Себебі, ертең жаңа күн, мен тағы да шәкірттеріме барамын, олармен қызықты да, мәнді сабақтарымды өтемін, шығармашылығымызды шыңдап, сырымызды да бөлісеміз.
Үшіншіден, жаңашыл мектептің жаңашыл ұстазы, қазіргі ақпараттық-технология ғасырына сай жаңа техниканың тілін мейлінше меңгерген, жаңа әдіс-тәсілдер арқылы сабағын түрлендіріп беретін өз пәнінің қайталанбас маманы болуы шарт.Мысалы, атбегі ат құлағында ойнайды, құсбегі қыран құсын баптайды, сол сияқты біз де, жаңашыл ұстаз да жаңа технологияның тетігін түгел меңгеріп, өз тәжірибемізге енгізуге міндеттіміз. Қазіргі білім беру жүйесіне, білім дамуының ілгерілеуіне өз үлесімізді қосуымыз керек. Жаңа мектептің білім жүйесін алға ілгерілетін авторлық бағдарламалар, әдістемелер жинақтарын даярлап, жаңа әдістемелік кешен жасасақ артық емес. Сол себепті, жаңа технологияға бағдарланған білім мазмұнын нәтижеге бағыттай оқыту алдыңғы орында тұруы тиіс деп ойлаймын.
Қорыта келгенде, өз басым, жаңа заман талабына сай жаңа қағидаларға сүйенген білім бағдарламасын басынан аяғына шейін өз бағытымда зерделеп шықтым. Ой сүзгісінен өткізіп, жүрек түкпіріндегі ең асыл армандарыммен ұштастырдым.Ол армандарым шәкірттерімнің арманымен ұштасатынына кәміл сенемін, себебі мен Жаңа заманның Жаңашыл ұстазымын!