Жайнай бер, жарқырай бер - Қазақстан
Алтын күн, ашық аспан, арай ақ таң,
О,ғажап, жерге шүлен шуақ шашқан.
Тәңірім сыйға тартқан - тәуелсіздік
Мерекең құтты болсын болып жатқан.
Аңсаған арман елім, жаннат жерім,
Тауларың қандай көркем, қандай керім.
Талаптан қажымастан қайраттанып,
Қайыспас қара нардай қайсар елім.
Жалындап от жүрегі жалын құшқан,
Алтын күн ақ арманға алып ұшқан.
Самғай бер, шарықтай бер, шаттана бер,
Қазағым қай жерің кем қыран құстан.
Жақсымен қазағымның жаны егіз,
Қалаған болашаққа тастай негіз.
Шомылса шуағына көктен нұрдың,
Көңілі көгілдір көк, шалқар теңіз.
Өпкенде салқын самал мүлгиді ну,
Мөп-мөлдір таңғажайып тұниды су.
Төрімде айшықталып ою-өрнек,
Желбіреп тұр аспандап көгілдір ту.
Көңілі сен дегенде көлдей тасқан,
Балаңмын саған жырдан шашу шашқан.
Гүлдей бер, көркейе бер, гүлдене бер,
Жайнай бер, жарқырай бер-Қазақстан.
Авторы: Серікбек Нұрғұзар
Достарыңызбен бөлісу: |