2 Негізгі құралдардың есебін ұйымдастыру 2.1. Негізгі құралдардың келіп түсуінің есебі
Кәсіпорындар өздерінің пайдалануындағы, яғни меншігіндегі негізгі құралдарын есептен басқа заңды немесе жеке тұлғаларға тегін бергенде, сатқанда, ұрланғанда, жоғалғанда, табиғи апат, зілзала жағдайында бүлініп жоғалғанда шығарады. Сонымен қатар өздерінің меншігіндегі негізгі құралдарын басқаларға айырбастағанда немесе ұзақ мерзімге жалға берген кезде де кәсіпорындар өздерінің балансынан негізгі құралдарды есептен шығара алады. Кәсіпорындарда негізгі құралдардың іске жарамсыздығын, оларды бастапқы қалпына келтіру үшін жүргізілетін күрделі жөндеудің тиімсіздігін немесе мүмкін еместігін анықтау үшін, сондай-ақ негізгі құралдарды есептен шығаруға қажетті құжаттарды толтыру үшін ұйым басшысының бұйрығымен тұрақты комиссия құрылады. Бұл комиссияның құрамында мынадай қызметкерлер болуы тиіс:
- кәсіпорынның басшысы немесе оның орынбасары (комиссияның төрағасы ретінде);
- бас бухгалтер немесе бухгалтерияның басқа қызметкері;
- негізгі құралдың сақталуына жауапты адам;
- негізгі құрал қызмет ететін бөлім немесе цех басшысы;
- мемлекеттік көлік инспекциясы өкілі (егер көлік құралын есептен шығаратын жағдайда);
- тағы да басқа жұмысшы-қызметкерлер болуы мүмкін.
Бұл жоғарыда аталған адамдардың құрамында құрылған комиссия ұйымда мынадай жұмыс пен міндетті атқарады:
- Есептен шығарылатын негізгі құралдарды толық тексеріп, сонымен қатар оның техникалық құжаттары мсн төлқұжаттарында көрсетілген бухгалтерлік есептің деректерімен танысу арқылы объектіні қалпына келтіруге болатындығын немесе болмайтындығын, яғни ол негізгі құралдардың алдағы уақытта пайдалануға жарайтындығын немесе жарамайтындығын анықтайды.
Объектіні есептен шығарудың нақтылы себебін анықтайды (сапалық тозғандығы, табиғи тозғандығы, апат болғандығына байланысты, дұрыс пайдаланбағандықтан, ұрланғандықтан немесе жоғалғандықтан, қайта құруға байланысты, табиғи апаттар жағдайынан, тағы да басқа жағдайлардан).
Негізгі құралдар белгіленген уақыттан бұрын, яғни тиісті белгіленген пайдалану мерзімінен бұрын істен (есептен) шығарылатын жағдайда оның себебін анықтайды. Олардың істен шығарылуына кінәлі тұлғаны (адамдарды) заңдарға сәйкес тиісті жауапқа тарту керектігі жөнінде ұсыныс жасайды.
Есептен шығарылатын негізгі құралдардың іске жарайтын бөлшектерін, детальдарын, материалдарын анықтап, олардың бағасын белгілейді.
Есептен шығарылатын негізгі құралдардың іске жарайтын бөлшектерінің, материалдарының, сонымен қатар олардың ішінде қымбат және түсті металдардың дер кезінде жинап алынуын, олардың саны мен салмағын дұрыс анықтап, тиісті орындарға (қоймаларға) тапсырылуын қадағалап отырады.
Кәсіпорындарда негізгі құралдарды есептен шығару үшін үлгілі түрі НҚ-3 "Негізгі құралдарды есептен шығару актісі" немесе үлгілі түрі НҚ-4 "Көлік құралдарын есептен шығару актісінің" тиістілері толтырылады.
Бұл жоғарыда айтылған актілерде негізгі құралдарды сипаттайтын мынадай деректер көрсетіледі:
объектінің салынып біткен (өндірістен шығарылған) уақыты (күні, айы, жылы);
ұйымға келіп түскен, кіріске алынған уақыты (күні, айы, жылы);
пайдалануға берілген уақыты (күні, айы, жылы);
объектінің бастапқы құны (қалпына келтіру құны);
бухгалтерлік есептің деректері бойынша есептелген тозу сомасы;
жөндеулердің жүргізілген уақыты (күні, айы, жылы);
көлік құралын есептен шығарарда, сонымен қатар көліктің жүрген жолы (км) көрсетіледі;
негізгі құралдардың істен шығарылу себебі және оның материалдарының, бөлшектерінің сипаттамасы көрсетіледі;
аварияға байланысты есептен шығарылған негізгі құралдарға жасалған актіге, болған аварияға жасалған актінің көшірмесі тіркеледі;
сондай-ақ осы негізгі құралдардың істен шығуына жауапты адамдарға қолданылатын шараларды актіге жазады.
Комиссия жұмысының нәтижесінде жасалған негізгі құралдарды есептен шығару актісін кәсіпорынның басшысы бекітеді. Акт екі (2) дана етіліп толтырылады. Актінің бірінші данасы негізгі құралдарды есептен шығару үшін ұйымның бухгалтериясына табыс етіледі, ал актінің екінші данасы негізгі құралдарға жауапты адамға беріліп, негізгі құралдарды бұзғаннан алынатын іске жарайтын бөлшектерді, детальдарды, металл сынықтарын тағы да басқаларды қоймаға тапсыру үшін негіздеме болады. Негізгі құралдарды есептен шығару актісі бекітілгенге дейін негізгі құралдарды бұзуға, бөлшектеуге рұқсат етілмейді. Негізгі құралдарды бұзғаннан, есептен шығарудан алынған іске жарайтын бөлшектер комиссияның бағалаған бағасы бойынша бухгалтерлік есепке алынады.
Кәсіпорынның негізгі құралдарды сатқаннан немесе бұзғаннан алған материалдары мен алынған сомаларынан негізгі құралдарды сату және бұзуға байланысты шығындарды алып тастағандағы қалған қалдығы ұйымның өзінде қалады. Ұйымдарда есептен шығарылған негізгі құралдардың құны "Негізгі құралдарды сату бойынша шығындар" шотының дебетіне, "Негізгі құралдар" деп аталатын шоттың тиістілерінің кредитіне жазылады. Ал негізгі құралдардың есептен шығарылған күнге дейінгі жинақталған (есептелген) тозу сомасына "Негізгі құралдардың тозуы" деп аталатын шоттың тиістілері дебеттелініп, "Негізгі құралдар" деп аталатын шоттың тиістісі кредиттелінеді.
Есептен шығарылған негізгі құралдардан алынған іске жарайтын материалдар мен басқа бөлшектердің құны: "Материалдар" деп аталатын шоттың тиістілерінің дебетіне, "Негізгі құралдарды сатудан алынатын табыс" шотының кредитіне жазылады.
Кәсіпорындарда негізгі құралдарды сатқаннан алынатын табыс "Дебиторлық борыштар мен басқа да активтер" және "Ақшалар" деп аталатын бөлім шоттарының тиістілерінің дебетіне, "Негізгі құралдарды сатудан алынатын табыс" деп аталатын шотының кредитіне жазылады. Негізгі құралдарды есептен шығару операциясының соңында одан алынған кірістер мен шыққан шығыстар "Жиынтық кіріс (шығын)" шотына апарылады.
Басқа заңды немесе жеке тұлғаларға тегін берілетін негізгі құралдарға үлгілі түрі НҚ-1 "Қабылдап-тапсыру" (ақысыз) актісі екі дана етіліп толтырылады. Оның біреуі негізгі құралдарды берушіде қалдырылып, ал екінші данасы негізгі құралдарды алушыға табыс етіледі. Осы актінің негізінде басқа жеке немесе занды тұлғаларға берілген негізгі құралдардың түгендеу (инвентарлық) карточкасына тиісті мәліметтер толтырылып, ол карточка актімен бірге негізгі құралдарды алушыға беріледі. Негізгі құралдың және оның түгендеу карточкасының басқа жеке немесе занды тұлғаға берілуі жайлы негізгі құралдардың жұмыс істеп тұрған жері бойынша жасалған инвентарлық карточкаларының тізіміне тиісті мәліметтер жазылады.
Негізгі құралдарды беруші ұйым оны тегін алушыға берілген негізгі құралдардың бастапқы құны мен тозу сомасын көрсетіп, хат (авизо) жолдауы керек. Бұл хат, яғни авизо 4 (төрт) дана етіліп толтырылады. Негізгі құралдарды алған жеке немесе заңды тұлғаның бухгалтериясы негізгі құралды алғандығын білдіріп, авизоның екі данасына қол қойып және оларға мөр басып, негізгі құралды берушіге қайтарып береді.
Сонымен басқа заңды немесе жеке тұлғаларға тегін берілген негізгі құралдар баланстан «Қабылдап-тапсыру» актісімен оны алушының дәлелдейтін хатына (авизоға) негізделіп шығарылады.
Кәсіпорындарда негізгі құралдарды басқаларға тегін беруге жазылатын бухгалтерлік жазу негізгі құралдарды басқадай жолмен есептен шығаруға жазылатын жазулармен бірдей жазылады.
Достарыңызбен бөлісу: |