3.4.13. Физикалық айнымалы жұлдыздар
Физикалық айнымалы жұлдыздар деп физикалық процестер нәтижесінде жарықтылықтары аз уақыт аралығында өзгеріп отыратын жұлдыздарды айтады. Айнымалылығының сипатына қарай жұлдыздар пульсациялайтын және эруптивті айнымалылар, жаңа және аса жаңа (эруптивтінің дербес жағдайлары) болып бөлінеді. Барлық айнымалы жұлдыздар арнайы әріптермен белгіленеді (R,S,T,….,Z, ZZ, RR,…., RZ,ST,…. ,AA) және бұған қоса шоқжұлдыздардың аттары қосылып жазылады, мысалы: RR Lyz,...).
3.4.14. Пульсациялаушы айнымалылар
Цефеидалар
Цефеидалар деп ерекше жылтырлық қисықтары бар физикалық айнымалы жұлдыздар аталады. Көрінетін жұлдыздық шама уақыт бойынша бірсыдырғы және периодты түрде өзгереді және жұлдыз жарықтылығы бірнеше есе өзгеруіне сәйкес келеді. Жұлдыздардың бұл класы осы топтағылардың өкілі δ Цефей жұлдызының атымен аталған. Цефеидалар Ғ және G класындағы алыптар және аса алыптарға жатады. Бұл жағдай оларды алыс қашықтықтардан бақылауға мүмкіндік береді. Период-цефеидалардың ең негізі сипаттамаларының бірі. Осы типтегі әрбір жұлдыз үшін ол өте үлкен дәлдікпен тұрақты болып қалады, бірақ әрине әрбір цефеида үшін периодтар әртүрлі болып келеді. (бір тәуліктен бірнеше ондаған тәуліктерге дейін) Көрінетін жұлдыздық шамалармен бірге цефеидалардың спектрлері де өзгереді. Бұл цефеидтердің жарықтылығының өзгеруі оның атмосферасы температурасының шамамен 1500 К-ге дейін өзгеруімен қатар жүреді деген сөз. Цефеидалардың спектрлерінде спектрлік сызықтардың ығысуы бойынша сәулелік υ векторының периодты өзгеруі байқалған. Сызықтардың ең көп ығысуы min-де қызыл түске қарай, ал max-да көк түске қарай бағытталады. Сол себепті жұлдыздардың радиустары да периодты түрде өзгеріп тұрады.
Бақылаулар цефеидалар атмосфераларының үнемі пульсациялап тұратынын көрсетті. Олай болса, олар ұзақ уақыт бойы тербелмелі процесті ұстап тұратын жағдай бар болғаны. Бұл былайша түсіндіріледі. Жұлдыздардың тепе-теңдігі гравитациялық күштермен газдың ішкі қысымының балансымен қамтамасыз етіледі. Егер тепе-теңдік бұзылса және жұлдыз аз мөлшерде сығылатын болса, онда ол бұрынғы тепе-теңдік қалпына келуге ұмтылып, оның заты тербелмелі қозғалысқа келеді. (Жердің ауырлық өрісіндегі маятник сияқты)
Достарыңызбен бөлісу: |