Өткізгендер: Мадиева Г.Д
Кажкенова А.М
2015- 2016 оқу жылы
Тақырыбы: «Қазақтың нанын жеген адам қазақ тілінде сөйлеуге тиіс»
Мақсаты:
1. Шешендік өнер, өз ойын нақты, анық жеткізе білуге жету.
2. Мәдениетті сөйлей білуге, тыңдай білуге жету
3. Оқушылардың танымдық, ізденімпаздық қабілеттерін арттыру және шығармашылықпен жұмыс істеуге дағдыландыру.
Өтілу түрі: ОЙ – Пікір – Ұсыныс
Қатынасушылар: 10-11 сынып оқушылары
Техникалық құралдар: Интерактивті тақта
Тренинг өткізіп, топқа бөлу.
Қызығушылықты ояту. "Тіл -- ұлттың басты негізі" бейне көрініс
Өкілетті білім беру әдісі арнайы ереже бойынша жүргізіледі
Сәлемдесу, танысу
Бірін-бірі тыңдау
Сын айтылмайды
Анық, нақты деректер айту
Қысқа, түсінікті айту
Сөзді бөлмеу
І бөлім «Деген екен...» айдарымен ой қозғаудан басталып, ІІ бөлімде «Үйренетін үрдіс» айдарымен өз пікірін айтады және ІІІ бөлімде «Тиімді жол» айдарымен тілді үйрену жолдарын ұсынады.Интерактивті тақта бетінде «ҰЛЫ ОЙШЫЛДАР – ТІЛ ТУРАЛЫ» тақырыбында бірнеше ұлылардың тіл туралы айтқан сөздері берілген. Әр оқушы өзіне ұнағанын таңдап алып, мәнерлеп оқиды және өз пікірін айта отырып ұсыныс жасайды..
1 бөлім. ҰЛЫ ОЙШЫЛДАР – ТІЛ ТУРАЛЫ /оқушыларға ұлы ойшылдардың сөздери беріледі, оқып өз ойларын айтады/
… Елде бірлік болуы үшін – халқы бір тілде – мемлекеттік тілде сөйлеп, жазуы керек. Көп тілде сөйлейтін, көп дінге сенетін мемлекеттің ішіндегі тыныштық пен тұрақтылыққа түбінде кепілдік те жоқ. Оған кешегі Хазария сияқты өркендеп тұрып, жер бетінен жоғалған мемлекеттің мысалы жетеді…
Ұлықбек Есдәулет
Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл, бірақ өз тіліңнің қадір-қасиетін жоғалтып, өгейсітпе.
Көрінеді тілден түйсік білім де,
Біле білсек, жарылқаушы – тіліңде.
Жүсіп Баласағүн.
Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі.
... Тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс.
Ахмет Байтұрсынұлы.
Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды.
Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып, өзге тілдерді түсіну мүмкін емес.
... Орыстың білімін алуға, өнерін білуге, жақсы жағын жаттауға еліктеу – дұрыс та, кәпірлігін, мақтаншақтығын, рақымсыз, қызықшыл, қалташыл, антшыл «суық» шенеуніктігіне еліктеу, ақсүйек болуға, салтанат түзеуге, тұрмысын, жүрісін, үй-ішін жат түрге салып, қазақтан қашыртуға еліктеу – үлкен мін, кемшілік.
Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт – күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін қызмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар… олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі… Балаға бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек.
Жүсіпбек Аймауытов.
Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі құри бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді.
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін – не бардың!
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп
Нұрлы жұлдыз – бабам тілі , сен қалдың!
Мағжан Жұмабаев.
Тілді бұзбай ұстарту, байыту – ақындардың мойнына артылған зор борыш.
Тілге кірген жат сөздер – сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге жетуі мүмкін. Бүйтпесе жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян келеді.
Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесе – бұл сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесе – бұл күйініш.
Арақ, шылым, аурулар адамның денесін бұзса, зорлықпен кіргізілген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады.
Халел Досмұхамедов.
ІІ бөлім Пікір «Үйренетін үрдіс»
1. Қазақ тілінің бүгінгі жағдайына көңіліңіз тола ма?
2. Қазақтың нанын жеген адам қазақ тілінде сөйлеуге тиіс пе?
… Елде бірлік болуы үшін – халқы бір тілде – мемлекеттік тілде сөйлеп, жазуы керек. Көп тілде сөйлейтін, көп дінге сенетін мемлекеттің ішіндегі тыныштық пен тұрақтылыққа түбінде кепілдік те жоқ. Оған кешегі Хазария сияқты өркендеп тұрып, жер бетінен жоғалған мемлекеттің мысалы жетеді…деген ақын Ұлықбек Есдәулеттің сөзімен ой қозғады.
Қазақ тілі мен мәдениеті – біздің мемлекеттілігіміздегі тұрғызылып жатқан іргетас! Сондықтан қазақ тілі мәдениетін одан әрі дамыту жұмыстары біздің ынтымақтастықтың ең маңызды бағыты болмақ.
Жаһандану процесі кезінде ұлт мәдениетін, тілін басқа іргелі елдермен тең дәрежеде көтере алса ғана ұлт болып сақталып қалады.
... Қандай жаһандану келсе де жұтылып кетпейтін ұлттар бар. Олардың бірі – қытайлар. Жазуы да, тілі де бөлек, ешқандай ұлтқа ұқсамайды. Тіпті, жейтін тамақтарының құрамы да өзгеше. Қытайлар басқа елдерде жүрсе де ұлттық құндылықтарынан айырылмайды, ал Қытайға кім келсе де, біраз уақыттан кейін қытайға айналып кетеді.
Мен сіздерді отаншылдыққа, бірлікке шақырам және өз ана тілімізде шұбарламай таза, мәдениетті сөйлейік деп өз елінің потриоты екендігін білдірді.
10 сынып оқушысы
... Жастардың ағылшын тілін және басқа да халықаралық жиында өтімді тілдерді білгені, әрине, артықшылық. Бірақ өз ана тілін құрметтеу сезімі кейін ысырылып қалар үрдіске жол беруге болмайды деген Бәйкен Әшімовтың сөзімен бастады.
… Әлемнің Қытай, Түркия, Франция, Латвия және т.б. көптеген елдерінде Тіл заңын іске асыру мен оны бақылауды жүзеге асыратын арнайы мекемелер жұмыс істейді. Мысалы, Латвияның «Әкімшілік құқық бұзу туралы» Заңы бойынша кәсіптік міндеттерін атқаруда мемлекеттік тілді белгіленген дәрежеде пайдаланбағаны үшін өте үлкен айып салынады. Одан түскен қаражатты тілді дамытуға жұмсайды.
… Тіл тазалығы жөнінде Түркия, Франция мемлекеттерінің жүргізіп отырған саясаттарының сабақтары мол. Түркиядағы Ататүрік бастаған тіл реформаларының орны бөлек.
… Франция президенті Жорж Помпиду кезінде француз тілінің тазалығын қорғау комитетін құрған. Ал 1985 жылы Франсуа Миттеран компьютер бағдарламаларын ағылшын тілінде жүргізуге тыйым салды. Бүгінде Франциядағы саяси партиялар мен қозғалыстар «англо-американдық тілдік империализмге» қарсы күресуде. Мұны барынша қолдаған Сенат «Француз тілі туралы» жаңа Заң жобасын талқылауда. Ол Заң бойынша Францияда француз тілінің тазалығы мемлекет тарапынан жан-жақты қорғалады. Заңда 3500-ден астам ағылшын терминін қолданыстан шығару көзделген. Ал орынсыз қолданғандарға айып салынады.
10 сынып оқушысы
... Біз Австрияда кездестірген Ақпар Қыран ағылшын, неміс, түрік тілдерін білуімен қатар қазақ тілінде де сайрап тұр... Елшіліктен бізді алып жүруге бекітілген Ермахан деген жігіт те ағылшын, неміс, орыс тілдерімен қатар ана тілінде де таза сөйлейді екен. Еңселерін орыс тілі басып, басқа тіл жоқтай бұйығып қалған елдегі ағайындарымыз ғана. Өзге тілдерді үйрене бастаса, ана тілін олар да білетін болар, бәлки...деген жазушы Шерхан Мұртазаның сөзімен бастап, Қадыр ағамыздың
Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.
Әлемдік тіл білімі ғалымдарының дәлелдеуі бойынша тіл өзінің кішілігінен өлмейді, қандай ірі тіл болса да, егер ол қолдануға қолайсыз, көріксіз әрі үйренуі қиын болса, алдымен сол тіл өледі. Ұлттық тілдің беделіне де тікелей байланысты. Ал халықаралық деңгейдегі ондай бедел біздің мемлекетте бар. Біз тілімізді жолға қоюда осыны пайдалануымыз қажет деген өз ұсынысын айтты.
10 сынып оқушысы
«Ана тіліңді біл, орыс тілін де және басқа тілдерді де біл, игер. Көп тілді меңгеру – мәдениеттіліктің белгісі, ғылым биігіне көтерілудің жолы, азаматтық саналылықтың, естіліктің, парасаттылықтың белгісі» деген ой қозғаудан кейін, Қазақстандағы үш тілділік мәселесі туралы, соның ішінде ағылшын тілінің қазіргі уақытта экономика мен өндірісте, білім мен ғылымды дамытуда, медицинада, туризмді дамытуда, телекоммуникацияны жетілдіруде, ғарышты игеруде аса қажет екендігін айта келе өзінің ұсынысында оқушыларды ағылшын тілін өздігіне үйренуге шақырды.
А. Байтұрсыновтың «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі, ақылға, қиялға, көңілге» деген сөзін ой қозғау етіп алып, егер осы үш негіз кез-келгенімізде қалыптасқан болса, ана тіліміздің міндетін орындар едік деген пікір айтты.
10 томдық түсіндірме сөздік бірде-бір түркі тілдес халықта жоқ. Әуелі мына алпыс миллион халқы бар Түркиядағы түсіндірме сөздіктің бар жиынтығы екі-ақ том. Татарларда төрт том. Осының өзі-ақ менің қазақ тілімнің шоқтығы биік екенін дәлелдеп тұр емес пе?… Қазіргі қазақ тілі – бағы ашылып тұрған тілдей. Соның бағын байламай, өрісін кеңейтсек деген Жарқынның ұсынысы барлығына өте ұнады.
… Көрші ел Ресей – досымыз, одақтасымыз. Сондықтан орыс тілін де жетік меңгерейік!- деген Айғаным, пікірін одан әрі орыс тілінде жеткізді.
10 сынып оқушылары
«Көп тіл білгеннің еш зияны жоқ. Бірақ қазақ баласы әуелі бесіктен ана тілін біліп, ұлттық тәрбиенің қайнарына сусындап өсуі керек. Ұлттық тамыры үзілмеген бала ғана кейін қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын болады.» деген ақын А.Бақтыгереева апамыздың сөздерін мысалға келтіре отырып, өз ойларын … Ватиканның қос мемлекеттік тілінің бірі – көп жұрт өлі тіл деп ойлайтын – латын тілі. Ватикан үшін латын тілі – тірі тіл. Тек Ватикан ғана емес, әлемнің қай түкпіріндегі болсын католик шіркеуінің дінбасысы міндетті түрде сол тілді жете білуі керек. Тіпті, сол Римнің қақ ортасындағы Ватиканда қызмет атқаратын екі итальяндық бір-бірімен тек латын тілінде сөйлесуі тиіс. Солай бола тұра, Папа Иоанн Павел ІІ өзінің өсиетін поляк тілінде жазып қалдырды. Ұлттық рухы неткен биік еді. Рух дегеніміз не?-деген сұраққа, ол тарихымыз, ол салт-дәстүріміз, ол тіліміздің тазалығы мен мәдениеттілігі деп жауап берді. Өз пікірлерін академик Зейнолла Қабдоловтың... Ана тілін білу, бәрінен бұрын, адам қоғамын сол кемтарлықтан – рух жетімдігінен, мәңгүрттіктен емдеу, тазарту деген сөзімен аяқтады.
11 сынып оқушысы ...Тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс дей келе... Жапондықтар шетелге балаларын оқуға жібергенде: «Ең бірінші, барған еліңнің тілін біл, екінші, әдет-ғұрпын, салт-санасын үйрен, үшінші, ең алдыңғы қатарлы жастардың тізімін ал, ол күні ертең ірі қайраткер болып шықса, бірге жұмыс істейсің» деп үш міндет жүктейді деген мысал келтіріп, «Ел болам десең бесігіңді түзе»дегендей әр отбасына «шағын мемлекет »деп қарайтын болсақ, «шағын мемлекетіміздің »тілі – қазақ тілі, сондықтан ата-аналар арасында осындай дәстүрді бізде қалыптастыруымыз керек деген ұсыныс айтты.
3. Үндеу қабылдау
Отырыс соңынан ұстаздар, оқушылар барлығы бірігіп үндеу қабылдады
Ү н д е у
Құрметті Қазақстандықтар!
Қазақ тілінде таза сөйлеп, мемлекеттік тілді құрметтейік, ұлтаралық қатынас тілін, халықаралық-экономикалық қатынастар тілін жетік білейік!
4. Тіл: іс-тәжірибе, ұсыныс, пікірлер
Н.Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
... Ең алдымен, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың тілдік дайындығын күшейтуге баса назар аудару керек.
... Бізге жақсы бағдарламалар, әдістемелік құралдар, сапалы оқулықтар керек. Адамдардың бойына ана тілімізге деген сүйіспеншілік сезімін терең сіңіре алатын білікті ұстаздар керек.
* * *
... Біз қазақ халқының санғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз.
* * *
Адамзат тарихында тіл жай қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – саяси-экономикалық өктемдіктің де басты құралы болып келді.
* * *
Ұлт пен тіл мәселесіне келгенде, ең бастысы, ұлттық оқшауланудан, томаға-тұйықтықтан қашу керек.
* * *
Толыққанды тілсіз толыққанды ұлт болуы мүмкін емес.
* * *
Тарих пен тіл тамырлас.
* * *
Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы.
* * *
Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады.
* * *
Қиын кезеңдерде ұлтты қожыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі бүгінгі азат өмірімізде де ұлттың тегеурінді тетігі болуға тиіс.
* * *
Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.
Қазақ қазақпен қазақша сөйлесіңдер, балаларыңның тілін қазақ тілімен ашыңдар.
* * *
Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл.
* * *
Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде.
* * *
Шүкір, ел есін жиды: тілден артық қазына, тілден артық қасиет жоқ екенін кештеу де болса түсіндік.
* * *
Ғылым мен білім саласындағы озық үлгілер ана тіліміздің қолдану аясын кеңітіп, еліміздің мемлекеттік тілге айғай-ұрансыз бірте-бірте ауысуына да өзінің игі ықпалын тигізеді, ал жас ұрпақтың өз тілінде қалыптасып жетілуіне мүмкіндік береді.
* * *
Қазақ пен қазақ әлі күнге дейін қазақша сөйлеспейді. Немерелерімізге дейін үйреніп үлгерген жоқ. Ең бастысы – қай жерде болсын, өз тілімізді өзіміз дәріптеуіміз, мадақ етуіміз керек. Сонда ғана туған тілін сыйлай білетін ұрпақ тәрбиелей аламыз.
* * *
Қазақ тілі мен мәдениеті – біздің мемлекеттілігіміз тұрғызылып жатқан іргетас! Сондықтан қазақ тілі мәдениетін одан әрі дамыту жұмыстары біздің ынтымақтастықтың ең маңызды бағыты болмақ! Мен сіздерді осыған шақырам.
* * *
Теңдестірілген тіл саясаты, Қазақстан халқының лингвистикалық байлығын молықтыру біздің бірлігіміз бен прогрестің негізі болып табылады.
Менің терең сенімім мынада: қазақ тілі мен мәдениетін дамыту міндетін шешпейінше, ұлттық саясат мүмкін болмайды.
Өткен жылдарда қоғамымызда біздің мемлекеттіліктің бүкіл ғимараты тұрғызылған іргетас ретінде қазақ тілі мен мәдениетінің рөлін терең түсінудің орын алуы мен үшін өте маңызды.
Сонымен бірге біз еліміздің жаһандық дүниеге интеграциялануының маңызды шарты ретінде орыс тіліне қолдау жасау саясатын бұрынғысынша жүргізе беретін боламыз.
Біз сандай-ақ осы заманғы әлемге бастайтын жолымыз ағылшын тілін білуді де талап ететінін түсінуге тиіспіз.
5. Қорытындылау. "8 жасар ақын Жамбыл Дүйсенов" бейне көрініс
Достарыңызбен бөлісу: |