Түсінік хат
Бүгінгі таңда Абайды тану, жас ұрпаққа насихаттау, ақынның асыл мұрасын әр тараптан зерттеп, Абайтану ғылымының керегесі кеңи түсуіне үлкен игі істер атқарылуда. Абайға арналған аймақтық, республикалық, халықаралық дәрежедегі ғылыми-тәжірибелік конференциялар, түрлі әдеби- мәдени шаралар ақын мұрасын жас ұрпаққа үлгі етуді көздейді. Алдағы келе жатқан ұлы Абайдың 175-жылдық мерейтойы да Абай мұраларын жаңа қырынан зерттеуді қажет етеді.
«Абайтану» курсы аймақтық оқу бағдарламасы ұлы ақын шығармаларын терең түсіну арқылы халқымыздың салт-дәстүрін, қазақ тілінің құдіретін таныту арқылы жетілген, толысқан ұрпақ тәрбиелеуді көздейді. Қазақ әдебиетінің дарынды өкілдерінің ішінде асқан талантты, көркем сөздің зергері, не жазса да жүрегінің әмірімен жазатын ақын, сазгер, философ Абайдың есімі ерекше.
Абайды зерттеу Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы мақалаларынан бастау алса да, олардың ісін жалғастырушы Абай мұрасын зерттеуші әдебиеттанушы-ғалымдар М.Әуезов, І.Жансүгіров, А.Жұбанов, С.Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, М.С. Сильченко, Қ. Мұқамедханов,
Ы.Дүйсенбаев, Т. Тәжібаев, Б.Г. Ерзакович, Х. Сүйіншәлиев, Б.Кенжебаев, З.Ахметов, М.Мырзахметов, М.Жолдасбеков, З.Қабдолов, Р.Сыздықова сынды ғалымдардың еңбектері ерекше. Абайтануды оқытудың әдістемесін жасаған Қ.Бітібаеваның және зерттеушілер Б.Ердембеков, А.Картаева, Ж.Әубәкір еңбектері бағдарлама жасауда басшылыққа алынып отыр.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» сияқты «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз, бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп айқын көрсетілген. Осы бағытта жалпы білім беретін ұйымдардарының 5-8 сыныптарында «Абайтану» курсын оқытудың қажеттілігі айқындалып отыр.
«Абайтану» курсы бағдарламасының мақсаты ұлы ақын шығармаларын терең де, жан-жақты таныту арқылы елжанды, халқымыздың әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін ұлттық құндылық ретінде бағалайтын, эстетикалық талғамы жоғары, білім, білік, дағдылармен қаруланған, түйген ойларын іс жүзінде өз кәдесіне жарата білетін, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, өркениетті қоғамда өмір сүруге лайықты, терең ойлайтын дара тұлға қалыптастыру. Осы мақсатты айқындаудағы міндеттер:
Абайдың шығармасымен қазақтың сөз өнерінің құдіретін білу, сөз мәйегін танытуды оқушыларға, жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету;
Адамның кемелденіп дамуындағы көркем сөздің өзіндік орнын түсіну, бағалау, адамның толысу жолында сөздің берер қуаты арқылы рухани-мәдени құндылықтарды оқушылардың бойына дарыту;
Абайдың ақындық мектебінің поэзия мен музыкадағы өзіндік дәстүрі мен жаңашылдығын үлгі ету;
Ақынның туған жерінің ерекшелігі, ұрпақ орнатқан мәңгілік ескерткіш, өнер туындыларының Абайға арнаған сурет, сәулет, кино, драмалық, ақындық, жазушылық, сазгерлік т.б.шығармаларындағы нақыл сөздерінің мән-мағынасын ашып, сол нақыл сөздердің адам өміріндегі мәнін, шығармаларының адамгершілік идеяларын таныту;
Қазіргі абайтанушы ғалымдардың ақын шығармаларын зерттеу, жинақтау, жариялау, насихаттау турасындағы жұмыстарынан хабардар ету; • Ғұлама ойшылдың философиялық ақыл-нақыл сөздерінің мән-мағынасын ашып, тәлімгерлік тағылымын сөз ету, қоғамдық құрылыс, азаматтық көңіл күй, тарихи таным үрдісі туралы жазған ғылыми-философиялық трактаттарындағы көзқарастарымен таныстыру;
Ақынның шетел ақындарының шығармаларын аударудағы шеберлігі, қарасөздері, өлеңдері мен поэмаларындағы ақындық биік мұрат, адамгершілік идеяларын таныту;
Абай шығармашылығының әлем тілдеріне аударылып, насихатталуын зерделеу;
Абайдың «Толық адам» концепциясын таныту арқылы оқушылардың ұлттық танымын қалыптастыру, жастарды өмірден өз орнын табуға бағыттау; • Абайды тану, оның шығармаларының мәні мен маңызын сезіну, күллі азаматтың парызы десек, оны оқып-үйрену, терең бойлай білу, жан- жақты талдау, ол ұрпақтың міндеті болмақ.
Абайтану материалдары негізінде оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамытуға да мүмкіндік бар. Оқушыға ізденіс тапсырмасын бере отырып танымдық-шығармашылық қабілетін ұштаймыз, өз бетімен жұмыс жасауына мүмкіндік туғызамыз. Сабақта өз бетінше жаңа бір нәрсені білуге ұмтылу бала үшін үлкен жетістік.
«Абайтану» курсында оқушылар үшін алдыңғы сыныптардан қалыптасып келе жатқан өз бетінше оқу, іздену, шешім табу, сараптау, бағамдау сияқты оқу әрекеттерін шыңдап, жетілдіріп ұйымдастыруға басымдық беріледі. Күтілетін нәтижелер.
Достарыңызбен бөлісу: |