Жалпы білім беретін мектебінің 9-11 сынып оқушыларына арналған қазақ тілінен диктант жинағы



бет33/47
Дата12.10.2022
өлшемі188,63 Kb.
#152704
түріБағдарламасы
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   47
Байланысты:
9-11 сынып оқушыларына арналған диктанттар жинағы

175 сөз, О.Бөкеев.

124 Қозғалыс


Маусымның 28 күні мен Қапал қаласынан 30 шақырымдай келетін Қарамола деген жерде керуенге барып қосылдым. Бұл Семейде тұрушы азиялықтар жабдықтап, жолға салған жеті адамның меншікті керуені болатын. Оның жорық құрамында бір керуен басы, жеті приказчик, отыз төрт қызмет басшысы бар еді. Керуен басымен маслихаттасып алғаннан кейін мен Әлімбай атанып, әкем марғұландық, өзім Қоқан хандығының қол астына қарайтын кісімін деп таныстым. Керуен басының туысқаны есебінде мен өз алдыма бір бөлек керуен болып, дербес киіз үй алдым. Керуеншілер арасында алауыздық болмас үшін менің атым мен шыққан тегім оларға жария етілді.
Шілденің бірі күні керуеніміз жорыққа шықты да, жайымен жүре отырып, арада он қоналқа өткеннен кейін Іле өзенінің жағалауына жетті. Алтын Емел бекетіне дейін біз бекет жолымен жүрдік, бірақ бекеттің дәл өзіне жетпей, солға қарай бұрылып, Жақсы Алтын Емел асуы арқылы албан руының қырғыздары ұстап отырған Іле өткеліне келдік. Өткелден өткізу тәсілі шығыстың барлык жерінде бірдей. Қайықты суға түсірілген аттардың құйрығына байлап өткіздік. Тауарымызды өткізуге үш күн кетті. Керуеніміз шілденің 14 күні орнынан қозғалмай, құрбан айтты сол жерде мейрамдап өткіздік те, ертеңіне қозғалып кеттік.
Іле өзенінің жағалауынан әрі шыққан соң біз жеті күн дегенде барып, Қарқара мен Кеген өзендерінің жағасында отырған ұлы жүз қырғыздарының ішіндегі албан руының ауылдарына жеттік.
195 сөз, Ш.Уәлиханов.

125 Жылқышы


Еламан қарына ілген құрықты қолына алды. Үзеңгіге аяғын шіреп жіберіп, қар астындағы шөпті тұяғымен теуіп жеп, жайылып жатқан жылқыларға көз тастады. Шет жағында жүрген саяқ аттар шашырай түскенмен, орта тұсы тобын жазатын емес. Құнан, тайларын араларына алып, шоғырлана түсіпті. Тек мама биелер мен сары тіс сақа айғырлар күн райы бұзылғанын басқа жылқылардан бұрын сезді. Қара от-жусан мен изен борасын қар арасынан көрінбей кетті. Бораған қардың қиыршық қатты ұшқындары кірпігін сабалап, танауына, көзіне кіре бастады. Сонда ғана жел бетте жайылып жүрген мама биелер мен айғырлар жерден басын көтеріп, аузындағы үзіп алған шөбін шайнамай, құлағын тігіп, селтиіп тұрады.
Күн батар алдында жаяу борасын үдеп, жер-дүние қарауытып, түнере бастады. Еламан жылқылардың ық жағына шықты. Құла атты тырп еткізбей ұстады да, айқайлап жіберді. Осы жылқылардың жон арқасын шымырлатып қоя беретін ащы дауыс! Жылқылар дір етті. Алғашқыда қалай қарай қозғаларын білмей, отқа тойған бүйірлерін қағысып, опыр-топыр болды. Іле-шала қалың қарды күтір-күтір бұзған тұяқтар дүрсілдетіп шаба жөнелді. Күн батып, көз байланған-ды. Кенет ілгері қара түнек ішінен қос-қос шоқтар андыздап қоя берді. Алда келе жатқан шұбар айғыр осқырып, соңында шұбырған жылқыларға қарай шегіншектеп тоқтай қалды. Қалған жылқылар да енді бір басса, ұмар-жұмар құлайтындай опыр-топыр тоқтады. Шұбар айғыр жан даусы шыға азынап жібергенде бүкіл жылқы жалт беріп, кейін қарай шаба жөнелді.
Еламан атқа отырды.
207 сөз, Ә. Нұрпейісов.

126 Ғұмыр


Тас-түнек. Дала тым-тырс.
Қостың бұрыш-бұрышы қараңғы. Суық қостың бұрышында Ақан отыр. Майы таусылған сығырайманың жылан тіліндей болмашы қимылдаған қара түтін отына қарап мүлгиді. Анда-санда шытыр-шытыр еткен шам сөніп барады. Акан ара-тұра орнынан тұрып, басы күйе-күйе боп өше бастаған шуда жіптің бауырына қаздың жұқа тоң майын жылжытады. Жалғыз шырақ шытырлап барып, қайта маздайды.
Ақанның құлағы сыртта. Бағана ұялы қараща қаздар бір-бірімен сөйлескендей ұзақ қаңқылдасты. Содан соң жым болды.
Ақан бір кезде басын көтеріп алды. Қос көрпенің астында жатқан ЬІбан әлсіз қыңсыды. Не жылаған емес, не жалбарынып жалынған емес, адам түсінбес бір дыбыспен қиналған мылқау бала аязда табаны тоңып қыңсылаған жетім күшіктей ұзақ ыңырсып жатты. Әлден уақытта біреумен таласқандай өршелене былдырап, мағынасыз бірдемелерді айтып кетті. Ыбан көрпесін серпіп тастап, шошып оянды. Ақан ұлының қос иінінен басып, жатқызам десе де, ауру бала тырмысып көнбейді. Екі қолымен ауаны қарманып, көзі алақтап, сандырақтай береді.
-Құлыным, жатшы, жатшы, қазір дегеннен басқа Ақанда дәрмен жоқ. Денесі оттай күйген мылқау бала сөз ұқсын ба. Ыммен түсіндіретіндей жер емес. Қараңғы қос ішінде үстіндегі киімін жұлмалап, жан таласқан Ыбанда оны байқар ес те, ақыл да жоқ. Ақан не істерін білмей, сасқанынан сырқат баланы біресе кеудесіне басып, біресе көрпемен қымтап, «қазір» дей берді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет