100 сөз, журналдан
№164 Бата мен тілек
Бата мен тілек егіз қозыдай ұғым. Тілек дегеніміз - бата, бата - тілек. «Үйің құтты болсын», «Сапарың оң болсын». «Жақсы жатып жайлы тұрыңыз», деген тіркестерде бата да, тілек те бар.
Бата мен тілек - негізінен адам баласына жақсылық ойлау. Ол жас ұрпақты бірлікке, әділеттікке, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейді. Бата ризашылық тілек-ниетінің көрінісі ретінде айтылады. Сапарға шығарда жанашыр үлкен адамнан бата алады: «Сапарың оң болсын, сәтті жол болсын, басыңа бақ қонсын, т.б.». Іштей тілеу әрбір адамның сеніміне де байланысты. Ол «құпияны» әркім біле бермейді, «Біреуге жамандық тілегенше, өзіңе амандық тіле» дейді қазақ мақалы. Бата беруді үйрену өмірге өте қажет. Мен бата бере аламын.
101 сөз, журналдан
№165 Қазақстан
Қазақстан - егеменді ел. Халқының саны 16 миллионға жуық. Археологтардың айтуы бойынша, Қазақстан жерін алғашқы адамдар бұдан 300 мың жыл бұрын мекендеген. Қазіргі Қазақстанның 14 облысында 126 ұлт өкілдері тұрады. Еуразия даласының кіндігінде орналасқан Қазақстан жерінің жалпы көлемі 2 миллион 700 мың шаршы шақырым. Ол Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері бойынша жер көлемі жағынан екінші, ал дүние жүзі бойынша алтыншы орынды алады. Қазақ даласы орман, дала, шөлейт, шөл, таулы аймақ болып бірнеше алқаптардан құралған.
Қазақстан Республикасының оңтүстік пен Солтүстігі, Батысы мен Шығысындағы табиғаты бір-біріне ұқсамайды. Республиканың оңтүстік аудандарында әр түрлі өсімдіктер өседі. Іле, Шу, Сырдарья өзендерінің мол суы - бұл аймақтың байлығы. Солтүстікте күн ыстық емес, жаңбыр жиі жауып тұрады. Қазақстанның солтүстігінде астық пен көкөністер жақсы өседі.
Қазақстан бұрын көшпенді ел болып, мал шаруашылығымен айналысқан. Бүгінгі Қазақстан ауыр индустриясы мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған, жоғары мәдениетті ел.
131 сөз,журналдан
№166 Қыс
Желтоқсан - қыстың басы. Қыста күн қысқарып, түн ұзарады. Күн көзінің қызуы азаяды. Жер ақ мамыққа оранады. Өзен мен көлде қатады. Терең үйшіктерде жатқан жан- жануарларға аяз әсер ете алмайды. Олардың орны - жылы. Қардан суық өтпейді. Тіпті қар астындағы өсімдіктерге де суықтың зияны тимейді.
Кейде ұйтқып боран соғады. Ондайда сыртқа шығу қиын. Ашық күндері қар үстінде ойнау қандай жақсы! Аққала соғып, қар лақтырысасындар! Шанамен таудан сырғанап, шаңғы тебесіңдер. Биіктен төмен сырғанағанда, өзіңе қанат біткендей сезінесің! Көк мұздың үстінде коньки тебу қызық-ақ!
Қыс бірден түсе қоймайды. Өзен қатқан мезгілден бастап қыс түсті деп айтуға болады. Ал қыста күн суық болады. Сондықтан жоғары көтерілген бу бірден майда мұз түйірлеріне айналады. Онда мұз түйірі нәзік және үшкір болады. Олар бір- біріне жабысып, пішіні жұлдыз тәрізденеді. Сөйтіп қар болып жерге түседі.
Жылы күні жауған қар жабысқақ келеді. Ондай қарды домалатып ойнайды. Ал аязды күні түскен қар құрғақ болып жауады. Сондықтан бір - біріне жабыспай, қиыршықтанып тұрады.
154 сөз, журналдан
№167 Ахмет Яссауи
Ахмет Яссауи - түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы аса көрнекті ақыны, қазақ әдебиеті мен тіл тарихында ерекше орын алатын, есімі ислам әлеміне белгілі болған ойшыл қайраткері. Сол кезде кең тараған суфизм оқуының атақты ұстазы, насихаттаушысы болған. Ол жазбаларын өзінің ана тілі - түрікше жазған. Оның «Диуани хикмах» атты еңбегі түркі тілді халықтарға ортақ әдеби мұра.
Түркістандағы Ахмет Яссауиге салынған сағана - Ақсақ Темір заманынан қалған көне ескерткіш. Бұл - ең көлемді, теңдесі жоқ сәулет кешені. Ол Темірдің бұйрығымен, сол кезде Йасы деп аталған, қазіргі Түркістан қаласында 1396-1398 жылдары салына бастап XV ғасырдың бас кезінде аяқталған.
Ахмет Яссауи ескерткішінің ені 46,5 метр. Ұзындығы 62,5 метр. Кешенде отыз бес түрлі бөлме бар. Нақ ортасындағы басты бөлме «Қазандық» деп аталады. Ол бөлмеде алпыс шелек су сиятын салмағы екі тонна, диаметрі 2,4 метр үлкен қазан орнатылған. Аңыздардың айтуынша қазан жеті металдың қоспасынан құйылған.
Достарыңызбен бөлісу: |