138 сөз, Газет материалдарынан.
№99 Жұлдызшы
Қазақтар өз өмірінде, тұрмысында көк жүзіндегі жұлдыздарды көп пайдаланған. Соған байланысты олардың әрқайсысына ат қойған. Мысалы: Жетіқарақшы,Үркер, Темірқазық, Таразы, Шолпан т.б. Міне, осыларға ат қойып, сырын ашқан адамды жұлдызшы деп атаған. Мұндай жұлдызшылар ежелгі түркі тайпалары мен қазақ арасынан көп шыққан. Олар жыл мезгілдерін, мал төлдету, бие байлау, күзем алу, көктеуге, жайлауға, күздеуге, қыстауға көшу мерзімдерін көпшілікке айтып отырған.
Жүлдызшылар көшпелілер өмірінде елеулі рөл атқарған. Олар адамның туған немесе белгілі бір жауапты іске кірісер кезінде жұлдыздардың өзара орналасуы бойынша сәуегейлік жасап, бал ашып, болашағын болжаған. Жолы болатын адамға: ’’Жұлдызы оңынан, айы солынан туып тұр”, - деген секілді болжамдар айтқан.
Жетіқарақшы - аспанның солтүстік жарты шарындағы шоқ жұлдыз. Сырт көзге шөміш сияқты болып көрінеді. “Жетіқарақшы жамбасқа ойысыпты” деген секілді орын ауысуларына сүйеніп, уақыт пен ауа райы туралы болжамдар айтылады.
Шолпан - күн бата салып не күн шығар алдында аз уақыт көрінетін жарык жұлдыз. Қазақтар Шолпанды таң жұлдызы деп атайды. Жақсы көрген адамын “маңдайымдағы Шолпаным” деп, “жарық Жұлдызым” деуі бекер емес.
150 сөз, Н.Қазыбеков
№100 Әке салты
Қазақ халқында әкенің қоғамдық құқығына ерекше орын берілген. Ортағасырлық салттың орнығуына байланысты, әкенің отбасы мүшелері алдындағы міндеттері мен парыздары айқындалады. Әке салтына отбасы мүшелерінің қарым-қатынасы, әке билігі, әкенің атадан қалған мұрагерлігі, ер балаға көрсетер тәлімгерлігі, қыз балаға қамқорлығы, отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайының қамтамасыз етілуі жатады. Ұрпақ тарату және ұрпақ иесі, иегері атануы, ісмерлік, іскерлік, кәсіпкерлік қызметтері мен тәлім-тәрбиесі, моральдық-этикалық тұлғалылығы, әулет пен руластар алдындағы ортағасырлық жауапкершілігі сияқты аса маңызды міндеттер мен қызметтер де әке салтына жүктелген.
Әке салтында отағасының өз туыстарымен арадағы қарым-қатынасына айрықша көңіл бөлінеді. Ағайынды адамдардың бірін - бірі сыйлау, қадірлеу, береке-бірлікте, үлкенін тындап, кішісін қамқорлыққа алу, “Ағайын тату болса- ат көп, абысын тату болса -ас көп”, “Ерден кетсе де, елден кетпейді”,”Әке -асқар тау” т.б. ұстанымдары негізінде туысқандық салты орныққан. Баласы мен немерелері үшін, жалпы, отбасы мүшелерінің барлығына да әке - тұлға. Оның айтқанын екі етпей, бұлжытпай орындау әке салтының басты қағидасы.
144 сөз, С.Сәдуақасов.
№101 Қайырымды түлкі
Қыс. Кұн суық. Ертең жексенбі. Мен ертеңгі күнімді бос жібергім келмеді. Сөйтіп, кеше кешкісін түлкі, қояндарға ұүзақ құрдым. Ол тұзақ құрылған жер тоғайдағы терең сай еді. Түнімен қар жауды. Түлкілер, қояндар қай жерде менің тұзақ құрғанымды білмейді. Ертеңіне ерте тұрып, құрал-сайманымды алып жолға шықтым. Төрт айлық тазы күшігім де еріп қалмай келеді. Менің астымда дөненім бар. Сөйтіп, салып желіп кешегі тұзақ құрған сайға келдім. Аппақ қар, көзге жылт-жылт етеді. Бір қарағанда ештеңе байқалмайды. Қасымдағы итім алдымда келе жатып кілт тоқтап айбат шеге бастады. Мылтықты оқтап мен де сақтықпен алдыңғы жағыма қарадым. Сөйтсем, тұзаққа қоян түскен екен. Қасында түлкі жүр. Қоян қатты қорқып кеткен. Мен де алыстан байқадым. Бірер уақытта түлкі, содан соң қоян қашып барады. Түкке түсінбей мен сайға келдім. Келсем, түлкі тұзақтың жібін тісімен қиып тастапты.
Бұдан соң мен аңға қастандық жасауды қойдым.
133 сөз, «Балдырған» журналынан
№102 Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы ғаламшар
“Meн қиыр далада, көшпелі қазақ үйінде тудым,,.
Академиктің қолжазба қорынан оның балалық шағы туралы деректер іздестіргенімізде тапқанымыз жалғыз-ақ осы бір сөйлем. Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев өзі туралы айтуға, жазуға тура келгенде, сөзге тым-ақ сараң болса керек,”-деп жазады қазақ ғалымы Ебіней Бөкетов. Қанекеңнің атында аспан әлемінде бір ғаламшар жүргенін біреу білсе, біреу білмейді.
Қазақ ССР Ғылым академиясы Астрофизика институтының ғалымдары Күн жүйесінің бір ғаламшарына белгілі совет ғалымы, Лениндік және СССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Қаныш Имантайұлы Сәтбаев есімін беруді ұсынды. Бұл ұсынысты АҚШ-тың Кембридж қаласындағы Халықаралық ғаламшар орталығы қолдап бекітті.
Бұл ғаламшарды 1979 жылы СССР Ғылым Академиясына қарайтын Қырым астрофизикалық обсерваториясының аға ғылыми қайраткері Н.Черных ашқан еді. Ғаламшар Марс пен Юпитер аралығындағы астероид белдеуінде Күнді айнала қозғалады. Сыртқы түрі бұрышты, ойлы-қырлы келген. Түсі қарасұр, немесе қара қоңырлау. Аспан денесінің көлемі шағын. Диаметрі шамамен он бір шақырымдай болады. Күнді айналып шығу мерзімі 3 жыл 4 ай.
Ғалымдар Халықаралық ғаламшар орталығынан алынған мәліметтерге сүйене отырып, жаңа ғаламшардың орбиталық элементтерін есептеп шығарды. Сөйтіп, оны Кіші планеталардың тізіміне енгізді. Сонымен, енді, міне, ғарыш төрінде Қ.И.Сәтбаев атындағы ғаламшар ұшып жүр.
Достарыңызбен бөлісу: |