Жалпы орта білім беру деңгейінің 10-11-сыныптарына арналған "Француз тілі" оқу пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы 1-тарау. Жалпы ережелер
Жалпы орта білім беру деңгейінің 10-11-сыныптарына арналған "Француз тілі" оқу пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Оқу бағдарламасы "Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығымен бекітілген Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 болып тіркелген). 2. Оқу пәнінің маңыздылығы оның қарым-қатынас, ғылым, бизнес, туризм және спорт тілі болып табылатындығымен анықталады. Француз тілін білу: 1) әртүрлі өмірлік жағдайда кездесетін қарым-қатынаста білім алушылардың сенімін арттырады; 2) Қазақстанда ғана емес, шетелде де жоғары білім алу мүмкіндігін береді; 3) Қазақстанда және шетелде кәсіптік білімді жалғастыруға мүмкіндік береді; 4) француз тілінде таратылатын жаңалықтар мен ақпаратқа білім алушылардың қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді; 5) француз тіліндегі әдеби шығармалардың аутенттілік мәтініне білім алушылардың қол жеткізуіне мүмкіндік береді; 6) білім алушыларға Қазақстанды ел ішінде және одан тыс жерлерде таныстыруға мүмкіндік береді; 7) мектепте алған білімдері, дағдылары және оқыту стратегияларына сүйене отырып, өмір бойы білім алуға мүмкіндік береді. 3. "Француз тілі" оқу пәнінің оқу бағдарламасы білім алушылардың тіл дағдыларын дамытуға арналған тіл қызметінің төрт түріне (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) бағытталған. Жалпы орта білімді (10-11-сыныптар) аяқтаған кезде білім алушылардың Жалпыеуропалық шет тілін меңгеру біліктілігіне сәйкес (Common European Framework of Reference, CEFR/Каммон Эуропин Фрэмуок оф Референс, СИЕФАР) тілдік В1 (орташа – В1.2) деңгейін меңгерулері қажет.