7. МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА ОҚЫТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Зияткерлік тұлғаны дамытуға, тілдерді тереңдетіп оқытуға, ғылымға, мәдениетке және өнерге бағытталған білім қызметін ұйымдастыруда элитарлық білім беретін мамандандырылған білім беру ұйымдары келесі нормативтік-құқықтық құжаттарды басшылыққа алады: «Білім туралы» Заң, ҚР МЖМБС-2012, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы №499 Қаулысымен бекітілген тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы (7-тармақ); ҚР БҒМ 2013 жылғы 19 шілдедегі № 289 бұйрығымен бекітілген мамандандырылған білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі- Үлгілік қағидалар).
Қазіргі уақытта дарынды және жоғары уәждемелі балалармен жұмыс істеудің маңыздылығы мен қажеттілігіне ешкім күмән келтірмейді.
Дарынды балаларды анықтау мен дамытуға жағдай жасау, олардың әлеуметтік мүмкіндіктерін іске асыру Қазақстан Республикасының басым міндеттерінің бірі болып табылады.Дарынды балалар бір-бірінен дарындылық деңгейімен, танымдылығымен, қызығушылығымен ерекшеленеді. Сондықтан, мұғалімнің алдында баланың әлеуетін анықтау, оқу мазмұнын іріктеу, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру саласында үлкен мәселе тұр. Дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі жүйелі тәсіл, олардың қабілетін дер кезінде ашу, олардың қажеттілігіне сай бағдарламалық қамтамасыз ету, талантты балалармен жұмыс жасай алатын мұғалімнің кәсібилігі – мұның бәрі дарынды оқушылардың жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүкіндік береді.
Мамандандырылған мектептердегі оқу процесін ұйымдастыру мамандандырылған білім беру ұйымдары үшін үлгілік оқу жоспарлары негізінде әзірленген оқу жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
Мамандандырылған мектептердің оқу жұмыс жоспарларын білім беру ұйымының басшылығы мақұлдап, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен және білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдармен келісіледі.
Мамандандырылған жалпы білім беру бағдарламалары негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірленеді және тілдерді, ғылым, мәдениет, өнер, спорт негіздерін тереңдетіп оқытуға, олардың шығармашылық әлеуетін және дарындылығын дамытуға бағытталған.
Оқу жоспарының вариативтік бөлігінің құрамына кіретін оқу пәндері бойынша оқу жоспары мен бағдарламаларды әзірлеуді оқушылардың сұраныстарына сәйкес мамандандырылған мектептер өз бетінше жүзеге асырады.
Осы әдістемелік-нұсқау хатта мамандандырылған білім беру ұйымдарының оқу процесінде элективті курстардың, таңдау бойынша курстардың орны белгіленген. Таңдау бойынша курстар, элективті курстар бейіналды даярлық және бейіндік оқыту жүйесінде маңызды рөл атқарады және негізгі, жалпы орта білім беру деңгейінде оқу процесінің вариативті жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Мамандандырылған білім беру ұйымдары таңдау бойынша курстарды, элективті курстарды оқушылар мен олардың ата-аналарының таңдауына сәйкес анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |