«ТІЛ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТ» БІЛІМ САЛАСЫ
Қазақ тілі
«Қазақ тілі» пәні бастауыш сынып оқушыларын алғашқы тілдік білім негіздерімен қаруландыратын, тіл арқылы қарым-қатынас жасау қызметінің барлық дағдысын (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) меңгертетін және олардың ақыл-ойын дамытатын пән.
3,4-сыныптарда «Қазақ тілі» пәнін оқытудың мақсаты – алғашқы тілдік мағлұматтарды меңгерту, сауатты жазу, оқу дағдыларын жетілдіру, ақыл-ойы мен шығармашылық қабілеттерін, ауызекі және жазба тілде қарым-қатынас жасау дағдыларын жетілдіру, жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуына мүмкіндік жасау.
Оқу бағдарламасындағы материалдар жүйелi-шоғырланған ұстанымға негiзделiп, кешендi сипатта берілген. Пән мазмұны «Тіл және сөйлеу», «Дыбыс және әріп», «Мәтін», «Сөйлем», «Күрделі сөздер», «Сөз және оның мағынасы», «Сөз құрамы», «Сөз таптары», «Сөйлеу мәдениеті» бөлімдерінен тұрады.
«Қазақ тілі» пәні 3, 4-сыныптарда аптасына 4 сағаттан оқытылып, жылдық жүктемесі 136 сағатты құрайды.
«Қазақ тілі» пәні бойынша оқушылардың жетістік деңгейін бағалау жазбаша жұмыс түрлері арқылы жүргізіледі:
диктант;
грамматикалық тапсырмалар;
бақылау ретіндегі көшіру;
бақылау мазмұндамасы;
бақылау шығармасы;
тест тапсырмалары.
Диктантты ұйымдастыру және өткізу
Диктантқа арналған мәтіндер орфографиялық тұрғыдан оқушыларға таныс болуы керек, яғни өтілген сабақтардың материалдары негізінде алынады.
Егер мәтін құрамында өтілмеген емле, тыныс белгілері немесе айтылуы мен жазылуы қиын сөздер кездессе, олар түсіндіріліп, тақтаға жазылады;
мұғалім диктант мәтінін орфоэпиялық нормаларға сүйеніп, кідіріс жасап, оқиды;
оқушыларға оқылған дыбыс, буын, сөз және сөйлемнің мән-мағынасын түсініп, іштей қайталап, қалай жазылатынын еске түсірген соң жазуға кірісу ұсынылады;
жазу барысында 6-8 сөзден құралған сөйлемдер қайталанады;
мәтінді түгел жазып болған соң мұғалім диктант мәтінін әр сөйлемнен кейін кідіріс жасай отырып, қайта толық оқиды.
Оқушылардың грамматикалық талдау дағдыларын тексеру мақсатында алынған бақылау жұмыстарында 2-3 грамматикалық талдау тапсырмалары болады.
3, 4-сыныптарда грамматикалық тапсырмалары бар бақылау жұмыстары 35-40 минут өткізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |