ЕРЕКШЕ БӨЛІМ 2-БӨЛІМ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ 9-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ 31-бап. Денсаулық сақтау жүйесінің құрылымы 1. Денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторларынан тұрады.
2. Мемлекеттік денсаулық сақтау секторы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардан, мемлекеттік меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан тұрады.
3. Мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторы жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан, сондай-ақ жекеше медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалардан тұрады.
Мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторында емдеуге тыйым салынатын аурулар тізбесін уәкілетті орган айқындайды.
32-бап. Денсаулық сақтау субъектілері 1. Денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жекеше медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар денсаулық сақтау субъектілері болып табылады.
2. Денсаулық сақтау жүйесінде мынадай денсаулық сақтау ұйымдары:
1) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдар;
2) стационарлық көмек көрсететін ұйымдар;
3) жедел медициналық көмек және санитариялық авиация ұйымдары;
4) апаттар медицинасы ұйымдары;
5) қалпына келтіру емі және медициналық оңалту ұйымдары;
6) паллиативтік көмек және мейірбике күтімін көрсететін ұйымдар;
7) қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;
8) сот медицинасы және патологиялық анатомия саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;
9) фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
10) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
11) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар;
12) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары;
13) салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды қалыптастыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
14) АИТВ/ЖИТС профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
14-1) алып тасталды - ҚР 03.07.2014 N 229-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
15) ұлттық холдингтер жұмыс істейді.
3. Уәкілетті орган:
1) денсаулық сақтау ұйымдарының номенклатурасын және олардың қызметі туралы ережелерді;
2) денсаулық сақтау қызметкерлерінің медициналық және фармацевтикалық мамандықтары мен лауазымдарының номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын;
3) денсаулық сақтау ұйымдарының құрылымын, үлгілік штаты мен штат нормативтерін;
4) денсаулық сақтау ұйымдарының өзара іс-қимыл тәртібін әзірлейді және бекітеді.
4. Жеке тұлғалардың осы мамандық бойынша маман сертификаты, кемінде бес жыл жұмыс стажы және тиісті лицензиясы болған ретте жекеше медициналық практикамен айналысуға құқығы бар.
Ескерту. 32-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 N 229-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
33-бап. Медициналық көмекті ұйымдастыру 1. Медициналық көмекті ұйымдастыруды уәкілетті орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, медициналық көмек көрсетуді денсаулық сақтау субъектілері осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
2. Денсаулық сақтау субъектілері:
1) лицензияға сәйкес сапалы медициналық көмектің көрсетілуін;
2) уәкілетті орган рұқсат берген диагностиканың, профилактика мен емдеу әдістерінің, сондай-ақ дәрілік заттардың қолданылуын;
3) төтенше жағдайлар, әскери жанжалдар мен терроризм актілері жағдайларындағы жұмысқа дайындықты;
4) айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың, сондай-ақ кәсіптік аурулардың алдын алу, оларды диагностикалау мен емдеу жөніндегі іс-шаралардың жүргізілуін;
5) азаматтарға медициналық көмектің нысандары мен түрлері туралы тегін, жедел және дәйекті ақпарат берілуін;
6) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен гигиеналық нормативтердің сақталуын;
7) басқа денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара іс-қимылды және өз қызметіндегі сабақтастықты;
8) салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтанудың қалыптастырылуын;
9) уәкілетті орган белгілеген нысандар, түрлер, көлем, тәртіп пен мерзімдер бойынша алғашқы медициналық құжаттардың жүргізілуін, есептердің табыс етілуін;
10) инфекциялық аурулар, уланулар, айналадағыларға қауіп төндіретін психикалық және мінез-құлықтың бұзылу (аурулар) жағдайлары туралы - уәкілетті органға, төтенше жағдайлардың медициналық-санитариялық салдарларының пайда болу қатері және (немесе) пайда болуы туралы - азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға, жаңа алған жарақаттар, жаралар, криминалдық түсіктер бойынша келіп көрінген адамдар туралы мәліметтерді, айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың жағдайлары туралы ішкі істер органдарына хабарлауды қамтамасыз етуге міндетті.
Ескерту. 33-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.03.19 № 258-IV, 2010.04.08 № 266-IV; 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
34-бап. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі 1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарға бюджет қаражаты есебінен ұсынылады және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге сәйкес, барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер көрсетуді қамтиды.
2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне:
1) жедел медициналық көмек пен санитариялық авиация;
2) мыналарды:
алғашқы медициналық-санитариялық көмекті;
алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмекті қамтитын амбулаториялық-емханалық көмек;
3) уәкілетті орган айқындайтын ауруханаға жатқызу жағдайларының жоспарланатын саны (шекті көлемі) шеңберінде - алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша, төтенше айғақтары бойынша жолдаманың болу-болмауына қарамастан берілетін стационарлық медициналық көмек;
4) алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша стационарды алмастыратын медициналық көмек;
5) қалпына келтіру емі және медициналық оңалту;
6) уәкілетті орган белгілеген халық санаттары үшін паллиативтік көмек және мейірбике күтімі кіреді.
3. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету үшін дәрілік заттармен қамтамасыз ету:
1) жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде - медициналық ұйымдар бекіткен және белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен келісілген дәрілік формулярларға сәйкес;
2) амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде - белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган бекітетін дәрілік заттар мен бейімделген емдік өнімдер тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету жөніндегі қызметтер берушіні таңдауды және оның шығындарын өтеуді тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
5. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету жөніндегі шарттарды жасасуда артықшылықты құқыққа денсаулық сақтаудың аккредиттелген ұйымдары ие болады.
Ескерту. 34-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.06.28 № 22-V (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
35-бап. Ақылы медициналық қызметтер алудың негіздері мен тәртібі 1. Ақылы медициналық қызметтерді мемлекеттік және жекеше медициналық ұйымдар, аурудың бейіні және медициналық қызметпен айналысуға лицензиясы сәйкес келгенде жекеше медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар көрсетеді.
2. Ақылы медициналық қызметтер:
1) пациенттердің бастамасы бойынша, оның ішінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының және денсаулық сақтау ұйымдарының жолдамасынсыз алғашқы медициналық-санитариялық көмек, дианостикалық және емдік қызметтер көрсету;
2) дәрілік формулярға енгізілмеген дәрілік заттармен емдеу;
3) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне кірмейтін медициналық зерттеулер жүргізу;
4) тиісті жолдамасыз санаториялық емдеу;
5) медициналық айғақтарсыз медициналық-генетикалық зерттеулер жүргізу;
6) азаматтарды жұмысқа кіру және оқуға түсу үшін медициналық зерттеп-қарау;
7) ұйыммен шарт бойынша, оның ішінде ерікті сақтандыру бойынша медициналық көмек көрсету;
8) қосымша сервистік қызметтер ұсыну;
9) осы Кодекстің 87-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек көрсету кезінде ұсынылады.
3. Ақылы медициналық қызметтер пациент пен осы көрсетілетін қызметтерді ұсынатын денсаулық сақтау субъектісінің арасында жасалатын шарт негізінде көрсетіледі.
Ақылы медициналық қызметтер көрсетуге арналған шарт мынадай негізгі талаптарды:
1) медициналық көмектің түрлері мен көлемін;
2) медициналық көмек көрсету мерзімдерін;
3) медициналық және медициналық емес қызметтерге арналған тарифтерді және оларды төлеу тәртібін;
4) тараптардың құқықтары мен міндеттерін;
5) шартқа өзгерістер, толықтырулар енгізу және оның қолданылуын тоқтату тәртібін;
6) тараптардың шарт міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті белгілеуін қамтуға тиіс.
4. Ақылы қызметтер көрсетудің түрлері мен олардың баға прейскуранты мемлекеттік, жекеше медициналық ұйымдардағы және жекеше медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалардағы көрнекі ақпарат арқылы халықтың назарына жеткізіледі.
5. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсетудің бағасы медициналық, сервистік қызметтерді көрсетумен байланысты барлық шығын түрлерін және өзге де қосымша шығыстарды ескере отырып айқындалады және ол жарты жылда бір реттен аспайтын жиілікпен қайта қаралуы мүмкін.
Ақылы қызметтер көрсетудің бағасы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі үшін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі белгілейтін осыған ұқсас медициналық қызмет тарифінен төмендетілмей белгіленеді.
6. Азаматтарға ақылы қызметтер көрсеткен кезде есепке алу және есеп құжаттамасын жүргізу уәкілетті орган белгілеген нысандар бойынша жүзеге асырылады.
7. Денсаулық сақтау ұйымы азаматтар өтініш жасаған кезден бастап оларға ақылы медициналық қызметтердің уақтылы және сапалы көрсетілуі үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
8. Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсетудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).