7-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ АҚПАРАТТАНДЫРУ 26-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандырудың объектілері мен субъектілері 1. Денсаулық сақтаудың электрондық ақпараттық ресурстары, ақпараттық жүйелері мен электрондық қызметтер көрсетуі денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандырудың объектілері болып табылады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын немесе құқықтық қатынастарға түсетін мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандырудың субъектілері болып табылады.
3. Денсаулық сақтау саласының ақпараттандыру саласындағы қызмет "электрондық үкімет" шеңберінде денсаулық сақтау саласының ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуды, жеке және заңды тұлғаларды медициналық-статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етуді, сондай-ақ өзге де электрондық қызметтер ұсынуды қамтиды.
27-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандырудың принциптері Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру мынадай:
1) басқарудың барлық деңгейлеріндегі әкімшілік процестерді стандарттау мен ресмилендіру, денсаулық сақтауды басқарудың бірыңғай саясатын әзірлеу мен іске асыру;
2) денсаулық сақтау және ақпараттандыру саласындағы халықаралық стандарттарды кеңінен пайдалану;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстарды қоспағанда, денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының қызметі туралы ақпаратты қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету;
4) жариялы таратылуының міндетті сипаты белгіленген электрондық ақпараттық ресурстарды берудің уақтылығы, оның объективтілігі, толықтығы және дәйектілігі;
5) денсаулық сақтаудың ақпараттық ресурстары деректерінің сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету;
6) жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерін қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың құпиялылығын және пациенттің өз дербес деректеріне қол жеткiзуiн қамтамасыз ету;
7) медициналық ақпараттың пациентпен ілесе жүруін қамтамасыз ету принциптеріне негізделеді.
Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 95-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
28-бап. Жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерін қорғауды қамтамасыз ету 1. Жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерін қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар құпиялы электрондық ақпараттық ресурстар санатына жатады, олардың жиналуы, өңделуі жинау мақсаттарымен шектеледі.
2. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерін қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру үшін дербес деректерді жинау, өңдеу жеке тұлғаның (пациенттің) немесе оның заңды өкілінің келiсiмімен жүзеге асырылады.
3. Жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерін қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды алған ақпараттық жүйелердiң меншiк иелерi немесе иелерi оларды қорғау жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi. Мұндай мiндет жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерiн қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар алынған кезден бастап оларды жойып жiбергенге дейін не иесіздендiргенге дейiн немесе осы дербес деректер өзiне қатысты адамнан оларды жария етуге келiсiм алынғанға дейiн туындайды.
4. Жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерiн қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды мүлiктiк және (немесе) моральдық зиян келтiру, Қазақстан Республикасының заңдарында кепiлдiк берiлген құқықтар мен бостандықтарды iске асыруды шектеу мақсатында пайдалануға жол берiлмейдi.
5. Жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерiн қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға медицина персоналының қол жеткізуіне жеке тұлғаға (пациентке) медициналық көмек көрсету мақсатында ғана рұқсат берілуге тиiс.
Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.05.2013 № 95-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.