3-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЛИЦЕНЗИЯЛАУ, АККРЕДИТТЕУ ЖӘНЕ АТТЕСТАТТАУ 13-бап. Медициналық және фармацевтикалық қызметті, сондай-ақ адамның ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) және (немесе) тіндерін, қан мен оның компоненттерін әкелуді, әкетуді лицензиялау Медициналық және фармацевтикалық қызмет Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензиялануға жатады.
Туыстас емес транспланттауды жүргізу мақсатында гемопоэздік дің жасушаларын, сүйек кемігін өткізген жағдайда, оларды, сондай-ақ диагностикалық және ғылыми мақсаттарға арналған немесе биомедициналық зерттеулер жүргізу процесінде алынған жасушалардың, тіндердің, биологиялық сұйықтықтар мен сөлдердің, оның ішінде адамның тіршілік әрекеті өнімдерінің, физиологиялық және патологиялық шығындылардың, сүртінділердің, қырындылардың, шайындылардың үлгілерін қоспағанда, адамның ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) және (немесе) тіндерін, қан мен оның компоненттерін Кеден одағына кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету уәкілетті орган беретін лицензиялар негізінде жүзеге асырылады.
Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.06.2013 № 107-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
13-1-бап. Денсаулық сақтау саласындағы хабарлама Денсаулық сақтау саласындағы мынадай:
1) халықтың декреттелген топтарын гигиеналық оқыту;
2) медициналық мақсаттағы бұйымдарды көтерме саудада өткiзу;
3) медициналық техниканы көтерме саудада өткiзу;
4) медициналық мақсаттағы бұйымдарды бөлшек саудада өткiзу;
5) медициналық техниканы бөлшек саудада өткiзу қызметі хабарлама жасау бойынша жүзеге асырылады.
Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен беріледі.
Ескерту. 3-тарау 13-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
14-бап. Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу 1. Көрсетілетін медициналық және фармацевтикалық қызметтердің денсаулық сақтау саласындағы белгіленген талаптар мен стандарттарға сәйкестігін тану мақсатында денсаулық сақтау субъектілері және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы субъектілер денсаулық сақтау саласында аккредиттелуге жатады.
Жеке тұлғалар денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сарапшылық бағалау жүргізу үшін аккредиттелуге жатады.
2. Аккредиттеу ерікті сипатта болады және аккредиттелетін субъектінің қаражаты есебінен және тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылады.
3. Денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеу олардың қызметінің уәкілетті орган бекіткен аккредиттеудің белгіленген стандарттарына сәйкестігін сыртқы кешенді бағалау негізінде жүргізіледі және ол мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде ескеріледі.
4. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптама жүргізуі үшін жеке тұлғаларды аккредиттеу олардың біліктілігін кешенді бағалау негізінде жүргізіледі.
Тәуелсіз сарапшылар тарту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
5. Аккредиттеуді уәкілетті орган не уәкілетті орган аккредиттеген ұйым жүргізеді.
6. Денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеуді жүзеге асыратын орган (ұйым) денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу жөніндегі тиісті комиссияларды құрады және аккредиттелген субъектілер мен тәуелсіз сарапшылардың деректер банкін қалыптастырады.
Аккредиттеу жөніндегі комиссия туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
15-бап. Денсаулық сақтау саласындағы аттестаттау 1. Денсаулық сақтау саласындағы аттестаттау - денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары басшыларының, республикалық денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының және олардың орынбасарларының (медициналық білімі бар), сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына ведомстволық бағынысты мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының (бұдан әрі - аттестатталатын адамдар) кәсіптік құзыретінің деңгейін айқындаудың кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын рәсімі.
2. Уәкілетті орган денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, республикалық денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының және олардың орынбасарларының (медициналық білімі бар) кәсіптік құзыреттілігін аттестаттауды жүргізеді.
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары (бұдан әрі - денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары) ведомстволық бағынысты мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының кәсіптік құзыреттілігін аттестаттауды жүргізеді.
4. Уәкілетті орган мен денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары аттестаттаудың объективті және құзыретті түрде жүзеге асырылуы мақсатында аттестаттау комиссияларын құрады.
5. Аттестаттау кезіндегі бағалаудың негізгі критерийі аттестатталатын адамдардың өздеріне жүктелген міндеттерді орындау құзыреттілігі болып табылады.
6. Аттестатталатын адамдар әрбір келесі үш жыл өткен сайын, бірақ тиісті лауазымға орналасқан күннен бастап бір жылдан кейін аттестаттаудан өтеді.