1. Жалпы көгалдандыру жұмыстары. Жалпы елімізде экологиялық кодекстің қабылдануы және экологиялық заңнаманы қайта құру бойынша шаралардың барлық кешенін іске асыруы қоршаған ортамен басқару жүйесін жетілдіруіне, бұл салаға корпоративтік инвестицияларды тартуға, Қазақстан Республика Президентімен экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасында қойылған міндеттерге жетуге мүмкіндік туғызады.
Көгалдандыру дегеніміз – қала, ауыл, тағы басқа елді мекендерде ауаны тазарту, көлеңкелеу үшін ағаш, бұта, гүл, көгал өсірудің кешенді жұмыстары болып табылады. Құрылыс аяқталғаннан кейін жүргізілетін көгалдандыру жұмыстары мекен жайларға әсем көрініс береді, шудан, күннен, шаңнан, тағы басқа қорғайды, санитарлық-гигиеналық рөл атқарады. Ғылыми деректер бойынша белгілі бір аймақтың 15 %-ы көгалдандырылса, шаң-тозаңның мөлшері 20 %-ға дейін азайып, 35 %-ға өсімдік өсірілсе, шаң 50 %-ға дейін төмендейді, ал 65 %-ға өсімдік өсірілсе, шаң 95 %-ға кемиді. Жол жағалауларына отырғызылған ағаш пен бұталар, гүлдер мен көгал ауадағы көмір қышқыл газды сіңіріп, ауаны оттегімен байытады, шуды азайтып, мекен жайды желден, күннен және шаңнан қорғайды.
1 га жасыл алқап 1 сағатта ауадан 8 кг көмір қышқыл газын бойына сіңіреді. Кейбір ағаштар өздері айналасына тарататын фитонцидтері арқылы ауадағы зиянды микроорганизмдерді жойып, оны адамның денсаулығына қолайлы иондармен байытады. Мұндай ағаштар қатарына қылқан жапырақты қарағай, шырша, Сібір балқарағайы, тағы басқалар жатады. Көгалдандыру жұмыстарын жүргізгенде міндетті түрде көгалдандырылатын алқаптың ауа райы, топырақ құрамы, жер бедері сияқты ерекшеліктері ескеріледі, суаруға қажетті су көздері қарастырылады. Осы факторлар бойынша отырғызылатын өсімдіктер құрамы да анықталады. Орман ағаштары мен бұталар көшеттері, шөптесін өсімдіктердің жас өркендері мен тұқымдары әр аймақта орналасқан питомниктерден алынады.