Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі.
І – Бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері.
Абстракция – заттың немесе құбылыстың белгілі бір сипаттары мен қасиеттерін неғұрлым тереңірек зерттеу мақсатында ойша бөліп алу.
Авторитарлық (биліктілік, бұйрықтылық)- адамның жеке тұлға ретінде өзге адамдарға демократиялық емес ықпал жасауға бейімділігін көрсететін мінездемесі.
Агрессиялық (жаулық, өшпенділік)- адамның өзге адамдарға қатысты зиянын тигізуге, қолайсыздықтар туғызуға талпынған мінез-қылығы.
Адамдардың топтағы сыйымдылығы – адамдардан әрекетті өзара жақсы түсіністік пен келісімділікте жасауды талап ететін және біріге қызмет ету мен міндеттерді бірлесе шеше алудан көрінетін қабілет.
Адаптация – сезім органдарының өзіне әсер ететін стимулдардың неғұрлым жақсы қабылдануына бейімделіп, рецепторларды артық күш түсуден қорғауы.
Акцентуация – адамның өзгелерден ерекше белгілі бір психологиялық қасиетін не белгісін бөліп көрсету.
Алаңдаушылық – адамның түрлі әлеуметтік жағдайлардағы жоғары қозу, мазасыздану, қорқынышты сезіну және алаңдау қалпына ие болу қасиеті.
Альтруизм – адамды өзге адамдарға ақысыз көмек көрсетуге итермелейтін мінездік сипат.
Амнезия – естің (жадтың) бұзылуы. Ретроградты амнезия – аурудың алдындағы болған оқиғаларға қатысты естің бұзылуы. Антероградная амнезия – ауру басталғаннан кейінгі болған оқиғаларға байланысты естің бұзылуы. Қорғаушы амнезия – соққы әкелетін оқиғаларды естен шығару, ұмыту.
Аморальдылық – қоғамның моральдық негіздерін қабылдамау, адамгершілік ережелерге нигилистік қатынас, жеке адам мен әлеуметтік топтардың рухани құлауы. Аморальдылықтың шеткі көріну нысанына цинизм – қоғамның барлық мәдениетіне, оның рухани құндылықтарына деген жеккөрушілік қатынас пен әлеуметтік негіздер мен мұраттарды мазақ ету жатады.
Апатия – немқұрайдылықтың, селқостықтың психологиялық қалпы. Түрткілер мен мүдделердің әлсіздігі, айнала қоршаған шындықтың оқиғаларына деген немқұрайдылық,көңіл-күй селқостығы.
Апперцепция – заттар мен шындық құбылыстарды қабылдаудың өткен тәжірибеге, жеке адамның дара ерекшеліктері мен психикалық қалпына тәуелділігі.
Астения – жоғары шаршау мен тітіркенгіштіктен көрінетін жүйке-психикалық әлсіздігі.
Аутизм – адамның қалыпты ойлау барысының ауыруға, психотроптық дәрілерге немесе ойлау логикасының дамымауына байланысты бұзылуы. Өзіндік реттелудің төмен мүмкіндігі, адамның арман мен қиял әлеміне жиі кетіп қалуы тән.
Ауытқушы (девиантты) мінез – қылық – қоғамдағы қалыптасқан адамгершілік және құқықтық ережелерді бұзушы мінез – қылық.
Аффект - қысқа мерзімдік күшті эмоциялық қозудың қалпы. Аффектілік әрекет – субъектінің белгілі бір эмоциялық қалпымен басқарылатын және бағытталатын әрекет (ерлік, сүйіспеншілік, жеккөрушілік, қанаттану, кекшілдік, махаббат және т.б.).
Әлеуметтік – психологиялық климат – бірлескен әрекет нәтижелеріне әсер ететін және топтың даму деңгейіне тәуелді жеке бас аралық қатынастардың сапасы.
Әлеуметтік адаптация – даралықтың әлеуметтік орта жағдайларына бейімделуі. Әлеуметтік адаптацияның екі типі бар: 1) ортаға белсенді ықпал ету; 2) әлеуметтік ортаның ққұндылық бағдарлары мен мақсаттарын сылбыр, келісе салушылықпен қабылдау. Әлеуметтік адаптация даралықтың әртүрлі әлеуметтік байланыстарды қабылдауымен байланысты. Әлеуметтік адаптацияның бұзылуларына ортаға жат мінез-қылық, маскүнемдік пен есірткіге әуестік маргинальдық жатады.
Әлеуметтік перцепция – адамдардың әлеуметтік объектілерді (өзге адамдарды, өзін өзі, әлеуметтік топтарды) қабылдауының, түсінуінің және бағалауының ерекшеліктері.
Әлеуметтік психология – адамдардың әлеуметтік өзара әрекет жағдайларындағы мінез – қылығы мен іс - әрекетінің заңдылықтарын, ұйымдасқан және ұйымдаспаған әлеуметтік қауымдардағы өмір әрекетінің психологиялық өзгешеліктерін зерттейтін психология пәнінің саласы.
Әлеуметтік роль – қоғамда белгілі дәрежеге ие адамға тән әрекеттерді сипаттайтын мінез - қылық ережелері мен нысандарының жиынтығы.
Әлеуметтік топ – әлеуметтік ережелер мен әлеуметтік – топтық қадағалаудың негізінде қызмет жасайтын жалпы мүдделерімен, мақсаттарымен және құнды бағдарларымен біріккен адамдардың бірлестігі.
Әлеуметтік топ – белгілі психологиялық немесе әлеуметтік – демографиялық белгілеріне байланысты бірлескен адамдардың тобы.
Әлеуметік қажеттіліктер – адамдардың бір - бірімен араласуымен және қоғамдағы бірлескен өмірімен тікелей байланысты қажетіліктері.
Бағдар – сол жеке басқа тән жағдайлардағы бекіген стериотиптік әрекеттерді орындауға даярлық.
Бағдарлаушы рефлекс – зейіннің шоғырлануы, күштері мен қорларын жинақтау сияқты жалпы белсенділіктен көзге түсетін ағзаның жаңа стимулға деген реакциясы.
Бақылау – тікелей сезім органдары арқылы қажетті мәліметті алуға негізделген психологиялық зерттеудің әдісі.
Бәсекелестік – адамның өзге адамдармен жарысуға, олардан озып кетуге, жеңуге деген тілегі мен талпынысы.
Вербальдық – адамның дыбыстық сөзіне қатысты.
Галлюцинациялар – адам ауырған кезде пайда болып көрінетін өмірде жоқ қияли бейнелердің елестері.
Генотип – адамның өз ата тегінен тұқым қуалаушылық арқылы алатын барлық гендерінің жиынтығы немесе белгілі бір сапалары.
Гипноз – нандыру арқылы адамның санасын уақытша ажырату, өзінің мінез – қылығын еріктік қадағалаудан азат ету.
Дағдарыс (кризис) – адамның өзіне, өзінің жетістіктеріне және айналасындағылармен қарым қатынасына көңілі толмауына байланысты туындайтын рухани реніш қалпы.
Дағды - көп қайтара қайталаудың (жаттығудың) негізінде қалыптасқан, әрекеттің элементтерін саналы қадағалауды азайтуымен сипатталатын жартылай автоматтандырылған қимыл.
Даңққұмарлық – адамның айналасындағылардың алдында беделін көтеру мен танымға ие болуына қажетті табыстарға талпынуы.
Даралық – туа біткен өзіндік сипаттарға ие (нышандарға, еліктеулерге, эмоциялық ерекшеліктерге) табиғи тіршілік иесі ретіндегі адам, жеке адамның психофизиологиялық сапасы.
Даралық ерекшелік – адамды өзге адамдардан өзгешелендіріп тұратын қасиеттерінің жиынтығы, оның психикасының өзіндік ерекшелігі.
Дарындылық – адамда қабілеттерінің дамуына қажетті нышандарының болуы.
Деперсонализация (жеке басын жоғалту) – адамның өзін қайталанбас даралық ретінде сипаттайтын жоғары психологиялық және мінез – қылықтық сапаларын уақытша жоғалтуы.
Депрессия – адамның белсенділігін төмендететін рухани күйзелу мен ұнжырғасы түсу жағдайы.
Дисфория – ашулану, ызалану, жаулық әрекеттерге даярлықтан көрінетін теріс эмоциялық қалып.
Доминанта – мінез – қылыққа белгілі бағыттылықты беретін орталық жүйке жүйесіндегі жетекші қозу ошағы.
Еліктеу – адамның өзге адамдардың іс - әрекеті мен қылықтарын саналы түрде немесе санадан тыс қайта жаңғыртуы, қайталап жасауы.
Еліктеу – аса маңызды қажеттіліктерін қанағаттандыратын және мүдделері мен ниеттерінің қалыптасуына ықпал етуші белгілі бір объектілерге байланысты туатын саналы бағыттылық.
Ерік – адамның өз психикасы мен мінез – қылығын саналы басқара алу қабілеті.
Ес (жад) – адамның алуан түрлі мәліметтерді есте ұстауы, сақтауы, қайта жаңғыртуы мен тануы.
Жақтырмаушылық (негативизм) - өзге адамдардың талаптары мен тосуларына қарсы жасалатын ниеттендірілмеген әрекет болмаса өзін өзі жалған нығайтудың тәсілі; дағдарыс жас кезеңдерінде жиі пайда болады.
Жалғандық –белгілі бір пайда көру үшін дұрыс емес әсерлерді жасау арқылы ақиқатты саналы түрде жүйелі бұзу.
Жалғыздық – алаңдаушылық пен депрессиядан көзге түсетін әлеуметтік – қатынастық шеттеу жағдайындағы даралықтың психикалық қалпы.
Жанжал (конфликт) – өзара бірлесіп әрекет жасаушы субъектілердің қарама қайшы мүдделері, мақсаттары, тілектері мен тұрақтарының соқтығысуы. Жанжал бір жақ екінші жақтың мүддесіне зиян келтіретін әрекеттер жасайтын инциденттен басталады.
Жауаптылық – жеке бастың мінез – қылығының әлеуметтік қадағалауға көніп, әлеуметтік – ережелік талаптарға, парызға және міндеттерге сәйкес келуі.
Жедел ес (жад) – міндетті шешуге, әрекетті болмаса операцияны орындауға керекті уақытқа ғана мәліметті сақтау үшін қажетті естің түрі.
Жеке адамның өзіндік анықталуы – адамның өзінің өмір жолын, мақсаттарын, құндылықтарын, адамгершілік ережелерін, кәсібі мен өмір жағдайларын таңдауы.
Жеке бас (адам) - әлеуметтік қатынастардың субъектісі ретіндегі даралық, адамның әлеуметтік маңызды сапаларының жүйесі, әлеуметтенуінің нәтижесі.
Жеке бас аралық қабылдау – адамды көріп қабылдаудың барысындағы түсіну, талдау және бағалау (алғашқы әсер).
Жеке бас аралық өзара әрекет – екі немесе одан көп адамдардың арасындағы олардың мінез – қылығына, іс - әрекетіне, көзқарастары мен бағдарларына, өзара байланысты әрекеттер жүйесіне өзгерістер енгізетін дара байланыс. Нәтижесінде қатысушылардың әрқайсысының мінез – қылығы әрі құптаушы түрткі, әрі жауап реакциясы түрінде көзге түседі.
Жеке бастың сипаты - жеке басқа тән мінез - қылық пен ойлауды көрсететін жеке адамның тұрақты қасиеті.
Жұғу – адамнан адамға белгілі бір эмоциялардың, қалыптардың, түрткілердің санадан тыс берілуін бейнелейтін психологиялық термин.
Жүйке жүйесінің күші – орталық жүйке жүйесінің жұмыс қабілеттілігінің шегі.
Зейін – сананың іс - әрекет үшін маңызды объектілерге бағытталған тиімді ұйымдасушылық қалпы. Мінез – қылықтың түрлі буындарының үйлесімділігін, соңғы мақсатқа шоғырлануын, міндеттерді шешудің дәлдігі мен жылдамдығын қамтамасыз етеді.
Идентификация – бір нәрсені болмаса біреуді танудың, объектіні бұрынғы қалыптасқан бейнемен салыстырудың процессі.
Инстинкт – негізгі тітіркендіргіштердің әсерінен оянатын туа берілген мінез – қылық комплекстерінің жиынтығы.
Интеллект – адамның ақыл – ой қабілеттіліктерінің жиынтығы.
Интуиция – танымдық алдын ала сезіну, шындыққа алдын ала талдамай – ақ кенеттен көз жеткізу, танымдық әрекеттің белгілі бір бағытында жоғары жалпылау тәсілдерінің нәтижесі.
Инфантилизм – ересек адамда балалық мінез – қылықтың өзгешеліктерінің сақталуы және көрінуінен, өзіндік сынның төмендігінен, эгоценризмнен, өзге адамдардың өзіне қамқорлық жасауына деген жоғары талаптар қоюдан көрінеді.
Катарсис – тазару. Адамда күшті эмоциялық күй кешулерден кейін туындайтын рухани жеңілдікті бейнелейтін психологиялық термин.
Коммуникация - әлеуметтік өзара әрекеттің мәндік жағы. Адамдардың бір бірімен араласуы, хабар алмасуы және өзара әрекеттесуі.
Конфабуляция – жалған еске алулар.
Конформдылық – даралықтың топтың ықпалына өзінің ішкі көзқарасын сақтай отырып көнуге бейімділігі.
Көңіл – күй – ұзақ уақыт аралығына созылатын және адамның жалпы тонусын анықтап, айқын көзге түсе бермейтін эмоциялық қалып.
Көсем (лидер) – топтың өзінің бір мүшесінің белгілі жағдайларда шешім қабылдауға артықшылығын тануы.
Көсемдік (лидерство) – жеке бас аралық қатынастардағы жетекшілік, басымдық.
Көсемдіктің стилі – көсемнің өзіне тәуелді адамдарға ықпал жасау үшін қолданатын тәсілдері мен құралдары.
Қабылдау – адамның миға сезім органдары арқылы келіп түскен хабарларды алуы мен қайта өңдеуінің процессі.
Қабылдаудың заттылығы – адам қабылдауының ортаны жекелеген түйсіктер түрінде емес тұтас бейнелер нысанында көріп елестете алу қасиеті.
Қабілеттер – адамның білімді, іскерлікті және дағдыларды игеруіне және іс -әрекеттің әртүрлі түрлерін орындаудың сәттілігі үшін қажетті дара ерекшеліктері.
Қадір – қасиет – адамның өз - өзіне және қоғамның оған деген қатынасы көрініп, жеке бастың құндылығы, өзіндік санасының және қадағалауының негіздері танылатын қатынас.
Қажеттілік – адамның қалыпты өмір сүруі үшін керекті бір нәрсеге деген мұқтаждығы.
Қалыпты сана – сол әлеуметтік қоғамға тән болып келетін жетекші танымдық білімдер мен көзқарастардың жиынтығы.
Қиял – адамның бар немесе жоқ объектіні көз алдына елестете алуы, оны санасында ұстап, онымен ойша түрлі құбылта алуы, құбылыстарды айтылғанына қарап қалпына келтіре алуының қабілеті.
Қол қимылы (жест) – адамның ішкі қалыбын немесе оның сыртқы дүниедегі белгілі бір затты көрсетуші қимылы.
Қорқыныш – даралықтың биологиялық немесе әлеуметтік қолайлы жағдайларына қауіп төнуіне байланысты туатын аса жағымсыз эмоция.
Құндылықтар – адамның өмірдегі ерекше бағалайтын және үнемі ұмтылатын жағдайлары.
Қылық – адамның адамгершілік негізімен байланысты саналы мінез – қылық актысы.
Мағыналық кедергі – адамдардың бір құбылысқа түрліше мән беруіне байланысты өзара ұғыныспауы.
Мимика – адамның қабылдаған, елестеткен, ойлаған, еске түсірген жағдайларына деген қатынасын немесе қалпын көрсететін бет мүшелерінің қимыл – қозғалысы.
Мораль – мәдениетті адамның қоғамдағы мінез – қылығының ережелері, шектері мен қағидалары.
Міндет – бастапқы шарттарды өзгерте отырып қол жеткізуге мүмкін болатын әрекеттің мақсаты. Міндеттің құрамына талап (мақсат), шарт (белгілі) және сұрақпен түйінделетін белгісіз кіреді.
Мінез – жеке бастың тұрақты құндық – бағдарлық және мінез - қылықтық сапаларының жиынтығы.
Мінез – қылық – психикалық және қимыл - қозғалыс белсенділігі арқылы тірі тіршілік иелерінің тән ортаға бейімделуші өзара әрекеттері.
Нанғыштық (иланғыштық) – адамның өзіне деген сенімсіздігіне, өзін төмен бағалауына, ұялшақтығына, сенгіштігіне, қауіптену деңгейінің жоғарылығына байланысты ықпал етуші әсерді бастан өткізуге және көнуге деген субъективті даярлығы.
Нандыру (иландыру) – даралықтың психикасына оның өз еркінен тыс ену болмаса адам психикасына оның саналылығының, сындарлылығының төмендеу жағдайында әсер ету процессі.
Ниет (мотив) – белгілі әрекетті жасаудың, жүзеге асырудың себебін, мәнін, қажеттілігін түсіну, мінез – қылықтың өздігінен детерминделуінің факторы.
Ниеттену (мотивация) – даралықтың жетістікке ұмтылуы мен сәтсіздіктен қашу қажеттілігінің көрінуі, іс - әрекеттің белгілі түрлеріндегі сәттіліктің мүмкіндігіне деген субъективті бағасы; ағзаның белгілі бір бағыттағы белсенділігін туғызатын түрткілер (тамақтану, жыныстық, қорғанушы, жауығу және де басқа ниеттенулер).
Ой қортындысы - бірнеше тұжырым – алғы шарттардан логикалық түйін шығарудың процессі.
Ойлау – жаңа білімді ашумен,міндеттерді шешумен және шындықты шығармашылықпен өзгертумен байланысты танымдық процесс.
Операция – алғышарттармен байланыстырылған әрекеттерді орындаудың жолдары, тәсілдері.
Өзіндік сана – адамның өзін өзі және өзінің ерекшеліктерін танып білуі, саналауы.
Пантомимика – адамның мәнерлі дене қимылдарының жүйесі.
Парыз – адамдардың барлығына қатысты әлеуметтік талаптарды белгілі бір жағдайда даралықтың жеке міндетіне айналдыру.
Педагогикалық психология – оқыту, тәрбиелеу және педагогикалық іс - әрекеттің психологиялық негіздерін зерттейтін психология ғылымының саласы.
Персерверация – аса қатты шаршау жағдайында туатын кейбір ойлардың, күй кешулердің, көзқарастардың үнемі қайталанып келе беруі.
Перцептивтілік – қабылдауға қатысты құбылыс.
Профессиография – дарлықтың белгілі мамандыққа қатысты психофизиологиялық және психикалық сапаларына қойылатын талаптардың жүйесін сипаттайтын кәсіби психодиагностиканың негізі.
Психика – барлық психологиялық құбылыстардың жиынтығын бейнелейтін жалпы түсінік.
Психикалық денсаулық – даралықтың өзін лайықты психикалық қадағалауын қамтамасыз ететін қолайлы психикалық қалып.
Психикалық қалып – даралықтың іс - әрекеттің заты мен жағдайларына, осы әрекетке деген қатынасының шарттарына байланысты психикалық іс - әрекетінің уақытша, өтпелі өзгешелігі.
Психикалық процесстер – психикалық іс - әрекеттер актыларының жиынтығы. Әрбір психикалық процесс жалпы бейнелеу объектісіне ие бола отырып бірдей бейнелеуші – қадағалаушы жүйеге де ие. Психикалық процесстер танымдық, еріктік және эмоциялық болып бөлінеді.
Психология – психиканың дамуы мен қызметінің жалпы заңдылықтары және олардың көрінулерінің дара – типтік ерекшеліктері, адамның ортамен өзара қарым – қатынасының жалпы заңдылықтары туралы ғылым.
Психологиялық кедергі – адамға ойлауға және өзін адамдар ортасында дұрыс ұстауға кедергі келтіретін ішкі бөгет. Іскерлік және жеке бастық қатынастар жүйесінде жиі туындап, адамдар арасындағы ашықтық пен сенімге негізделген қатынастарды орнатуға кедергі жасайды.
Реакция – ағзаның қандай да бір тітіркендіргішке беретін жауабы.
Референттік топ – даралық үшін жағымды мінез – қылық ережелерінің және шектерінің, көзқарастардың, пікірлердің, қылықтардың шығу көзі болып табылатын адамдар тобы.
Рефлекс – ағзаның кез келген ішкі немесе сыртқы стимулдың әрекетіне беретін автоматты жауап реакциясы.
Рефлексия - адам санасының өзіне көңіл бөлуге және өзін өзі танып білуге деген қабілеттілігі.
Руханилық – жоғары материалдық емес құндылықтардың жүйесі, адамның осы құндылықтарды игеру арқылы өзін өзі жүзеге асыруы.
Сана – адамның шындықты қабылдауы мен мағыналауының ұғымдар мен жалпылама бейнелер түрінде көрінетін жоғарғы дәрежесі.
Санадан тыстық – адамның санасынан тыс жатқан психологиялық қасиеттері, процесстері мен қалыптарының сипаттамасы.
Сандырақтау – адам психикасының галлюцинациялар, қияли бейнелер, елестер және т.б. көруімен байланысты қалыптан тыс ауыру жағдайы.
Сезім – адамның белгілі бір әлеуметтік объектілерге: адамға, оқиғаларға, заттарға байланысты көрінетін жоғары мәдени эмоциясы.
Сензитивтілік - әлсіздігіне байланысты бір бірінен сәл ғана айрықшаланатын стимулдарды дәл қабылдап, ажырата алудан және таңдамалы түрде көңіл аудару қабілетінен көрінетін адамның сезім органдарының сезгіштігі.
Сенсибилизация – белгілі тітіркендіргіштердің әсеріне байланысты адамның сезім органдарының сезгіштігінің артуы.
Сенімділік – адамның өзінің дұрыстығын лайықты дәлелдер, фактылармен бекіте алуына деген сенімділігі.
Сөз – адамның хабарларды, мәліметтерді елестету, өңдеу, сақтау және беру үшін қолданатын дыбыстық сигналдары, жазбаша таңбалары мен символдарының жүйесі.
Статус – адамның топтық қатынастар жүйесіндегі орны.
Стресс – адамның қалыптасқан жағдайда саналы және мақсатты әрекет жасауға қабілетсіздігімен байланысты жан дүниесінің эмоциялық бұзылу қалпы.
Тану - бұл көрсетілген обьектіні бұрынғы қалыптасқан белгілі бір категорияға немесе классқа апару, объектінің осы бейнесін есте сақталған бейнемен салыстыру процессінің нәтижесі.
Тежелушілік – адамның психикалық процесстері мен реакцияларының қалыпты жағдайдағы қызмет деңгейінен баяулауы.
Темперамент – адмның психикалық процесстері мен мінез – қылығының динамикалық сипаттарының жиынтығы.
Тобыр (толпа) – өзара сананың жалпы бағыттылығымен ғана байланысқан құрылымсыз, әлеуметтік тұрғыда ұйымдаспаған адамдар көпшілігі.
Түсіну – белгілі бір құбылыстың мәні мен маңызын ұғыну.
Тітіркенгіштік – тірі ағзалардың сыртқы ортаның өмір үшін маңызды ықпалдарының нәтижесінде қозу қалпына келуі.
Уайымдау (переживание) - адамның өзін өзге адамдармен ұқсастыра отырып, солар сияқты сезімдер мен күйлерді кеше алу қабілеті.
Ұғым – белгілі бір объектіні, оқиғаны немесе құбылысты бейне түрінде жаңғырта алудың процессі мен нәтижесі.
Ұжым (коллектив) – қарым – қатынастары биік адамгершілік негізде жүзеге асатын жоғары дамыған шағын топ.
Ұмыту – бұрынғы әсерлердің іздерін жоғалтумен және қайта жаңғыртудың мүмкін еместігімен байланысты естің процессі.
Ұмытшақтық – зейінді объектіге шоғырландыра алу қабілетінің болмауы.
Ұстамдылық – адамның өмірдің күрделі жағдайларындағы тыныштық сақтап, саналы да өлшемді әрекет жасай алу қабілеті.
Ұялу - әлеуметтенген жеке адамда өзінің мінез - кылығының әлеуметтік нормаларға сәйкес келмеуінің нәтижесінде пайда болатын және даралықтың өзі сезініп күйзелетін, өзін - өзі кінәлауынан көрінетін эмоциялық қалып.
Ұят – жеке адамның адамгершілік қадағалауды жүзеге асыра алу қабілеті.
Үлкен әлеуметтік топ – белгілі бір әлеуметтік – демографиялық белгілерінің (жынысы, жасы, ұлты, партиялылығы, кәсібилігі, әлеуметтік және экономикалық жағдайы, т.б.) негізіне байланысты пайда болатын саны жағынан көп адамдардың бірлестігі.
Үрей – көптеген адамдарда бір мезгілде қорқыныш, мазасыздану сезімінің пайда болуының нәтижесінде тәртіпсіз, хаостық қимылдарға, ойланбаған әрекеттерге әкелетін құбылыс.
Фанатизм - адамның бір нәрсеге шамадан тыс еліктеуінің нәтижесінде өзінің мінез - қылығын қадағалауының төмендігінен, еліктеу объектісі туралы пікірлерінің сындарсыздығынан көрінеді.
Флегматик - адамның темпераментінің типі ретінде төмен қозғалғыштықпен, қимылдарының баяу ырғағымен, нашар дамыған экспрессиясымен сипатталады.
Фрустрация – аданың өзінің сәтсіздіктерін терең сезінуі, үміттерінің қирауы мен тұйқтыққа тірелу сезімдерінен көзге түседі. Фрустрацияға, қиыншылықтарға деген табандылықты толеранттылық деп атаймыз.
Холерик – адамның темперамент типі ретіндде жоғары қозғыштығымен, ұстамсыздығымен, қимылдарының жылдамдығымен және көңіл - күйінің айқындылығымен сипатталады.
Шағын әлеуметтік топ – бір бірімен тікелей араласатын және ортақ әрекетпен айналысатын, саны жағынан 2 – 3–тен 20 – 30 адамға дейін адамдар кіретін топ.
Шеттеу, шет қалу – даралықтың шындық ортаға өзін қарсы қоюы, негізгі әлеуметтік құндылықтарды танымау – мінез – қылықтың қылмыстылыққа айналуының негізгі алғышарттарының бірі болып табылады.
Шешімділік – белгілі бір қылықты жасауға деген нақты ой арқылы әрекетке көшуге даярлық.
Ықпал - даралықтың болмаса әлеуметтік топтың өзге адамдардың мінез – қылығы, бағдарлары мен бағалауларына, позицияларына әсер етуінің процессі және оның нәтижесі.
Ынта (намерение) - бір нәрсені жасауға деген саналы тілек, шешімділік, даярлық.
Ынтымақтастық – адамдардың бірлескен әрекетке, қолдау мен көмек көрсетуге деген әзірлігі мен талпынысы.
Іскерлік – белгілі әрекеттерді жақсы сапада орындауы және осы әрекеттер құрамына кіретін іс - әрекеттерді сәтті орындау қабілеті.
Эгоцентризм – адамның санасы мен зейінінің тек өзіне ғана шоғырланып, айналасындағы оқиғалар мен адамдарға көңіл аудармауы.
Эйдетикалық ес – бейнелерге, оларды ұзақ сақтау мен қайта жаңғыра алуға байланысты көрінетін көру есі.
Экспрессия – сезімдердің сыртқы көрінулерінің мәнерлілігі мен күші (мимика, пантомимика, дауыс ырғағы және жесттар).
Экстраверсия – интроверсия – жеке бастың сыртқы объектілер әлеміне болмаса өзінің субъективті әлемінің құбылыстарына бағыттылығына тәуелді дара - психологиялық ерекшеліктерінің сипаттамасы.
Эмоциялар – адам ағзасының жалпы қалпына және оның негізгі қажеттіліктерінің қанағаттандырылуына байланысты пайда болатын күй кешулер.
Эмоциялылық – адамның жеке бас ретіндегі әртүрлі эмоциялар мен сезімдерінің пайда болу жиілігінен көзге түсетін сипаттамасы.
Эмпатия - өзге адамның эмоциялық қалпын жете түсіне алу қабілеті. Эмпатияның болмауы аяусыз зорлық қылмыстардың жасалуының негізгі алғышарттарының бірі.
(лабильность) – нерв процесстерінің пайда болуы мен тоқталуының жылдамдығы.
(манипулирование) – адамдардың мүдделерімен санаспастан олардың мінез – қылығы мен негіздерін өзгерту мақсатындағы идеологиялық және әлеуметтік – психикалық ықпал жасау құралдарының жүйесі.
(предубеждение) – құбылыстарды лайықты бейнелеуге бөгет жасаушы бағдар.
(ригидность) – адамның ойлауы мен реакцияларының тежелушілігі мен баяулығы.
2. Бөлім. Заң психологиясының терминдері
Анықтау – алдын ала тергеуден зерттеу субъектісі және затына байланысты ерекшеленетін зерттеу нысаны.
Аномия – қоғамның бағалық – ережелік жүйесіндегі кемшіліктер ретінде құқықтың беделінің түсуін, әлеуметтік ережелердің даралықтың мінез – қылығына ықпал етуінің тым төмен дәрежесін, қоғамның әлеуметтік тұрақсыздығына байланысты әлеуметтік ережелердің реттеушілік қызметінің бұзылуын көрсетеді. Аномия түсінігін Э.Дюркгейм енгізген.
Делинквентті мінез – қылық – қателікті мінез – қылық.
Ақиқат – пікірдің дәлелділігі, оның шындыққа сайлығы.
Дәлелдерді зерттеу - дәлелдердің мазмұнын, шындығын және дәлелдік құндылығын анықтау.
Жеке адамды зерттеудің әдістері – жеке адамның психикалық сапаларын зерттеудің жолдарының, тәсілдерінің, процедураларының жиынтығы.
Тінту - қылмысты ашуға дәлелдік маңызы бар заттар мен құжаттарды табуға және көндіріп алуға бағытталған тергеу әрекеті.
Оқиға орнын қарау - бұл оқиға орнының жағдайын оқиғаның материалдық іздерін табу мен бекіту үшін, тергеу болжамдарын жасау мен қылмыстың құрамдық белгілерінің бар немесе жоқ еккендігін анықтау үшін қажетті мәліметтерді тікелей тануға бағытталған тергеу әрекеті. Оқиға орнын қарау бұл өткен оқиғаның ойлық моделін қазіргінің фактыларын қабылдау арқылы қалпына келтіру, қайта жасау процессі. Бұл процесс сол объектілердің материалдық модельдерін қазіргі уақытта қабылдау арқылы жеңілдетіледі. Оқиға орнын қарау аса қажетті және ауыстыруға келмейтін тергеу әрекеті болып табылады.
Тергеуші – ішкі істер органдарының, прокуратураның, ҰҚК – нің алдын ала тергеуді жүзеге асырушы лауазымды қызметкері.
Өмірбаяндық әдіс – даралықтың психикалық ерекшеліктерін оның өмір жолын талдай отырып зерттеудің тәсілі.
Болжам (версия) – құбылыстың себебін тікелей зерттеу мүмкіндігі жоқ кезде, бірақ оның салдарларын зерттеу мүмкіндігін пайдалана отырып, бастапқы деректерді түбірлі салыстыру арқылы жүргізу. Тергеу және сот әрекетінде болжам барлық мүмкін салдарларды тауып, оларды тексеру үшін ұсынылады.
Дәлелдеу – қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтауға қажетті дәлелдерді жинау, зерттеу, бағалау және пайдаланудың процессі ретінде екі жағымен көзге түседі: танымдық және куәлендіруші.
Жауап алу – азаматтық және қылмыстық процесстердегі істі дұрыс шешу үшін маңызды жағдайлар туралы мәліметтерді алуға, бекітуге байланысты соған өкілетті адамдар (тергеуші, анықтаушы, прокурор, сот) жүзеге асыра алатын тергеу мен сот әрекеті.
Жанама жауап алу – «бейтарап» сұрақтар жүйесін қоя отырып жауап берушінің сақтану – қорғану реакциясын туғызбай деректер алуға мүмкіндік беретін тактикалық тәсіл.
Криминальдық психология – қылмыскердің, қылмыстық топтың және қылмыстық әрекеттің психологиясы мен құқық бұзушы мінез – қылықтың психологиялық механизмдерін зерттейтін заң психологиясының саласы.
Криптография – хатты бөтен адамдар оқи алмайтындай етіп өзгерістер енгізуден көзге түсетін құпия жазу, қылмыскерлердің құпия араласу құралдарының бір түрі.
Достарыңызбен бөлісу: |