Жамбыл Жабаев- жүз жасаған бәйтерек



Дата11.11.2016
өлшемі121,8 Kb.
#1534
Жамбыл Жабаев- жүз жасаған бәйтерек.
Биылғы жыл қазақ халқы үшін атаулы жыл. Биыл Жамбыл атамыздың 170 жылдығы Республика көлемінде аталып өтуде. Жамбыл есімі әдебиетіміздің үлкен бір белесі, биігі болып тарихқа енді. Сондықтан Жамбылдың өмірі мен шығармаларын таныту, оқушылардың бойына сіңіру қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімінің басты міндеті.

Жалпы мектепте Жамбыл шығармашылығын оқытуда кейбір қиыншылықтар туындауы мүмкін. Себебі өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды тұтас қамтып, бір-біріне қарама-қайшы екі түрлі қоғамда өмір сүріп, ақындық өнерге екі басқа көзқараста болған Жамбыл сияқты ірі тұлғаның, ұлы жыраудың шығармашылығын оқыту оңайға түспейді. Қалай болғанда да, ХХ ғасырдың басына дейінгі Жамбылдың шығармаларына зер салсақ, ол өз заманының шындығын анық, батыл жырлаған көреген ақын, шебер айтыскер, ірі эпик-жыршы әрі жырау екендігін көреміз.

Жыр алыбы Жамбылдың өлеңдерін қазіргі заман талабына сай оқыту үшін мұғалімге күнделікті даярлық пен көрнекілік аздық ететін болар.

Мұғалім Жамбылдың шығармашылық өмірбаянын оқытуға арналған бірінші сабақта ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Жетісу өңіріндегі тарихи- әлеуметтік мәселелерге қысқаша тоқтала кетуі керек. Себебі мұны айтпасақ, Жамбыл өлеңдерінің халықтық сипаты, оның өмірге көзқарасы ашылмайды, мазмұны да көмескі болып қалуы мүмкін. Мысалы:

Көз аштым- сорғалаған қанды көрдім,

Қамыққан қанды жасты жанды көрдім.

Ел көрдім- еңіреп босқан аңды көрдім,

Қойнында Алатаудыңзарды көрдім,-

деп Жамбылдың ашына жырлауында не мән жатыр?

Әрине, Жамбыл өмір сүрген кезеңдегі тарихи-әлеуметтік оқиғаларды сөз еткенде, мұғалім ақынның шығармашылық өмірбаянына қатысты тұстарын ғана алып, шығарманың тікелей өзіне жүгініп отыру қажеттігін ұмытпауы керек.

Жамбыл өмірбаяны қызғылықты. Жамбыл өмір сүрген ортадан небір өнерпаз, сері, палуандар мен ділмар шешендер көп шыққан. Жамбылдың атажұрты – Екейлер туралы ел ішінде айтылатын:

Екейде елу бақсы, сексен ақын,

Жаратып мінеді екен ерттеп атын.

Қобызы, домбырасы үнін қосып,

Гулейді жын қаққандай кешке жақын,-

деген әзіл сөздің астарында мол шындық бар екендігін айта кетудің артықтығы жоқ.


Ж.Жабаевтың өмірбаянын таныту барысында «Алып бәйтеректі» бейнелеп, Жамбылдың өзі айтқанындай «Тамырым–туған халқым,бұтақтарым- жырларым, жапырақтарым - балаларым, ұлдарым мен қыздарым» дегеніндей,бәйтерекке ақынның арғы аталары мен өзінен тараған ұрпақтардың есімдерін іле отырып, Жамбыл атаның шежіресімен таныстыруға болады.

Жамбыл туралы ашылмаған, зерттелмеген тың мәліметтер көп. Соның бірі- Жамбылдан тараған ұрпақтар. Оқушыға аталған тақырып бойынша мәлімет бере отырып, Жамбылды тануға деген қызығушылығын оятатынымыз анық. Сондықтан мұғалім Жамбылдың өмірі мен шығармашылығын таныту сабағында мына деректерге тоқтала кетуін жөн көремін.

Жасы 28-ге жеткенде Жамбылды әкесі, ағайындары Орынбек қызы Момынға үйлендіреді. Одан Қожақ, Әйімхан, Қожаш, Қожамберді, Күлтай деген перзенттер көреді. Бүгінде Қожаштан Мәулен (Жамбыл музейінің директоры), Қожамбердіден Атакелді, одан Қуандық (милиция қызметкері) бар. Жамбылдың ағасы Қоман қайтыс болған соң, ағайындары оның әйелі Талғайратты қосады. Шын аты Талжібек, қайраттылығына қарап жұрт «Талғайрат» деп кеткен. Онан Аққұлы, Ақбала туады. Аққұлыдан қазір Жұмахан бар. Ақынның алғашқы әйелі Момын қайтыс бролып кетеді. Бұл кезде жасы қырыққа таяп қалған Жамбыл Самсыдағы Тілеуқабыл қызы Қанымжанды айттырып алады. Жеңгедей алған Талжібекке енші беріп, бөлек отырғызады. Қанымжаннан Алғадай(1900-1943), Ізтілеу(1906-1944), Шыныбай (1909-1933), Тезекбай (1913-1986) деген төрт ұл туады. Алғадай мен Ізтілеу Отан соғысы майданында мерт болып кеткен. Шыныбай болса ертеде өлген. Алғадайдан Таубай, Қуаныш деген екі бала, Ізтілеуден Жеңісхан деген бір бала бар. Шыныбайдан із қалмады. Тезекбай 1986 жылы 74 жасында қайтты. Одан Бибіажар, Оразхан, Бейбітхан, Салтанат деген перзенттер қалды. Ал үлкен ағасы Тәйтіден туған Сатышты кішкентайынан бауырына басып өсірген еді, одан бүгінде Тілепалды, Тілеміс, Ерғали, Сейітхан, Жамал, Нұргүл, Нұрсұлу деген перзенттер өрбіген. Оның ішінде Тілепалды ата дәстүрін жалғап, ақындық асқарына талпынып жүр.

Жамбыл өлеңге ерте жастан араласқан. Ол 13 жасының өзінде-ақ «жем аңдыған» дүмше молдадан оқығанша, «домбыраны қолға алам» деп, ақын болуға біржола белін буып, әкесінен рұқсат сұрайды. Бұл туралы мұғалім нақтылы мәліметті оқулықтан қарай отырып, әке сөзі мен бала сөзінен мысалдар келтіруі керек, өлең жолдарын оқушылардың өзіне оқыттырып отырса, сабақ мазмұны тереңдей түспек.

Мұғалімнің ойында болатын бір жайт – Жамбыл өмір сүрген кезең, Жамбылдың ұстаздары мен ақындық ортасы туралы сөз болғанда, бүкіл «Жетісу апқындарының алтын діңгегі» (М.Әуезов) Сүйінбай Аронұлы туралы сөз болған өткен сабақ мәліметтері айтылуы шарт. Заманының алып ақыны Сүйінбайды Жамбыл Жабаев өзіне ұстаз тұтып, өнерін жоғары бағалағаны белгілі:

Менің пірім- Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сиынбай...

немесе


Ақындардың ақыны,

Айдын көлдей ақылы,

Жыр тұлпары – Сүйінбай,-

деп, ұстазының ағалық ақылы мен ақындық тәліміне бас иеді. Бұл ретте мұғалім оқушыларға Жамбылдың Сүйінбай аулына келгенде айтқан ұзақ өлеңінен үзінді оқытып, оған Сүйінбай ақынның берген батасын оқып беруіне болады.

ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі Жамбыл шығармаларын жинақтап қарағанда бізге жеткені – отыз шақты өлең он екі айтыс екі дастан. Алғашқы өлеңдерінің бірі «Шағым» деген шығармасында ақындыққа барар жолдағы ақынның батыл да қайсар тұлғасын көреміз. Бұл өлеңде Жамбыл шәкірт балаларды ұрып-соғып пара алғаннан басқа ештеңе білмейтін дүмше молдалардан құтқаруды әкесінен жалынып сұрайды. Бірінші сабақпен байланыстыру үшін мұғалім оқушылардан бала Жамбылдың ақындық жолын қууға рұқсат сұрағанда әкесінің жауабын айтқызады. Осы тұста шығарманы драмалауға болады.

Драмалаудағы оқушы сөзі: Жамбылдың әкесі алғыр да батыл ұлының ақындық жолға түсуіне қарсы болады. Баласына: «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген сөз де жетер, сен сексен бірінші болмай-ақ қой. Ақыннның түбі- жын, қайыршылық; бақсының түбі-жын-жыбыр; бақсы болып ел кезгенше, мал бақ!»- деп қатал үкім айтады.

Драмалаудағы мұғалім сөзі оқушыны ізденіске бағыттайды: «Шағым», «Әкеме» өлеңдерінен оқушыларға үзінді оқытады.

Мүғалім: Енді осы екі жауаптан қорытынды жасап, бала Жамбылға мінездеме беріңдер.

Осы тұста мұғалім сын тұрғысынан ойлау технологиясының «Топтастыру» стратегиясын пайдаланса, оқушыларға жауаптарын тиянақтап, жинақтап беруіне мүмкіндік туады.

Осылайша «Оқушы-мұғалім- оқушы» диалогі арқылы драматизациялап оқыту диалогтік оқытуды қолдану арқылы оқушының коммуникативтік, проблемалық құзыреттерін қалыптастыруға негіз салады.

Жастайынан дүмше молдаларды сынап, астарлы юморымен көзге түскен Жамбыл "Мәңке туралы", "Шалтабайға", "Сәт сайланарда", "Қалиға" сияқты өлеңдерінде уытты стирасын тереңдете түседі. бұл өлеңдерден мұғалім мысал келтіру арқылы Жамбыл сатирасын ашуға күш салады.

Мұғалім Жамбыл өлеңдерінің негізгі тақырыбын ашып алуы керек. Ол өз кезіндегі билік басындағылардың әділетсіздігін, парақорлығын, екізүздігін әшкерелеген. Ақынның «Кедей күйі» деген өлеңін оқушыларға бөліп беріп оқыту арқылы кедей-кемтар, әлсіздің жоқшысы болған Жамбыл тұлғасын сомдай түседі. Жамбыл – бай-болыс, би-манап демей, кімнің де болсын кемшілігін бетіне басып, тура сөйлеген ақын. Ол өзінің жүз жасаған ғұмырында көпшілік жағында, халық жағында болды.

Жамбылды бір сабақта танып- білу мүмкін емес. 10- сыныпта өткен «Жамбыл Жабаев – жүз жасаған бәйтерек» тақырыбындағы сабағымда Жамбылдың өмірі мен шығармашылығына жалпы шолу жасадым.

Сабақтың білімділік мақсаты:Оқушылардың өткен сабақтарда жүз жасаған жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығынан алған мәліметтері бойынша білімі мен дағдыларын тексеру. Өлеңдерді мәнерлеп айтқыза отырып, олардың дұрыс сөйлей білу дағдыларын қалыптастыру. Жамбыл Жабаев шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі алатын орны мен маңызын түсіндіру.
Сабақтың дамытушылық мақсаты:Өлеңдерді мәнерлеп айтқыза отырып, олардың тіл мәдениетін, сөз байлығын, сөздік қорын, шығармашылық қабілеттерін дамыту, есте сақтау қабілетін дамыту.
Сабақтың тәрбиелік мақсаты:Оқушыларға Ж. Жабаевтың өлеңдерінің мазмұнын, тақырыбы мен негізгі ойын меңгерте отырып, олардың бойында қазақ халқына, қазақ тіліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру, оларға эстетикалық, патриоттық тәрбие беру.

Сабақта қолданылатын көрнекіліктер: 
а) Жамбыл Жабаевтың портреті
ә) Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына
байланысты кезеңдерге арналған көркем суреттер
б) « Жамбыл- алып бәйтерек» тақырыбында слайд
Сабақтың әдіс - тәсілі: сұрақ - жауап түсіндіру
Венн диаграммасы, ИНСЕРТ әдісі, сын тұрғысынан ойлау стратегиясы

Сабақтың барысы: 
І. Ұйымдастыру кезеңі. Сынып үш топқа бөлінеді.
ІІ. Үй жұмысын тексеру кезеңі: Үйге берілген тапсырма:Жамбыл атаның ұрпақтары туралы мәліметтер іздеп келу. Үш топтың жауабын салыстырамыз.

ІІІ. Ой ашар.


Мұғалімнің кіріспе сөзі: 

Мен – бір биік бәйтерек,

Көкке бойым бойлаған,

Қармақты терең тамырым,

Жайылып жерді шарлаған.

Бұтағым бар ма жайқалып,

Жапырағын жармаған.
Балалар, қалай ойлайсыңдар, бұл кімнің өлең жолдары?

Жамбылды неліктен жүз жасаған бәтерек деп айтқан?



«Бәйтерек» сөзінің анықтамасына тоқталып кетейік. Қазақта «Бәйтерек» атауына ие болған тамырын тереңге жіберген, көп жыл жасаған, ыстықтағанға сая болатын шаршағанға демеу болатын, жүргіншіге тоқтау болатын үлкен саялы, қасиетті ағаш бар. Астанамыздың қақ төрінде орын теуіп, бар адамзатты өзінің көркімен баурайтын, Қазақстанның символына айналған «Бәйтерегіміз» де осы қасиетті ағаштың үлгісімен салынған. Осындай қасиетті «жүз жасаған бәйтерек» атты атауға ие болған қазақтың жалғыз ғана  ақыны- Жамбыл Жабаев екен.
Міне, осы үш бәйтеректі салыстырып, бір - біріне теңеуіміз де бекерден-бекер емес. Біздің бүгінгі сабағымыз « Жүз жасаған бәйтерек» деп аталуы да сондықтан. (интерактивті тақтада алып бәйтеректің суреті көрсетіледі, Жамбыл атаның ұрпақтары туралы қосымша мәліметтер беріледі)

Жамбыл Жабаев (1846 - 1945)
Біздің бүгінгі сабағымыздың эпиграфы:

Жамбыл дүниеге екі рет келді:
тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан туылды.
Ғ. Мүсірепов.



IV.Мағынаны тану.
Жаңа сабақ.
Тақтада ілінген көрнекіліктер арқылы сабақ түсіндіріледі.
1.Өмірі туралы мәлімет. Халықтың мұң-мүддесін қорғаған,қазақ халқының бақытты болашағын армандаған бұқарашыл бағыттағы Абай,Махамбет,Сүйінбай,Шернияз секілді ақындар мектебінің ірі өкілдерінің бірі – жыр алыбы Жамбыл.
Жамбыл өмірімен де,шығармашылығымен екі ғасырды молынан тұтастыра қаусырып жатқан ұлы тұлға!
Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы 1846 жылы ақпан айында Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының бөктерінде дүниеге келген...
2.Шығармашылығы. Жамбыл шығармашылығын төрт топқа бөліп қарауға болады.Өзі кедейлікті көп көрген ақын алдымен байларды,халықтың қолы жете алмаған байлықты сынайды.Ондай көріністер «Сәт сайланарда», «Мәңке», «Шалтабайға» т.б. өлеңдерінде жиі кездеседі.
Малы көп бай жылайды қар жауғанда,
Бәрін тастар ниеті малға ауғанда.
Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр,
Әйелі шелек толы сүт сауғанда.
Тағы бір өлең-жырлары соғыста жүрген майдангерлерге қуат беріп,ерлікке үндейді.
3.Айтыстың асқан шебері. Жамбылдың даңқы алдымен айтыс өнері арқылы шыққан.Өз тұсында небір бұлбұл,небір дүлдүл ақындармен айтысып тізе бүктірген.Алғашқы айтыстары ойын-тойларда өтеді.Жамбыл жастықтың салтын сақтап,Айкүміс,Бұрым,Сара сияқты қыздармен айтысады:
Сыртың бір сұлу жан екен,
Сыпайы көзге көрінген.
Сыр мінезің бар екен,
Сөйлесуге ерінген.
Қамқа камзол киінген,
Қас қабағың керілген.
Жамбыл Құланаян Құлманбетпен 1881жылы,Сарбас ақынмен 1895 жылы,Досмағанбетпен 1902 жылы, Шашубаймен 1909 жылы айтысады.
Жамбылдың атақ-абройын аспандата көтерген айтысы – Құланаян Құлмамбетпен айтысы.Құлмамбет өз сөзі арқылы қарапайым халықты көнбістікке,кіріптарлыққа, бағыныштылыққа шақырып,ақындық өнерді байлықтан,барлықтан төмен қояды.
Жамбыл:
Адамдықты айт,ерлікті айт,батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр, 
Оны мақтап әуре болмай үйіңе қайт- , дейді.Сөйтіп,Жамбыл айтыстарда аттың басын соны сонарға бұрып,елінің мәртебесін көтере,ел қорғаған азаматының атын атойлай,езілгендер мен жәбір шеккендерге ара түсе шырқайды,ел мүддесін қорғайды.
4.Іздену жұмыстары.
Оқулықтағы мәтін іштей оқылып әр топқа тапсырмалар беріледі.
І топ
Жамбылға ұстазы Сүйінбайдың айтқан сөзін тауып оқыңыз. «Балам,өз өлеңіңді шығар,бірақ оны жұрт жаттап алатын,ешкім ұмытпайтын өлең болсын.Шындықты айт,әділдікті жырла».
ІІ топ
1913 жылы Романовтар әулетінің үш жүз жылдық мерейтойына арнап айтқан «Өстепкеде» өлеңінен үзінді оқып,мағынасын таныстырыңыз.
Үйсін,Найман саңлағы, Желді күнгі қамыстай
Өстепкеде жиылдың. Жапырылып иілдің.
Елде жүрген егейлер, Келтіріңдер намысты,
Ұлық көрсең ұйлығып. Бек қорланып күйіндім.
Бай болыстардың,жағымпаздың мінезін сынау мақсатында айтылған.
ІІІ топ
Жамбыл мен Құлмамбеттің ақындар айтысына кіріскен қызулы шағын суреттеген жерді тауып оқыңыз. (топтан екі оқушы шығып Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысынан үзінді оқиды)

Мұғалім: Осы жиынның өзінде тоғыз ақынды жеңіп, Арқа, Жетісу, Сыр бойын түгел шарлап, талай айтыста жеңіп, «Құланаян Құлмамбет» атанған ардақты ақынды Жамбыл қалай жеңеді?

Оқушылар: Құлмамбеттің мақтаған байлары мен саудагерлеріне қарама-қарсы елдің тәуелсіздігі үшін күрескен Сұраншы, Саурық батырларды нағыз ерлер, халық қалаулылары етіп көрсетеді.

Бұл жерде мұғалім ақынның жастық шағынан мұңлы сыр шертетін , ақындық өнерін танытатын айшықты сұлу жыры- Айкүміспен айтысынан үзінді оқытса да болады. Топтан бір ұл мен қызды шығарып, айтыстан үзінді оқыту арқылы оның көркемдік ерекшелігі мен мазмұнын талдауға болады.

Мұғалім: «Қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың?» деп Айкүміс кімді айтып отыр?

Жамбыл мен Айкүмістің үйленбеуіне не себеп болды?- деген жетек сұрақтар қою арқылы ақынның өмірінен де мәліметтер беріп отырамыз.


Дәптермен жұмыс. Ақынның Құлмамбетке айтқан жауабын (1 шумақ) жазып,өлең ұйқасына талдау. Сайтылай кешенді талдау әдісі қолданылады.


V. «Ой толғаныс»
Жаңа сабақты бекіту. «Зерттеу» жұмыстары.

1-тапсырма. Ақын мұрасының өрнек кестесін құрастырыңыз.Ақын мұрасының өміршеңдігі неде деп ойлайсыз?


2-тапсырма.Сүйінбай мен Жамбылдың қарым –қатынасын қалай бағалауға болады?(«Бала Жамбылға бата» өлеңі мәнерленіп оқылады.)
Ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластық.Жамбыл ұстазы Сүйінбайдың өсиетін өмір бойы есінде сақтап,ұстазының есімін ардақ тұтумен өтеді.
3-тапсырма. Жамбыл айтыстарын қазіргі кездегі айтыстармен салыстыра сипаттаңыз.(Венн диаграммасы)

VI. Үйге тапсырма.


1.Үнтаспадан ақынның бір күйін тыңдатып, «Жамбыл Жабаевтың күйлері» тақырыбында интернеттен қосымша мәліметтер іздеп келуге беріледі.

VII. Поэзия минуты.Әр оқушы өз шығармашылығынан өлең оқиды.

VIII. Топ бойынша бағаланып, көп ұпай жинаған топ «Жамбылдың шәкірттері» атанады.

Сабақ соңында Жамбылдың «Әй-угай» әнін орындаймыз.

Жамбыл Жабаев арқалы ақын, айтыстың майталман шебері ғана емес, өз дәуірінің алуан түрлі зәру мәселелері туралы тереңнен ой толғаған атақты жырау, халық эпостарын, Шығыстың дастандарын, қырғыздың ұлан-ғайыр «Манас» эпосын таңды таңға ұрып, тіпті апталап айтатын даңқты жыршы да. Сондықтан да ол- эпик- жыршы, жалынды жырау, жыр алыбы – Жамбыл атанған.

Жүз жасаған бәйтерек атанған Жамбыл а атамыздың қай шығармасын алсаңыз, зерделеп қарасаңыз, одан халықтық рух есіп тұрады.осы халықтық рухты өлең ішінен дәл тауып, оны ұлттық саосы халықтық рухты өлең ішінен дәл тауып, оны ұлттық санамен, салт-дәст.рге негіздеп шәкірт жүрегіне құя білсек, бірша, біршама жұмыс істеген болар едік.



Қолданылғын әдебиеттер:

  1. Н.Төреқұлов «Жүз жасаған бәйтерек» Алматы «Жалын» баспасы 1989ж

  2. «Жамбыл Жабаев» Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы «Жазушы» баспасы 1982ж

  3. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы 2013ж №10

  4. «Қазақ әдебиеті» әдістемелік нұсқау 10 сынып Алматы «Мектеп» баспасы 2015ж


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет