Алматы қаласы.
Ақбала МАХАМБЕТОВА,
еңбек ардагері, зейнеткер
АЛДЫМЫЗДА АЙБАР ЕДІ
Сайрам соғысының қаhарманы, бабамыз Тілеу батырдың баласы Әлдебердіден тарайтын Қалмамбет аталығында келін болып түскеніме 60 жыл болған екен. Адам ғұмырында аз уақыт емес-ау. Жиырма жасымда ақ шымылдықты имене ашып, оң аяғыммен жасқаншақтай аттаған күнім есімде. Міне, сексеннің сеңгірінен астым. Тоғыз баладан немере-шөбере сүйіп, топырағы торқа болғыр, пешенесіне небәрі 54 жыл бұйырған отағасым Бисенбай әулетінің ақылман әжесі атандым. Тәңірдің берген бақытына күніне он тәубе айтамын, «Жаратқан Жаббар Ием, ұрпағымды аман сақтай көр» деймін. Аспанымыз ашық, жұртымыз есен болсын!
1952 жылдың сәуір айында темір жол бойындағы №71 «Кеңдала» разьезінде замандасым Бисенбаймен көптен уағдаласып жүрген ниетім жүзеге асып, шаңырақ көтердік. Өзім көрші Жылан стансасында тұратынбыз.Жаңа қонысымда кемпірі дүниеден ертерек озған атам Махамбет, оның Бисекеңнен үлкен баласы, яғни қайнағам Нұрмағамбет әйелі Күнішпен, ұлдары Жақсылықпен, Қуандықпен, Қуанышпен тұрады екен. Атамның жасы 80-ді алқымдаған, өз шаруасын жақсы біледі, мақтан әңгімеге жаны қас адам. Отағасым аудан орталығы Шалқардың бір мекемесінде сол тұста «полуторка» деп аталатын бортты машинаны жүргізеді, екі-үш күнде бір келіп, қонып кетеді. Жалпы Кеңдала – аты айтып тұрғандай қойны-қонышы кең, адамдары иманжүзді, біріне бірі қол ұшын беруге даяр ауыл, Кеңес Одағының барлық республикаларына жол ашық кезең, оңтүстіктен орталыққа, одан кері қарай жүк және жолаушылар пойыздары ағылады да жатады.Темір жол бойындағы жұмысшы қауым тәуліктің қай сағатында да, жылдың қай мезгілінде де жұмысқа даяр. Шаршау-налу дегенді білмейді, өйтпесе қозғалыста кібіртік пайда болуы мүмкін-ау. Ауылдың қарттары арғы-бергі шежіреден әңгіме қозғап, құлақ құрышын қандырады. Жөребеков Өтемістің әкесі – Аманжол, Ахметов Аймырзаның әкесі – Нұрғали, Иманбай, Орынбасар атты екі бірдей қайнағаларым, және басқа жасы үлкендер бір әулеттен өрбіп, қанатын кең жайған бәйтерекке айналыпты.
Осы арада ата кетейін, оқырманға түсінікті болсын деген оймен атамның, қайнағаларымның, абысындарымның есімдерін сол күйінде қағазға түсіргенім үшін кешірім сұраймын.
Келін болып түскен 1952 жылдың күзінде аулымызға қайнағам Қонақбай мен абысыным Шолпан балалары Гүлжанды, Жалғасты ертіп келіп, біздің үйге маңдай тіреді. Олай болатын реті де бар – атам Махамбеттің әкесі Тілеуімбет пен қонақ болып кеіп жатқан қайнағамның үлкен әкесі, дәлірек айтқанда атасы бірге туған екен. Алдында ғана абысыным Күніш дүниеден өткен еді. Бұл кісілер соған орай көңіл айта келіпті.
Әрине, келін болғандықтан менің міндетім – үлкен кісілердің қас-қабағына қарау, қонақтың бабын табу. Қазіргідей газбен тұтату деген жоқ, самаурын қойып, шәй демдейсің, қазандыққа тезек қалап, ет асасың. Үйге бір кіріп, бір шығып жүргеніңде жан-жағыңа қарауыңа мұрсаң болмайды. Алайда, мына қонақтардың жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәнері назар аудартпай қоймады. Қарабұтақта тұрады екен, қайнаға аупарткомның екінші хатшысы болып жұмыс істейді.өмірден көргені көп, сөзі дұрыс, ақыл-кеңестері ой саларлық. Әдейі мал сойып, қонақасы бердік, әрине, ауылдағы бас көтерер азаматтарды бірге болуға шақырасың. Кеудемсоқтығы жоқ ағамыз сабырмен сөйлеп, әрқайсысын әңгімеге шақырып отырды. Ауылдың соғыстан кейінгі жылдарғы сипатын білгісі келетіндей. Еріксіз риза боласың! Қасындағы абысынымыз ізетті, қожайынның көңіл-күйін акйтқызбай ұғып отырады.
Сол сапарында олар екі күн аялдап, шағын ауылымызда бірқатар ағайындар үйлеріне бас сұғып шықты. Өмірден өткендеоіне дұға бағыштады, қуанышты жайларға құтты болсынын айтты. Соғыстан кейінгі жүдеу кезең, бір серпіліп қалдық.
Абысыным Күніштің жылдық садақасын берген соң үйдегі қайнағам Жеміс деген әйелге үйленді. Кейін бұл кісінің құрсағынан төрт ұл, бір қыз өрбіді.
Қайнағам шаңырақ көтергесін 1954 жылы атам Бисекең екеумізге батасын беріп, бөлек шығарды. Аудан орталығы Шалқарда екі бөлмелі жеке үйге кіріп алдық.
Қонақбай ағаймен енді бұрынғыдан да етене жақындасып кеттік. Олай болатын себебі – ол кісі қызмет ретімен Ырғызда тұрды, мына жақта астана – Алматыға, екінші бағытта облыс орталығы – Ақтөбеге іссапармен жиі барады. Кейде қасында бірнеше адам сапарлас болады. Темір жолдың бойындағы Шалқардан пойызға отырады, қайтар жолында осында түседі. Сонда баласындай үйімізге ат басын тірейді. Екі-ақ бөлме, Бисекең де, менде жаспыз. Дүниенің тапшы кезі: бірде жетіп, бірде жетпей жатады. Оны елең қылмай қонақтың алдында барымызша жатып жастық, иіліп төсек боламыз. Кешегі майдангер, бүгінгі партиялық қызмет адамы – қайнаға бұл пейілімізді түсінеді, ағынан жарылып, әңгімесін айтады.
-Бисенбай, қарағым, мен жауапты қызметтемін ғой, ауыл-елдің амандығын сен арқылы біліп тұрайын, - дейтін.
Өзі туған өлкеден тым ерте жырақ кеткен. Арада соғыс килігіп, көп нәрседен бейхабар қалыпты. Бірақ, етінің тірлігімен, көзінің ашықтығымен Шалқар жақтан ұшыраса қалған адам болса атам Махамбетті, қайнағам Нұрмағамбетті сұрастырады екен. Ұлы Отан соғысы майданына аттанып бара жатқанында жоғарыда мен атап өткен Аймырза Ахметовтің әкесі Нұрғалиды көреді ғой. Сол кісіге:
-«Кеңдалада» іргеңде тұратын атам мен ағама сәлем айт, мен бұл жолы аман-сау ораламын ба, жоқ па, білмеймін, Алланың қолындағы нәрсе ғой, - депті. Өзімен бірге туған апасы екі баласымен Ақтөбеге таяу бір мекенде – Алға ма, Ақкемер әлде Бестамақ, әйтеуір біреуінде тұратынын айтып: «Сонымен хабарласып тұрсын» деген. Нұрғали қайнағада кінә жоқ, сәлемді атама сол күйінде жеткізген.
Тәңірі тілегін қабыл етіп, 1946 жылы елге оралады. «Туған жерге барайын, ағайын-туманың амандығын білейін» деп, арнайы келгенін айтушы еді жасы үлкендер. Атам өтініш етіпті:
-Қонақжан, ауылда болмайсың ба? Бізге керексің ғой. Жарықтық қайнағамыз:
-Уақыттың тәртібі осындай. Біз сияқты соғыс көрген, білімді азаматтар басшылық органдарға қажет көрінеді. Қолымнан келетін жақсылығымды сол жақта жүріп көрсетуге, жиірек хабарласуға тырысайын, - дейді.
Сол сапарында пойызға мінейін деп тұрып, перронда үстінде жөнді киімі жоқ, жүдеулеу бір баланы көріпті. Қасына барып, өзінің үстіндегі әскери шинелін кигізіп, арқасынан қаққан екен. Жанында тұрған ауыл адамдарына:
-Бәрің жабылып, мына баланы оқуға жіберіңдер, - десе керек.
Бұл – Сәрсен деген атамның жалғыз баласы Ерғали, кішкентайында анасы қайтыс болған.
Өзі де жетімдіктің кермек дәмін ерте сезінген ағайдың жүрегі жұмсақтығын осыдан-ақ көруге болады.
Шалқардағы үйімізге келгенінде кішкене балаларымыздың өзі мәз-мәйрам болып қалатын. Келіні – менің өзім қысылып-қымтырылмай көңілдегені ашық айтушы ем, ол байыппен тыңдайтын. Үйде інім Сапарғазы мен қайным Жақсылық жатып, мектепте оқыды. Жаны жанната болғыр өз бауырым бала күнінен өзгелердің ықпалына көне бермейтін қыршаңқы, бүлдіріп, у-шу шығарып жүретін еді.
-Қайнаға-ау, осы Сапарғазы інім кімге ұқсағанын, тентек, ешкімге бой бермейді, адам болса жарар еді, - деймін қынжылып.
-Келін, олай айтпа, түбінде сол тентегің тым-тәуір азамат болып шығады. Ал, ана менің жуас інім болбыраған күйінде қалар, - деп еді марқұм.
Көрген-түйгені көп ағамыздың болжамы айна-қатесіз келді: бауырым ел басқарар дәрежеге жетті, Ақтөбе қаласында билік тұтқасында отырды. Әттең, жол-көлік апатына ұшырап, тірліктегі көші ерте тоқтады.
Жалпы қайнағамыз – араласқан-сыйласқан адамдарының жадынан шықпайтын ерекше жан. Өмірден өткенінше отбасымызбен қарым-қатынасын үзген жоқ. Бақилық боларынан бір жыл бұрын – 1977 жылы Шалқарға арнайы келіп, ағайын-туысқа сәлем берді. Бір отырыста біздің үйдегі Бисекеңнен Алшын Қаражігіт би деген атаумен тарихта қалған әйгілі баба мөрі кімде екенін сұрады. Отағасым:
-Мөрді қадірлі жеңгейлеріміздің бірі кешегі небір зұлматтан, қуғын-сүргіннен аман алып шықты. Қазір сол үйде. Өзі баласы Тайшан мен келініміздің қолында бақытты тірлік кешуде. Бабаның батасы, қасиетті дүниенің киесі дарығаны ғой, - деді.
Қайнағаның жүзі нұрланып, алдындағы дәмді рахаттана асағаны есімде қалыпты. бұл - жарықтықты соңғы көруіміз екен.
Осы бір ерекше жаратылған жан туралы сөз қозғағанда абысынымды неге айтпайын?! «Ағама жеңгем сай» деген теңеудің растығын біз айқын сезіндік. Абысынымның мінезі жайлы, өсек-аяңмен ісі жоқ, қолы берекелі еді. Отағасым – қатардағы шөпір, көлігімен Ырғызға жиі қатынайтын. Барғанда аудан басқарып тұрған ағасының үйіне түседі ғой. Сонда жеңгесі бәйек болып, тәуір көрпесін астына төсейтін, дәмнің асылын алдына тосатын көрінеді. Бабы келісіп тұрса, көлігінің май-суы реттелсе бұдан артық не керек?! Үйге шат көңілмен оралады.
Асыл жандардың қолында абысынымның анасы бірге тұрды. Бала сияқты, арғы жағында бүкпесі жоқ адам еді. Сол елуінші жылдардың ортасында «Ақырзаман болады» деген суық сөз тарап, халықты үрей билеген-ді.
Қарт кісі Бисекеңе шағынады екен:
-Бисенбайжан-ау, үлкен де, кіші де қайдағы бір ақырзаманды айтады. Қызым Шолпан мен күйеубала Қонекеңнің шақырыспасы көп, балдарды маған тастайды да кете береді. Әлгі зұлматтың қапелімде келіп қалса мен не істеймін?!
Адамым рахаттанып күліп алып:
-Саспа, ондай болып жатса машинама сені, балаларды салып алып, Қорқыт тауының басынашығып кетемін. Ешқандай жау ала алмайды, - деп, жұбататын көрінеді.
Кемпір мәз болып, батасын үйіп-төгіп беріпті:
Қайнағам дүние салып кетсе де Шолпан жеңгеміз кісілігінен жаңылған жоқ. Отағасым баз кешіп, үйелмелі-сүйелмелі тоғыз баламен аңырап қалғанымда Шалқарға арнайы келіп, маңдайымнан сипады, жылы сөзін айтты. Одан кейін де байланысын үзбей отбасымда қуанышымды көбейтті, ренішімді азайтты. Жатқан жерің жарық болсын, абзал шешей!
Өмір – алдамшы. Сөйткен Қонекең мен Шолпан, олардың анасы – үлкен кісі, менің Бисенбайым жалғанның көшіне ілесті. Тіпті қаншама жас адамдар топырақ жамылып жатыр. Күйзелесің, бірақ одан не пайда?! Алла өз дегенін істейді. Енді қалған ұрпақтың бақытын тілейік!
Достарыңызбен бөлісу: |