ЖАЛЫНДЫ СӨЗДІҢ ИЕСІ
Кейіпкеріміз 1944 жылдың мамыр айынан Мәскеу әскери округінің резервінде, ал қыркүйек айынан резервтегі офицерлер құрамының 58 жеке полкінде қызмет етті.
Шекесіне «Құпия» бұрыштамасы соғылған «Офицерлер құрамы резерві 58 жеке полкінің штаттық – лауазымдық кітабы» деп аталатын папка 1945 жылдың 20 наурызы мен желтоқсаны аралығын қамтиды. 66 беттен тұратын құжат гвардия капитаны Қонақбай Назаровты тереңірек білуімізге мүмкіндік туғызды. Ол 2 батальон командирінің саяси бөлім бойынша орынбасары қызметіне тағайындалады. Офицердің тәртіптілігі, семсердей өткір сөздері, іс-қағаздарын жүргізудегі ұқыптылығы, әскери құпияны сақтай білетіндігі қарулас достарын қызықтырған тәрізді. Жаңа лауазымында айлық жалақысы 1200 рубль болып оның ай сайын 36 рублін партиялық мүшелік жарнаға төлеп отырған, ағамыз біршама уақыт полк партия ұйымының хатшысы міндетін де атқарады. Мұны ұйым құжаттарын парторг, капитан Н.В. Агиевтен қабылдап алған акті айғақтайды.
Соғыс болса жаудың өз елі – Германия өңіріне қарай ойысты. Кеңес әскерлері дұшпанға қарсы үсті-үстіне жойқын шабуылдар жасап, Рейхстаг төбесінде КСРО Туын желбіретті. Адамзат тарихында бұл оқиға алтын әріптермен жазылып қалды. Сөйтсе де Назаров сияқты көптеген отандастарымыз Қызыл Армия сапында жауынгерлік қызметті одан әрі жалғастыра берді. 58 полк партбюросының ай сайынғы жоспарын Қонақбайдың өзі жасап, командирдің орынбасары, подполковник Полумордвинов бекітіп отырған. Шілде айында «Жас коммунистер саяси мектептерінің қызметі туралы» баяндаманы, «Комсомолдардың есеп беру сайлау жиналысы шешімдерінің жүзеге асырылуы туралы» полк комсоргының есебін дайындау және талқылауды ұйымдастыру Назаровтың өзіне жүктелген. Партбюроның бес мүшесінің төртеуі – өзге ұлт өкілдері, ішінде жалғыз қазақ Қонақбай ағамыз. 2 батальон партбюросының құрамынан да осындай сипатты аңғардық. Оған тапсырылған 8 – рота коммунистерінің құжаттарының сақталу барысын тексеру жұмысы тиянақты орындалады. Әскердегі коммунистер арасында саяси-тәрбие жұмыстарының жоспар бойынша, жүйелі жүргізілгені сүйсінтеді. Шілде айында клубта жас коммунистердің қатысуымен өткізілген жиналыста Назаров «Қырағы болыңдар» деген тақырыпта баяндама жасайды. Бас қолбасшы И.Сталиннің №20 бұйрығы бойынша жас коммунистермен әңгімелесу және тазалау бағытында жұмыс дер кезінде, сәтті атқарылады. Қонақбай Назаровтың ана тіліне қоса орыс, өзбек, түрікмен, тәжік тілдерін жетік меңгреруі саяси-тәрбие жұмыстарын жүйелі жүргізуіне, офицерлермен және жауынгерлермен ортақ тіл табысуына мүмкіндік берді. Қазақ жігітінің гвардия капитаны шеніне ие болуы, батальонда саяси жетекші қызметін атқаруы – бағалауға тұратын жай. Мұның бәрі Қонақбай Назаровтың елге оралғаннан кейінгі ұзақ жылдарға созылған партиялық қызметінде зор пайдасын тигізді.
Қызыл Армия Бас Саяси Басқармасы бастығының 1945 жылғы 9 тамыздағы жеке құрам бойынша №02387 бұйрығы негізінде офицерлердің үлкен тобы қызметінен босатылып, елге қайтарылады. Олардың ішінде гвардия капитаны Қонақбай Назаров денсаулық жағдайына байланысты Офицерлер құрамы резервінің 58 жеке полкінде батальон командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары қызметін тапсырады. Сырқаттану туралы №271 куәлігінде сол жақ тізесі жарақат салдарынан сыр бергені, сөйтіп еркін жүріп тұруында шектелу байқалатыны жазылыпты. Аттестаттау қағазында коммунист-офицердің жағымды сипаттары айқын көрсетіліп, қызметіне барлық жағынан қанағаттану лебіздері білдіріледі.
Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, үш рет жарақат алған гвардия капитаны, II топтағы мүгедек елге келген соң да аз ғана күн тыныстап, еңбекке кірісіп кетеді. Әке-шешеден жастай қалып, зұлмат кезеңдерді басынан өткізген, майдан даласында қан кешіп, мұз жастанған Назаровтың бұлай етпеске қақы жоқ еді. Өзге де тұстастарымен бірге соғыс салған жараны жазуды алдына мұрат етіп қойды, қара жамылған қаншама шаңырақтың түтіні түзу шығуына күш салды.
Достарыңызбен бөлісу: |