БЕЙМАЗА ТІРЛІКТІҢ САРДАРЫ
1945 жылдан зейнет демалысына шыққан 1973 жылға дейінгі аралықта Қонақбай ағаның еңбек жолына үңілген адам дәуір қиындықтарын қабақ шытпастан елмен бірге көтергенін аңғарары сөзсіз. Бейбіт тірліктің бұл кезеңі сапырылысқан беймаза құбылыстармен ерекшеленді. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру, ұсақ ұжымшарлардың біріктіріліп кеңшарға айналдырылуы, тың және тыңайған жерлерді игеру ұранымен кең-байтақ қазақ даласына КСРО-ның әр қиырынан көшіп келушілер шоғыры, Хрущевтің тұсындағы жеке қожалықтар малын шектеу – осындай қым-қуыт қарбалас-биліктегі, әсіресе партия-кеңес органдарында басшы қызметтердегі азаматтарға айтарлықтай салмақ түсірді. Кейіпкеріміздің бағына Елубай Бәзімұлы Тайбеков, Рымбек Ильяшев, Мұхамедғали Әленұлы Сужиков, Жұмабай Ақметұлы Тәшенов, Хайролла Сердалыұлы Иманалин сияқты көрнекті қоғам және партия қайраткерлерімен иықтасып жұмыс істеу бұйырды. Майданнан келген бойда облыстық партия комитетінің аппаратына мал шаруашылығы бөлімінде нұсқаушы қызметіне бекіткен бірінші хатшы Елубай Тайбеков кейін 1947 жылы 8 желтоқсанда Ойыл аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына жіберіп тұрып, мінездеме береді. Аға буын өкілдері жақсы біледі, бертінге дейін іс-қағаздары орысша жазылып келді, мінездемеден қысқаша үзіндіні сол күйінде бергенді жөн көрдік:
«... С 1945 г. по декабрь 1947 года т. Назаров работал инструктором отдела животноводства обкома КП(б)К. За время работы в обкоме КП(б)К т. Назаров показал себя как способного дисциплинированного работника, оказывал повседневную помощь в работе партийных организаций колхозов и совхозов, мобилизуя массы колхозников на укрепление общественного животноводства.
В 1947 году колхозы области план развития животноводства выполнили по крупному рогатому скоту на 105, 6 %, по лощадям на 102,2 %, по овцам и козам на 111,0 %.
План сдачи государству животноводческой продукции выполнен: молока – 105,1%, мяса – 100,0%, шерсти – 107,1%.»
Ойылда екі жыл қызмет атқарған оны Алматы қаласына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберер қарсаңда жоғарыда сипатталғандай жағымды мінездемеде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Рымбек Ильяшевтің қолы бар. Арада жылдар өткен соң 1957 жылы 22 сәуірде облыстық партия комитеті Қонақбай Назаровты СОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебінде сырттай оқуға жібереді. Дәл осы жылы бұған дейін Ойыл, Қарабұтақ, Ырғыз аудандық партия комитеттерінде басшылық қызметтерді атқарған ол облыстық партия комитетінің әкімшілік және сауда-қаржы органдары бөліміне нұсқаушы қызметіне шақырылады.
1953 жылдан 1955 жылға дейін Қазақстан Компартиясы Ырғыз аудандық комитетінің бірінші хатшысы, бұдан соң екі жыл осы ауданда екінші хатшы қызметтерін атқарды.
Қарабұтақ, Ырғыз өңірінде жұмыс істеген кезең тың және тыңайған жерлерді игеру науқанымен есте қалды. Жедел қалыптасып, егінді бітік шығаруымен, мемлекетке сапалы, мол астық тапсыруымен мәлім болған «Северный», «Псков» және басқа кеңшарлардың орталық мекендерін белгілеу, алғашқы қадасын қағу, бейтаныс өлкеге алғаш табаны тиген адамдарды орналастыру сияқты ұшы-қиыры жоқ, көзге көрінбейтін жұмыстардың басы-қасында Назаров пен оның мүдделес замандастары жүрді.
Сол кезеңдегі қажырлы еңбегі бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1956 жылғы 10 қазандағы Жарлығымен «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен, 1957 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығымен Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Өзін жетімдік бұғалығынан құтқарып, сауатын ашқан Коммунистік партия идеяларына берілгендік пейілімен марқұм қай жұмысты да қорсынбай атқарған және бұл ретте азаматқа мықты демеуші, сенімді серік бола білген Шолпан жеңгеміздің ақ ниетін айтқан дұрыс. Қараңыз: Мұғалжар өңірі мұнай барлау экспедициясы бастығының орынбасары; Темір ауданы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу жөніндегі бас мемлекеттік инспектор; Темір аумақтық колхоз-совхоз басқармасының бас агрономы; осы ауданда Ленин атындағы кеңшар партия комитетінің хатшысы; Шұбарқұдық астық қабылдау пунктінің директоры; Октябрь ауданында «Пролетарий» кеңшары партия комитетінің хатшысы. Қ.Назаров соңғы қызметін 1973 жылдың 26 наурызына дейін атқарып, республикалық дәрежеде дербес зейнет демалысына шықты.
Ойыл, Қарабұтақ, Ырғыз, Темір, Октябрь аудандық партия комитеттерінің мүшесі, бірнеше ауданда аудандық кеңес депутаты болып сайланған Қ.Назаровтың жауынгерлік ерлігі және бейбіт өмірдегі адал еңбегі «II дәрежелі Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Москваны қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне. Еңбекте үздік шыққаны үшін» және басқа медальдармен, Грамоталармен марапатталды.
Кейіпкеріміздің адами сипаты, айналасындағы ел-жұртпен қарым-қатынасы, кәсіби шеберлігі жайында осы кітапқа енгізілген замандастарының естелігінде баяндалғандықтан әңгімені қайталауды жөн санамадық.
Ағамыздың ұрпаққа үлгі болар, мақтанышпен айта жүрер өмірі таяуда түсірілген деректі-көркем «Мұнар» фильміне арқау болды. Замандастары, ағайын-туыстары азаматтық бейнесіне қылау түсірмей тірлік кешкен соғыс мүгедегін, партия сарбазын тебіреніспен еске алады.
Қысқасы, Қонақбай Назаров – «Құрыш қазақ» деген бағаға лайық тұлға.
Достарыңызбен бөлісу: |