«Жаралған сөзі асылдан»
Кезінде жыр алыбы Жамбыл: «Майлықожа, Құлыншақ, Пірім еді бас ұрған. Айтқандары нұсқа еді, Жаралған сөзі асылдан» деп ақындығына айрықша баға берген Майлықожа Сұлтанқожаұлының биыл 175 жылдық мерейтойы елордада ерекше дәстүрмен өрнектелді. Президенттік мәдениет орталығындағы өнер кеші тау суындай сарқыраған саумал жырлармен көмкерілсе, шайырдың кәусар туындыларын халыққа мүлтіксіз жеткізуде әр өңірден келген жыршы-термешілердің сіңірген еңбегі мол болды.
Президенттік мәдениет орталығы елдің аяулы перзенттеріне құрмет көрсетіп, тағзым етудің өнегелі дәстүрін қалыптастырған рухани ұяға айналғаны қашан. «Ілімге толса көкірек, Ашылар көзі сананың» деп ақын жырлағандай, бір жағынан, ол кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тәлім-тәрбиенің ошағы, екінші жағынан ұмыт бола бастаған есімдерді қайта жаңғыртуға, халқымен қапысыз қауыштыруға бірден-бір себепші болып жүрген Астанадағы рухани орданың бірі саналады. Шығармашылық кешті Президенттік мәдениет орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің өзі жүргізіп отырды. Кейде белгілі тұлғаларға арнап ескерткіш орнатып, есімдерін ұлықтауда келеңсіз бір дағдының бой көрсетіп қалатыны рас. Халқымыздың ардақты азаматтарының мерейтойлары тек туып-өскен өңірлерінде ғана атап өтіліп, ал қалған жерлер шет қалып қойып жататын. Бұл, әрине, дұрыс емес. Артында қалған асыл мұрасы барша қазақтың қазынасы саналатын Майлықожа бабамызды мысалы, тек оңтүстік өңірі ғана әспеттеп қоймай, ақын жырларын елорда жұртшылығына ұсынуда да осындай тұтастықтың тұшымды өрнегі жатыр десек, қателеспейміз. Ізгілікті шаралар мен асыл бейнелерді аялаудың айнымас қалыптары қалыптасып келе жатыр. Соның бір үздік үлгісіне Майлықожа бабамызға арналған елордадағы осынау ән кешін жатқызуға болар еді. Бұл неге керек қазір бізге деушілер табылар. Жастар тәрбиесіндегі олқылықтың дені осы «неге керектің?» зардабынан туындап жатқанын біле бермейміз. Алтын тамырдан ажырап қалған жерді дерт меңдейді. Майлықожа ақынның жырлары сондай алтын тамырдың бірі. Мұны бүгін мектептерден бастап, жоғары оқу орындарындағы студенттерге дейін оқуы керек. Кеште орындалған «Ата-ананың қадірі», «Білерсің таңның атарын», «Ана туралы толғау», «Жақсы бір адам қартайса», «Дүниеге мейман көңілім, Мақтасам дауа тілерсің», «Ғаламат» сияқты т.б. жыр-термелер кісіні жаман дағдыдан бойын аулақ салуға итермелейді.
«Байқап басқың ізіңді,
Жамандармен іс қылма.
Құрбы-құрдас досыңды,
Бәлеге басын дұш қылма» деп ақылдың әрекеті иманға байлануын уағыздайды. Ақын өсиеттері білімдері таяз кейбір оқытушылардың оқып жүрген лекцияларынан әлдеқайда қымбат деп бағалануы әсте тегін емес.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының Қожатоғай ауылында дүниеге келген Майлықожаның жасы он төртке толғанда әкесінен айырылып, өмір азабын көп тартады. Көкірегі зар мен мұңға толы бала ерте есейеді. Сондықтан да болса керек, оның жазған жыр-дастандарының дені өсиет пен нақыл сөздерге толы болды. «Шора батыр», «Үш жігіт», «Аңқау мен қу», «Қасқыр» дастан-мысалдары, «Жолдас болсаң жақсымен», «Жақсы бір адам қартайса» нақыл өлеңдері, «Тұрлыбекке», «Ахмет төреге» арнау жырлары т.б. осындай айтыстары мен термелері өмірдің мәні мен сырына жасында азапты көп шегіп, көз жеткізген адамның ой-елегімен, аңсар биігімен өрілген өршіл дүниелер еді. Әкесі Сұлтанқожа әрі тапқыр, әрі шешен, еліне сыйлы, батыр адам болса, нағашысы, айтқан сөзі халқына ем болған Мәделіқожа туралы әңгіме тіпті бөлек. Майлықожа сол нағашы жұртының қолында өседі. «Туған жиенінің бойындағы алмастай жарқылдаған сөз саптау қасиетін ерте байқаған Мәделіқожа болашақ ақынды қасынан бір елі тастамай ертіп жүрген» деп жазады ақын шығармаларын зерттеп, өсиет термелерін топтастырып жүрген жанашыр жандар. Бір кездері Бұхара жаққа өтіп, аз уақытта ислам қағидаларымен сусындап, білімге бой ұрған жанның кемел шағында туған өлең-термелерінің негізінен имандылық пен ибаға қатысты болып келу себебі пайымдалады. Ақынның атын шығарған терме өнері деп түйінделеді. Нәзиралық түрде орындалатын терме жанры негізінен Сыр бойынан тамыр тартады десек, оның әуезді әуені өзге жерлердің термелеріне ұқсамай, өз алдына бөлек өріледі. Осы арада айта кететін тағы бір нәрсе, терме өнерін теңдессіз байлық деп бағалауда әлі де болса селқостық танытып отырғанымыз қынжылтады. Ұлттық бірлік пен ынтымақ, өмірдің ащылы-тұщылы кезеңі, жаман мен жақсы жарыса жырланар терменің толағай толғанысына тоқталсақ, батыстың «батпағына» батырмай, жастарды халқымыздың осындай төл өнерімен сусындатсақ болмай ма деген ойға тірелесің. Жас құраққа қазір осындай өзіміздің халықтық қазынаның кәусар нәрі жетіңкіремей жатқандай. Ақын рухын елордада жаңғыртудағы бір себеп осы. Майлықожаның терме-жырлары әлі де болса халық арасында кең насихатталмай жатыр. Мәселен, дүкен сөрелері шетелдің небір у да шу музыкалары жазылған таспалардан майысады. Солардың орнында қазақтың шіркін, терме-жырларының таспасы тұрса, бөгденің бөзі жастардың санасын соншалық уламас еді ғой деп ойлайсың. Майлықожа еңбектерін кітап етіп басып шығару да алда тұрған тағы бір ауқымды іс саналады. Бір топ өлеңдері Я.Лютиштің құрастыруымен 1883 жылы Ташкентте жарық көрген «Қырғыз хрестоматиясы» кітабына енсе, 1964 жылғы «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», 1991 жылғы «Ай, заман-ай, заман-ай» жинақтарынан да біраз дүниелерін кезіктіресіз. 1972 жылы «Нақыл» жеке жинағы оқырман қолына тисе, 1988 жылы «Айтысқа» бірқатар шығармалары кіріпті. Бірақ мұнымен ақынның жыр бұлағы сарқылды деп санауға болмайды. Тағы бір жақсы хабарға жұрт марқайып қалды. Майлықожа бабаның байлығын кітап етіп бастырып жүрген жанашыр адамдар бар екен. Осы кеште олар ақынның биыл «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Терме, арнауларын» Президенттік мәдениет орталығының директоры М.Жолдасбековке табыстады. Оған қоса Майлықожа Сұлтанқожаұлының есімімен аталатын Шымкентте бір көше мен ескерткіш мүсіні тағы бар. Туған жұрты ақын аруағын қадірлеуден кенде емес секілді. Бірақ халық қазынасын қастерлеуде мұның бәрі теңіздің тамшысындай болып көрінер. «Мәделі, Майлықожа, Майкөт ақын, Асырған бар қазаққа атақ-даңқын» деп Кенен ақын жырға қосқан, «Қожада Майлы менен Мәделі еді, Олардың сөзі қандай әдемі» деп Нартай ақын асқақтатқан Сыр дүлдүліне көрсетілер ел-жұртының құрметі мұнан да биік болуға лайық деп есептейміз. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев бастап, Алмас Алматов, Қарсыбай Ақтаев, Гүлмира Сарина, Маралбек Бабақұлов, Айгүл Елшібаева, Жәкен Омаров, Айнұр Әбілдаева сияқты өнердің бір топ саңлағы қоштап, теңдессіз терменің терезесін жарқыратқан кешінен, ұлттық дәстүрлер театрының фольклорлық ансамблі мен Әлқуат Қазақбаев орындаған «Қоңыр», «Жез киік», «Көрұғлы» күйлері сарынынан осындай тағылым сезілді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
______________________
Достарыңызбен бөлісу: |