Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы құқықтары Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында:
- Қазақстан Республикасы аумағындағы белгiлi бiр жерлерде болғанда өздерi душар болуы мүмкiн қатер туралы және қажеттi қауiпсiздiк шаралары туралы хабардар болуға;
- азаматтарды, қоршаған орта мен шаруашылық жүргiзушi объектiлердi төтенше жағдайлардан және олар тигiзетiн зардаптардан қорғау мәселелерi жөнiнде мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына тiкелей жүгiнуге, жеке және ұжымдық үндеулер жолдауға;
- төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шараларға қатысуға, ұжымдық және жеке қорғану құралдарын, азаматтарды қорғауға арналған басқа да мүлiктi пайдалануға;
- төтенше жағдайлар пайда болған ретте өмiрiн, денсаулығын және жеке мүлкiн қорғауға;
- төтенше жағдайларды жою барысындағы мiндеттердi орындау үшін оларды тарту кезiнде өздерiнiң денсаулығына келтiрiлген залал үшiн өтемақылар мен жеңiлдiктер алуға;
- зақым алуына немесе ауруға шалдығуына байланысты еңбек ету қабiлетiнен айрылған, зақымданудан немесе аурудан қаза тапқан немесе қайтыс болған асыраушысынан айрылған жағдайда, егер олар төтенше жағдайларды жою жөнiндегi мiндеттерiн атқару салдарынан болса, Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік қамсыздандырылуға;
- төтенше жағдайлар салдарынан өздерiнiң денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген залалды өтетуге құқығы бар.
Қазақстан Республикасының азаматтары табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында: - Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар және азаматтарды, қоршаған орта мен шаруашылық жүргiзушi объектiлердi олардан қорғау саласындағы заңдарын сақтауға;
- төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкiн авария, зiлзала және апат жайында тиiстi органдарды хабардар етуге;
- тұрмыста, күнделiктi еңбек және шаруашылық қызметiнде қауiпсiздiк шараларын сақтауға, төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкiн өндiрiстiк және технологиялық тәртiптің, қауiпсiздiк талаптарының бұзылуына жол бермеуге;
- азаматтық қорғаныс дабылдарын, төтенше жағдайлардың пайда болу қаупi төнген немесе олар пайда болған кезде жүрiп-тұрудың белгiленген ережелерi мен iс-қимыл тәртiбiн бiлуге, негiзгi қорғану әдiстерiн, зардап шеккендерге алғашқы медициналық жәрдем көрсету тәсiлдерiн, ұжымдық және жеке қорғану құралдарын пайдалану ережелерiн үйренуге, өздерiнiң осы бiлiмi мен практикалық дағдыларын ұдайы жетiлдiрiп отыруға;
- төтенше жағдайларды жою жөнiнде өткiзiлетiн оқу-жаттығуларға қатысуға, халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi қорғау құралдарына ұқыпты қарауға мiндеттi.