Бастауыш сынып оқушыларының талдау іскерлігін қалыптастыру Сабақтан үзінді Мұғалім: Сендерге ”құрылысшы” сөзі талдауға берілген. Бізге не белгілі?
Оқушылар: Бізге ”құрылысшы” сөзі белгілі.
Мұғалім: Дұрыс, ал не белгісіз?
Оқушылар: Бізге ”сөзді талдау” белгісіз.
Мұғалім: Мен сендермен толық келісе алмаймын. ”Құрылысшы” сөзімен қандай талдау жасайсыңдар?
Оқушылар: ”Құрылысшылар” сөзімен қандай талдау жасайтынымыз белгісіз.
Мұғалім: Шындығында, тапсырма анық берілмегендіктен қандай талдау қажеттігі белгісіз. Ойланып белгісізді (сұрақты) анықтауға не көмектескенін айтыңдар.
Оқушылар: Белгілі мен белгісізді табуға тапсырманы талдау көмектесті.
Мұғалім: Дұрыс айттыңдар, белгілі мен белгісізді тапсырманы талдау арқылы анықтадық. Ал берілген тапсырманы талдаусыз орындауға бола ма?
Оқушылар: Жоқ.
Мұғалім: Мен сендердің айтқандарыңа толық келісемін, не істейтінімізді анық білмей тұрып, берілген тапсырманы орындауға кірісуге болмайды. Егер тапсырманы талдаусыз орындауға кіріскен күнде де, нәтиже дұрыс болмаған болар еді. Сондықтан талдау үнемді де шапшаң, жемісті жұмыс жасауға көмектеседі. Басқа пәндерден де осындай бағытта жұмыстар жүргізіледі.
Оқушыларға ”құрылысшы” сөзімен орындауға болатын сұрақтарды (белгісіздерді) іріктеу ұсынылады. Оқушылардың белсеңді араласуымен төмендегідей сұрақтар белгіленді:
сөзді құрамына қарап талдау;
сөз табына талдау;
сөзге дыбыстық талдау жасау.
Сабақтан үзінді.
Мұғалім: ”Құрылысшы” сөзін құрамы бойынша талдауды ұсынған тапсырмадан белгіліні табыңдар.
Оқушылар: ”Құрылысшы” сөзі - белгілісі.
Мұғалім: Енді белгісіз немесе сұрақты анықтаңдар.
Оқушы: Сөзді құрамына қарай талдау.
Мұғалім: Біз жақында ғана әрбір есеп, жаттығу, тапсырманы орындаудың нақтылы мақсаты болатындығын айтқанбыз. Өздерің құрастырған мына тапсырманың мақсаты не?
Оқушылар: Сөзді құрамына қарай талдауға үйренеміз.
Мұғалім: Дұрыс. Міне, біз оқу міндетін айқындадық. Тапсырманы орындау үшін қажетті тәсілдер жүйесін ойланыңдар.
Оқушылар: Алдымен сөздің түбірін іздейміз, содан кейін жұрнақ пен жалғауларды анықтаймыз.
Мұғалім: Тапсырманың мақсаты анық. Орындалу амалы белгілі. Енді сөзді талдаңдар.
Тапсырманы орындап болған соң, мұғалім мұқият жасалған талдау ғана жұмысты оңай да жемісті орындалуына мүмкіндік беретіндігі туралы қорытынды жасайды. Сонымен қатар, талдау мен мақсат сабақтастығын дәлелдеуге ұмтылады.