Оқу әрекетінің құрылымы Оқу әрекетінің құрылымын бастауыш сыныптарда өтілетін нақтылы бір пән негізінде алынған тапсырмалар арқылы түсіндіріледі.
Сабақтан үзінді: Мұғалім: Қазақ тілінің 35-бетіндегі 323-жаттығуды орындаңдар (жаттығудың талабы: ”Көп нүктенің орнына ы,і әріптерінің тиістісін қойып, көшіріп жазыңдар. Түбір сөздің астын сызыңдар. Олар зат есім бе, сын есім бе? Өздерің ы,і әріптерін қосып жазған сөздердің түбірі қайсы, қосымшасы қайсы екенін айтыңдар). Тапсырманы орындау барысында тақтадағы естелікті пайдаланыңдар.
Тақтадағы естелік.
Тапсырманы оқыңдар. Белгілі мен белгісізді ажыратуға талпыныңдар.
Осы тапсырманы орындауға қажетті ережелер мен іскерлікті еске түсір.
Тапсырманы орындау жоспарын құр.
Орында (есепті шығар, тапсырманы орында).
Тапсырманы тексер.
Осы тапсырманы орындай отырып, неге үйренгеніңді анықта.
Мұғалім: Оқушылар! Жұмыстың орындалу ретіне ерекше зейін аударыңдар. Тапсырманы жемісті орындау үшін, ең алдымен неден бастау керек?
Оқушылар: Белгілі мен белгісізді табуымыз керек.
Мұғалім: Дұрыс. Ал, бізге не белгілі?
Оқушылар: Бізге мәтін белгілі.
Мұғалім: Дұрыс айттыңдар, жарайсыңдар. Ал енді белгісізді табыңдар.
Оқушылар: Қажетті әріпті қою керек.
Мұғалім: Ойланып көріңдер, белгісіз біреу ғана ма?
Оқушылар: Мұғалімнің басшылығымен барлық белгісіздерді ...анықтайды.
Мұғалім: Иә, тапсырманы орындау міндетті түрде белгілі мен белгісізді анықтаудан, яғни талдаудан (анализден) басталады. Оқушылар, одан әрі не істейміз?
Оқушылар: Жаттығуды орындауға кірісеміз.
Мұғалім: Асықпай, ойланып жауап беріңдер. Кез келген есепті шеше, тапсырманы орындай отырып, әр адам өз алдына нақтылы міндет қояды деген болатыңбыз. Тақтадағы естелікті пайдалана отырып, осы мәселе төңірегінде ойланыңдар.
Оқушылар: Біз нені үйренетінімізді анықтауымыз керек.
Мұғалім: Өте дұрыс айттыңдар, талдаудан кейін, есеп шығарудың, тапсырманы орындаудың екінші кезеңі, яғни нені үйренетінімізді (мақсатты) анықтауға көшеміз. Бұл тапсырманы орындай отырып, сендер ы,і әріптері бар сөздерді дұрыс жазуға, түбір және қосымшалы сөз, зат, сын есімдер туралы білімдеріңді жетілдіресіңдер. Мақсатты анықтадық, енді одан әрі не істейміз?
Оқушылар: Жаттығуды орындаймыз.
Мұғалім: Балалар, естелікке қараңдар. Осы жаттығуды орындауға қажетті ереже, іскерлікті еске түсіреміз (актуализация). Енді не істейтінімізді ойланыңдар?
Оқушылар: Жаттығуды орындаудың жоспарын ойластырамыз.
Мұғалім: Дұрыс. Жаттығудың орындалуының жоспарын құру - төртінші кезең, келесі кезең қандай болады?
Оқушылар: Жаттығуды орындаймыз.
Мұғалім: Жарайсыңдар. Талдау жасап, неге үйренетінімізді (мақсатты) анықтап, қажетті ереже мен іскерлікті еске түсіріп (актуализация), жаттығудың орындалу жоспарын ойластырғаннан кейін ғана жаттығуды орындауға болады.
Оқушылар тапсырманы орындап болғаннан кейін, олардың назарын жаттығудың келесі кезеңіне аударады.
Мұғалім: Енді өз жұмыстарыңды тексерулерің керек. Бұл - жаттығуды орындаудың алтыншы кезеңі. Келесі кезең қалай аталады?
Оқушылар: Тексеріп болған соң, жұмысты бағалауымыз керек.
Мұғалім: Дұрыс, әрекет нәтижесі әр уақытта бағаланады.
Осылай бастауыш сынып оқушылары оқу әрекетінің компоненттер мен олардың аталуын біледі, есеп, жаттығу, тапсырманы орындаудың кезеңдерімен танысады. Бастауыш сынып мұғалімдерінің ендігі негізгі міндеттерінің бірі-әрбір компоненттерді сан алуан тәсілдер арқылы қалыптастыру. Төсілдер тізбегін осы еңбектің 2-ші бөлімінен қараңыз).