Iс-әрекетті жоспарлау іскерлігін қалыптастыру
Жоғарыда баяндалған кезеңдердің нәтижесі төртінші кезеңге, яғни оқу мен еңбек міндетін орындау жоспарын құру, жоспарлау кезеңіне өтуге мүмкіндік береді. Жоспарлау біліктілігін қалыптастыру мақсатында әр түрлі тәсілдер қолданылады.
Ана тілі сабағынан үзінді:
Мұғалім: Балалар жазушысы Р.Бошнектің ”Жақсылардың жақсысы” ертегісіне жоспар құру керек. Оқу міндетін атаңдар.
Оқушылар: Ертегі бойынша жоспар құруға үйрену.
Мұғалім: Дұрыс, ертегінің шарты мен талабың (сұрағын) атаңдар.
Оқушылар: Шарты - ертегі мәтіні, талабы -жоспар құру.
Мұғалім: Дайын, жоспар құру үлгісін ұсынады:
Ертегіні оқып шығу.
Ертегіні бөліктерге бөлу.
Бірінші бөлімді оқып, ондағы ең басты мәселені бөліп алу.
Оған ат қою.
Осындай жұмысты басқа да бөлімдермен де жалғастыру.
Өзінді тексеру.
Мұғалім оқушылардың назарын осы әрекет тәсілдерін осыған ұқсас оқу міндеттерін орындау үшін қолдануға болатынына аударады. Одан соң оқушыларға мұғалімнің басшылығымен таныс емес материал негізінде жоспарлауға ауысуға болады.
Мысалы, қазақ тілі сабағында 256-жаттығудың оқу міндетін мұғалім ”тәуелдік жалғаулы сөздің жағын ажыратуға үйрену және сөзді талдау іскерліктерін жетілдіру” деп белгілейді де, әрекет тәсілін дайын күйінде береді.
Зат есімді табу.
Төуелдік жалғауын еске түсіру.
Күмән туған жағдайда тәуелді жалғаулы сөздің алдына ойша менің, сенің, оның (көпше түрін) есімдіктерінің бірін қойып, байланыстырып көру.
Сөздерге дыбыстық-әріптік талдау жасау жоспары:
Сөзді буынға ажырату.
Дауысты, дауыссыз дыбыстарды табу.
Олардың түрлерін еске түсіріп, әр дыбыс туралы толық мағлұмат беру.
Сөзде қанша дыбыс және әріп бар екенін анықтау.
Еңбекке баулу сабағынан үзінді:
Сабақтың тақырыбы: Жұқа кітапшаларды түптеу.
(Мұғалім сабақтың тақырыбын хабарлап, оны тақтаға жазған соң, жұқа кітапшалардың түптелген үлгісін көрсетеді).
Кіріспе әңгімеден соң мұғалім оқушылармен бірлесе отырып, бүкіл әрекеттің барысын жоспарлауға кіріседі. Кітапшаны түптеуге дайындау жоспарын түсіндіріп, тақтаға жазып отырады.
Бірінші тәсіл:
а) сыртқы мұқабаны өлшеп, дайындау;
ә) бізбен 4 тесік тесу;
б) кітапшаның мұқабасын жіппен тігу.
Екінші тәсіл.
а) сыртқы мұқабаны өлшеп, дайындау;
ә) жұқа дәке қиып алып, оған жіппен кітапшаны бекіту,
б) кітапшаны мен мұқабаны желіммен байланыстыру (бекіту).
в) форзацты жапсыр.
Бүгін кітапшаны бірінші тәсілмен түптеуге үйренеміз деп оқу міндеті белгіленеді. Оқушылар еңбекке баулу сабағының негізгі ерекшелігін, яғни олардың әрекетінің мақсаты сол әрекеттің тәсілдерін меңгеруге бағытталатынын,нәтижесінде материалдық бұйым шығатынын байқайды. Қазақ тілі, Ана тілі сабақтарында да әрекет тәсілдерін меңгереді, бірақ олардың сипаты өзгеше болады. Солардың көмегімен тапсырма немесе жаттығуды орындай отырып, оқушылар кез келген міндетті шешуге дайындалады, себебі жоспарлау - барлық әрекетке тән нәрсе.
”Талдау - мақсат-өзектендіру-жоспарлау-нәтиже” тәуелді байланыстарын көрсетуді мақсат, яғни белгісіз айқын беріліп, мақсат пен әрекет жоспарын таңдаудың бір-біріне тәуелділігі көрнекті түрде байқалатын есептерді шешуден бастаған дұрыс деп есептейміз.
Осы мақсатта оқушыларға шарты бірдей, бірақ мақсаты яғни белгісізі әр түрлі үш есептің шешуін қарастыру ұсынылды.
Математика: Тақырыбы ”Көп таңбалы сандарды қосу және азайту”
”Станциядан темір жол арқылы 4900т. жүк тасылуы керек. Бірінші күні 1800т. жүк жіберілді, бұл екінші күні жіберілген жүктен 2 есе көп еді”. Мақсат - белгісіз (сұрақ) . Екінші күні қанша тонна жүк жіберілген 1800:2=900(т). Мақсат - белгісіз (сұрақ). Екі күнде қанша тонна жүк жіберілген 1800:2=900(т). 1800+900=2700(т). Мақсат - белгісіз (сұрақ). Үшінші күні қанша тонна жүк жіберілген 1800:2=900(т). 4900-2700=2200(т). Жауабы: 2-күні 900т. жүк жіберілген. Жауабы: 2 күнде 2700 жүк жіберілген. Жауабы: 3-күні 2200 т. жүк жіберілген. Бұл есептер арқылы мұғалім әрекет мақсаты, оны орындау барысына және жұмыстың нәтижелі болуына қаншалықты әсер ететініне оқушылардың көзін жеткізді. Сонымен бірге есептің белгісізін (сұрақты) түсіну мақсатты қабылдап, шартты талдау бағытын, берілген мақсат нәтижесіне жету жолдарын анықтайды. Оқушылар есептің белгілі, белгісізіне талдау жасап, әр белгісізге сәйкес әрекет жасалады. Оқушылар әр бағандағы есептің шешімінің дұрыс екенін, белгілі, белгісізге байланысты олардың орындалу ерекшелігін салыстыра отырып, төмендегідей қорытынды жасады.
”Есептің белгілі, белгісізін және шешілу тәртібін салыстыр. Бұл есептердегі бірдей және өзгеше белгілерді тап”
Белгілісі...........................
Белгісізі...........................
Орындалу тәртібі............
Бұл жазба оқушыларға есептегі ортақ (белгілісі) және өзгеше (мақсат-белгісіз, шешімінің орындалу тәртібі) белгілерді бірден көруге мүмкіндік берді. Олар есептің шешімі белгілінің мазмұнына ғана емес, белгісіздің қалай қойылғанына да байланысты екенін байқады. Оқушылардың шығарған қорытындысы төмендегідей болды: ”Шарттары бірдей есептердің шешімдерінің әр түрлі болу себебі бұл есептерде әр түрлі мақсат - белгісіз қойылған, сондықтан жұмыс әрекетінің жоспарын әр қайсысына сәйкес дұрыс таңдай білу керек” Бұдан соң оқушыларға бір мазмұнды есепті шешудің дұрыс жоспарын анықтауға тапсырма берілді:
Есепті және шешудің варианттарын оқы:
1) Жолаушы пойызында 10 вагон бар. 6 вагонда 40 жолаушыдан, қалған вагондарда 30 жолаушыдан орналасқан. Пойызда барлығы қанша жолаушы бар? ”А” деген оқушының есепті шешу жоспары: 6 вагонда неше жолаушы келе жатқанын анықтау.
2) Пойыздағы қалған вагондардың санын табу.
3) Барлық жолаушылар санын анықтау. ”Б” деген оқушының есепті шешу жоспары:
3.1) 6 вагондағы жолаушылар санын анықтау.
3.2) Пойыздағы 30 жолаушымен келе жатқан вагондар санын
анықтау.
3.3) Қалған вагондардағы жолаушылар санын анықтау. ”С” де
ген оқушының есепті шешу жоспары:
3.3.1) Қалған вагондарды табу.
3.3.2) 6 вагондағы жолаушылар санын табу.
3.3.3) 6 вагондағы жолаушылар санының қаншаға артық екенін табу.
3.3.4) Қалған вагондардағы жолаушылар саның табу.
3.3.5) Пойыздағы барлық жолаушының санын табу.
Оқушыларға шартты А,Б,С деп алынған оқушылардың бір есепті шешуге құрған жоспарларымен танысып, төмендегі сұрақтар бойынша талдау жасау ұсынылады.
- Есепті мұқият оқы. Есепте мақсат-белгісіз біреу ме?
- Мұндай жағдайда шешімінің әр түрлі болуы мүмкін бе?
- Есепті шешудің жоспарларын оқы. Олардағы бірдей және өзгешелігін ата.
- Қай оқушының жоспары мақсатқа жеткізеді. Неге?
Басқа пәндер бойынша да осындай тапсырмалар беріледі. Содан кейін оқушылардың алдына өздерінің сабақтан тыс әрекетін жоспарлау міндеті қойылды. Демалыс күнін өткізу, бөлмені жинау жоспарларын құруға тапсырма берілді. Өзінің әр түрлі мазмұндағы жоспарлау әрекетін салыстырып байқау ұсынылды: ”Әңгіменің мазмұнын айту, демалысты өткізу, еңбекке баулу сабағына жұмыс орныңды дайындау жоспарларын құрғанда не істегеніңді салыстыр, бұл жоспарлардағы сәйкестілікті жаз”. Осындай тапсырмаларды орындау нәтижесінде оқушылар барлық жоспарлардың құрамына міндетті түрде мақсатты анықтау, соған сәйкес әрекетті және оның орындалу ретін таңдау әлементтері енетінін түсінді. Сабақтарда ұжымдық, топтық және жеке жасалған жоспарларға есепті шешу құрылымының барлық операцияларын қамту тұрғысынан талдау жасалды. Талдау барысында оқушылардың жоспарлау үшін мақсатты қаншалықты дәл қоя алатыны, жоспарға қандай әрекеттерді енгізгені, олардың қойылған мақсатқа сәйкестігі, жоспарда барлық қажетті әрекеттің қамтылуы, артық әрекеттің болмауы, операциялық әрекет жүйесінің дұрыс анықталуы есепке алынды. Бұдан кейін оқушыларға теңсіздіктерді шешу, геометриялық фигураның ауданын анықтау, екі таңбалы санды екі таңбалы санға көбейту, зат есімнің септік жалғауларын меңгеру, мәтін мазмұнын айтуға жоспар құру, еңбек сабағында конверт және басқа бұйымдар дайындау жоспарын жасау т.б. тақырыптарға әр түрлі пәндерден өздері құрған жоспарлар арасынан дұрыс жоспарды табуға тапсырма беруге болады.
Осындай сабақтардан бір мысал келтірейік.
Тақырыбы: Зат есімнің тәуелденуі.
Достарыңызбен бөлісу: |