Жасампаздық қиырында



бет24/43
Дата06.02.2022
өлшемі406,43 Kb.
#48042
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   43
ЕСКЕ САЛЫНҒАН ҚАТЕР
Үлкен ғаламшар мен оның төңірегінде айналып ұшып жүрген алапат бөтен кеме ішінде болып жатқан оқиғалар осы кіші әлемдегі басқа да ғаламшарлардың тұрғындарын қатты елендеткен-ді. Бүгінгідей ғарыштық мәдени дамудың жоғары дәрежесіне көтерілген халықтар үшін ана ғаламшар мен мына ғаламшар арасына сапар шегу қиын болып па. Соңғы кездері үлкен ғаламшардың төңірегінен кетпей қойған табиғи серікке ұқсас кеменің оқиғасы көрші ғаламшар тұрғындарын да алаңдатқан. Оның басты себебі, өзге жұлдыз жүйесінен келген бейтаныстардың кері қайту жөніндегі әрекеттері еді. Ал олардың кері қайтуы - осы кіші әлем аймағындағы сығылу шеңберін жеңіп шығу деген сөз. Бұл әрекет жөніндегі мәлімет ғаламшардағы ең үлкен елдің басшылығына да жеткен еді.
Ол соңғы кездері үлкен ғаламшарды қатты қадағалауға кіріскен. Мәдени дамуы жоғары елге кеме сабылтып жатудың да қажеті шамалы. Осы бір шағын әлем аймағындағы телебайланыс жүйелері бүгінде өзінің асқан шегіне жеткен. Кез келген бейнені, ақпаратты алу күнделікті үйреншікті іске айналған. Тек ғаламшардағы жаңалық емес, бүгінде екі ғаламшардың басшылары да бір бірінен анау-мынау нәрселерді жасыра алмайды. Аса қатерлі деген қаруларын да құпия шығара алған емес. Мұңдай ашық бақылаудың нәтижесінде ғаламшарлардың бәрінде де бейбітшілік салтанаты өріс алған. Ғаламшарлардагы ел басшылары да осындай жағдайда адам баласына қатер төндіретін әрекетке бара алмайды.
Енді міне, Жерден келген ғалым-ғарышкерлердің жай-күйі жайлы біліп қаныққан көрші ғаламшардағы үлкен елдің басшысы бұл жолы сапарға аттанған. Бұл кіші әлемдегі ғаламшар мен ғаламшар арасына ұшып бару да, оның бетіне қона салу да құстың ұшып-қонғанындай ғана. Сондықтан да ғаламшар тұрғындарына ғарыштық жол таңсық емес. Үлкендеу ғарыш кемесі ел басшысы отыратын зәулім үйдің маңындағы кең алаңға қонғанда іштегілер елең еткен де жоқ. Тек ел басшысы ғана басын сәл изеп, көзін жұмған кезде барып көмекшілері үлкен есікті ашуға әрекет жасады. Кеме есігін ашып-жабу да бүгінде кісіні елең еткізбейді. Негізгі мәселе басқада.
Көрші ғаламшардың ел басшысын осы үлкен ғаламшардың ел басшысы қаншалықты қабылдағысы келмей отырса да орнынан ширақ тұрып, құшақ жая, ежелгі бір туысын жаңа тапқандай құшақтай қарсы алды. Сол замат екі басшының бұл кездесуі мен әңгімелері кіші әлемдегі барлық ғаламшарлардың тұрғындарына телебейне жүйесі арқылы толығымен жетіп жатты. Үлкен ғаламшардың ел басшысы келген мейманның мақсат- мүддесін ә дегеннен-ақ түсінген. Сондықтан да ол дәм-тұзы әрқашан дайын тұратын арнайы асхана-бөлмеге қарай бастап жүрді. Дәм саналы тіршілік иелері үшін де, санасыз тіршілік иелері үшін де бірінші денсаулық арқауы. Сондықтан да бұл рәсімге таңданудың еш қажеті жоқ еді. Үлкен дастархан басына отырып, біраз әңгіме қозғағаннан кейін көрші ғаламшардың басшысы сөзін былай деп жалғады.
- Біз ғаламшарларыңыздың төңірегіндегі кең кеңістікте пайда болған алапат бөтен жұлдызаралық кемені көптен бері бақылап келеміз, - деді ол жақтауы биік орындығына шалқая түсіп, - Жер деп аталатын ғаламшар жайлы да біршама білдік. Онда ірі адамдар тұрады екен. Ол да белгілі болды бізге. Сол ірі адамдардың өкілдері бүгінде өзіміздей болып кішірейіп араларыңызда жүр. Оларға сіздер арнайы үй-аймақ та бөлдіңіздер. Біз сіздердің оларға жасаған ондай қамқорлықтарыңызды тек қуана қолдаймыз.
- Бұл ниетіңізге көп рахмет, - деді оған үлкен ғаламшардың басшысы, -олардан біз ешқандай да жапа шегіп отырғанымыз жоқ. Рас. алғашқы кезде, олар кішіреймей тұрғанда, түсініспей бір-бірімізден қауіптендік. Енді бәрін де түсіністік. Оның үстіне олар қазір бізбен де, сіздермен де бірдей. Тіпті, олардың күні бізге қараған.
- Ол жағы бізге жақсы белгілі, - деді көрші ғаламшардың ел басшысы алдындағы кішкене ыдыстағы салқын сұйықтан ұрттап қойып, - бізді алаңдатып отырған олардың кішіреюі емес. Ғалым-ғарышкерлердің осы ғаламшарда біржолата қалғыларының келмейтіні.
- Ол түсінікті нәрсе... Туған жер кім кімге де ыстық қашанда. Олар да өздерінің туып өскен ғаламшарын аңсайды емес пе?
- Оған менің ешқандай да қарсылығым жоқ, - деді енді көрші ғаламшар елінің басшысы, — тек олардың қайтуынан бізге келетін бір қауіп бар. Меймандардың алапат жұлдызаралық кемесі қуатты айналдырғыштарының қуатымен біздің мына кіші әлем кеңістігінен суырылып шыққан кезде кеңістігімізге шайқалыс беруі де мүмкін. Қандай да бір жұлдыз жүйесінде бір ғаламшар өз айналымжолынан тайып шықса онда не болар еді? Бұл көрініс те тап сол сияқты емес пе? Сіз осы жағын ойлап көрдіңіз бе?
- Ойлағанмын, әрине. Мұны жүйеміздегі кез келген ғаламшардың тұрғындары жақсы біледі. Менімше, сығылу аймағынан тек солар ғана алапат кемелерінің күшімен шыға алады.
-Иә, менің ойымша, олар бізге үлкен қатер төндірмек. Кіші әлеміміздегі ұлы шайқалыс күллі ғаламшарға қатер болмақ.
- Десек те, біз Күн жүйесіндегі өздері Жер деп атайтын тіршілікті ғаламшардан келген меймандардан еш зиян шеккен жоқпыз. Олар да тап өзіміздей адамдар емес пе?-деді алдындағы сусыннан алып, - көршісіне де солай етуді ұсынып, үлкен ғаламшар елінің басшысы, - Оны жаңа да айттым емес пе? Рас, сіздің айтып отырған сөзіңіздің де жаны бар. Күллі ғаламшарлардағы ел біткеннің бәрі де бақылап отыр мұны. Үлкейгенді, жұлдызды әлемді бағындырғанды кім жек көрсін. Кіп-кішкентай болу да өзінше бір кемістік, бақытсыздық.
- Сіз мені әлі де тереңірек түсінбедіңіз, - деді көрші ғаламшар елінің басшысы өзі отырған жұмсақ орындығының биік жақтауына қарай сығыла шалқайып, - үлкен болуды мен де жақсы көремін. Жалпы, адам баласы бұл жарық дүниеге шыр етіп келген сәтінен бастап үлкеюді армандайды. Соған талпынады. Сөйтіп жүріп дүниеден біржолата өтер уақытының таяп қалғанын да аңғармай қалады. Үлкею мен қартаюдың да о дүниеге қарай басқан қадамы екенін де әркез есіне ала бермейді. Пендешілік деген де сол. Менің айтайын деп отырғаным, мына ғаламшар, ғажайып табиғат ортасы жөнінде. Ғаламшарымызды біз тұтастай мына сығылу кеңістігінен ешқашан да шығара алмаймыз. Бұл қай қайсымызға да о бастан жақсы белгілі нәрсе. Ал біз Күн жүйесінен келгендерге еліктеп үлкейіп алдық дейік, ал сонда қалай өмір сүрмекпіз? Өзіңіз көріп те отырсыз, мына алты алып темір адамдардың қатерін. Егер олар жаза басса, күллі халықты, табиғатты табандарымен езіп, күйретіп жібермей ме?
Үлкен ғаламшардың ел басшысы көршісіне қадала қараған күйде кідіріп қалды. Оң қолына ұстаған кесесі де ауызына тақап барып тоқтады.
- Сонда сіз маған қандай ұсыныс айтпақсыз.
- Менің ұсынысым біреу ғана. Ғаламшарымыздың төңірегіндегі алапат кемені жою.
-Жою!?—Үлкен ғаламшардың ел басшысы кеседегі суынан бір ұрттап, дастархан үстіне ыдысын тырс еткізіп қоя салды. - Бұл ұсынысыңыздан туындаған әрекетіміз біздің жоғары мәдени дамуымызға абырой әпермейді. Қыру, жою деген ұғым адамзат санасының балаң кезінде орын алған жоқ па еді? Сіз өткенді қайталағалы отырсыз. Мына күллі жұлдызды жүйемізді апатқа апарып тіремекшісіз.
- Ал сіздердің мына әрекеттеріңіз онан да қатерлі.
- Қалайша?
- Егер ғаламшарларымызда үлкен адамдар пайда бола бастаса, қазіргі табиғат байлығымыз жұқ та болмайды. Ол таусылған соң халық қалай өмір сүрмек? Ғаламшарларымыздағы күллі тамақ пен кен байлықтарын тауысуға жүз алап та жеткілікті. Тек тамақ пен табиғат байлығы ма, қысылғанда олар халықты қыруға кіріседі.
- Ойыңызды түсіндім, - деді үлкен ғаламшар елінің басшысы, - қатер жоқ демеймін. Бірақ Күн жүйесінің ғалым-ғарышкерлері сығылу аймағынан шығып кеткеннен кейін бұл мәселені доғармаймыз ба?
- Адамдар әртүрлі. Қай нәрсені де адам баласы жаманшылық үшін жасамайды. Бірақ соны кейбіреулер өзінің басқа мақсатына пайдалана бастайды. Күн жүйесінен келгендер сығылу аймағынан шығып, қайтадан кеңістігіне еніп, үлкейіп, өз жүйелеріне оралғаннан кейін мұнда ондай ғажайып нәрсені қайталайтындар табылады дейсіз бе?
- Табылады. Оған еш күмән жоқ. Бірақ біз ел басшылары емеспіз бе? Енді кім келе қалса да алдын ала дабыл беріп ондай жағдайға жібере қоймаймыз. Қадағалаймыз.
- Ол мүмкін емес. Патша елге патша деп саналғанымен оның басшылық ететін адамдары айналасында ғана болады. Ал күллі халықты басқаратындар сол патшалықтың айналасындағылар. Солай емес пе? Біздің жарлығымызды тарататындар да басқалар. Бұл жағын да ойлануымыз керек.
- Біздің өзара түсіністігіміз күрделеніп барады, - деді үлкен ғаламшар елінің басшысы, - пікірлеріміз де бір біріне қарама-қайшы. Қысқасын айтқанда, мен алыс жұлдыз жүйесінен келген меймандардың алапат кемесін жоюға бұйрық бере алмаймын. Олар қазір елдеріне қайтуға әзірленіп жатыр. Кемені басқаратын алты алып темір адамды да өздері құрастырып алды.
- Оны білемін, - деді көрші ғаламшардың ел басшысы, - бірақ біз олардың қайтпағандарын қалаймыз. Егер біз олардың кемелерін жоқ етсек, ол жұлдыз жүйесінен екінші рет мұндай кеме келмейтін болады. Ал егер жоқ етпесек, ертеңгі күні ғаламшарымызға қайтадан қауіп төнеді.
- Бұл сөздеріңіздің жаны бар. Біздің кіші әлем кеңістіктегі өрмекшінің торындай ғана жүйе болды ғой. Сол тордың шетіне іліккен ғарыш кемесіндегілер өзімізбен бірдей болып шыға келді. Сонда сіз олардың алапат кемесін жоқ етуді қалайсыз?
- Иә. Әңгімеміздің түйіні де осы.
- Бір бірімізді ренжітіп көрмеген ел басшылары едік. Жақсы, мен айналамдағылармен кеңесейін. Олар не дер екен. Ойға келмеген қатерді есіме салып, ескерткеніңізге көп рахмет.
- Рахмет дейтін ештеме де жоқ,—деп көрші ғаламшардың ел басшысы орнынан тұрды, — уақыт біршама болып қалды. Біздің бұл әңгімелерімізді барлық ғаламшарлардың тұрғындары мұқият бақылап отыр. Енді уақыт жоғалтпай іс-әрекетке кірісейік.
- Әрекет керек. Тек бірөкініштісі, алты алып темір адам сол алты ғалым-ғарышкердің билігінде. Темір адамдардың әрқайсысы ғарышкерлердің әрбірінің ұқсасы етіліп жасалған. Темір адам мына патша мені де, қарапайым халықты да таңдап-талғап жатпайды. Олардың «милары» Күн жүйесінен келген ғарышкерлердің миларымен биоток арқылы байланыстырылған. Сондықтан да олар бізге бағынбайды.
- Мұндай болса, біз өзімізді тыңдайтын, бұйрығымыздан шет шықпайтын өз темір адамдарымызды жасап аламыз.
- Ал олар күндердің бір күнінде өз ғаламшарымызға, күллі халқымызға қатер төндіріп жүрмей ме?
-Жоқ.
- Қалайша жоқ дейсіз? Екі жақтың алып темір адамдары өзара күреске түссе ше?
- Күресе берсін. Ондай жағдай да күресті біз тек ғарыш кеңістігінде жүргізетін боламыз.
Үлкен ғаламшар елінің басшысы ойланып қалды. Қарсы сөз де айтпады. Көрші ғаламшар елінің басшысының оң қолын оң қолымен қыса ұстаған бойда дәлізге қарай бастап жүрді. Айналасындағы осы сөздердің бәрін де мұқият тыңдап тұрған санаулы адамдар да солай қарай бет алған. Үлкен үйдің кең бөлмесінде шешілген бұл мәселеден қарапайым халық аз хабардар еді. Елге жариялауға қажетсіз деген мәселені әзірге құпия ұстаған. Сыртқа шыққаннан кейін көрші ғаламшардың ел басшысы өздерінің ғарыш кемесіне қарай асықты. Сөйтіп екі ғаламшардың ең ірі деген елдерінің басшыларының арасындағы келісім осы дәрежеде шешілді.



Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   43




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет