СОҢҒЫ АЯЛДАМА Тәкен бастаған ғалым-ғарышкерлер тобы кіші әлем төңірегінде ой- толқынысынан шыға алмай айналып ұшқаннан кейін ондағы ерекше көз тартқан үлкен ғаламшарда біржолата қалуды ұйғарды. Бұл дұрыс шешім еді. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана кемедегі аса қуатты радиодыбыс қабылдағыштар арқылы Жер ғаламшарынан жаңа мәлімет алған. Сол мәліметтен ғалым-ғарышкерлер онда да үлкен кеңістіктік өзгерістердің болып жатқанын білген еді. Күн жүйесі кеңістігі де сығылуға бет алыпты. Сығылудың не екенін, ондай сығылған кеңістікке мынандай алапат жұлдызаралық кемемен ұшып барып енудің не екенін, оның нәтижесінің неге апарып соғатынын ғалым-ғарышкерлер енді жақсы білетін еді. Сондықтан да осындай шешім қабылдаған. Тәкеннің бұл ұсынысын ауыр болса да қалғандар мақұлдаған. Жерге, елге деген сағыныштары да енді өздерінен Жерге төнетін қатердің астында қалғандай. Бұл азаматтық, парасаттылықтың үлкен көрінісі де еді.
Тәкен қарсы алдындағы үлкен экранда көрініп тұрған шағын ғана Күн жүйесіне қадала, қимай ұзақ қарады да, демін терең алып барып сапарластарына бұрылып:
- Достар, - деді дауысы дірілдей шығып, - тағдыр маңдайымызға аман-есендікті жазғанымен, Күн жүйемізге, ондағы өзімізге ыстық Жеріміз бен туып-өскен елімізге қайта оралуды жазбапты. Оның мәнісін өздерің де жақсы түсініп тұрсындар. Жерге ораламыз деп ондағы күллі жүйені осындағы кіші әлем сияқты шайқалтып алғаннан не ұтпақпыз? Ол қасіреттен гөрі өз жанымызды іштей жеген ішкі қасіретіміз артық болар. Біздің бұл жұлдыз жүйесінде біржолата қалуымыз Жермен, елмен біржолата қоштасуды білдірмейді. Біз енді мына үлкен ғаламшарда ғұмырымызды одан әрі қарай жалғастыратын боламыз. Үлкен ғаламшарда қалған адамдармен бірге өсеміз, бірге ұлғаямыз. Осында отбасын да құрамыз. Бізден тараған ұрпақтар тыныш қала алмас. Олар біз жүзеге асыра алмаған са- парды жүзеге асыратын болады. Күн жүйесі де сол қалпында мәңгілік сығылған күйде қалмақ емес. Оның да қайта ұлғаюға бет қоятын күні туар. Сол кезде біздің ұрпақтарымыздың олармен аралас-құраластығы да басталар. Бұл жарық та жылы дүниеге уақытша келген кез келген пенденің арман-мақсаты да осылай емес пе? Кім кім де өзінің де, өзгенің де ұрпақтарының болашағы үшін ғұмыр кешпей ме? Сол ұрпақтардан ғана қоғам құралмай ма? Енді біздің алдымызда мына бас көтерер адамсыз қалған үлкен ғаламшарды қайта жандандыру, өркениет дәрежесіне жеткізу міндеті тұр. Осыны дұрыс түсініңдер достар.
Бөлме ішін шыбын ызыңы естілердей тыныштық басқан. Тек анда-санда терең алған тыныстарының дыбысы ғана естіледі. Ұлудай адам ғалым-ғарышкерлердің тағдырларының бұлайша күрт өзгеріп кеткеніне қайран болғандай әрқайсысына жаутаңдай карайды. Бірақ онда да тіл жоқ. Бәрі де ішінде. Өзінің жұлдызды әлемінде біржолата қалатынын іштей сезініп, іштей оған қуанып тұрса да, бір жағынан ғалым-ғарышкерлердің тағдырлары жүрегін сыздатып та барады. Қандай ауыр. Адам баласына туып-өскен жеріне қайтып жете алмағаннан өткен өкініш жоқ. Бірақ, ғалым-ғарышкерлер өздерінің ішкі күйіп-жанып жатқан жандүниелерінен гөрі сонау Жердегі, елдегі адамдардың тағдырларын көбірек ойлайды. Сондықтан да оған қарай баратын жұлдызаралық жолдарын өз қолдарымен кесті.
Адам баласының мінез-құлқы, психологиясы әртүрлі. Біреу қиындыққа төзімді, екінші біреу оған төзе алмайды. Дегенмен де, жұлдызаралық сапарға анау-мынау адам аттанбайды. Бұл сапарға шыққан алты бірдей қазақ арыстарының төзімділіктері бөлек еді. Солай бола тұрса да азамат шыдап тұра алмады.
- Шынымен-ақ осы жұлдыз жүйесінде біржолата қалғанымыз ба? Мен Жерді, елді, әке-шешем мен туған туыстарымды, достарымды бұл дүниеде бар болса да, жоқ болса да сағындым! Бұл жарық дүниеде енді қалайша шыдап жүрер екенмін! Армандап өтетін болдым ғой, қасиетті Жерімді, елімді, өле өлгенше, — деп босаған көңілін ұстай алмады.
Қалған бесеудің де бастары төмен түсіп, көз шараларына ыстық жас тығылған. Бәрі де алдарындағы экраннан көз алмайды. Ондағы әлі де болса көрініп тұрған шағын ғана Күн жүйесіне қимай қарайды. Тәкен, қанша дегенмен де кеме құрамының басшысы болғандықтан көз шараларына тығылған ыстық жасты сапарластарынан жасырып, теріс айналып кетті. Өзін қанша қатаң ұстап, осындай шешім айтып, оған достарын көндірсе де, енді тұла бойы босап, ет-жүрегі дүрсілдеп ала жөнелген. Бірақ, жұлдызаралық сапар деген қашан да осылай. Ауыр операцияға жатар алдында адам өзіне, сол операцияны жасайтын дәрігерге «Маған бір жағдай болып кетсе, оған ешкім де жауапты емес» деп қолхат жазып қалдыратыны сияқты, ғалым-ғарышкерлер де Жерден осылай қарай аттанар алдында шығарып салушы ғалымдар мен мамандарға, жұлдызаралық сапарға жауапты адамдарға: «егер де біз осы жұлдызаралық сапарда қандай да бір жағдайға ұшырап, Жерге орала алмасақ, оған бізді сапарға дайындаған адамдардың ешқайсысы да жауапты емес» деген қолхаттарын қалдырған.
Тәкен де, қалған ғалым-ғарышкерлер де естеріне соны түсірді. Тек содан кейін барып қана бойларында бір қатандық пен жігер пайда бола бастады. Азаматтан кейін қалғандар да Жерге, елге деген сағыныштары мен оған жете алмайтын өкініштерін армансыз айтып шыққан. Сол кезде экрандағы Күн жүйесінің бет-бейнесі де бірте-бірте күңгірттеніп сала берген. Тәкен енді ерекше қатайып кетті. Экран алдындағы қажетті деген бір түймені Темірбектің басуына рұқсат берді де, өзі экранға қарап тұрып:
- Құрметті Жердегі, елдегі, туып-өскен ауылдағы әке-шеше, туыстар мен дос-жарандар, жалпы Жер тұрғындары! Біз, Егіздер шоқжұлдызы бағытында жұлдызаралық сапарға аттанған ғалым-ғарышкерлер Тәкен, Азамат, Сәлмен, Сәрсенбі, Жақан мен Сейдолла сіздер жолдаған жаңа хабарды алдық! Ол үшін, біздің сіздерге деген алғысымыз шексіз! Енді міне, сіздерге өзіміздің де дін-аман екендіктеріміз жайлы телерадио дабыл жолдап отырмыз. Бірақ біз бұл жұлдызаралық сапарда аз қиындықты басымыздан кешкен жоқпыз. Ең басты қиындық пен қатер өзіміз ұшып жеткен жұлдыз жүйесінің сығылу сәтіне тап келгеніміз болды. Біз осы алапат кемемізден ол сығылу аймағынан қайта шыққанымызда кіші әлем жүйесінде үлкен шайқалыс орын алды. Содан оған сырттан шағын ғаламшарды сүйреп алып барып, алапат кемеміздің орнын толтырдық. Артынша ол ғаламшар жүйеге кірікпей, орталық Жұлдызының тартылыс өрісін жеңе алмай, оған қарай жылжып барып, сол орталық Жұлдыздың кенеттен тұтануына себепкер болды. Жұлдыз жүйесі үлкен өзгеріске ұшырады. Көптеген ғаламшардағы саналы-санасыз тіршілік иелерінің көбі дерлік жойылып кетті. Тек өзіміз болған, өзіміз үлкен ғаламшар деп атаған ғаламшардағы шығын аздау болды. Енді сіздер де бізге жолдаған жаңа мәліметтеріңізде Күн жүйесінде де сығылудың басталғанын айтыпсыздар. Біз бастан өткен қасіретті сіздерге сыйлағанды жөн көре алмаймыз. Мына алапат кемемізден кішірейген әлем кеңістігіне енсек, дәл осындағы сияқты қасірет қайталанады. Сондықтан да біз осы жүйедегі үлкен ғаламшарда біржолата қалуды шештік. Жандүниемізге де, сіздерге де ауыр болса да, адам баласының дін-аман болашағы үшін осылай жасадық. Мұнымызға үлкен түсіністікпен қарауларыңызды өтінеміз. Біз Жерді, елді, сіздерді қатты сағындық! Амал не, ел амандығы ол сезімнен жоғары қашан да! Сондықтан да бұл жұлдыз жүйесі мен Жер арасын енді ұрпақтарымыз жалғастыратын болады! Хош, аман-сау болыңыздар!..
Тәкеннің соңғы сөзі дірілдеп шықты. Мұны мұқият тындап тұрған қалғандар да өздерін өздері әрең ұстаған. Ұлудай адам не істерін білмей көзімен ғалым-ғарышкерлерді шолып өтіп барып, Тәкенді құшақтай алған. Қанша ғарышкер, қанша батыл да батыр болса да бәрінің де көз шараларынан тағы да ыстық жас төгілді. Осылайша бәрі де біршама уақыт бойы үн-түнсіз тұрып та қалды. Тек содан соң барып Тәкен ұқсасына экранды сөндіруге бұйрық берді де, үлкен иллюминатор арқылы көз алдарындағы үлкен ғаламшарға қадала қарады. Ендігі Жерлері де, елдері де осы үлкен ғаламшар болмақ! Басқа басар жер де, шығар тау да жоқ енді.
Сәлден соң Тәкен Темірбекке бұрылып, жай ғана басын изеді. Темір адам болса да ми жүйесі Тәкеннің ми жүйесімен тікелей байланысты болғандықтан мән-жайды тез түсініп, батпандай-батпандай саусақтарымен кеменің басқару пультіндегі панельдегі бір түймені жай ғана нұқыды. Алапат кеме кең кеңістікте бір аунап алғандай айнала бұрылды да, енді-енді қайтадан кеңеюге бет қойған жұлдыз жүйесіндегі үлкен ғаламшарға қарай бет қойды.
Бірақ әзірге ол ғаламшарға алапат кемемен қонуға болмайтын еді. Сондықтан да алапат кеме үлкен ғаламшардың төңірегіндегі айналымжолға шықты. Ал кейін, бұл кеңістік ұлғайған кезде кеме ғаламшардың тұрақты жасанды серігіне айналмақ. Үлкен ғаламшарды бірнеше рет айналып, оның бет-бедерінен қонуға лайықты аймақты анық тапқаннан кейін алтауы кемедегі күллі тіршілік иелерін арнайы кемеге салып, өздері барлаушы кемеге отырып, алапат кемені автоматты жүйеге қойды, темір адамдардың бойларындағы тоқтарын жойды. Содан соң кеменің арнайы қақпасы арқылы үлкен ғаламшарға қарай аттанып кетті.
Уақыт өткен сайын алапат кеме алыстап, алыстап бір дөп-дөңгелек аспан денесіндей болып қала берді. Ғалым-ғарышкерлерге енді ол біраздан соң тап бір Жер ғаламшарының жалғыз табиғи серігі - шартабақ Айдай болып елестеген. Ол енді шын мәнінде де түн мезгілдерінде мына ғаламшардың бетіне күміс сәулесін төкпек. Ғалым-ғарышкерлер үлкен ғаламшарға қонып келе жатып енді ол алапат кемеге жуық арада қайтып бара алмайтындарын да сезді. Өздері мінген барлаушы кемесі де, жүк кемесі де бір ғана сапарға жарайтын еді. Сондықтан да алапат кеме аспан кеңістігінде тап Айдың өзіндей ғана болып қала бермек.
Барлаушы кемелер үлкен ғаламшардың бетіне таяған кезде ондағы қайта жандана бастаған жасыл табиғат ерекше көз тартты. Ешқашан ештеме болмағандай мүлгіп тұр. Енді мұнда бір кездері жыпырлаған қалалар, мың-сан көліктер, әуе-ғарыш кемелері мен жұлдызаралық кемелер, оларды жасаған оркениетті ел болды деп кім ойлар? Олардың болғанына тек өздері ғана куә. Тәкен, Азамат, Сәлмен, Сәрсенбі, Жақан, Сейдолла мен ұлудай адам. Үлкен ғаламшардың ендігі саналы, білімді, парасатты иелері де өздері болмақ. Алдағы өмір-тіршіліктері осында жалғаспақ. Барлаушы кеме мен жүк кемесі ғаламшар бетіне қонған мезетте топ-топ адамдар жан-жақтан қоршап та алды. Олар осы ғаламшарда жан сауғалап қалған адамдар мен олардың ұрпақтары еді. Бәрі де қуанышқа бөленген. «Ата-бабаларымыз бір заманда Жерді де осылайша игеріп-өркендеткен, - деп жігерлендірді Тәкен сапарластарын, - енді бұл да біздің төл ата-мекенімізге айналады».
1975 жыл
МАЗМҰНЫ Бірінші бөлім................................................. 3
Екінші бөлім...................................................63
Үшінші бөлім... ..............................................117
Тертінші бөлім...............................................162
Жүніс САХИЕВ ЖАСАМПАЗДЫҚ ҚИЫРЫНДА Ғылыми-фантастикалық роман
Редакторы Ғұсман Жандыбаев
Техникалық редакторы Елена Имамниязова
Серияның суретші-дизайнері Жеңіс Қазанғапов
Компьютерде қалыптаған Гүлнұр Жадыранова
Басуға 17.06.2009 ж. қол қойылды. Пішімі 84x108.
Офсеттік қағаз. Қаріп түрі “Times New Roman”. Шартты баспа табағы 12.75. Есептік баспа табағы 13,48.
Тапсырыс № 23-09
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі “Білім” баспасы, 050009. Алматы қаласы, Абай даңғылы, 143-үй.
Тел: 277-89-84, 243-48-11. E-mail: bilim05@mail.ru