ҒАЛАМШАР СҮЙРЕГЕН КЕМЕ Жерден келген ғалым-ғарышкерлерге аспан денесін бір жұлдыз жүйесінен екінші бір жұлдыз жүйесіне сүйреп алып бару ештеме де емес еді. Өйткені олар осы жұлдызды жүйеге қарай ұшып келе жатқанда алапат кеменің арнайы зат ұстағыш қондырғылары арқылы шағын аспан денесін кемеге тіркеп алып, сол бағытымен кете баратын. Ондағы мақсат — шағын ғаламшарды қосымша жанармай ретінде пайдалану еді. Мұндай әдісті жұлдызаралық сапарға шыққан көптеген ғарышкерлер қолданады. Бұлар да сондай бір әдісті қолданған болатын жұлдызаралық ұзақ жолда.
Тәкен, өзіне де, өзгеге де таныс жұлдыз жүйесіне жақындаған кезде Темірбекке кемені тежеуге бұйрық берді. Ол сол замат адамнан да шапшаң қозғалып, әміршісінің айтқандарын бұлжытпай орындады. Кеменің тежеуіш жүйелері іске қосылды. Таныс ғаламшардың жанынан ұшып өтіп бара жатып, өздері аялдаған аймақты да темір адамдардың арқасында анықтап көріп алды. Сөйтіп, алдарындағы көздеген шағын ғаламшарға таяған. Оның үлкендігі де алапат кеменің өзімен шамалас. Әдетте, бұлар кеңістікте алапат кеменің өзінен көп кіші ғаламшарды ұстайтын . ал мынау онда жұлдызаралық жолда ағып ұшып бара жатып шыбындай қағып әкете қоятын аспан денесі емес. Көп күш керек. Бірақ, мына кеңістіктегі салмақсыздық оның салмағын азайтып жіберген.
Тәкен осы жағына үлкен үміт артқан. Сондықтан да аспан денесін кемемен айналып өткеннен кейін оның өз айналым жолымен қозғалу бағытына қарай ойысты. Ғаламшардың алдына түсті. Енді темір адамдардың тағы бір сыннан өтер кезі келді. Сын болғанда да үлкен сын. Бір жұлдыз жүйесінде айнала қозғалып жүрген аспан денесін сол жұлдыздың тартылыс өрісінен босатып шығарып алу да оңай іс емес. Алапат кеме аспан денесіне, ал аспан денесі кемеге қарай жақындай берген. Бұл бір жағынан ер төңірегіндегі екі үлкен ғарыш кемесінің бір бірімен жайлап келіп түйіскен сәтін көзге елестеткен. Тек көлемдері басқаша. Егер аспан денесі шағын тас қана болса, онда кеменің қорғаныс жүйелері оны оп-оңай қағып алып, тіркеген болар еді. Ал бұл алапат кеменің өзімен бара-бар дене. Сондықтан да өте абай болу қажет.
Жай көзге бейнебір кеңістікте ешбір қозғалыссыз тұрғандай болып көрінетін аспан денесіне мейлінше жақындаған кезде оның қаншалықты жылдамдықпен ағып жылжып бара жатқаны анық байқалды. Сондықтан да онымен түйісе салу аса қауіпті еді. Темір адамдар ғалым-ғарышкерлердің басқаруларымен шебер қозғалған. Алапат кеме аспан денесінің айналым-жолына, оның алдына түскеннен кейін де біршама уақыт бойы ұшты. Бұл уақыт аралығында ғалым-ғарышкерлер аспан денесінің кемеге қараған жағын бейнебайланыс жүйелері арқылы әбден көріп-бақылап алды. Ғаламшардың бұл бүйірінде де жыпырлаған көп қазаншұңқырлар бар екен. Үлкендері ерекше көзге түседі. Аспан денесінің бұл жүйеге сырттан келіп тап болғаны да білінеді. Оны ғарышкерлер аспан денесінің жалпы құрылысына, бетіндегі майда-майда қазаншұңқырларына қарап білген.
Онысы ғалым-ғарышкерлерге пайда да еді. Аспан денесі қандай да бір жұлдыз жүйесіне сырттан келіп киліксе, оны ол жүйеден қайта шығарып әкету де оңай. Мұндағы жүйе кеңею кезеңінде болғандықтан жүйеден бір аспан денесінің сыртқа шығып кеткенінен пәлендей ауытқушылық туындамайды. Ал егер бұл жүйе сығылу кезеңінде болса, онда бір ғаламшар шығып кеткенде кіші әлемдегідей шайқалыс орын алмақ. Әрине, бұл жұлдыз жүйесінде тіршілікке қолайлы ғаламшар жоқ. Бірақ бұл ғаламшарларда да жалпы ғаламшарларға тән табиғи процестер өтіп жатады. Сондай ғаламшардың бірінде болған ғалым-ғарышкерлер өткен жолы. Енді соның көп серігінің бірін әкетпек.
Ғаламшар кемеге, кеме ғаламшарға мейлінше таяған кезде іште қарбалас басталып кетті. Енді темір адамдардың өздерін темірге санау қиянат сияқты еді. Олар ширақ қозғалуда. Басқару пульті панеліндегі жыпырлаған түймелердің керекті дегендерін жылдам басады. Быдайша қарағанда, адамның ойлаған қимылын бұлжытпай қайталайтын театр қуыршақтары сияқты. Бірақ онда адам қуыршақтың қол-аяғын, басын, бүкіл денесін арнайы жіп арқылы қозғалтып отырады. Ал мұндағы көрініс онан мүлдем басқаша. Темір адамдар, керісінше, ғалым-ғарышкерлердің өздерінен әлдеқайда үлкен. Оның үстіне олар ми биотогымен басқарылады. Мұнда қолмен әрекет жасаудың мүлдем қажеті жоқ. Сондықтан да темір адамдар ғалым-ғарышкерлердің айтқандарын айтып, жасағысы келгенін бұлжытпай жасайды. Нағыз ұқсастары болып табылады.
- Тежеу күшейтілсін!- деді бір кезде Темірбек
- Түсінікті! Тежеу күшейтілсін! - деп оның сөзін Алғыр қайталады.
- Аспан денесіне мейлінше жақындадық, - деді осы кезде Сәттібек.
- Қармау жүйесі іске қосылсын, - Серәлі сөзге араласты.
- Аспан денесіне қарай аса жуан қадалғышты бағыттайық, - деді сол кезде Темірбек.
- Түсінікті, - деді оған Алғыр, - бейнешыныда оны көрініп тұрған кішкене қазаншұңқырға туралайық.
Осы сөзден кейін кеме ішін үнсіздік басты. Бұл шешуші сәт еді. Алапат кеме аспан денесіне қарай, ал аспан денесі кемеге карай зымырап ұшып келе жатқандай бір көрініс орын алды. Егер екі кеме бір бірімен түйіссе, онда туралау, тежеу әрекеттері жүзеге асырылар еді. Мұнда аспан денесі өзінің әдеттегі табиғи қозғалысымен келеді. Кеме ғана тежелуде. Темір адамдар кәдімгідей-ақ қарбаласуда. Қолдары да, саусақтары да жылдам қозғалады. Бейнебір ғалым-ғарышкерлердің өздері әрекет етіп жатқандай. Ал Тәкен бастаған топ болса, сол темір адамдарды басқарып отырғандықтан терлеп те кеткен. Әрқайсысы бейнебір қуыршақ театрының әртістеріне айналғандай. Мұндағы айырмашылық, өздері кіші де, айтқандарын орындаушылары алып. Соған қарамастан ғалым-ғарышкерлер темір адамдарға өздерінің айтқандарын бұлжытпай орындатуда.
Бәрі де сәтті басталған. Сәтті өтіп келеді. Кеме де, аспан денесі де бір біріне мейлінше жақындаған. Енді аспан денесі қуалап, ал кеме одан қашып бара жатқандай бір көрініс те орнаған. Осылайша тағы да біраз жүре беруге болар еді. Бірақ аспан денесі ғарыш кемесі емес. Ол баяу да болса, өз осінен де айналады. Сондықтан да көздеген шағын қазаншұңқырдан көз жазып қалмау керек. Дер кезінде әрекетке көшкен жөн. Ғалым- ғарышкерлер бір сәтке де тыным таппай, үлкен экрандағы көріністерді аңдыған. Алдарындағы экрандағы сол көрініс, сол қазаншұңқыр аса үлкен болып көрінгендіктен анау-мынау бағыт-бағдар алудьщ өзі де қиынға соқты. Барлық ғалым-ғарышкерлер оған мойыған да, сасқан да жоқ. Тәкен өз әрекетін жасай берген.
Енді сәлден соң Темірбектің:
- Қадалғышты жіберіндер, - деген дауысы шықты.
- Түсінікті, - деді оған Алғыр.
- Жіберілді, - деді оның артынша Сәттібек.
Алапат кеменің бүкіл денесі солқ ете түсті. Бейнебір оның жартысы бөлініп шығып, кеңістік тереңіне қарай зымырап ұшып жөнелгендей. Өздері әзірге кіп-кішкентай болғандықтан ғалым-ғарышкерлер солқ еткен қозғалысты оншалықты сезе қойған жоқ. Ал темір адамдар болса, отырған орындықтарынан қатты шайқалып, кейбірі еденге құлап та түскен. Бірақ олар орындарынан тез тұрды. Ғалым-ғарышкерлердің бұйрықтарын бұлжытпай орындап, күрделі әрекеттерін одан әрі қарай жалғастыра берді.
Бұл кезде алапат кемеден ұшып шыққан үлкен қадалғыш құрылғы алдын ала берілген бағыт-бағдар бойынша ұттып отырып, аспан денесінің өздеріне қараған жағындағы шағын қазаншұңқырға барып дәл қадалды. Одан бұрқ етіп шыққан шаң-тозаң жоғары көтеріліп, онда не болып жатқанын біршама уақытқа дейін көрсетпей жіберді. Тәкен алғашында ол қадалғышты шағын қазаншұңқырға дәл түспеді ме деп сезіктеніп те қалған еді. Жоқ, іс сәтті өтіпті! Шаң-тозаң басылысымен, көздеген шағын қазаншұңқырға тікелей қадалған қадалғыш ап-анық көрінді экраннан.
Ол жай ғана бір қадалғыш емес еді. Оның ішінде қадалғыш қадалған жердегі топырақ пен қиыршық тастардың құрамын тез анықтап хабарлайтын арнайы күрделі жүйелер де бартын. Сол арқылы ғаламшар қазаншұңқырындағы топырақтың құрамы мен қадалғыштың қалай қадалғаны тез арада анықталды. Қадалғыштың бас жағы кәдімгі мұхит пен теңізде жүзетін кемелердің тұмсығына ұқсаған. Оның үстіне қадалғыш тек кемеден емес, ішіндегі күрделі жүйелер арқылы да басқарылады. Ұшы көзделген нысанаға барып енген кезде арнайы дабыл беріледі. Мұндай іс әзірге болған емес. Бірақ ол Жерден ұшпай тұрған кезде тәжірибеден өткізілген. Сондықтан да Тәкен ештемеден сасқан жоқ. Қадалғыш қажетті жерге, қазаншұңқырға барып қадалып, көтерілген шаң-тозаң басылып, экраннан оның айналасы ап-анық көріне бастаған сәтте келесі бұйрығын Темірбек арқылы былайша жеткізді.
Кемедегі барлық күрделі жүйелер мұқият тексерілсін!
- Түсіндік, - деді оған Алғыр.
- Жылдамдық қадағалансын!
- Жылдамдық қалыпты, - деді Алғыр тағы да.
- Енді ғаламшардың өз осінен айналуын бақылауға алайық, — деді Темірбек.
- Түсінікті, - деді Алғыр.
Басқа төрт темір адам - Сәттібек, Серәлі, Жақсылық пен Серік те қарабаласуда. Жерден келген алты ғалым-ғарышкерлер де енді күшейгендей. Орталарында ұлудай адам. Ол бүгінде мына алапат көрінетін кемеге де әбден үйреніп алған. Енді біраз уақыт өткенде өзінің өсетінін де есіне түсіріп, жанындағы достарына әр нәрсені айтып қояды. Ұлудай адам қазақтілін жақсы меңгеріп алған. Таза сөйлейді. Мақалдап қоятынын қайтерсің. Бұл оның тіл білу қабілетінің қандайлық күшті екенін де айқындай түскен. Алты ғалым-ғарышкердің дәл қазір қатты абыржып, алдарындағы байланыс жүйелерінен көз алмай отырғандарын түсініп, кедергі жасамауға тырысады. Көмек қажет болған жағдайда демеп отырады. Тәкен де, басқа ғалым-ғарышкерлер де онысын жақсы түсінеді. Бірақ, сонда да оны көп мазалай бермеуге тырысады. Ұлудай адам бір істі жасағанда, көмектескенде артық айтқызған емес. Ол осы кемеге тап болып, ғалым-ғарышкерлермен араласып, үйреніскелі кеп нәрсені тындыруды армандап та келеді.
Қазіргі жағдайда да оған артық сөз айтудың еш қажеті жоқ еді. Кеме ішінде оның да қарбалас ісі жүріп жатты. Жыпылық қаққан түрлі-түсті шамдар, түрлі көлемді, түрлі-түсті экрандар. Солардың бәрі де алдағы шағын ғаламшардың бет-бейнесін ап-анық етіп көрсетіп тұр. Енді сәлден соң тіпті, оның өз осінен айналуы да ап-анық көріне бастаған. Бұл керек нәрсе еді. Аспан денесін сүйретуден бұрын оның өз осінен айналуын тоқтату керек. Қадалғыштың ішінде ондай әрекет жасайтын құрылғы да бар-тын. Ғалым-ғарышкерлер мен темір адамдар арнайы байланыс құралы арқылы онымен де жиі-жиі байланыс ұстап отырды. Кеме мен аспан денесінің арасындағы жуан әрі мықты арқан бірте-бірте керіле берді. Соның артынша шағын ғаламшардың өз осінен айналуы кілт тоқтады. Енді қауіп жоқ еді. Тәкен Темірбек арқылы кеменің ұшу жылдамдығын арттыра түсуді білдірді. Аспан денесі өзінің айналым жолынан бірте-бірте шығып, кіші әлемге қарай бет қойды. Енді сырттан қараған адамға қараңғы кеңістікте бір біріне тіркелген екі жарық дене жылжып кетіп бара жатар еді. Ол осы — үлкен кеме мен аспан тасы — ғаламшар. Ұшу бағыттары да түсінікті. Уақыт өткен сайын олардың ұшу жылдамдықтары арта берді, арта берді.