ҒАРЫШТАҒЫ ҚУАНЫШ
Тәкен бастаған ғарышкерлер тобы алапат кеме ішін мұқият аралап көріп, көңілдерін орнықтырып, біраз серуен жасады. Қанша үлкен болып қалса да ыстық болған соң да оның ішінде көп айналшақтаған. Бұл жүйедегі ғаламшарға қайта баруға ықыластары болмады. Қай кезде де бұл кеме бәріне де ерекше бөлек ыстық. Жерде жасалынған жа- сыл табиғатын сағынғандарын да жасыра алмайды. Оранжереяға барған сайын, кіші ғаламшарға қараған сайын көз алдарына тек Жер елестейді. Уақыт өткен сайын темір адамдар да бейнебір өздері сияқты Жерді, елді сағынғандай ширай түскен. Олар берілген биоток бойынша іске кіріседі. Соған қарамастан өздері аса кішкентай болса да кеменің талай-талай тетіктерін тексерген. Бұрын саусақтары ғана сиятын құбырларға енді өздері де емін-еркін ене алады. Тек бір қиындығы, қай нәрсенің де аса үлкендігі ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан да тексеру жұмыстары кезінде бойлары жетпеген қажетті жерлерге темір адамдар көтеріп жеткізеді. Темір адам дегені болмаса, олар да адамша киінген. Денелері жұмсақ, терілері де адам терісінен аумайды.
Ғалым-ғарышкерлердің олармен емін-еркін жүріп-тұратындары да содан. Олар мұнда дайындық-жаттығу жасаудан жалыққан емес. Қай қайсысының да кеуделерін ерекше бөлек бір қуаныш сезімі кернеген. Сығылу аймағына ілігіп, тұтқынға түскендей болған ғалым-ғарышкерлердің сенген үміттері оянып, қуаныштан реңдері де кірген еді. Кеме олардың болашақтары, кеме олардың үміті мен бақыты, ал темір адамдар құтқарушылары. Сондықтан да осы екеуіне баса назар аударады.
Темір адамдар да енді өмірге келіп, санасы оянып, қызық тіршілікке бауыр баса бастаған адам пенденің өзіндей болып жүр. Олар ғалым- ғарышкерлер ойлаған, жасағысы келген нәрсені де тез орындайды. Мұндағы бір қиындық, ғалым-ғарышкерлердің ой-жүйелерінің ретті болуы. Бір нәрсені ойлап тұрып екінші бір мәселеге ойысып кетуге болмайды. Ондай жағдайда темір адамдардың арасында да ой қайшылығы туындайды. Егер осы алтаудың бірінің кереғар немесе жаман ой-пиғылы болса, онда жағдай одан да бетер шиеленісе түспек. Тәкеннің негізгі ойлағаны да осы еді. Жаттығудың ұзаққа созылғаны да содан.
Әуелі бәрі де темір адамдарды қысқа ғана уақытқа іске қосып байқаған. Содан кейін ғана уақытты бірте-бірте созған. Ендігі басты мақсат елге оралу болғандықтан қай қайсысының да ойларында жақсы ниет, жақсы мақсат пен арман бар еді. Сондықтан да кеме ішінде емен-жарқын әңгімелер айтылып, ширақ қимыл-әрекеттер болып жатты. Бір жағынан қарағанда, бұл көріністің өзі де қызық. Алып темір адамдар өздерінше әңгімелесіп, берілген тапсырмаларды мұқият орындап жүр. Егер кіш-кентай адамдарды байқамаса, сырттан келген адам мұнда тек қана темір адамдар әңгімелесіп жүр ме деп түсінген болар еді. Бірақ жағадай мүлдем басқаша-тын. Бұл да өзінше адамның голографиялық бейнесі тәрізді. Бірақ мұндағы көрініс фильмдегі көрініс сияқты емес, тап кәдімгі өмірде өтіп жатқандай бір құбылыс. Тәкен, Азамат, Сәлмен, Сәрсенбі, Жақан мен Сейдолла өздерінше әңгімелесіп, ара-тұра әңгіме айтып, емен-жарқын күліп отыр да, ал алып темір адамдар соны қайталап жатыр. Мұндай әдіс жаңалық болмаса да, дәл қазір қажет еді. Оларсыз ғалым-ғарышкерлердің күні жоқ. Өздерін мына сығылу аймағынан шығарып алатын да солар. Сондықтан да өздері олардың алапаттай темір алақандарында жүрсе де телерадиобайланыс арқылы бұйрықтарын береді. Биоток арқылы оларды дұрыс ойлауға, ойларындағыны дәл орындауға мәжбүр етеді.
Осындай қуанышты минуттар сырғып өтіп жатты. Ғалым-ғарышкерлер бірінен кейін бірі әңгіме айтып, өткендерін еске түсіру мақсатында бейнефильмдерді де қайталап көрді. Сығылу аймағына тап болып кішірейгенге дейінгі түрлері де енді үлкен әрі қызық сияқты. Нағыз алып адамдардың өзі екен. Ал өздері сол үлкен кездерінде бәрі де көзге үйреншікті еді. Мына кіші әлем де бір ғажайып болып көрінген. Сол кезде бейнефильмге түсірілген кіп-кішкентай ғаламшарлар да енді үп-үлкен. Өздері қонып, аяқ басып жүрген, дәм татқан, табиғатын қызықтаған ғаламшар да тіп-титтей көрінген еді ол кезде. Енді ол ғаламат болып ұлғайып кеткендей. Әлемнің мұндай салыстырмалылық көрінісі қай-қайсысына да ерекше белек әсер берген.
Бейнефильмді мұқият көріп болғаннан кейін ғалым-ғарышкерлер назарларын хайуанаттар мен құстар бөліміне аударған. Ондағы түрлі хайунаттар мен құстар да кішірейіп кеткен. Ол болса да әуелден белгілі. Ол енді бір жағынан жайылым мен су жағын үнемдеуге көмек болғандай. Оларға үлкен кездерінде әрең жетіп жататын жем-шөп те енді мол. Олар кемеге алынған жем мен шөпті енді талай жылдар бойы қорек етпек. Ғалым-ғарышкерлер ол бөлімдерді аралай жүріп, алып темір адамдарға қажетті жұмыстарды істетті. Не істесе де осы бір минуттар олар үшін ең бақытты минуттар еді. Қай-қайсысының көкейінде де Жерге, елге деген ерекше бөлек сағыныш сезімі тұрды. Ол сағыныштары күн өткен сайын күшейе түскен де. Өздері болған ғаламшарға енді болса да көңілдері шаппаған. Олай қарай ұшса, енді одан қайтып ұшып шыға алмайтындай сезінеді. Тағы да кішірейе түсетіндей үрейленеді. Онымен салыстырғанда кеме іші болса да бұл Жермен бірдей әсер береді. Жердің сыңарындай, оның жалғыз табиғи серігі Айдай десе де болғандай. Ғалым-ғарышкерлер енді тек осы сығылу аймағынан тезірек құтылып-сытылып шығуды ғана ойлайды. Егер ол ойлары жүзеге асса, онда бірте-бірте қайта қалыптарына келіп, елге сол баяғы ғарышкерлер болып оралмақ.
Тәкен кемедегі барлық бөлімдерді ретке келтіріп, барлық жүйелерді мұқият тексеріп шыққаннан кейін басқару пульті бар басқы бөлімге баруды ұйғарды. Алты алып - Темірбек, Алғыр, Сәттібек, Сералы, Жақсылық пен Серік аттары мен пешенелеріне сәйкес алты ғалым-ғарышкерді алақандарына салып, басқару пульті бар басқы бөлімге алып келді. Осы жерде де біраз әңгімелер айтылды. Әркім Жердегі өмір-тарихы жайлы қызықты естеліктер айтты. Енді одан өзге қызықты да тартымды әңгіме қалмаған да еді. Өздерінің ойлағандары мен айтқандарын алып темір адамдар қайталап айтып беріп отырды.
- Жұлдызаралық сапар деген осындай болады, - деді бір кезде Тәкен алып темір адамның алақанында тұрған бойында үлкен иллюминатор арқылы сыртқа қарап, - енді міне, ойламаған жерден осындай күйге де түстік. Әуелі қандай да бір нәрседен үмітгеніп жүрсең, кеиде кенеттен күтпеген нәрсеге тап боласың. Бұл да бір өмірдің кұпия заңдылығы болса керек. Тап осындай күйге түсеміз деп ойлаппыз ба, осы. Жараиды, болар іс болды енді. Қайталап айта бергеннен не шығады. Одан да әрекет жасалық та. Осыған дейін жасаған ісіміз де аз болған жоқ. Кеп нәрсені дайын еттік. Енді бір отырып, емін-еркін әңгімелесіп, ән шырқасақ та жарасар. Ата Жеріміздің әуендерін де тыңдайық, сол әуенге қосылып ән салмағанымызға да біраз уақыт өтіпті. Жұлдызаралық сапар болған соң осы да. Бірақ біз оны сылтау етіп, халқымыздың әні мен күиін ұмытуга тиісті емеспіз. Қайта сол әуендерді мына Ғаламға, мына кіші әлемге таратуымыз керек. Сонда ғана халқымыздың, ұлтымыздың алдындағы азаматтық борышымызды өтейміз.
- Бұл сөзіңіз де өте орынды, - деп оның сөзін Сәрсенбі қолдады, - тек од әуен құралдары бізден әлдеқайда үлкен ғой. Домбыраның ішегінің өзі де жуан бір сымдай емес пе? Қажет болса, біз енді сол жуан сымның бойымен өрмелеп шыға да аламыз. Бұл ғажайып әлем бізге осындай кішілікті сыйлады.
Енді амал нешік?
- Сәрсенбі дұрыс айтады, - деді сол кезде философ Сейдолла,
- Жерден, елден, туып-өскен ауылдан алып шыққан домбырамыз да, қылқобызымыз да, шаңқобыз, шертеріміз де бар. Алтауымыз кезінде сол әуен құралдарымен қосып ойнап, жұртты тағы бір қырымыздан тәнті еткен жоқ па едік?
- Иә, оның рас.
- Ол да бір дәурен екен ғой!
- Соны бір еске түсіруге болмас па екен, - деген сөздер кеменің осы басқару пульті орналасқан басқы бөлмесінің ішін күлкі-думанға, емен жарқын әзілге айналдырып жіберді.
Оған үлкен негіз де бар еді. Кеме ішіндегі барлық нәрсенің амандығы, күрделі жүйелердің қалыпты жұмысы, алып темір адамдардың мүлтіксіз жұмысы - осылардың бәрі де ғалым-ғарышкерлердің көңіл-күйлерін ерекше кетеріп те жіберген. Ал мына сығылу аймағынан аман-есен құтылып шығу, Жерге ұшып жетуге деген үміт өз алдына бір бөлек қуаныш. Сондықтан да ғалым-ғарышкерлер енді қарап отыра алмаған. Мынандай көңіл-күй мен ынта-ықылас басылмай тұрған кезде өткенді бір еске түсіріп, әуен аспабында темір адамдар арқылы ойнау да қажет еді. Олар әрқайсысының ұқсасы болғандықтан соған сай ойнай алатын әуен құралын қолына алады. Олар ғалым-ғарышкерлердің тек ой-армандарын, әрекеттерін ғана емес, әуендік сезімталдығын да қайталай алады. Бұлар қалай толқыса, әндетсе, олар да солай етеді. Солай болуы да тиісті болатын. Темір адамдардың жұмыс қабілеттері де осындай қырынан анықтала, айқындала түскен.
Ғалым-ғарышкерлер осындай шешім қабылдағаннан кейін темір адамдардың алақандарына шығып, әуен аспаптары бар бөлімге алып баруларын қалаған. Қалағаны - ойларына сондай бір әрекетті алғаны. Сезімтал темір адамдарға соның өзі де жеткілікті. Тәкен мен басқалар осыны ойлаған мезетте темір адамдар оларды алақандарында ұстаған бойда әуен аспаптары сақтаулы тұрған бөлімге алып барды. Екі арадағы дәліз жолы олар үшін түк те емес. Өздері үшін де бұдан біраз бұрын бұл аралықты дәл солардай жүріп өтетін. Енді қанша талпынса да, қанша жүгірсе де олардан озып кете алмақ емес. Әуен аспаптары тұрған бөлімге келген соң темір адамдарға оларды реттеуді тапсырды. Бір жақсысы, темір адамдар әуен аспаптарында ойнауды үйреніп жатпайды. Ғалым-ғарышкерлер әуен аспаптарында қалай ойнауды ойласа болды, темір адамдар да оны дәл солай ойнап жөнеледі. Домбыраның қай пернесін басу керектігін, қай ішекті қағу, шерту керектігін сұрап та жатпайды. Қысқасы, темір адам болса да ғалым-ғарышкерлердің өздеріндей шебер күйші болып шыға келеді. Олар болса да өзге әуен аспаптарында да емін-еркін ойнай алады. Бұл жағынан келгенде, темір адамдардың әуендік қабілеттеріне күмән келтіруге еш негіз де жоқ еді. Енді осы көшіру әдісі адам баласының да талантын бірінен біріне көшіруге мүмкіндік тудырса, онда адам баласының бойындағы таланты ешқашан жойылып кетпеген болар еді.
Әуен аспаптары бар бөлімге келгеннен кейін Темірбек домбыраны, Алғыр шертерді, Сәттібек шаңқобызды, Сералы қылқобызды, Жақсылық үскірікті, Серік асатаяқты қолына алды. Соның артынша темір адамдар аспаптарды жайымен ғана ойнап, бөлім ішін әсем әуен мен күйге бөлеп жіберді. Темір адамдар ғалым-ғарышкерлердің үлкен кездеріндегі орындықтарына жайғасқанды. Ал ғалым-ғарышкерлердің өздері олардың қарсы тұсындағы қабырғаға ілулі тұрған тақтайдың жоғарғы қырына тізіле отырып алған. Бұл темір адамдардың өздерін жақсы көре алатын жері. Тәкен барлық нәрсе дайын болған соң өткен өкінішті күндерін есіне алып, жанындағыларына бұрылды. Қолдарында ешқандай әуендік құралдар болмаса да, ғарышкерлер темір адамдардың әуенді бастай берулеріне белгі берген. Содан кейін бәрі де ерекше тебіреніп, іштерінен әуенге беріліп, сәл ғана ыңылдап, әуенге қосыла жөнелген. Сөйтіп, кең даладай болып қалған бөлменің ішін әуен сазы билеп-ақ кетті.
Бөлім ішін рахат бір күй құдіреті биледі. Үлкен кездерінде мұндай баяу дыбыс құлақтарына жақсы естілмейтіндей болып та көрінетін. Енді болса тек бөлім іші емес, құлақтарын да жарып барады. Егер өздері ғаламшардағы бір театрда отырған болса, онда құлақтарына арнайы тындағыш киіп, бәсеңдеткішін реттеп алар еді. Ал мына жағдайда не жасай алсын. Дегенмен де күй құдіреті қанша қатты шықса да құлаққа жағымды болмақ. Сәлден соң ғалым-ғарышкерлер күй сазына іштей тураланып, өздері жақсы білетін осы күйді іштерінен қайталап, қолдарына сол домбыраны ұстағандай, одан ерекше белек бір ләззат алғандай бір күй де кешті. Ғарышкерлер енді өздерін ғажаптың ғажабында болғандай сезінді. Қай қайсысы да күй сазымен қатарласа бейнебір тамаша өмірді бастарынан кешкендей де болды. Күй сазы адамды қашан да тамаша келешекке қарай жетелейді. Терең сезімге бөлейді. Театрда концерт көріп отырған адам екі көзі сахнада болғанымен өзінің ісі, махаббаты және тағы басқадай нәрселерін көз алдына елестетіп отырады. Әркім өзінің дәрежесін қатты сезінеді. Өзін үлкен орынға қояды. Болып жатқан концерт, оның жүргізушісі, әнші, биші мен күйші де тап сол ой-арманда отырған адамға ғана өнерлерін арнап жатқандай көрінеді.
Ондай сәттер Жерде жүргенде, театрларда болғанда қай қайсысының да бастарынан өткен. Сондықтан да әрқайсысының орны дара-бөлек еді. Тәкен өзінше, Азамат, Сәлмен, Сәрсенбі, Жақан мен Сейдолла да өздерінше ойға батқан. Осы бір қысқа әуенді уақыт ішінде кейбірі ара-тұра қиялмен шарықтап, Жерге де, елге де, туып өскен ауылдарына да барып қайтқан. Соншама алыс сапардан қиялмен қас-қағым сәтте оралған. Сөйтіп әуенді жалғастыра берген. Ара-тұра болатын мұндай қиял-арман ауытқуы күй сазына еш нұқсан келтірмейді. Әрқайсысының ойлау қабілеті мен уақыты әрқалай. Сондықтан да күй сазы бір сәтке де үзілген жоқ. Өздері темір адамдар болып жаралғалы әуеннің не екенін сезбеген, түсінбеген ұқсастар да қазір ғалым-ғарышкерлермен бірдей теңселіп, терең сезімге берілгендей болып отыр. Мұнан артқан қуаныш бола ма? Сезімнен артқан әсер бола ма? Жерден артқан ыстық орта бола ма? Ғалым-ғарышкерлер әуен мен күйді тындай отырып, ара-тұра тәтті арман-қиялдарға да батқан. Жерден ұшып шығып, небір қиын-қыстау сәттерді бастарынан өткізіп, енді ғана үміт артар іске тап болғандағы ғажайып куаныш та осы еді.
Достарыңызбен бөлісу: |