ҚАЙЫП ТОЛҒАУЛАР Ы
1
КЕЗДЕСУ
Халық ақыны Қайып Айнабековты мен баяғыдан білетін едім, өйткені менің үлкен әкеммен Айнабек өз тұсында дос болыпты. Бұл әңгімені бір кезде ел аузынан еміс-еміс естігем. Ескі жайды жақсы білетін өз әкем де ерте өліп кетті, сөйтіп Қайыппен бетпе-бет кездесіп, тізе қосып отырып сөйлесуге мүмкіндік болмай-ақ қойғаны ғой. Әрі мен елден ерте қол үзіп кеткем-ді.
Анығырақ айтқанда, 1925 жылы оқу іздеп кеттім. Содан міне биыл 1947 жылы 29 декабрь күні ескі Қарағандыдағы қарт ақын Қайып Айнабековке сәлем бергелі кеп отырмын.
Ассалаумағалайкум, – деп кіріп барғанда ол маған қолын ұсынды да, бетіме үңіле қарады. Танымай отырғанын түсіндім, өйткені ортада жиырма екі жыл аралады, бір кездегі қыршын жас енді өзгеріп кетсем керек. Баяғы мен көргенде қырықты қусырып жүрген егде Қайып, аса көп өзгермепті. Оның үстіне мен іздеп келіп тұрмын ғой...
Жөнімді айтқан кезде, орнынан ұшып түрегеліп, құшақтап көрісті де:
Баяғыда, – деп бастады қарт, азырақ алқынып жөтеліп қалды, – Шортанбай ақын мен мына біздің Алагөшек Сәттібай екеуі дос екен. Солар бір жылы үш айдай бірін-бірі көре алмай сағынып қалыпты. Ол кезде үш айдың өзі де көп уақыт болса керек қой, – деп бір толғап өтті. Мен тыңдап отырмын, ымырт жабылған кез, үйдің іші алакөлеңке. Бибіжан жеңгей амандасып болып, ауыз үйге шығып кетті, заты тамақ істеп жүрген сияқты.
Бір күні Шортанбай мен Сәттібай екеуі бір қылтадан шыға келіп, оқыс кездескен достар аттарынан түсіп құшақтасқан екен, сонда Шортанбайға: «Тіліңнің желі, аузыңның ебі бар еді, сен осы кездескенімізге бірдеңе деші», – депті. Сонда ақын Шортанбай жұлып алғандай:
«Бай да өлген, батыр да өлген.
патша да өлген, Өлмей тірі қалған жоқ ажал келген,
Ұжмақтың кілтін ашып көрген жан жоқ, Дүниенін ең қызығы тірі көрген...»
деген екен. Шырағым, аман-есен көріскеніме қуанған соң осы бір сөзді айтпауға болмады. Я, – деп барып, күллі денесі селкілдей қозғалып, ентіге жөтелді.
Мән-жайды сұрасып болғанша ет те пісті. Дастарқан жайылып бір табақ ет келіп ортаға орныққан мезетте, сақал-мұртын қырау басқан, сеңсең тонның жағасы шаңғытқан аппақ шал кіріп келді.
Жоғары шығыңыз...
Ой, мынау өзіміздің Қасым ғой...
Жолыңыз болсын.
Я, отыра қал, жамандамайды екенсің, дер кезінде келдің, шешін, ет же!... – деген танымал кісіге айтылатын жылы сөздер қайталанып жатты.
Бұл Қасым мына Қайыптың жақын туысы, момын кісі. Қайып ауырып, төсек тартып жатқалы көп болыпты, көңлін сұрауға келген беті екен...
2
ТҮС
Мына Қасымды көрген соң есіме түсіп отыр, осы кеше мен түс көрдім,
деп бастады Қайып. –Түсімде өзім өліппін. Әрине, өмір бойы намаз оқып, құлшылық қылмаған мені құдай аясын ба, дозаққа апарып тығып жіберіпті. Дозақта отырып, бір саңылау-
дан сығалап қарасам ұжмақ пен дозақтың арасында тілі салақтап, төрт көз екі сары төбет жүгіріп жүр. Ұжмаққа барса қақ бастан бір салып қаңсылатып қуып шығады, арсалақтап дозаққа келсе де көрген күні сол. Бұл не хикмет екен деп қатты таңырқадым. Ол екеуінен менің халім әлдеқайда артық тәрізді. Соларды аяп, тесіктен телміре қарап жыласам керек. Көзім бұлдырап кетіпті... Бір кезде байқасам қарсы алдымда салбырап сен тұрсың. «Ой, Қасым, сен неге дозаққа келдің? Бейшара-ау, жазығың жоқ еді ғой...» деп сұраймын. Сонда сен: «Тоңқаңдап намаз оқығаның кімге керек, туысқаның ауырғанда көңлін сұрамапсың деп айыптап жатыр мені», – дейсің, Иегің кемсеңдеп, екі ерінің илікпей булығасың, сақалыңнан жас тамшылап ағады. «Қой енді, сабыр ет, жылама, бірге болсақ өлмейміз, күн көрерміз», – деп мен сені жұбатам...
Біраздан кейін етін үйреніп уанасың да, маған күле қарайсың. Әй, Қайып, ана төрт көз екі төбетті танимысың? Олар әлгі сенің құрдастарың – қос Құсайын ғой... ұжмақ: «арақ іштің» – деп айыптаса, мына дозақ «намаз оқыдың» – деп қуалап жүр, қайда барса күн жоқ, олардан мен артықпын», – деп шүкірлік қылып, лепіре сөйлейсің,.. Намазбен де, арақпен де, ақшамен де бақытқа жету, ұжмаққа кіру қиын екен! Асылы, адал ындын, әділ жүрек керек! – деп самарадай қақсап тұрсың. Қасым-ау, сенің икемге келіп қалғаныңды көрдім де, қуанып ояндым... – деді Қайып.
Көңіліңді кешірек сұрағаныма ренжіп көрген түсің екен ғой. Осы өтірік түсіңе сен шын ойыңды сыйғыздың, бірақ, менің бір тілегім бар: енді бұл түсіңді ешкімге айта көрмеші! – деп өтіне сөйледі. Қасым. – Ұжмақ пен дозақтың да жарылқары шамалы көрінеді. Мен де сенімен біргемін... – деді. «Көкпекті» совхозына жүрмек болды. Менің де сол совхоздың директоры Сәбиге жолығатын шаруам бар еді. Декабрь айында Қарағанды-
ның суығы қатты болады, оның үстіне сырма боран соғып тұр. Күн құлақтанып батқан, құбыладан соққан үскірік жел темірдей тиеді.
Үстімізге қаптал тон тауып киіп, жайдақ шанаға отырып, совхозға тарттық. Қаптал тонның жағасын қайырыңқырап қойып, бетін бізге қаратып ашты да, Қайып әңгімеге кірді...
3
«БАС БАЛГЕР»
Қайқа, әңгімеңіз өте қызықты екен. Біз де, мына балалар да тыңдап, әбден рахаттандық. Айта беріңіз, – деді Сәби.
«Айта беріңіз, айта беріңіз» дегенше өзің неге айтпайсың? Қайнағаны шаршаттың ғой, түк білмейтін бозымсың-ау, ә?! – деп, Жаңыл өз күйеуін бір түйреп өтті. Сәби үндемеді, оның үйренген сөзі тәрізді. Отасқалы екі-ақ жыл толған, егде Сәби өзінің жас келіншегі Жаңылды өте еркелетуші еді.
«Бозымсың-ау», – деген ұрт айтылған ерке сөзді естігенде біз Қайыпқа да, Сәбиге де жалтақ-жалтақ қарасып қалдық. Балаусыз айтылған бөгде
«бозым» көп нәрсені еске түсіргендей. Сәбидің кәрілігі де, көп жыл отасқан қосағы өлігі жаңа алған жас тоқалдың өктемдігі де, екі баланың жетімдігі де көз алдымызға көлденеңдей берді. Мұндайда ешкім өз үйін ойламайды да, өзінен өзгеге басалқы айтуға шебер ғой.
Түйіле қалған осы кезеңде де даңғыл жүйрік – кәрі тарлан керек екен. Алғашқы қалпынан өзгерместен қарт Қайып үзілген ойын сабақтай жөнелді. Ешбір оқшау әңгімені естіген де, сезген де жан тәрізді емес.
Әңгіменің желісін аудара қағу үшін тақпақтай тартты.
«...Тәтті дәмнің иісін, Адамнан бұрын ит білер. Құлқып құмар кейбіреу Тіміскілеп итшілер.
Мақтанғысы келгенде, Итшілеп жүріп итше үрер. Ит мен итпін демейді.
Ит екенін жұрт білер», –
деп, бір толғап өтті. Қасындағы балаларға айтып отырғандай жымия күліп, соларға емірене үңілді.
Аңырып біз отырып қалдық. Ежелгі шораяқ біздің ындынымызды шенеді ме, жоқ келінін түйреді ме, бұл арасын ашпады. Әркім өзінше түсініп, сыбағасын үлесіп алып жатқандай.
Дәл осы бір сәтте Қайып:
Баяғыда Отырар жерінде бір шал болыпты. Сол шалдың жас әйелі бар екен. Екеуі моншаға барыпты. Моншаға жаңа ғана түсіп жатқанда иесі келіп хабар беріпті: «Моншаны босатыңдар, ханның бас балгері келе жатыр», – депті. Осындай әділетсіз қылыққа қорланған келіншек моншадан амалсыз шығып, киініп жатқан күйеуіне қарап: «Әй, құрысқан шал, ендігі жұмаға шейін ханның бас балгері болмасаң мен сенен айрыламын», – деп, үзілді-кесілді ант беріпті...
Екінші жұмада моншаға тағы келіпті. Бәлеге не кезікпейді десейші! Монша иесі тағы да хабарлапты: «Ханның бас балгері келе жатыр, моншаны тез босатыңдар!..» – депті.
Шал екі оттың ортасында қалыпты. Балгер болайын десе «балдан» дым білмейді, ал балгер болмаса нақ сүйер жарынан айырылады. Не істеу керек? «Былай тартса өгіз өліп, былай тартса арба сынып» көп дағдарады да, ақыры шал ажалға басын байлайды. Моншадан жалаңаш суырыла шығып, көшені бойлай жүгіре жөнеледі... Жан ұшырып келе жатса, хан өзінің үй ішімен бас қосып, лапастың астында көлеңкелеп, шай ішіп отыр екен. Есеңгіреп келген шал ханды жағасынан сүйреп лапастың астынан
суырып алып шығады. «Іс оңаларда жел оңынан соғып», лапас құлап ортасына түседі... Ханның үй іші түгел қырылады. Сонда өз тірлігіне шүкіршілік еткен хан: «Әй, қаңсыған шал, сен менің өлім аузында тұрғанымды қалай біліп келдің?» – деп сұрапты. Реті келген жерде шал да қара жаяу болмаса керек: «Тақсыр-ау, мен өңімде де, түсімде де сіздің тірлігіңізді ойлаймын. Бал ашатын да өнерім бар еді...» – депті. Хан тұрып: «Ендеше ертеңнен бастап, сен менің бас балгерім боласың», – деп жұртқа жариялайды.
Балгер болғанына он күн өтпей-ақ ханның қазынасы ұрланады. Хан шақырып алып, «жоғалған қырық сандық алтынды «тап!» деп бұйырады.
Хан зіркілдеп отыр, алтынды таппаса басы кетеді, табуға мұршасы жоқ, бал ашуды ол білмейді... Дағдарған шал қырық күнге мұрсатана сұрайды. Ондағы ойы бүгін өлгеннен көрі, қырық күннен кейін өлуі дұрыс тәрізді.
Хан қырық күн мұрсатана береді. Шал қаңғырақтап жүріп базарға барады, өрік сатып алады...
Үйіне келіп қалтасынан бір өрікті суырып алып әйеліне айқай салады:
«Қатын, қатын, мына бір кішкенесі қолыма түсті...» – деп сандырақтайды. Қатыны аң-таң...
Ұрылар да қарап жатпайды, ханды өлім аузынан құтқарған бас балгердің ізін аңдиды. Соңына түсіп, күзетіп жүрген біреуі, балгердің әлгі айқайын естіп тұра қашады. «Мені біліп қойды, мына бір кішірегі қолыма түсті» – деп әйеліне сыбырлағанын құлағым естіді. Енді мен бармаймын, өздерің барыңдар», – деп әлгі бала ұры безек-безек етеді...
Содан кейін ұрылар қуыстанып кезек-кезек аңдитын болады.
«Құланның қасынуына, мылтықтың басуы кез келіп» бәрі де ылғи;
«мынасын ұстадым, анасын ұстадым» деген сияқты үрейлі сөздерді естиді. Жанын қоярға жер таппай аласұрып жүрген
шалдың «ұстағаны» қалтасындағы өрік екенін ұрылар аңғармайды...
Ақырында ұрылардың басшысы: беті бұжыр, мұрны пұшык, кеспелтек қара кісінің өзі жансыз келіп тыңдайды. Сол күні шалдың қалтасында өрік таусылып, бір кұрт жеген тастай қатты, түйіртпек біреуі қалған екен. Соны суырып алып: «Қатын, қатын мына бір бет-ауызын құрт жеген, тастай қатты, шағалдақ біреуін ұстадым...» депті. Осыны естіген ұры үйге кіріп, шалға қарап: «Қазынаны ұрлаған біз едік, ханның алтыны қаланың сыртында, көп қорымның қасында көмулі жатыр, енді бізді сен көрме, сені біз көрмейік», – депті де, жүріп кетіпті. Ақылынан шатасқан шал есін жиып, ханның алтынын тауып беріпті. Кездейсоқ таңылған ұлы атақтың қуатын ол сезбесе де керек.
Біраз күннен кейін, ашқан балына өте риза болған хан бір күні балгерін қаланың сыртына серуенге ертіп шығыпты. Бір көгалға келіп, аттан түсіпті де, хан отырып дем алыпты. Бір шегірткені шөптің арасынан уыстай ұстап алып, саусақтарын жұмып, қолын жоғары көтеріпті де:
«Балгерім, тапшы, осы жұмырығымда не бар?» – депті.
Хан жарлығы екі болмайды, таппаса басы кетеді. Осы ойлар билеген сорлы шал өз мұңын шертеді: «Бейшара-ай, бір секіріп едің, құтылып едің... екінші секіріп едің, тағы құтылып едің, ал үшінші секіргенде, дәу де болса, тұтылған шығарсың...» – деп зарланады (біріншісі – моншадан қашуы, екіншісі – ханның алтынын табуы, үшіншісі – осы жағдайды айтып тұр ғой). Сонда хан: «Әй, бәрекелді-ай, балгерім балгерақсың-ау, мұның шегіртке екенін қайдан біле қойдың, оны менің екі секіріп, үшінші секіргенде ұстағанымды қайдан білдің?..» – деп қарқ-қарқ күледі.
Қарттың ишарасынан көрі әңгіменің өз желісі билеп кетті де, бәріміз мәз болдық. Ой-өрісін қысыр сөздің мазмұны меңге-
ріп әкеткендей боп еді. Ешкім ешнәрсені дық көріп, ішіне түйген де жоқ, жаяу әңгіме осылай жәйуат аяқталды.
4
«КЕШЕ ДЕ АЛМАСПЫН»
Менің он бес-он алтыдағы күнім, Сәрібай қарттың қасына еріп Қараөткел бардым, – деп бастады Қайып: – Жолшыбай Тайтөбенің түбінде Нысан батырдың моласы бар екен, соны көрдік. Нысанның моласын көргенде сексеннен асқан шал Сәрібай мынау әңгімені толғап еді:
...Бұл Нысан менің туған ағам. Дүниеге келіп, қанға тоймай өткен Кенесарының туысы Ержан өлтірді оны... – деп бастады қарт.
Нысанның тақымына басқан Жекейторы жер баспаушы еді. Қашса құтылып, қуса жететін желаяқ, қамыс құлақ, бөкен қабақ, бота тірсек, көзі тостағандай, омырауы аяқ қаптай сәйгүліктің өзі еді. Ержан осы атқа қызығады екен. Нысаннан өзі сұрап ала алмайды да, ханның алдына шақыртады. Бұл сырды маған ол айтқан емес-ті. «Кенесары шақырып жатыр» деген хабарды естігенде мені де ертіп жүрді. Жаңа талап жас пері кезім болатын.
Ханның ордасына кіріп, сәлемдесіп отырған кезде: «Нысаным, аман жүрмісің?.. Жекейторың жесірлік ат деседі... Осы жолы ел сынасатын да, ер сынасатын да жерім ғой...» – деп хан ойын түймей кідірді де, біздің бетімізге қыдыра қарады. Кенесарының беті қызарып, көзі қанталап кеткен екен. Нысанның бетіне біткен қызыл қаны тап осы арада Кенесарыға қотарылып құйылғандай. Ол қызара бөрткенде Нысан ағамның бозарғанын көріп мен аң-таң болдым.
Сырты сұлу сөздің ішкі зәрін сол кезде түсінбесем керек.
«Жекейторы «сырты түк, іші...» бір мал емес пе, тәйірі, оны жау-
ға кім шапса, сол мінеді ғой, бірақ өз еліңізбен, өз еріңізбсн сынасуыңызға түсіне алмадым», – деді Нысан. Сөзі келте, дыбысы тентек шықты. Бет ажарында бағынудан гөрі басыну бардай. Ол кісі оқыс бұрылушы еді ғой.
Осы бір мезетте, Кенесары қомданып, қозғалақтай берді. Жүзі құбылып сұрқай тартты. Қамқа тонын қаусырына түсті де:
Я, Нысаным, солай де!.. – деп мақұлдағандай да, кекегендей де екіұшты үнмен босаға жаққа көзін сығырайта қадады. Қожайынның көзі түскенде босағада отырған Ержан құлша қорынып, кұрдай жорғалап, орнынан ұшып кете жаздады. Шыдай алмай Кенесарыдан назарын аударып әкетті де, ол енді төрдегі Нысанға кіжінгендей тістене төнді.
«Мені қойшы, өз қолыңдамын, ана сұмырайды ауыздықтаңыз!» – дегендей рай білдірді. Осы арбасулардың бәрі сөзсіз айтылып жатты. Әң- гіменің насырға шапқанын мен де байқап қалдым. Аз мүдірді де Кенесары бізге беттеді:
Я, Нысаным, солай де.. – деп қайталады. – Осы сен көнекті сырттан сұрайды деседі. Маған айтар өкпе-назың бар ма, әлде?.. Немесе?.. – деп, ойын ашқысы келмей Кенесары тоқтай қалды. Осы
«немеседе» көп салмақ жатыр еді.
Кенеке, шынымды айтайын, ешбір өкпем жоқ, – деп шешіле сөйледі Нысан; ханның жылы сөзі аңғал батырды ерітіп әкетті білем. –
«Көңіл кірі айтса кетеді, көйлек кірі жуса кетеді», азырақ назым да бар еді. Оны айтпастан бұрын бір уақиға есіме түсті, соны шерте кетейін, – деді Нысан. Осы арада өңі жадырап, көсіле сөйледі.
– Біздің елде Жәнгелді қарт ертеде Қаратауға кіре салады екен. Сол кісінің «Жалпылдақ» деген бір қара атаны болыпты. Ботасынан бірге өскен Жалпылдақ қартайыпты. «Үлкен қоянның» жұтында көтерем қара атан өлуге айналыпты. Оны бауыздауға батылы бармай Жәнгелді басында жүресінен отырып
кешу алысыпты: «Сен, Жалпылдағым, серігім едің, мына қаһарын төккен кәрлі «Қоян» қартайған сені жұтқалы тұр. Көп жолдас болып едік, талай жерде тілім де, қолым да тиген шығар, қош енді, кеш енді!..» депті. Сонда көзі бозарып, төрт аяғын жантая серпіп жіберіп, сұлап жатқан Жалпылдақ тілге келіпті. «Жәке, бәрін кештім, баяғыда Бетпақ шөлден үдере көшіп өттік қой. Сусыз, отсыз құт дарымаған құба жонда қалжырап жығылдым. Мені аямай басқа тепкілеп тұрғыздыңыз. Сонау арғы атам «Ойсылқарадан» бері қарай құлата балағаттадыңыз, міне мен соны да кештім... Тағы бір жылы өзіміздің «Мойынқұмнан» өтіп бара жатып, тайып жығылдым. Онда да сау-тамтығымды қалдырмадыңыз.
«Жалпылдағым» дейтін жылы сөзіңізді қойып, кекеп, мұқап,
«Көсеуқара» атандырдыңыз, осының бәрін кештім. Ежелгі ием, ескі ием едіңіз, Жәке. Енді ақыретке ала кетпейін, ақаусыз айырылысайық, шынымды айтайын, қош бол, бәрін кештім... Бірақ есіңізде болар, осы биыл Түркстаннан қайтып келе жатқанда «Қатынқамалдың» асуына жете беріп менің бұйдамды көк есектің құйрығына апарып байладыңыз, осы қорлықты кеше алатын емеспін, – деп булыққан қара атан жан тәсілім беріпті...– деді де, Нысан Ержанға шұқшия қарады. Көк есек көз алдына келгендей жиіркенді. Кенесарыға бұрылды да, Ержанға қайыра түйілді. Нысан ағам өз назарымен Кенесарының назарын еріксіз ертіп апарып, көк есекті нұқып көрсеткендей болды.
Шыным осы, Қанеке, менде өкпе жоқ, ел ездің артынан ермейді, ердің артынан ереді... – деп, іші босағандай құлазып қалды Нысан.
Ия, елдің езі Ержан болған да, ері Нысан-ау, сірә?.. Сонда Кене кім? Күлді көсеу үшін сендейлерді «ер» атандырған ханның өртеуге де мұршасы келмес пе?.. Ойда орыс, қырда қырғыз тас ошағы талқан болғалы тұр, сен сол Кенеге салмақ бола аласың ба?..
Әттегене, үйіме келіп үйдей бәледен құтылып отырсын-ау, ә... – деп, хан түтіге теңселеді. Ержан жер шұқып отыр. Кенесары жиырылып қалыпты. Мойыны ішіне кіріп кеткендей жайылған дене енді бір уыс болып көрінді.
* * *
Біз жүріп кеттік. Артынан он шақты күн өтпей-ақ аулымызды жау шапты. Сол жау өз ханымыз Кенесарының қолы екен. Нысанды әлгі Ержан өлтірді. Кеудесінен шанышқан найза арқасынан сорайып шығып тұрды. Қайта суырып ала алмай қашқан екен...
Туған бауырыңның осылай өлуін, нахақ кетуін көру оңай нәрсе дегенге нанбағайсың, шырағым! Не болғанымды білмедім... Ауыл азан- қазан... Осы қарбаласта Жекейторыны жайдақ мініп жалғыз қудым. Жетуін жетсем де, жайдақ ат күш бермейді екен. Ат үстінен найзаласқанда ілгері-кейінді кете бердім. Оның үстіне жалғыздық та жаман болды. Ауыл түгел жаяу қалған, артымнан келер жан жоқ, жылқыны айдап Кенесары жүре берді.
Я, шырағым, Кенесары хан емес, қарақшы еді ғой.
Мен бұл әңгімені айтқанда көні қурап қалған Кенесарыдан өшімді алмақ емеспін... Ол өз жазасын өзі де тартып жатқан шығар, «не ексең соны орасың» деген ғой. Әншиін мына туған бауырым Нысанның моласын көргенде сонау қаралы күн есіме түспей қалмайды, – деп қуарған шал көзіне жас ірікті. Үлкен адамның жылағанын көру қиын екен, мен де босадым... Үндемей келе жатты да: «Кесе алмаспын, бірақ кеше де алмаспын!» – деп күңкілдеді Сәрібай.
Аздан соң Ақмола көрінді. Сәрібай сығалай қарады. Бадырайып көрінген, сорайып тұрған ақ шеркеуді ол ажырата алмай сығалады. Мен сонда сексендегі шалдың «көзім көрмейді» деген сөзіне нанбап едім. Адам басына түспей білмейді екен, қазір мен де осы Қарағанды-
ның тау-тау болып үйіліп жатқан «породаларын» алыстан әрек айырам. Мен әлі алпысқа да жеткенім жоқ, кәзір сол Сәрібайды көрсем кешірім сұрар едім де, ат, шапан айыбымды алдына тартар едім, – деп Қайып жымиғандай болды.
ЕСКЕР ТУ
Сәйділ Талжанов «История доклассового общества» кітабын бұдан 40- 50 жыл бұрын, сонау 1930-жылдары аударыпты. Сәйекең кітапты көп оқыған, жадында көп білімі сақталған, бағы замандардан бүгінге дейінгі тарихтарды, оқиғаларды, шығармаларды, парасаткерлер мен өнерпаздарды жатқа білетін мол шежіре еді, жатқа маңырататын зу шешен еді.
Жасы келген адам бойындағы барын жастарға көзі тірісінде беріп кетуге асығады; оны анықтап, тәптештеп жатуға мұршасы келе бермейді, ойындағысын қабыл-құбыл бұрқыратып жазып кетуге жанын салады.
«Өткен күндер сөйлейді» атты кітапты Сәйекең солайша жадынан жазған. Жоғарыда айтылған жайлар Сәйекеңнің басынан өткен. Сол себептерден де бағзы Персия, бағзы Грекия тарихы жөнінде жекелеген жаңсақ пікірлер, қате деректер кеткен. Жаза баспайтын жайсаң жоқ, жаңсақ айтпайтын шешен жоқ, Герценнің «Былое и думы» («Өткендер мен ойлар») атты эпопеясында кеткен жаңсақ қателерді орыс баспагерлері кітап тексінен түзетпей, сол күйінде жіберген де, «аяқша» (сноска) түрінде және «ескертпе» (примечание) түрінде түзетулер, түсіндірмелер беріп отырған. Осы ұлы өнеге бойынша біз де жоғарғы беттерден кеткен қателерді әңгіме тексінен түзетпей, сол күйінде жіберіп отырмыз. Көзі жоқ автордың мұрасын өзгертуге хақымыз жоқ, өзгертпей басу – парызымыз. Басы ашық жаңсақ жерлерін жас оқырмандарға дұрыстап түсіндіру – борышымыз. Сол үшін оқырман досқа төмендегі түзетпені ұсынамыз.
(«ӨТКЕН ЕСКЕ ТҮСКЕНДЕ»)
«..академик Никольскийдің «Тап қоғамына дейінгі тарих» («История доклассового общества») деген кітабы...»
«...Біздің заманнан 500 жыл бұрын Грекия немесе Эллада елі үш мемлекет шаһарға (полиске) бөлініп, біріне бірі бағынбай, бытырап, дәурен сүреді екен: Афина мемлекет шаһары – республикалы ел, Коринф
сауда-саттық жасауда болыпты...»
Дұрысында: Бағзы Грекияның тарихы екі заманға бөлінеді. Біздің заманға дейінгі XI ғасырдан арғы дәуірі – «Бағзы Грекияның тарихи заманы» деп аталады. Сол бағы Грекияның тарихи заманында, яғни б. з. дейінгі XI–V ғасырларда Элладаның жерінде тәуелсіз мемлекет шаһарлар (полистер) саны 2 мыңға жуық болған. Біздің заманға дейінгі X–V ғасырлар ішінде Жерорталық, Эгей, Қара теңіз жағалары мен аралдарында пайда болған грек отарлары 250 полис болған. Тарих осылай дейді. Олай болса, б. з. дейінгі V ғасырда Бағы Грекия дара үш полис болды деу қате. Б. з. дейінгі V ғасырдағы бағзы Грекияға тұтқа болған үш полис, оның үшіншісі Коринф деу де қате. Ол кездегі бағзы Грекия тұтқасы екі полис – Спарта мен Афина. Басқа полистер екіге бөлінген. Бір бөлігі Афинаның, басқалары Спартаның шылауында болған. Коринф Спарта жағындағы полистердің бірі. Сауда-саттық тек Коринфтің екінші кәсібі емес, бағзы Грекия полистерінің бәрі және әрқайсысы сауда кәсібімен айналысқан. Соның ішінде Спарта мен Афина, әсіресе Афина саудамен көбірек айналысқан. Спарта – грек (эллин) халқының Дор ұлысының шаһар мемлекеті Афина – Эллин халқының Ион ұлысының шаһар мемлекеті. Афина мен Спарта тарихы – бүкіл бағзы Грекия, Эллада тарихы. Оның ішінде Коринф жоқ. Бұл полис те ірі, ірі болса да, көп полистің бірі. Спарта, Афинаға оның терезесі тең емес.
«...Бұл кездегі Афинаны басқаратын патшасы Перикл екен. Бұл Перикл өзінің мектеп жолдасы, жасынан бірге өскен досы – философ Анаксагорды жер аударған, ал жолдасы – философ Сократты отқа өртепті, Ендеше, ол – Афинаның қатыгез
де айлакер әкімі болған ғой...
Дұрысында: философ Анаксагор Перикл патшаның досы, ақылшысы екені рас. Бірақ Анаксагорды жер аудартқан – Перикл емес, Периклдің жаулары. Периклге саяси қаны қастар оның Анаксагор сынды досын, ақыл берер данасын «құдайдан безген», «құдайға күпір», деп айыптатып, өлім жазасына кестірген. Периклдің көмегімен Анаксагор Афинадан қашып кетіп, Кіші Азиядағы Лампсақ шаһарына тығылып, өлім жазасынан аман қалған. Бағзы Грецияда, оның ішінде Афинада қылмысты адамды ешкім қорғап қала алмаған. Патша да досын соттан құтқара алмаған. Қылмысты болса, патшалардың өздерін де 10 жылға Афинадан жер аударып отырған. Дана философтарын да сөйткен. Жай адамнан бастап, патшаға шейін соттай алатын мемлекет кұдіреткері Афинаның «Халық жиналысы» болған. Периклдің Анаксагорды соттатпауға әлі жоқ еді. Заң солай болған. Бағзы Грецияда патша да заңды бұза алмаған. Ал философ Сократты Перикл отқа өртепті деу бекер. Дұрысында: Сократ Периклден 20-21 жыл кейін туған, 30 жыл кейін өлген. Б. з. дейінгі 490-жылы туып, 429-жылы өліп қалған Перикл б. з. дейін 469-жылы туып, 399-жылы өлген Сократты қалай өлтірмекші? Анығында, Сократ Афина демократиясына қарсы саяси және идеологиялық күрес жүргізді. Делюсқа (халыққа) қарсы қағидалар таратты. Афина демократиясы Сократқа жастарды жаман жолға саласың, еліміздің ежелгі дін салтын бұзасың, құдайға күпірсің, халыққа қассың деп айып тағып, өлім жазасына кескен. Сократқа халық наразылығын тұтатып қоздырған – оның бұрынғы шәкірті, ақын Аристофан. Сократқа дос болып қасқа айналған – Перикл патша емес, Аристофан ақын. Өлім жазасына кесіліп, зынданда жатқан Сократ, достары қаш десе де қашпаған; «Цикута» (сасыр) деген өсімдіктің шырын уын ішіп өлген. Тарих осылай дейді. Ендеше, Сократты Перикл өлтірді дегенде, Сократ өртеніп өліпті
деушілік те бекер сөз. Анаксагор мен Сократтың сотталуына Перикл айыпты емес. «Ендеше, ол – Афинаның қатыгез де айлакер әкімі болған ғой» дей қою ұшқары баға. Дұрысында: Перикл – Афинадағы құлды демократияның көсемі, Афинаның стратегі, өзі ақсүйек тегінен шыға тұра, аристократияға, оли- гархияға қарсы күрескен, халыққа сүйенген, Афинаны грек (эллин) мәдениетінің ордасына айналдырған. Перикл кезінде Афина мемлекеті шарықтап өсіп, өркендеу шыңына жеткені соншалық, Афина бүкіл Грекияның саясат, парасат, сауда, өнеркәсіп ордасына айналған. Б. з. дейінгі V ғасырдың 40-30-жылдары Афинаның гүлденіп шарықтаған шағы – «Периклдің алтын ғасыры» (б. з. д. 449-429 ж.) деп аталады. К. Маркс түгел осы кезеңді «Грекияның іші керемет гүлденген» деп бағалаған (К. Маркс и Ф. Энгельс. Соч., т. I, 1938, стр. 180). Афина мем- лекетінің 40 жыл қайраткері (б. з. дейінгі 469-429 ж.) болған Перикл Афина халқының сүйікті көсемі бола білген. Афинаның жағымсыз патшаларын Халық жиналысы ымырасыз соттап баққан.
«Остракизм» әдісімен соттап, 10 жылға Афинадан қуып отырған. Мәселен, б. з. дейінгі 510 ж. Гиппий патша, 438 ж. стратег ,қолбасы Аристид, 471 ж. Фемистокл патша, 461 ж. Кимон патша остронизм жолымен сотталып, Афинадан куылған. Сол кездегі Афина басшыларының ішінен 40 жылдай отырып, бірде-бір сотталмай өлген жалғыз Перикл ғана. Олай болса, бағы Афинаның әділ, дана, адал басшысы Периклді «Қатыгез де айлакер әкім» дей салу тарих деректеріне қайшы пікір.
«...Перикл тұсында мына фарсы елінің шаһы Дарий соғыс ашып, Грекияға шабуыл жасапты...» деген сөз де жаңсақ айтылған. Дұрысында: тарихтағы атышулы Грекия – Персия соғысы б. з. дейінгі 500-499 жылдар арасында болған. Персия шаһы I Дарий Грекияға үш дүркін жорық жасаған. I Дарий б. з. дейінгі 493 жылы бірінші жорық жасағанда, Перикл әлі дүниеде жоқ болатын. Б.з.д. 490 жылы І Дарий екінші жорық жасағанда,
Перикл сол жылы туған емшектегі нәресте болатын. I Дарий дайындалып бола бергенде өліп қалып, оның өсиетін орындаушы баласы Ксеркс шаһ бастаған үшінші жорық б. з. д. 480 жылы басталғанда, Перикл 10 жасар бала болатын. Бұл – бір. Екіншіден Перикл б. з. д. 490-492 жылдар арасы. Грек–Фарсы соғысы 449 жылы бітіп болған. Перикл патшалыққа соғыс біткеннен кейін келген. Грекия-Персия соғысы басталған кездегі Афина патша- сы – Фемистокл (б. з. д. 525 жылы туып, 460 жылы өлген), аяқталған кездегі Афина патшасы, қолбасы – Қимон (б.з. д. 507 жылы туып, 449 жылы өлген).
«...Дарий соғыс ашып, Грекияға шабуыл жасапты... Фарсы елі.. шетінен бөксере тиіп, Грекияны тықсырып келе жатқан кезі...» – дегенде, шындық айқындалмай қалған. Дұрысында: Дарийдің Грекияға алғашқы жорығы б. з. д. 493 ж. басталып, 429 ж. аяқталған. Персия әскерінің қолбасы I Дарийдің күйеу баласы Марданияның Геллеспонт теңізінен өтіп, Францияға жетіп, Македонияға шейін барғаны рас. Бірақ осы арала Афон шығанағында Персия кемелері қатты дауылдан қирап, Грекия қолынан жеңіліп, қалжырап қайтқан болатын, Дарий басқыншы Грекияны жеңіп береке тапқан жоқ, жеңіліп жер боп қайтты, айдай әлемге масқара болды. Опынған, ызаланған басқыншы патша кек алуға қамданды. Б.з.д. 490 жылы Персия империясынан жиналған 100.000 қалың қолмен кемеге мініп, Эгей теңізі арқылы Аттиканың жағасына түсті. Анадай жерде Марафон қаласы тұр. Афинамен екі арасы 10-15-ақ шақырым жер. I Дарий әскерінің қолбасшылары – Датис пен Артаферн. Персия қолы 100.000 адам. Фемистокл әскерінің қолбасы – Мильтиад. Грекия қолы 11.000 адам. Оның он мыңы – ариналықтар, бір мыңы – платейліктер. Марафон қырғыны болды. Отанын қорғаушы 11.000 грек
100.000 басқыншыны қойдай қырды, талқандап жеңіп шықты. Дарий басқыншы екінші рет масқара боп жеңілді. 100 мың қолмен 11 мың қолдан жеңіл-
геннен өлген артық еді. Күйінген, өршеленген I Дарий Элиннен кек алуға тағы да қамданды. Тістене, азуын баса қимылдады. I Дарий б.з.д. 486 жылы өліп кетті. Арманын баласы, таққа мұрагер Ксеркске өсиет етті. Ксеркс шаһ бір миллион қолды бастап, көп кемемен Садр шаһарынан аттанып, көпір арқылы Геллеспонттан өтіп, Фракия мен Македонияны басып алды. Солтүстік Грекиядан басакөктеп өтіп шықты. Фермопил мойнағына тұмсық тіреді. Ксеркс қырғын-жорықпен Орталық Грекияға жарып өтті. Жүрген жолын қан-жоса қылып, Афинаға төніп келіп қалды.
Үш жүз ғана кемелі грек флоты оған төтеп бере алмай, кері шегіншектеп келеді. Грекия флотының бас әмірі – Спарта патшасы Эврибинд. Афина патшасы Фемштокл – Грек күштерінің бас қолбасы, үлкен данасы. Фемштоклдің ақыл-айласынан гректер Афинаны оңтүстік- батыс іргесіндегі аядай тар Саламин түбегіне жаудың қалың кемесін ұйлықтырып қамап қойып, әрі де – бері де шыға алмай кептеліп қалған кемелерді қиратып, бықпырт тигендей қылады. Персия кемелерінің қирағаны – қирап, аман қалғаны бас сауғалап қаша жөнелген. Отан қорғау сезімін дана ақыл басқарғандықтан, Грекияның аз қолы Персияның миллион қолын быт-шыт қылған. Б. з. д. 480 жылы көктемде басталған Дарий-Ксеркстің үшінші жорығы осылай тынған. «Жығылған күреске тоймайды» деген емес пе? Б. з. д. 479 жылы Персияның 300.000 қолын бастаған Мардония Грекияның 100.000 қолымен соғысып, тағы жеңілген. Микале шығанағында соғысқан Персия флотын Афина флоты тағы жеңген. Әбден сілесі қатқан Персия Европаны басып алуды қойып, енді Кіші Азиядағы грек отарларын қайтарып алуды аңсап, соғысқа тағы қамданған. Кіші Азияның оңтүстігіне су әскері мен жер әскерін құжынатып жинаған. Мұны естіген Афинаның қолбасы, патшасы Кимон Кіші Азияға өзі жорық жас-
ап, бірнеше қаланы басып алған; б. з. д. 469 жылы Эвримедонт өзенінің сағасында болған қырғында Персия қолын қырып, жеңіске жеткен. Осыдан 20 жыл кейін, б. д. 449 жылы Кимон күшті грек флотымен Кипр аралына жорық жасаған. Кипрді Персиядан тартып алу жорығы, аралдағы қалалардың бірін қамай бастағанда, сол 449 жылы Кимон қайтыс болған. Афина флоты Персия қолын үлкен екі шайқаста да еңсере жеңіп, сілейткен. Персия басқыншыларының жаулау ниеті осымен тынған. Афина шығыс жағындағы теңіздерді өз билігіне алған. Сол б. з. д. 449 жылы Грекия – Персия соғысы біткен жыл деп саналады.
6/ «...Гректің сол дәуірдегі көп құдайларының ең ірілері Делос аралында, ұлы храмнын жанында тұрыпты-мыс. Осындай қысылшаң жағдайда Перикл Делосқа барып, храмның ұлы абызымен (жрец) ақылдасады. «Құдайдан тіл алып бер, діндар грек елін ағаштан кеме жасататын ет дегенді айтады... – деп, грек-фарсы соғысына байланысты туған тарихи аңызды әңгіме- лейді.
Бұл аңыздың барлығы рас. Бірақ Сәйекең, екі нәрсені ұмытып отыр. Делос – Афинаға бағынышты Эгей теңізіндегі аралдардың бірі, Афина үшін оның маңызы күшті болғаны рас. Біріншіден, Делос аралы – грек нанымынша, күн құдайы Аполлонның туған жері, онда аяулы Аполлон храмы /ғибадатханасы/ бар. Екіншіден, күлі күндес Спарта одағына қарсы құрылған Афина одағының ортадан жинаған қаражат кассасы көп уақыт осы Делоста болған, Ион ұлысының Афинаға қарасты одағы
«Делос одағы» деп аталған, Одақтың үкімет мәжілістері Делоста өткізіліп отырған. Кейін Перикл одақтас полистерді көндіріп, ортақ кассаны Афинаға көшіртіп алып, Афинаны гүлдендіруге, Эллин мәдениетін жақсартуға жаратқан. Перикл кезінде Афинаның шалқып байығаны сонша, шаһар кассасында бос жатқан ақша қоры 10 миллион сомға жеткен. Ол заманның адам айтқысыз көп ақшасы, зор дәулеті! Бірақ Делос-
тағы храм – бүкіл Грекия храмы емес, Ион ұлысының храмы. Грекия – Персия соғысының қысталаң кезінде Афина патшасының ақыл сұраған храмы Делос храмы емес, Дельфі храмы. Орталық Грекияда /Элладада/, Беотияның батысында Фонида деген жер бар. Сол Фонидада әулие кент аты шыққан Дельфі дуаны бар. Бүкіл грек әлеміне аты әйгілі Аполлон құдайдың ғибадатханасы /храмы әм аянханасы/ – осы Дельфі храмы. Әулие Дельфі храмы әулие тау Парнастың етегінде. Бағы грек нанымынша, Парнас тауының басы шабыт демеушілері – музалардың, яғни өнер-ғылымға пана тәңіриялардың мекені болыпты-мыс. Грекия- Персия соғысы басталғанда Афина патшасы /архонды/ – Перикл емес екені жоғарыда айтылды. І-Дарийдің алғашқы жорығы жылы /б. э. д. 498 ж./ Афинаның архонты – Фемистокл екені де айтылған. Олай болса, тарихи аңыз бойынша, Персия шапқыншылығынан қорғану үшін кеме жасауға «алладан аян сұрап» абызға барған Афина патшасы Перикл болмайды, Фемистокл болады. «Афиняне должны искать защиты за деревянными стенами!» – «Афиналықтар қорған-пананы ағаш қабырғалардың тасасынан іздесін!» деген «алладан келген аянды» Афинаға жеткізген – Делос аянханасының абызы емес, Дельфі аянханасының абызы. Бұл «алланың аянын» халыққа «жиналыс ашып, сөз сөйлеп» жеткізген патша – Перикл емес, Фемистокл. Бір жағынан, Дельфі ғибадатханасынан келген «алланың аянына» ұйыған, екінші жағынан, Фемистоклдің адал ақылына көніп, шешен тіліне сенген Афина халқы Фемистокл патшаға Лаврион кенінен жыл сайын шыққан күміс қаражатты аямай жұмсап, Афина флотын күшейтуіне ұлықсат берген. Фемистокл теңіз флотын 2–3 жылда дүрілдете жасатып, Афина кемелерін 300-ге жеткізген. Афинада б. з. д. 493-471 жылдары патша болған Фемистокл күшті соғыс-теңіз флотын жасаған.
Аңыздағы «ағаш қабырға» жөніндегі «алланың аянын» есеңгіреп айтушы – «бір жігіт». Дұрысында, Дельфі аянханасында бұл міндетті атқарып тұрған – әйел абыз, абызтай Пифия болған. Ғибадатхана ішінде «алланың аянын» есту мерзімі Сәйекеңде ел аузындағы аңызша суреттелген. Тарихта сәл өзгешелеу айтылады: Парнас тауының етегінде жалпақ жартас жатыр. Жартастың ортасы қақ айырылған терең жарықшақ шыңырау тесік. Сол жарықтан күкірт буы бұрқырап атып, басқа шабады; иіскеген адам мас болып, есеңгірейді. Жалпақ жартастың сол жарықшағының үстінен әсем храм- ғибадатхана орнатылған. Храмның алдыңғы жағында әшекейлі мехрап /алтарь/. Аполлонның алтын мүсіні осы жерде, кәрі лавр ағашының қасында. Күкірті аңқыған жарықшақ та дол осы арада. Абыздар жарықшақтың үстіне алтынмен апталған үш сирақты ағаш ошақ орнатып, үстіне абызтай Пифияны отырғызып қояды. Күкірт буынан масайып, есеңгіреп, елтіп отырған Пифия сандырақтаған адамдай, қиюсыз, үйлессіз сөздерді күбірлеп күңіренеді. Осыны үлкен абыз «алланың аяны» деп түсіндіреді, сұраушыға жағымды жауап береді. Грекияның ішкі-тысқы сырларын жетік білетін абыздар көп қателеспейді, «алладан келген аян» деуге татырлық «болжау» айтады, білгіштік білдіреді.
Кир жөнінде. Азияда Яфет бабасынан өрбіген халықтар: мәді (мидяне), бектірі (бактряше), фарсы (перси, персяне). Бұлардың мекені Иран жоталары болғандықтан иран халықтары немесе арын (арии) халықтары деп атаған.
Мәді елі – Мәдия (Мидия) батыс Иранда. Б. з. д. IX ғасырда Мәдияны Ассирия басып алған, Б. з. д. ҮІІІ ғасырдың аяғында Мәдия Ассирияның уысынан азат болған. Тәуелсіз Мәдияның І- патшасы – Дейік (Дейок). Дейіктің баласы Киаксари (Киаксар) патша Ассирияны басып алған. Киаксарының баласы Астиақ
(Астиаг) патша Мәдияға Персияны бағындырып отырған. Ел аузындағы аңыздың айтуынша; Мәдия патшасы Астиақтың қызын фарсының бір нояны алған. Астиақ Персияны сол күйеуіне билетіп қойған. Астиақ бір күні түс көріпті. Түсінде Фарсыға ұзатқан қызының аузынан қара су ақтарылып, дүниені сел басыпты... Ояна келсе – түсі екен. Уәзірлері: тақсыр, бір жиенді болады екенсіз, құдай қаласа, ол ержеткенде жер жүзін билейді екен, – деп жорыпты. Мәдияның болашағынан қорыққан Астиақ бұған қуанбапты, шошыныпты. Айтқанындай Фарсыдағы қызы ұл тауыпты. Астиақ Ғарпақ (Гарпаг) деген бір ноянына баланы алып, өз қолыңнан өлтіріп қайт деп жібереді. Жас нәрестені өлтіруге қолы батпаған, көзі қимаған Ғарпақ Астиақтың қойшысына әкеп тапсырады, мына бөпені сен өлтір деп беріп кетеді. Баласы жоқ қайыршы мен әйелі нәрестені өлтіруге қимайды, өсіре береді. Атын Кир қояды. Кир балақай құрбылас балалармен бір күні патша болып ойнайды. Уәзірі болған бір бала бағына қоймапты. Кир «патша» оны қамшымен сойыпты. Сойылған бала әкесіне жылап барады. Әкесі, Мәдияның үлкендерінің бірі екен, Астиаққа шағынады. Астиақ Кир баланы алдыртады, Астиақтың «Сен біреудің баласын сонша неге ұрдың?» деген сұрағына Кирдың жауабы: «Біз «патша» ойынын ойнадық. Мен патша болдым. Ол уәзір болды. Уәзір бағынбаса патша соймағанда не істейді?» – депті. Бала тайынбайды, өжет сөйлейді, өктем тықылдап тұр. Және де Кир баланың бет бейнесі, шешесінен – Астиақтың өз кызынан аумайды. Аузынан түскендей. Кир өзінің жиені екенін сезіп қалған Астиақ Ғарпақты да, қойшыны да бір-бірлеп шақырып сұрап, шындарын айтқызыпты.
Астиақ патша Кир баланы Персияға, әке-шешесіне жіберіпті, қойшыға тимепті, қолбасы Ғарпақты қатты жазалапты да қойыпты.
Сол Кир б. з. д. 560 жылы, әкесі өлгеннен кейін, Персияның жергілікті басқарушысы болады, Ғарпақ досымен астыртын күш қосып Мәдияны басып алады; Нағашысы Астиақ патшаны тұтқынға алады. Б. з. д. 559- 550 жылдары тәуелсіз Персия патшалығын құрады. Б. з. д. 546 жылы Индияның бір бөлегін, Лидияны, Кіші Азиядағы грек отарларын басып алады. Б. з. д. 583 жылы Вавилонияны қаратып алады. Кир өз империясына Орта Азияны да (Хиуа, Бұхар, Қоқан т.б) қаратып алған- ды. Басқыншылық араны ашылып алған Кир б. з. д. 529 жылы жорық жасай келіп, Арал аймағындағы сахраны мекендеген массағат (массаит) сақ (сак) ұлыстарымен үлкен шайқаста мерт болған. Әлемді билемек болған әйгілі жеңімпаз Кир біздің жерде, біздің батыр бабаларымыздың қолынан қаза тапқан. Кирдің сүйегі Пасарғады қаласындағы ата- бабаларының сүйегі жатқан мазарға апарылып қойылған.
Крез-Кіші Азиядағы Лидия мемлекетінің (астанасы – Сарт яғни Сарды – шаһары) соңғы патшасы. Б. з. д. 560-546 жылдары патшалық болған. Кіші Азиядағы грек полистерімен (Эфес, т.б.) соғысып, Грекияның бұл өңірдегі Миллеттен басқа қалаларын Лидияға қаратып алған. Сөйтіп теңіз жолына Лидияның қолы жеткен. Бағындырған қалаларынан тек сыйлық (дань) алып тұрған. Олардың ішкі өміріне, мемлекеттік тәртібіне қол сұқпаған. Крез сол заманның асқан байы болыпты. Байлық даңқы жер жарған. Крез аты байлық мағынасында ұғылған. Біреуді бай екен деудің орнына «Крез екен» дейтін болған жұрт. Қолы ұзын Крез Грекиямен қарым-қатынасты күшейткен. Қымбат тарту- таралғы, сый-сияпатқа жығып, Дельфі ғибадатханасын жарылқап тұрған, Дельфі абыздарын аузына қаратып алған. Афинаның дана архоны Солон да Крездің қадірлі қонағы болып қайтқан. Б. з. д. 546 ж. Кирден жеңіліп, сөйткен Крез жауына пенде болған. Лидия мемлекеті мәңгі жойылған.
Сәйекең жазған аңыздағы Крез – осы Крез.
«..(Дарийдің әкесі Камбиз – Кирдің баласы. – С.Т.) ..» –дегенде бір жаңсақтық бар. Рас, Кирдің баласы – Камбиз. Әкесі Кир жер жүзіне жорық жасап кеткенде, Персия империясын баласы Камбизге басқартып отырған. Өзі өлгенше б. з. д. 529 ж. Камбиз Персияның қосалқы билеушісі болып келіп, 529-552 жылдары оңаша патша болған. Б.з.д. 525 ж. Мысырды (Египетті) жаулап алған. Өзі мейлінше қатал, өркөкірек және маскүнем патша болыпты. Мысырдан еліне қайтқан сапарында жолшыбай б. з. д. 522 ж. өлген. Камбиз өлгеннен кейін Кир кіндігінен тұқым қалған жоқ. Камбизден бала жоқ. Камбиз Дарийдің әкесі емес. Кир
Камбиздер Ахеменид әулетінің үлкен бәйбішесінен тараған бұтақ. І- Дарий – Ахеменид әулетінің (династиясының) кіші тоқалынан өрбіген ұрпақ. Камбиз Ахеменид әулетінің үлкен ұрпағының соңы, І-Дарий Ахеменид әулетінің кіші ұрпағының басы. І-Дарий Ахеменид тұқымына қарсы көтерілісті баса сала, б. з. д. 522 жылы Персия патшалығын басып алған. І-Дарий тұсындағы Персия империясына қараған жерлер: шығыста Үнді (Инді) өзенінен батыста Эгей тенізіне шейін, солтүстікте Кавказдан
оңтүстікте Ніл дариясына дейін. Осынша үлкен империяны аз көріп, Грекияға басқыншылық соғыс салған Дарий-Ксеркстер Персия империясын титықтатып, оның болашақта әлсіреуіне, ыдырауына, жойылуына жоралғы (предпосылка) жасап кетті. Тарихта жойылатын империядан әділет, қанағат кетеді, әділетсіз, қанағатсыз империя жойылады.
10)Солон б. з. д. 638 жылдары туып, 559 жылдары өлген. Бағы Афинаның ұлы саясаткер қайраткері, мемлекет реформаторы. Б. з. д. 594 жылы Солон демократияны дамыту үшін қажетті реформа жасап, жаңа заң шығарған. Солон заңы
шыққаннан кейін қара халық (демос) пен бекзадалар (евпатридтер) арасында етек алған тартыс біраз уақыт бәсеңсіп басылған. Бұқара мен бекзада халық бірауыздан Солонды б. з. д. 594 жылы бірінші архонт (патша) етіп сайлаған. Кейін алданған кедейлер наразылығы қайта қозады. Бұл қозғалысты әрі дарынды, әрі баққұмар адам, Солонның туысы – Писистрат (б. з. д. 600 ж. туған, 527 ж. өлген) басқарған. Б. з. д. 560 жылдары Солон 10 жылдай шет елдерді аралап келуге кетеді. Ол сол сапарында Лидияға да барып, Крездің қонағы болған. Сол 560-527 жылдары Афинаның патшасы Писистрат болған. Солон Аттикадан алғашқы шыққан ақындардың бірі. Элегия, ямбы тектес өлеңдер жазған. Бізге сақталып жеткен шығармалары – «Саламин», «Афиналықтарға сабақ» (Наставлении афиниянам) атты элегиялары және «Өзіме сабақ» (Наставление самому себе») дейтін тәлім өлеңдері.
«...Дарий патшаның заманы бергі Фараби, Рудаки, Фирдоусилер заманынан 1500 жылдай бұрын...» делінген. Бұл долбар нобайы дұрыс, бірақ дәл емес. Дәлірегі: І-Дарий Персия императоры болған кез б. з. д. 522-486 жылдар ғой.
«..Фирдоуси 999 жылы «Шаһнаманы» жазып бітірді...» делінген. Дәлірегі:Фирдоуси «Шаһнаманың» бірінші бітімін 994 жылы жазып бітірген, екінші редакциясын 1010 жылы бітірген. Бұл екінші нұсқасына Махмуд сұлтанға жазған мадақтамасын (панегрик) қосқан. Аңыз бойынша, Махмуд сұлтан бұл тартуды алмапты. Сұлтанға ерегіскен Фирдоуси оған енді улы мысқылмен күйдіргі мазақтама жазыпты.
«Шаһнама- ның» содан бергі басылымдарының бәріне бұл мазақтама енгізілген. Эпопеяның тамамдамасы осы.
«..Сағди Ширази 1208 жылы туса керек...» – дегеннің нобайы дұрыс. Дәлі әлі белгісіз. Үлкен Совет Энциклопедиясында Сағди
(Саади) 1184 жылы туған, 1291 жылы өлген делінген. Бұл есеп бойынша, Сағди 107 жасқа келіп өлген болады. Қысқаша әдеби Энциклопедияда Сағдидың туған жылы 1203-1210 жылдардың арасы, өлген жылы 1292 жылы делінген. Бұған қарағанда, Сағди не 89 жыл, не 82 жыл өмір сүрген.
Ісләм ЖАРЫЛҒАПОВ
Достарыңызбен бөлісу: |