Инфекция өкпеге бронхогенді, лимфогенді, гематогенді жолдармен түседі.
Өкпенің қорғаныс қызметі төмендеп қабыну процессі дамиды. Өкпенің вентиляциясының және газ алмасуының бұзылыстары гипоксияға және гипоксемияға әкеледі. Зат алмасудың барлық түрлері бұзылады.
Клиникасы.
Кейбір жағдайларда ошақты пневмония аяқ астынан пайда болуы мүмкін, көбінесе ол трахеобронхитпен немесе жіті респираторлық инфекциялармен қоса дамиды. Алғашқы белгілері дене қызуының көтерілуімен, жөтелдің күшеюімен, аз да болса іріңді-шырышты қақырықтың бөлінуімен байқалады. Егерде пневмония физикалық тексеру әдістерімен анықтауға болады. Бұл кезде дауыс дірілінің күшеюі, перкуторлы дыбыстың тұйықталуы, везикулярлық тыныстың қатаң түрі, ұсақ көпіршікті дауысты ылғалды сырылдар анықталады. Тереңдеу орналасқан ошақтың белгісі ретінде тек қана ылғалды, күшті дыбысты, ұсақ көпіршікті сырылдар естіледі. Сырылдардың жақсы естілуі бронх төңірегіндегі өкпе тінінің тығыздалуына тікелей байланысты болады.
Қанда лейкоциттер формуласының сәл ғана сол жаққа ығысуы байқалады, лейкоцитоз аздап көбейеді.
Рентген сәулесімен тексергенде өкпенің сегментарлы немесе полисегментарлы гомогенді қараюы анықталады, әдетте, олар өкпенің төменгі бөліктерінде орналасады.