Азаматтық іс жүргізу заңнамасы – азаматтық істер бойынша соттардың сот төрелігін жүргізу жөніндегі қызметін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ететін құқықтық-нормативтік актілер жиынтығы. Қазақстанда “Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі”, “Атқарушылық іс жүргізу және сот атқарушыларының мәртебесі туралы”, “Сот приставтары туралы”, “Адвокаттық қызмет туралы”, “Мемлекеттік баж туралы”, ”Сот сараптамасы туралы” заңдар, “Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлығы, т.б. заңнамалық актілер қабылданған. Олар субъективтік құқықтар мен заңды мүдделерді сот жолымен қорғауды ойдағыдай жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Еңбек заңнамасы – азаматтардың еңбек ету, қызмет пен кәсіп түрін таңдау бостандығына қатысты конституциялық құқығын іске асыру барысында туындайтын еңбек қатынастарын реттейтін құқықтық-нормативтік актілер жиынтығы. Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы” заңы осындай заңнама болып табылады. “Еңбекті қорғау туралы” заң қызметкерлер еңбегінің қорғалуы құқығын қамтамасыз етуге бағытталған, жазатайым оқиғалардың, өндірісте денсаулыққа зақым келуінің алдын алу мақсатымен осы саладағы ұлттық саясаттың негізгі қағидаларын белгілейді. “Ұжымдық еңбек даулары мен ереуілдер туралы” арнаулы заңда ұжымдық еңбек дауларын шешу тәртібі мен тәсілдерін, ереуілге құқықты іске асыру тәртібін реттейтін құқықтық негіздер белгіленген. Кәсіподақтардың өз мүшелерінің еңбек ету, сондай-ақ, басқа да әлеум.-экон. құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту ісіндегі рөлі “Кәсіподақтар туралы” заңда айқындалған.