Жер асты суларының табиғи ресурстары — сулы горизонттың табиғи жағдайда қәректенуін қамтамасыз ететін, жыл сайын үздіксіз жиналып, толығып отыратын су мөлшері. Ол атмосфералық жауын-шашынның, жер бетіндегі суқоймалар мен ағынсулардың жерге сіңуі, жер асты суларының одан жоғары және төмен орналасқан горизонттардан және шектес аумақтардан сүзіліп келуі нәтижесінде қалыптасады. Жер асты суларының табиғи ресурстары сулы қабаттың көлденең қимасынан белгілі уақыт ішінде (жыл, тәулік, сағат, секунд) ағып өтетін су көлемімен өлшенеді. Синонимі: жер асты суларының динамикалық қоры.
Су қоры – халық байлығы, өкінішке орай жер бетіндегі тұщы судың қоры өте аз, өзендер мен көлдердегі тұщы сулардың қоры, гидросфера ресурсының бір пайызына жетпейді екен. Ерте заманнан бері тұрмыс қажеттігіне жер үсті суларымен қоса арнайы ұңғылар орнату арқылы жерасты сулары да пайдаланылады. Біздің елімізде де, шет елдерде де мыңдаған қалалар мен елді мекендер жерасты сулары арқылы қамтамасыз етіледі. Дүние жүзінің шөл және шөлейтті жерлері (Үндістан, Пакстан, Америка, Австралия, Қазақстан) жерасты суларын пайдалану нәтижесінде, сусыз далалар құнарлы өлкеге, бау-бақша өскен, мал шаруашылығы дамыған елдерге айналған. Сапасы және тазалығы жағынан бұл сулардың теңдесі жоқ, жердің өзі суды тазалап беретін сенімді табиғи сүзгіш болып табылады.
Қазақстан жер аумағы жағынан үлкен мемлекет, бірақ сол жердің көпшілігі құрғақшылыққа жататыны жағынан көзге түседі. Дегенмен, оның ерекшелігі жерасты суларына бай. Республика территориясында түрлі мақсаттарға сай ашылып, зерттелінген 633 жерасты су қоры бар, олардың пайдалану қуаты тәулігіне 43384 мың текше метр. Бұл Ертыс өзенінің Обь өзеніне құяр жеріндегі су көлемімен пара-пар.
Осындай табиғи байлықтың иесі болған еліміздің алдында оны үлкен жауапкершілікпен орынды және тиімді пайдалану мақсаты тұр. Өйткені республиканың Солтүстік Батыс және Орталық аймақтарында су жетіспеушілігі бар. Сөйте тұрса да, зерттеліп, дайындалған жерасты су қорларын халық шаруашылығының қажетіне игеру өте төменгі қарқанда орындалуда, кейінгі жылдарда тіпті тоқтап қалып отыр. Ауыз су және шаруашылық мұқтаждығы үшін зерттеліп дайындалған көптеген жерасты су көздері 10-15 жылдар бойы игерілмей келеді. Бұл деген жерасты суларының қорын пайдаланбай жатып қайта қарап бекіту керек деген сөз.
Республикамызда тау-кен өндірістері мен шикізат өндеу саласының дамуына байланысты қоршаған табиғи ортаға зиянды салмақ өсе түсуде, оның ішінде жерасты суларының сапасына нақтылы кауіп төне бастады. Ақтөбе-Алға, Павлодар-Екібастұз, Қарағанды-Теміртау, Жамбыл-Қаратау, Өскемен-Лениногор-Зыряновск сияқты үлкен аймақтық-өндірістік кешендердің маңында табиғатқа зиянды ошақтар орын тепті. Республикамызда 710-ға жуық қатерлі ошақтар барлығы анықталған олардың басым көпшілігі Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан 70 елді мекеннің су мүқтаждығына пайдаланылатын 113 жерасты су кенінің 41 су қабылдағышының тазалылығына кауып төнгендігі анықталып отыр.
Пайдаланылатын қорлар деген ұғым геологиялық-техникалық тұрғыдан негiзделген су қабылдағыш құрылыстар арқылы шығарып алуға болатын жерасты суларының көлемi; мұнда су пайдалану (шығару) берiлген жүргiде (режимде) және белгiлi жағдайларда жүргiзiлуi, ал судың сапасы есептi су тұтыну мерзiмiнде табиғат қорғау және суды белгiлi мақсатқа ұқсату талаптарын қанағаттандыруы шарт болып табылады.
Болжамдық қорлар - бұл гидрогеологиялық аймақ, өзен алабы және әкiмшiлiк аудан шегiнде алуға болатын, сапасы мен жұмсалу мақсаттары белгiлi және пайдалану мүмкiншiлiгi ықтимал жерасты суларының көлемi.
Бақылау сұрақтары:
1. Жер асты суларының табиғи ресурстары деген не?
2. Қазақстанда зерттелінген қанша жерасты су қоры бар және олардың пайдалану қуаты қандай?
3. Пайдаланылатын қорлардың қандай категориялары бар?
4. Жерасты суының қорлары қалай жіктеледі?
5. Жерасты суының болжамдық қорлары деген не?
6. Жерасты суының серпімді қорлары деген не?
7. Жерасты суының табиғи қорлары деген не?
Достарыңызбен бөлісу: |