Жердегі сұлулықтың мекені Айша Ғарифқызы Ғалымбаева, Қазақстанның халық суретшісі, Қр ш. Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет белгісі»



Дата02.07.2018
өлшемі38 Kb.
#45899
Жердегі сұлулықтың мекені
Айша Ғарифқызы Ғалымбаева, Қазақстанның халық суретшісі, ҚР Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл ту» ордендерінің иегері. Оның есімі Республиканың құрметті Алтын кітабына жазылған. Қазақстан өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Тарлан» сыйлығын алған.

Айша Ғалымбаева 1917 жылы Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданындағы Есік ауылында дүниеге келген. Алматының көркемсурет училищесінде (1943) және Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография иниститутында (1949) оқыған. Айша Ғалымбаева «Махаббат туралы аңыз», «Өжет қыз», Шоқан Уәлиханов жөнінде «Оның заманы әлі алда», «Бұл Шұғылада болған еді» дейтін фильмдердің қоюшы суретшісі. «Қазақтың халық киімдері» (1958) альбомының авторы. Республикалық, Одақтық және Халықаралық көптеген көрмелерге қатысқан. Оның туындылары Қазақстан, ТМД және әлемнің көптеген елдеріндегі жеке коллекцияларға қойылған.

Қазақ өнерінің тарихына Айша Ғалымбаеваның шығармашылық өмірбаяны шын мәнінде алтын әріппен жазылған! Ол тарихтың қай бетін ашсаңыз да, алдыңыздан Айша Ғарифқызы сомдаған тамаша образдар шығады.

Айша Ғарифқызы жарық дүниеге келісімен-ақ айы оңынан туған адам. Оның туған ауылы Алатаудың бөктеріндегі табиғаты таңқалардай тамаша жерде. Киіз үйдің ішіндегі алуан түске боялған ою өрнектің, бір-біріне ғажап жарасым тапқан әр бұйым, әр заттың өзі жаныңды жып-жылы нұр шуағымен жылытқан сұлулық әлемінің тұтас бір әлеми кеңістігі тәрізді. Ісмер әже Айшаға жас күнінен өз қолынан келгеннің бәрін үйретті. Тұнып тұрған табиғат тамашасы мен жылы ұяның сұлу ырғақ, әсем бояуы бірте-бірте болашақ суретшінің жан дүниесін мөп-мөлдір, тұтас бір тұнығымен баурап алды. Одан соң бұл ғажайып дүние, сиқырлы сурет оның полотноларында бейнелі көрініс тапты. «Мұраға қалмағанның бәрі қауқарсыз дүниелер» деп Ницше айтқандай, біздің мирас еткендеріміздің бәрі таңдаулы туындылар.

Тағдырдың таңдаулы қызына өнердің құдіретін жаратқанның өзі сыйлаған. Онда да тек кенепке жағар көп бояуды ғана емес, күй көкірек тыныстар кең дүние – айналасын да әдемі жаратқан. Өнердің өзі «болмыстың қолдан шекіп соққан қалыбы» дейтініміз де сондықтан. Ал, Айша Ғалымбаева өз әлемінің сол болмысын жүректің жылуымен әлдилеп, шекімей-шертпей аялап, оны күншуақ пен көлеңкенің нұр сәулесі тұнған алуан түстерден дестелейді.

Айша Ғалымбаеваның көркем полотноларындағы образдар жүрек жылуын жер бетіндегі барша тіршілікке сыйлап тұрғандай. Ал Айшаның болмыс бітімі, жылы жүзді көзқарас, биязы, жұмсақ үні мен жылы сөзі адамдардың осынау жарық дүниеге деген құштарлығын оятады. Оның бейнелеу өнеріндегі образдарының мейрімі, іңкәрлігі мен ерекше сомдалуы кім де кімнің жан дүниесіне шаттық пен жарасымдылықтың сазды әуенін сыйлайды.

Жұмыс кезіндегі шабытты шақтың келісімі де керемет! Ойнақы әрі жеп-жеңіл. Қыл қаламның сүйкеп өткен әр ізі, әр тынысынан бірде арудың нұр шуақты ақ жүзін аңғарсаңыз, бірде жұпар иісі мұрынды жарған алманың қып-қызыл томпиған бүйірін, немесе, гүлдердің жапырағында жеп-жеңіл ойнақ салып жүрген ақ сәулені көресіз. Мұншама жасампаздық үшін жаныңды сала тер төккен қаншама еңбек, қаншама уақыт қажет. Сондайда егер сәті түсе қалса қыл қаламның ұшынан алуан бояудың сан түрлі түсі – даналықтың даралығы танылады. Оны өткен ғасырлардың арманшылдары қиялдаған. Онда суретшінің қолынан келмейтіні болмайды, қиялдың өзі тіріліп, сізбенен сырласа бастайды.

Айша Ғалымбаева тумысынан кескіндемеші, дүниенің бар келбетін айнытпай айқын көреді. Айналасын қоршаған қарапайым өмірдің өзін өңін өзгертпей көру – саналуан түрдегі сансыз заттардың атауының өзінен де көп кескіні мен келбетін, сұлбасы мен сымбатын, қызығы мен қылығын танып көре білу дегеніңіздің өзі жаратқанның тек сүйген құлына сыйлаған ерекше дарыны.

Сонау жастық шағының өзінде Айша Ғалымбаева баяндаумен қатар (Шопан. 1949) арманшылдыққа бой ұрды (Менің аулам. 1949). Есейе келе суретшінің көкірек көзін кеңістік пен адамның, барша тірлік дүниесінің бірімен бірі, өзді өзі сырласуы, аралас-құраласы, толқымалы тынысы тәнті ететін болды. Сондықтан да ол кейде, сол сәтте өзге «кейіпкерлермен» тіл қатысуға қабілетті бірді-екілі кескіндерді ғана бөліп көрсетеді. Бірақ, нақты айқындалған тұсы тұтастықтың жасырын толымды тұлғасына сілтеме жасайды. Сондықтан да образдың бейнеленуі шексіз, алайда соның өзі сізге картинадан тыс қалған әлемнің сыры мен мәнін түсіндіргісі келетін тәрізді.

Айша Ғалымбаева киноның кәсіби суретшісі, демек, картинаға кинематографтың көзімен қарайтыны сөзсіз. Оның туындыларындағы композицияның сахналық жанр емес, тіпті натюрморттың өзінде қозғалысқа тұнып тұратыны сондықтан. Бұйымдардың бәрі бір-бірімен ілігіп, жеп-жеңіл ортаның өзі кез келген үлкен-кіші заттарды мейірім шуағымен аялап тұрады. Тіпті кеңістіктің өзі суретшінің эстетикалық оқиғаға қатысқан баршаның арасындағы ырғақты және түрлі-түсті байланысты білдіргісі келген сезім толқынына толы. Үй бұйымдары, жемістер мен гүлдер және адамдардың бәрі біркелкі әсем. Себебі олардың бәрі бір кеңістік, бір ырғақтың дүниесі ғой (Қызыл апорт және табақ. 1994).

Суретшінің жан дүниесінде өзін қоршаған айналаны түсінетін бірден бір жан жалғыз өзім деп түсінетін таңғажайып түйсік бар. Оған қоса өзін «бейнелеу арқылы гүлдің, дыбыстың, үндестік пен иістің рухани мәнін түсінетін» (Бодлер) өнер адамымын деп санайды. Жан дүниесінің соншама сезімталдығы және асқан дарынының арқасында суретші ғаламға деген поэтикалық түйсіктің жаңа ғана көз ашқан соны тұсына жиі-жиі тап болады.

Заттардың сол сұлулығын жаңадан қайтара ашып, олардың арасындағы түйсіктік байланысты орнатқысы келетін тірізді. Әдеттегі салыстырмалар мен ұқсастықтардың көнетоз қабығы аршылып, қайтадан тағы бір жаңалық ашылғандай болады. Сол кезде қыздар гүл жайнап, күн шуағы аймалайды, жетіліп жеміс піседі. Өнерге деген мұндай соны көзқарасқа елікпеу, сезім дүниесінің мұндай мөлдірлігіне мейірленбеу мүмкін емес.

Айша Ғарифқызының картиналарындағы қарапайым да күрделі, нышанды және ағынан жарылатын аңқау композициялардың бәріне табиғилық пен турашылдық мінез тән. Суретшінің өзі айналасынан не көрсе сол қалпында кенеп бетіне көшіріп сала салғандай көрінеді. Алайда, алас ұрған көп әсердің арасынан таңдаған құбылысты аршып алып, талғам таразысына салып, бағасын беріп, оны айқын да сенімді әлемдік үлгіге жеткізу үшін рухани шабыт, қажымас еңбек қажет. Немесе, табиғат құбылысының сол сәтін қалт жібермей тап басуың шарт. Сонда ақын сізге «суретші бізге сиреньнің, талып жатқан суретін, салып берді көзбе көз» деп тап басып, әділ бағасын айтады.

Айша Ғалымбаева тағдырдың өзі еркелеткен, ұзақ жылдар бойына оған өзгеден ерекше көре білу, сезіне білу қабілетін аямай сыйлаған аяулы жан. Оның болмыс бітімінде кез келген суретші армандайтын асыл қасиеттер – шеберлік пен даналық, жан дүниесінің қартаймайтын жастығы бар. Оқулықтарды ақтарып, минут сайын әр дерекке, әр натураға елеңдей қарайтын кездің бәрі баяғыда артта қалған. Суретшінің жас кездегі жаза басудан, толайымдап толғайтын күдіктерден арылып, жасампаздықтың жазық даңғылына түскелі қай заман. Оның поэтикалық идеясы мен кескіндеме тілінде келістіре жазудың үндестігі ғажайып жарасым тапқан. Суретші қылқаламының әр сілтемесі техникалық шеберлік пен сезім қуатына толы. Ал, алуан түсті бояу мен нұр сәуленің өзі дүнияуи және руханият әлемінің арнайы жіберген ақ періштесіндей. Ол адам жанын поэтикалық әсер мен пәк сезімдерге бөлеуге қашанда әзір.

Айша Ғалымбаеваның бақытты суретші екені ақиқат. Оның алдында өмірдің өзекті сюжеттерінің күштеп тізеге салуына көнбейтін мәңгілік тақырыптар мен идеялардың есігі айқара ашылған. Ғаламдық жаратылыстың өзі құдірет, құшағында жүріп сүйініп, тамашасына табынуға қу тірліктің кесірінен уақытың жете бермесе де табиғатқа жетер сұлулық жоқ, өмірдің өзі қызықты, ал, адамдар да бір есептен бұл өмірге тектен текке келмеген деп күй көкірекке ой түйетін әр пенде үшін Айшаның образдары әрқашан айшықты да тартымды.

Өзінің шеберханасында гүл шоғы көзге көп түсе бермесе де, суретшінің қайта-қайта сала беретін сүйікті суреті – гүлдер, гүлдер тағы да гүлдер... Олар художниктің көз алдында емес, сазгердің көкірегін кернеп, енді-енді төгіліп, жарыққа шыққалы тұрған әсем әуен тәрізді оның ішкі жан дүниесінде. Осының өзі көп қиналмай-ақ табан астында суырып салар шығармашылық еркіндікке мол мүмкіндік береді. Мұндай шабытты шақта суретші қолы қас қағым сәт ойлануға мұрша бермей, қалт етіп қате жібермей, жылдам да жеңіл жорғалайды. Заттың формасы мен аты айқындала бастайды, алайда бұл натюрморттар гүлдердің кескінін суреттегеннен гөрі, оның идеясын бейнелейді. Сексенінші жылдардан кейінгі салынған натюрморттарда өнердегі ең құнды дүние – өмірді шынайы сезіну бар.



Оның «Жайнаған гүл шоғыры» (1999) үлкен бақтың ішіне еніп, сонда жоғалып кетуі де мүмкін еді. Ол шоғырды сан бөлікке бөліп алуға да болады, тіпті сонда да оның әрқайсысы дүниенің тұтас және ғажайып сұлулығын бейнелейді. Соған қарап тұрып өнердің «көңілге түрлі ой салар» (Абай) әсер түйсігінің шексіздігіне қайран қалмасқа лажың жоқ; мінеки, мынау бояу – бұл жарық дүниенің таңғажайып түсі; реңдердің арасында сәл-пәл айырма бар – бұл күн шұғыла, ақ сәуле, немесе, көлеңкенің жанға жайлы салқыны.

Айша Ғалымбаеваның бұл өмірден алмаған сыйы, ардақталмаған атағы жоқ шығар. Алайда солардың арасындағы ең бастысы оның картиналарын тамашалаған көрерменнің көкірегінде күй болып шертілетін сұлулық пен қуаныш, адам жанына сондай іңкәр дүниені сыйлаған шығармашылықтың жасампаздық құдіреті.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет