Зейнолла Шүкіров



бет1/11
Дата25.12.2016
өлшемі4,32 Mb.
#5230
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Зейнолла Шүкіров


Сыр бойы
тарихи роман

Баспаға әзірлеген Алпысбай Шүкіров

Алматы, 2006 жыл
Ел іші
Бірінші бөлім

МАЗМҰНЫ
Бірінші кітап
Бүліншілік осылай басталды

Мақпал қыз

Соңғы тұяқ

Бүлдіргі

Ел аузы
Екінші кітап
Кіріспе

Арынғазы

Күн дауында

Хиуа жолында

Қастық

Бозқырау

Екінші бөлім

БҮЛІНШІЛІК ОСЫЛАЙ БАСТАЛДЫ
Көз жетер жерде қарайған қара жоқ, сар далада сағым көшеді. Сары шалдың астындағы ақ тұлпар сар желістен танған жоқ. Сарбасаттың сыртындағы ауылдан таң сәріден шығып еді, күн сәскеге көтерілді.

Сары шал заманында қапсағай жігіттің түрі, қарттық жеткен соң дене де шар тартады. Сіңірлі бұлшық еттерді май басқан. Күзен ішіктің шалғайын тізесінің астына қымқырып басып, үйдей болып отыр. Шолақ төбелі түлкі тымақтың құлағын қайырып байлаулы. Күзен ішіктің тысы түйе жүні биязы шекпен, тымақтың тысы көк мауыты. Ал кең қоныш қызыл былғары мәсінің сыртынан көксауырлатып тіккен кебіс киіпті. Шалдың томпақтау біткен қой көзінде күйініш ізі, аспанға жиі қарайды. Төбесінде жарысып қалмай келе жатқан ала бұлттың қабағын баққандай. Қызыл былғарымен қаптатқан ердің күміспен шегеленген қасында салақтаған садақ-сары шалдың бейбіт жолаушыдан гөрі жортуылшы батырға көбірек ұқсататын еді. Санын соғып келе жатқан қорамсақта сұр жебелердің ұшы қылтияды.

Қарт ер үстінде еңкейе түсіп, атының мойнын сипады. Ақ тұлпардың құлақ түбі қоңырқай тартып тер білініп тұр. Кешегі бәйгеден кейін сыр бермей келе жатқаны... Жануар бабында екен. Жәнікенің бурыл атын арқан бойы артқа тастады-ау... Сары шалдың жүзі сәл жылы шырай тартты.

Бұл Жылқайдар батыр. Тайлақ бидің асынан қайтқан. Талдыеспеде төрт қонды. Ақ тұлпары бәйгіден келді. Осы аста бір Жылқайдар емес, бар жақайымның мәртебесі бір көтеріліп қалғандай... Бірақ, қайтатын күні қабағына кірбің түсті.

Әке балаға сыншы: Сырлыбайдан тараған көп жаманға батырдың көңілі әсте толған емес. Бәрі де Жылқайдардан буына семіріп, сыртқа шықса кеуделерін соғады. Зәуде бір арғын-қыпшақтың ауылын торып, бір үйір жылқы алып қайтса, үйге сыймай күпінеді... Бұрын заман басқаша еді...

Жылқайдар он бес жаста ат жалын тартып мініпті. Құба қалмақ заманы жолықты. Жиырмадағы жігіт санаттағы батырлардың бірі еді. Батыр атағын ол ас пен тойда төбелес шығарып алан жоқ. Қалмақтың жер қайысқан қалың қолына тайынбай шауып, ат сауырынан қан кешкен, қайран, күндер!.. Қара саннан найза тиіп қан сырап жатқанда, қыңқ етуге намыстанатын. Екі рет қылышқа ұрынды... Жылқайдардың найзасы тиген қалмақ аман кеткен емес!

Батыр ішінен шыққан баласы Бостанға күйіп келеді. Бір басына қос табақ сұратқаны не сұмдығы? Енді мешкейлік мақтан болғаны-ау. О, тоба! «Арғымақтың баласы аз оттар да көп жусар...» Өзімен құрдас Жәніке миығынан күлді. «Жабысың» дегені ғой. Жаман баланың қылығы Жылқайдарды дұшпанның табасына қалдырды. Жәнікеге жауап айта алмай қапелімде қор болды...

Кеше сұрастырса, Бостан да жоқ, Достан да жоқ. Әкенің ашуы кезінде көзіне түсуден қашатын әдеттері... Жылқайдардың талағы тарс айырылды. Ауылға түнделетіп жеткендей еді. Алдыңғы күні бәйгеден қайтқан ақ тұлпарды аяды...

Жас жеткен соң адам мінез ашады екен. Бүгінде Жылқайдар тентек шал атанды. Тілінен бұрын қамшысы жүреді. Соны істейін демейді-ау, жамандардың қылығына күйеді ғой. «Ораздының баласы он бесінде бас болады...» Бостан елу беске шықты... «Ақтабан шұбырындыдан» кейін қонысына қайта оралған қазақ есін жинап келе жатқан. Алтын тақта Әбілқайыр... Ол да бір заман екен-ау. Әкесі Сырлыбай жоңғар шапқыншылығынан кейін тыныштық орнаған кезде, ырым қылып, Жылқайдардың тұңғышына Бостан атын берді. Ал Әбілқайыр өлген соң жеті жыл өткен кезде Достан туды...

Бірін айтып біріне кетіпті-ау...

Кеше түсте ас тарқады. Жылқайдар ат ұстайтын бала таппады. Сырлыбай ұрпағынан жан қалмай, Бостанға еріп кетіпті. Сонда батырдың есіне он екі жасар Байшоқы түскен. Жаршағыл алыстан биік қырат сияқты болып көрінеді. Баланың атына ата қонысын ырым қылды. Қартайғанда көрген шарана тәтті бола ма, Жылқайдар кенжесіне жан теңгермейді. Қарғадай болып кісілігі бар... Түбі осыдан бірдеңе шығады...

Ирелеңдеген жалғыз аяқ жол, қалың жыңғылды шоқаттардың арасына кіргенін байқап, сары шар ердің үстінде түзеліп отырды. Анадай жерде Қарашоқат... көрінгелі біл заман, Қарашоқат жеткізбей келеді.

Қарашоқаттың сыртында жостыртып келе жатқан жалғыз аттыны көріп елең етті. Қашқын ба, қуғын ба? Қайдан шықты? Ұшыртуы жаман екен. Ер үстінде қалай-қалай отырады? Жасы сексенге тақап қалса да батырдың көзі қырағы еді. Бейсаубет жолаушының ат жалын құшып жатқанын кенет байқады. Әлде неге тұла бойы мұздап, құлағы шулағандай. Ақ тұлпарды қаттырақ тебініп, енді салтаттының алдын кескестей шапты.

Жасы отыздар шамасындағы жігіт. Басы жарылған. Аққан қаны бетіне жолақ-жолақ із салып, қақ болып қатып қалыпты. Жылқайдар жеткенше болған жоқ, ерден сыпырылып түсті. Торы айғыр бір жамандықты сезгендей, кілт тоқтады. Оның да үсті малшынған тер, төбеге ұрғандай қозғалмайды.

- Ей, кімсің? Не болды?!- Жылқайдар аттан түскелі қамданып, оң аяғын үзеңгіден шығарып жатыр еді.

- Мән... Сырлыбай...

Жігіт онан әрі тілге келмей, көз жұмды.

- Мынау не дейді? Мән, Сырлыбай!..

- Сырлыбай өз әкесі болғанда, Мән кіші шешесінің аты еді. Сырлыбайдың үш қатыны үш ауыл... Ауылға жау тигені ғой!

Үш ауыл қатар отыратын еді. Мына жігіттің түсі өз аулының жылқышыларына ұқсамайды. Әлде көктемге салым жылқыға тұрған басқа ауылдың кірме жігіттерінің бірі ме екен?

Әлгіде тұла бойын мұздатқан жаман түйсін қайта жүйткіп өткендей. Жылқайдар ақ тұлпардың басын Қарашоқатқа қарай бұрды. Қамшымен жостырып, айқайды салып барады.


  • Аттан, аттан!

Х Х Х
Түн тастай қараңғы еді. Қара барқыт аспанда түйдек – түйдек бұлт көшеді. Көктемгі жел ызғары сүйегіңнен өткендей, сап- салқын. Нұртай бойы тоңази бастағанын байқады.

Қырық аттың тұйяғы жер төбесін оятындай дүсірлейді. Түнгі дыбыс қиянға кететінін білетін Нұртай, желіккен жігіттерді еркіне жібермей, аяңмен келеді. Алдарында жол ұзақ, сүргін шабуыл күтіп тұр. Әзір ат қинауға ертерек еді...

Анда-санда үзеңгілер қағысып қалып, шылдыр етеді.Алтын ай бұлттың тасасынан бір сығалап қойып, қайта жасырынды. Әлде қайда дуадақ шыңғырып, артынын жым- жырт болды.


  • Жігіттер, анау қарайғанды байқап келесіңдер ме? Сарбұлақ сол! – Нұртайдың дауысы тыныш түнді селк еткізгендей, жігіттер аттарында бір-бір қозғалып қойды. – Қазір Шүкісудің үстімен жүреміз. Осы маңайда Мәмбет- Сырлыбайдың аулы отыратын еді. Ендігі олар жайлауға шықты. Жан-жақтарыңды зерлей отырыңдар. Алдымызда сай бар. Сонда жетіп ат тынықтырамыз. Ақназардың да хабарын білу керек...

Кеше түнделетіп келіп жортуылшылар Шөміштің жырасына жасырынған. Күндіз ат арқасын суытып, арқандап қойып оттатты. Нұртай сол жерде Ақназарды ілгері оздырып еді.

- Жалғыз адам елеусіз. Жан-жағындағы құдық-құдықтары шола жүріп, бүгін түн қалай да Сарбұлақ тауына ілігетін бол. Өзін білесің ғой, Шүкісудан әрірек, биік жонды етектей үлкен жыра жатыр. Қырық жігітті жасыруға жарайды. Бір мезгіл ат арқасын суытармыз. Бізді сол жерден күт.

Шөміштін маңы мидай жазық ақ тақыр, оты-суы жоққа тән, көшпелі ел көп аялдамайды. Жортуылшылар зауал ауа атқа қонған. Нұртай жершіл құмға соқтырмай, қайда қатқақ жерді қуалап, жолсызбен тіке салып келеді. Арал теңізінің тұсынан намаздігер әлетінде өтті. Тебіренбестің үстінен түнделетіп асты. Ара-түра ат тұяғын қыздырып жарысып алады.

Қазақ ауылдары жақын жерде екнін есіткен жігіттер, етек-жеңін жинап ұстап, жан-жағына елеңдей қарады.



  • Кәне, тоқтай қалындар!

Нұртай ат басып тартып, оқыс тоқтады. Даусы ақырын шыққанмен, әмірлі естілді. Іркес-тіркес келе жатқан жұрт ат басын түйістіріп ошарылып қалған. Мұрынға судың иісі, сыздың иісі келді. Аттар тізгіндерін сүзе жерге ентелейді.

- Жануарлар шөлдеген екен. Ауыздық алыңдар. Бірақ, аттан түсіп, уақыт оздырмайық!

Жігіттер ер үстінен етбеттеп, аттарының ауыздығын сыпырды. Түк көрінбейді. Суды аттың тұмсығы тауып жатыр.

- Жанназар, сен аттан түс. Жігіттердің жанторсығына су құйып бер.-Нұртай әмір етіп тұр.

Әлде қайда маңқ-маңқ үрген иттің дауысы келеді.

- Мәмбет-Сырлыбай Сарбұлақта отыр екен. Мынау Құтпанның даусы. Қырағы ит еді. Бес жыл... Әлі тірі екен-ау жарықтық, - дегенде Нұртайдың дауысында діріл білінді.

Әрі-беріден соң иттердін даусы көбейді. Шабаланған, маңқылдаған, ұлыған қырық құрау дыбыстан түн жүрегі дір етіп, ұйқысы шайдай ашылды. Бірақ, ауыл бұл маңайдан екі-үш шақырым жерде еді. Нұртай айылын жиған жоқ. Алыстан айбат шеккені болмаса, иттер де ұмтылмады. Әлде қайда біреудің айтақтаған даусы барлығыңқы шығады.

-Ал кеттік!- деді Нұртай кенет асықтырып.- Бөрі-қарыдан күтініп отыратын сақ ауыл еді. Дүрлігіп жүрер. Тезірек қара үздіріп кетейік. Дыбыс шығармай, шашырай жүріп отырыңдар.

Жігіттер аттарының ауыздығын салып, дүрк қозғалды.

Сәлден кейін иттер де шабаланғанын қойып, далада тағы да жым-жырт тыныштық орнады.

- Мен айтқан жыра осы тұста. Ақназар ит ұйықтап қалмаса, күтіп тұрған шығар,-дейді Нұртай күңк етіп.

- Әне, біреу қараяды.

- Т-с-с...

Нұртай атына қамшы басып шоқытып шыға берді. Қарындағы найзаны ердің үстіне алып, оңтайлай үстап барады.

- Нұртай аға!

- Ақназармысың, ей! Тірімісің,бауырым!?

- Тірі болмай...

- Ал кәне, көрген-білгеніңді айта бер!

- Ылғи құмды іргелей жүріп отырдым. Теңіз маңында үш-төрт құдықта ғана ауыл бар. Бәріне де соғып сусын іштім. Жылқышы, қойлы-қолаң болмаса, бұл өңірдегі ауылдарда қару ұстайтын ер азаматтан ешкім жоқ. Бәрі Тайлақ бидің асында, қайтпай жатқан көрінеді.

- Ақназар соқты!

- Ұйқысы қанық, тамағы тоқ...

- Уа-қа-қа!

- Тынышталыңдар! Нұртай жекірді.- Уахахаға әлі ертерек. Ақназар, сен мынау Жанназарды қасына алып аттарды күзет. Қалған жігіттер биенің бір сауымындай көз шырымын алсын.

- Көз шырымын алғаны қалай? Ақназар таңданды.- Жылқы қуа шыққан жортуылшыға нағыз ұрымтал кез түн емес пе? Ауылдарда жан жоқ. Жылқы далада жатыр. Мен тіпті қай ауылдың жылқысы қай тепсенде жайылатынына шейін біліп келдім.

- Бірінші, жылқы іздеп жүруге уақыт жоқ. Таңертең бар жылқы құдыққа құлайды. Құлын байланады. Сол кезде бір-ақ тиіп, Жылқайдардың желісін қиямыз. Біз ұры емеспіз. Ердің ісін істейміз! - Нұртай енді соңғы әмірін айтты. - Біз таңертең аттанамыз. Ақназар бастаған жеті жігіт осы жерде қалады. Біз кеткен соң биенің бір сауымындай уақыт кідіріп, атқа қоныңдар. Сарбұлақтағы ауылдың жылқысына тиесіңдер. Мәмбет-Сырлыбай байып кетпсе, бес-ақ жылқышы ұстайтын еді. Жеті жігітке не тұрады? Тобықтан бір-бір қағып түсіріп кетпейсіндер ме!?

- Оған сөз бар ма!? - деді Ақназар.

- Бізді Қамыстының басынан күтіп алындар. Жылқыны көл жағаға иіріп тастайсіңдар. Нұртай аттан түсті. – Ал, жігіттер, көз шырымын алыңдар.

Нұртай шылбырын Жанназарға ұстатты. Ырғалаңдай басып, жанбауырға беттеді. Ұзақ жүрістен салықан дене тыныштық тілейтін еді.

Бұлар атқа қонғалы бір айдың жүзі болды. Әмудариядан Жіңішке құмға шейін... мың шақырым жол асқан екен...

Бір кезде мынау ұшы-қиырсыз дала оның қиялын еліктіре тартатын еді. Қаршадайдан кешкені бейнет, жетім бала Нұртай жер кетпендеді, қолсамар атты... Бай ағайын ақ иық қылған бала, он алты жасқа шыққан жылы сызып тұрды. Қазақ арасы, кең далада жүйрік мініп жостырып жүретін жылқышы өмірі оған жұмақ көрінетін. Сол арманы Жақайым Жылқайдар батырдың жылқысын бақтырды... Жұмысына адал, қайратты жігіттің ісіне қазақ батыры сүйсінді. Екі жылдан кейін Нұртай бір қос жылқышының басшысы болып шыға келді.

Батырдың екі баласы Бостан, Достан үйірдегі жылқыға жиі қатынайды. Екеуі де кеудесіне нан піскен мақтаншақ... Әсіресе Достан Нұртайға қожаңдап тыныштық бермейтін еді. Есіл-дерті күрес. Сол күрестің кесірінен Нұртай Жылқайдардан кетті. Бір жығылған жолы, намыстанған Достан, жас қарақалпақты басынан тартып қалған. Содыр қамшы жігіттің шала мас санасын дүр сілкіндіргендей, туған жерін еске алды. Қайтқысы келіп қыңқылдаған Нұртайды батыр онан соң да бір жаз ұстады. Қимайды екен. Қатын алып беріп, үстіне үй тікпек те болды...

Қазақ арасында жүріп Нұртай көп нәрсеге түсініп еді. Жылқайдар қатын әперіп, қасына қоңсы қондырады екен. Оның аты құлақ кесті кұл деген сөз. Байға өмір бахи қарыздар, жылқы соңында күні өтеді Таяқ соғар ағайыны да жоқ... Достан төбісенен қырғыш сүйек алса да көнуі керек...

Жылқайдар төрт жылғы еңбегі үшін ат мінгізуі керек еді. Ақ тай Нұртайдың қолына солай түскен...

Бес жүз жылқы ішінде жүйрік көп. Бірақ, Нұртай біреуін де ұстаған жоқ. Көк биенің ізінде құлдырай шауып жүрген ақ тайға көптен қызығатын еді. Түгі басқа жылқыдан бөлек, сүттей аппақ. Жылқы баққан бес жылда, талай құлынды ат қылып өсірді. Әлгі тайдан түбі ат шығарын іші сезетіндей..

Жылқайдар сөзінде тұрды. Нұртай Ақиректегі ауылына тай жетектеп қайтты. Бес жыл кісі есігінде жүріп, қолына жалғыз тай іліпті. Қатар-құрбылары Нұртайды келемеждейтін еді.

Ақ тай төрт жылдан кейін ақ тұлпар атанды. Қазақ пен қарақалпақтың талай асы мен тойында додаға түсті. Ақ тұлпар атанғалы бәйгені басқаға берген жоқ. Хиуа ханының үкілеп баққан талай арғымағы ақ тұлпардан сүрінді. Нұртайдың атағы әрі асып Үргенішке жайылды. Ақ тұлпар үшін қазақ байлары үйір-үйір жылқы ұсынды. Мейманасы тасқан бай бағлан жалғыз атты кедейге жылқының жүйрігін, астың дәмдісін де қимайды. Маңдайына басқан жалғыз тұлпарын Нұртай қызға айырбастамайды. Ақ тұлпардың даңқы асқан сайын, оның дұшпаны да көбейді.

Жылқайдар бір жазда екі келіп кетті. Ақ тұлпарды қолқалайды. «Түбі өзінен шыққанын» ескертті. Қазақтың білсең барымта, білмесең сырымтасынан Нұртайдың да хабары бар... Қайта-қайта қиылған қазақ батырынан сескенді. Туған жерін тастап, Үргеніш асқаны сонан кейін...

Хорезм жұртындағы Айдос бимен көңіл жақындығы бар. Нұртайдың Үргеніш асуына қарақалпақ биінің бір ауыз сөзі себеп болды. Жас Айдос қарақалпақтардың әр жерде шашылып жүргенінен шығарып, көптенгі күйінішін ақтарған еді. Албырт Нұртай ұйып қалды.



  • Қарақалпақтың түбіне қорқақ сұлтан Қайыпқали мен Оразақ батыр жетті ғой. Көздері қарайғандай Әбілқайырдың қолтығына кірді. Өрдегі қарақалпақ Сұлтанмұратты хан көтерген жоқ па? Соған қосылуы керек еді. Ақыры қорлықты сол қазақтар көрсетті. Әбілқайыр, Абылай, Ерәлі, Есім-қазақ сұлтандарының қарақалпаққа көз алартпағаны жоқ екен. Шапқыннан көз ашпады. Тоз-тоз болы, Жаңадария мен Қуандарияға қарай босты. Сыр бойында кім қалды? Желкесінде Қызылқұм, қазақтың содыр батырлары сойылын әлі тақап отыр. Амударияның жағасынан қоныс беріп, қасына шақырған Хиуа ханына қарақалпақтар сонда жолағылары келмейді...

Айдостың әкесі Сыр бойынан Ерәлінің соңғы жорығының тұсында қоныс аударыпты. Қазақты айтса, көзіне қан толады. Айдос қарақалпақтарды Хиуаның қоластына жинап, басын қосқысы келетін еді. Күшейіңкіреп алған соң, қазақтармен ақ найзаның ұшын алдына тосып сөйлеседі. Ата қонысын қайта даулайды...

Бұл сөзге Нұртай да елігіп жүр. Төрт-бес үй Оймауытын ертіп Үргенішке тартып тұрды... Бірақ, Айдосқа қонсы қонған жоқ. Бір ауыл болып, бөлек отыр...

Былтыр күз ойда жоқ пәле кездесіп, ақ тұлпар қолды болды. Нұртай алғаш Хиуа ханынан қауіптеніп еді. Астыртын тыңшы салып, күдік алған жерлерін арылтып шықты. Үргеніштің ұрысынан аман сияқты... Қыс ортасында суық хабар жетті. Жақайым Жылқайдар батырға ғайыптан бір ақ тұлпар пайда болыпты... Нұртайдың іші кіпі алды...

Әуелі Ақназарды жұмсап анығына жетті. Жылқайдардың қолындағы өз тұлпары екен. Сонда мың шақырым алыстан Жылқайдар қалай келіп алды? Қандай жүрек жұтқанды жұмсады?

Сол күні-ақ аттанатын еді. Айдос жібермеді. Қазақтың қарақалпаққа көрсеткен ақыреті аз емес. Ақ тұлпар көп зорлықтың бірі. Өзі тағы Жылқайдардың қолына түссе, оңайлықпен қайтармас. Қамданып бару керек- деп еді.

Содан соң ақ тұлпар оқиғасын бір әрекетке пайдаланып қалғысы келетінін айтты. Нұртай мәрт жігіттің ісін қылуы керек. Әңгіме ақ тұлпарда емес, қарақалпақтың кеткен есесін қайтаруда жатыр... Осылай Айдос бидің үйінде Жылқайдар батырға өлім жазасы кесілді...

Жылқайдар жазым болса, Қарақұм мен Қызылқұмның қазағы түгел көтеріледі. Айдос соны тілеп отыр. Қазақтардың Нұртайға сілтеген соққысы, ең алдымен Жаңадария мен Қуандария бойында отырған қарақалпақтарға тиетін еді.

- Құдай сәтін салса, Сыр бойындағы ата қонысын қайтарып алудың сәті түсіп тұрған сияқты, інім. Тықы батыр шектінің билеріне тісін басып жүр еді. Қарақалпақ тік көтеріліп, атқа қонатын күн туса, қол бастайтын да сол Тықы болар. Бара жатқан бетіңде оған соқпай кетпе. Менің сәлемімді жеткізерсің. Маған тек Жаңадария бойындағы қалың қарақалпақтың көтерілгені керек. Мұнда Хиуа ханы қылышын тасқа жанып отыр. Хабаршы келген күні, жер қайысқан қол алып, артыңнан жетем!

Қазақ ішінде Сыр бойына алғаш қыстау басқан жақайым Сартай би екен. Нұртай оны да Айдос биден есітті. Одан бері де он бес жылдай уақыт өтіпті... Сартайдан кейін Сырдарияның құйылысында әйдербектер орнайды. Сонау Ерәлі сұлтанның шапқыншылығы кезінде ығыса бастаған қарақалпақтар, бұл күнде көшіп бітуге жақындады...

Соны ойласа Нұртайдың да жүрегі сыздайды. Ол жақта қалың қарақалпақ атқа қонып, бұл жақта Айдос би Хиуа сыпайларын алып жететін болса, қазақтардың басына қара күн ойнайтыны анық...

Нұртайдың қасында он жігіт ағайындары еді. Қолдаулының жиырма жігітін Айдос қосты...

Нұртай аттанып шыққалы жиырма күн. Тықының қамалында бөгеліп қалды. Қырда Тайлақ бидің асы болғалы жатқанын сол жерде есіткен. Жылқайдардың ауылы оңашасын тауып, қапыда басулары керек еді. Нұртайдың бөгелі түскені де сондықтан...

Бұл екі арада Тықы да қарап жатқан жоқ. Жан-жақтағы карақалпақтар ауылына ат шаптырып, аталықты билерді алдырды... Басталғалы жатқан бүліншілікті ескертіп, түгел елді тік көтерудің әрекетін ойластырып жатыр...

Бірақ... Қарақалпақ жақсылары баяғы алтыбақан алауыз қалпы... Нұртай олардың сөз әлпетінен шошып келеді... Бір оқыс іс көрсетуі керек...

- Ау, таң саз беріп қалды ғой!

Дауыстаған Ақназар еді. Нұртай басын көтеріп алды.

- Жігіттер, тұрыңдар! Жанназар, атты әкел!

Шырт ұйқыда жатқан жігіттер апыр – топыр, орындарынан тұрып жатыр.



  • Ақназар, әлгіде айтқан тапсырмаларды ұмытқан жоқсың ғой!

  • Қылп етпе, батыр! Айтқаныңдай болады!

Күрең төбел жетегінде, Жанназар келді. Әлгінің арасында ерттеп қойыпты. Нұртай Жанназардың шықшыты шығынқы қара сұр жүзіне сүйсіне қарайды. Жанназар оған Жаңадария бойынан еріп келді. Он алты жастағы түрі мынау, әр саусағы жас баланың білегіндей... Өсе келе Жанназардан түйе балуан шығады әлі...

- Жанназар сенімен бірге болсын, - деді Ақназарға.

Жылқайдар ауылында қан төгіс болмай қоймайды. Жас жігітті жаза тиетін таяқтан сақтап қалуды ойлап тұр...

- Жолдарың болсын! – деді Ақназар арттарынан дауыстап.

Нұртай бастаған топ қозғалған кезде, көк жиекте қызыл шапақ шашырап еді. Көп тұяқтың дүбірі шырт ұйқысын бұзғандай бұта-бұтаның астында қонақтап отырған бозторғайлар дүрк көтерілді. Шыр-шыр етіп, жолаушылардың алдын кес-кестеп үстерінде шыр айналады. Бір қатерді сезіп, олардыңда шыр-пыры шығатындай.

Дала тақтайдай жазық. Жас жусанның шашағы елбек қағады. Әр жерде селтейіп еркек шөп көрінеді. Түндегідей емес жел басылған. Таңғы самал айнала жусан иісін аңқытады. Жер қатқақ, аттар ауыздығын сүзе тастап, соқтыра аяңдайды.

Алыста биік жон, аппақ шағаладай көз тартады.

- Анау тау ғой!

- Тау емес құм. Нұртай түсіндіріп келеді. – Жаршағылың сол. Құданың құдіреті, қасына барсаң қиыршық құм бірақ тіп-тік жар болып тұрады.

- Апырай, ә?

- Қарай ғой, жылқышылар құлады. Әзір сыр бермейік. Таңертеңгі шапқан аттың дүбірі қиянға кетеді.

- Құп!


Жігіттер аттың үстінде тіктеліп бойларын жинады. Аттар да басын шұлғып тастап, аяғын сергек басады. Ауыл қарасы айқындала түсті. Далада біреу-жарым адам қара көрінеді.

- Сырлыбайдың үш қатыны үш ауыл. Жылқайдар ортаншысы Сұқсырдан туады. – Нұртай бай ауылды таныстырудың қызығына түсіп бара жатқанын кенет байқап, сол жерден доғарды.

- Сағынай, бері қара! Қасыңа он жігіт алып, анау шеткі ауылдан бастап, жылқыларды түре қуасың. Бізге қарама, Сарбұлақ асып, Ақназарға қосыл! Бір ескеретінің, қарсыласқан жылқышыларды қағып тастаған соң, қасындағы жігіттің бесеуін бізге қалдырып кет. Нұртай ақырғы сөзін айтып жатқанда, аттың басын тежей түскен. – Мынау ортадағы ауыл Жылқайдардың балалары. Мен соған тиемін. Құдай сәтін салса, мырзаларды төсекте басатын шығармыз. Достан ұлы сәскеге дейін ұйықтайтын еді ғой. Бақас мырзаның баяғы мінезін еске алғанда түсі бұзылады. – Құдай қолдасын, ал кеттік, жігіттер!

Сағынай бастаған он жігіт бөлініп шыға берді.

Күрең төбелді Нұртай алдында, жиырма жігіт Жылқайдар аулына ат қойды. Бір мезгіл тынығып алған аттар, көңілдене көсілтеді. Бауырлары жазылған соң, созыла тартты. Сексен тұяқ жер төбесін тесетіндей, сатырлаған дыбысы даланы басына көтерді. Қатқақ жердің шаңы, онша биіктемей, шұбала түсіп артта қалып жатыр. Нұртайдың қызыл шырайлы жүзі қара қошқыл тартып, демін алқына алады. Ауылға төніп келген сәт даусы саңқ етті.

- Кездескен еркек кіндікті аямаңдар!

Жау тигенін ауылдағылар енді ғана байқап еді. Бір қатынның қатты шыңғырған даусы шықты.

- Ойбай, жау!

Осы дауыс Достанның ұйқысын шайдай ашты. Астан түнделетіп қайтқан жігіт, қатып ұйықтап қалған екен. Суық сөзден жүрегі дір еткен. Қарманған қолына түк түспейді. Есікке жеткенше екі сүрінді. Үрей ұшқан, буын жоқ. Босағада сүйеулі тұрған найзаны да байқайтын емес.

- Достан, кездестің ғой ақыры! Баяғыда жығылып қалсаң, қамшы үйіретін едің! Енді қайтер екенсің!

- Нұртай!..

Достанның көз алдында ақ тұлпардың бейнесі жалт етті. Өткен күз... жабық қорадан... осы Нұртайдың қорасынан өз қолымен жетектеп шығып еді... Нұртайдың қанжары көкірек сүйегіне тақалған сәт шыңғырып қалды.



  • Ағажан, бір қасық...

  • Мүшел жас кіші адамды аға дейсің!

Достан кеңірдегінде қара қанжардың суық жүзі сыр еткенін ғана сезді. Қорқырап құлап бара жатты.

Нұртай Бостанды төсегінде бауыздады.

Ауыл у-шу, ақ үйлердің шаңырағы ортасына түсті.

Байшоқының ұйқысы сергек, күндегі әдеті таң сәріде тұрған. Үйде жақын туыстары Пірімжар қарт қонақ еді. Тебіренбестің астында бір үйір киік көріпті. Пірімжар түнде соны айтып, Байшоқының арқасын қоздырды. Бүгін атасы екеуі ат ұстап, киікке шығатын болып келісіп қойған. Төсектен бірге еріп, бұлақтың басында жылқыны күтті. Пірімжар таң намазын оқыды. Садағына оқ жонды... Соның қызығымен келіп қалған жауды да аңғармай қалды. Шыңғырған дауыс шығып, қамысқа қарай қашқан қатындарды көрген кезде ғана бастарын көтерді.

- Ойбүй, сорлаған екенбіз ғой! Пірімжар Жылқайдардың сегіз қанат үйіне сатыр- сұтыр жауып кеткен сойылды байқап, Байшоқыны қолынан ұстай алды. – Қаш, бері қаш!

Кәрі жүрек түсі бұзық аттылардың жай барымташы емес, қанды кекпен келген жау екенін түйсінді. Шаңыраққа сойыл сілтеу, қайтып көріспейтін қанішердің жұмысы... Ендеше кісі өлімі болуы да ықтимал... Екі көзі артында, Пірімжар Байшоқыны қолынан жетелей қалың құрақтың ішіне кіріп бара жатты.

Ауыл әпсәтте ұйпа-тұйпа болды. Әйелдердің ойбайы молая түскен. Түйелерге жүк теңделді. Жау абыр-сабыр… Сұмдық сурет жанын түршіктірген Байшоқы қалш-қалш етеді.

Жау талаған дүние үлкен көш болып, ауылдан шыға берді.Алдыңғы түйеде екі қыз – Қарлығаш пен Тұйғын… Ағасы Бостанның қыздары… Байшоқы бақырып жіберді.

- Апатайларым! Ата-ау,әкетті ғой!

Пірімжардың көзі қырағы, бәрін көріп тұр. Баланың даусы кеудесінде булығып жатқан ашу-ызаны дір еткізгендей. Қазір баспашы жаудың кімдер екенін де аңғарып тұр еді. Күрең төбелді Нұртайды нысанаға алып, садағын шірене тартты.Қап, жақындамады-ау… Сұр жебе ысқырына жөнелгенде, қартың кеудесінде күдік қараң етті.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет