Зейнолла Шүкіров



бет3/11
Дата25.12.2016
өлшемі4,32 Mb.
#5230
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

- Бәсе десейші!

- Би аға сен не айтасың? Шарасы таусылған Мамыт Әнетейдің аузына қарайды.

- Мына бәленің алдын алмай болмайды. Қазақтарға адам салу керек.

- Сіз барасыз. Қазақтар атағыңызды біледі. Атыңызды сыйлайды. Таныс тамырыңыз көп…

- Ей, шырағым-ай, баяғы Әнетей ғой демесең, бізде не қауқар қалды қазір. – Би күрсінді, - Бірақ, барамын. Әйдербек ауылдары ендігі жаз жайлауға шығар. Шықыман, Көкшоқат маңында отыратын еді… Қара есек қанша жерге апарады? Маған бір тәуір ат тауып бер.

- Көк жұлын қорада? ерттеп қойдым. Мамыт етегін қағынып орнынан тұрды.

- Ей, ей, батыр! Сөз аңғарын бағып отырған Өмірқұл оның алдын кес-кестеді. – Қазақта мен білмейтін би жоқ. Би ағамды жалғыз жібермейік. Маған ат тауып бер.

- Қатынымды міне ғой! Мамыт ашу шақырды.

- Ендеше қайтем, бидің артынан жаяу жортармын.

- Сенің көкейіңді тесіп тұрған жас бағланның еті ғой…

- Қазақтар өзіңді сойып жүрмесін!

- Үлкен уай-уай сонда болар…

Жігіттер Өмірқұлды біраз жерге шығарып салды.

Сол екі арада көк жұлынды секіртіп Мамыт та келді. Әнетей жолға шықты. Шалдың ізінде шапаны жалпылдап Өмірқұл барады. Мамыттың сөзін құлағына қыстырған жоқ.

- Қырық сиырың қораңда, менен қазақтың қонақасысын қызғанасың ба? – деп кейіді. – Би ағамнан менің келе алмай қалғанымды есітсе, Тәбекеннің балалары өкінеді ғой.

Алда көк атты Әтеней, артында Өмірқұл, аттылы жаяу екеуі Ақирек жотасына көтерілгенде түс қайтып еді.

Ауыл көзден таса болған соң, Әтеней аттың басын тартты. Атындағы Өмірқұлды тосып тұр.

- Әй, құрғыр, мінгес енді!

- Өзім де асығып келе жатырмын. Өмірқұл көк жұлынның сауырына ырғыды. – Уа-ха-ханың көкесі енді болған шығар!


Х Х Х
Бай ауыл іргесін құмға сала отырыпты. Ауылдың алдындағы қоңырлықта тартқан желінің ұзындығы жарты шақырымға созылады екен. Әлі ноқтаға көндікпеген құлындар шіңгір-шіңгір кісінеп, бір орында шыр айналады. Желіден әрірек қоңыр төбе баурайында жер қайысқан жылқы, әр жерде шоғыр-шоғыр болып, үйездеп тұр.

Сегіз қанат ақ үйдің көлеңке беті түрулі. Есіктен төрге шейін кілем төсетіпті. Қолтықтарында бір-бір тай тері жастық бәтшайы көрпенің үстінде қонақтар шынтақтап-шынтақтап жатыр еді. Бұл үйде кебеже, сандық сияқты артық дүние көрінбейді. Оң жақтағы керегеге ілулі кісі бойы қара сабаның бетін қалқалап ши де тұтпайды. Сабадан жоғарырақ қызыл сырлы адалбақан – киім ілгіш тұр.

Қонақтардың алдында дастархан, сырлы тостағандағы қымыздан анда-санда бір ұрттап қойып, әңгіме шертеді. Кешегі өткен тайлақ бидің асы… Бәйгіден келген ақ тұлпар… Бағы асып тұрған жылқайдар батыр… Сөзде соның айналасында өрбіді.

Шектінің ішінде өскен аталық орыс болғанда, оның бір баласы әйдербек аз үйлі ру еді. Бірақ азғантай зйдербек ешкімге тізгін берген емес. Бай-бағланы, батыры мол. Соның ішінде Сырлыбай ауылының сабасы ортайған жері жоқ-ты.

Шектіде кім көп, Сырлыбай көп. Мүмкін оған кінәлі қазақ салтына молынан енген Самардың сырлы тостағаны шығар. Бір жақайымның ішінде екі-үш Сырлыбай ауылы бар. Бұл әйдербектің Сырлыбайы… Сырлыбай шал бұдан он бес жыл бұрын жасы сексеннің үстіне шығып көз жұмғанмен, атағы сонда. Оның кіндігінен тараған төрт ұл, әкесінің көзі тірісінде-ақ енші алысқан. Іргелерін әлі айырған жоқ. Ең үлкені Таңсыққожа алпыс жасқа шықты. Басқалары да шал, бірақ бәрі де жасы үлкен ағаның аузына қарайтын еді.

Қонақ Таңсыққожаның үйіне түседі. Тойға Таңсыққожа шақырылады. Біреу ас берсе, Таңсыққожаға сауын айтады… Бөгенбай, Бекқұлы да барады ғой… Тіпті тоқал шешеден туған, шалдың кенжесі Медет те тойлы жерде қалып көрген жоқ. Бірақ сырт ағайынның білетіні Таңсыққожа…

Тайлақ бидің асынан үлкен бір шоғыр бжлек қайтып еді. Тобы әлі жазылған жоқ. Кеше Үден тамында отырған Жақайым ішінен Тоқал Асан Жылқы батырдың үйінде түстеніп алдын кеш қылып жүріп кеткен Таңсыққожа, қасында он кісі қонағы бар, ауылға түнделетіп келді.

Үш аталық Орыс – Есенәлі, Әйдербек, Бөлек болып айырылады. Бөлектің тұқымы Арал теңізінің Солтүстік, Батыс бетін алып, мына шеті Мұғалжар тауы, мына шеті Ойыл өзенінің өңіріне шейін созылатын кең өлкеде көшіп-қонып жүр. Малы-жаны өскен көп ел. Есенәлінің де етек жеңі мол. Бір шалғайымен Қарақұмды басып, бір шалғайын Қызылға жіберіп, ұзақ жайлап, алыс көшеді. Таңсыққожаның қонақтары Есенәлі ішінде Кішкене руының игі жақсылары еді.

Төрде сақалын ақ шалған қара шал, әңгіменден қалыс, қалғып отыр. ЖасыТаңсыққожа құрбылас, бірақ, жүдендеу еді. Самай терісі жұқарып жалтырай бастапты.

- Нұрымбет ағам шаршаған екен…

Таңсыққожа ақырын айтты. Түсінде ілтипат білінеді.

- Ат соғып тастады. Қара шал сергек екен, көзін ашты. Қоңыр үнінде айрықша сыпайылық нышаны аңғарылады.

Кішкененің ішінде Киікбай батырдың шаңырағын әркім де сыйлайды. Нұрымбет Киікбайдың кіші баласы. Үлкені Өтеген батыр былтыр дүние салған… бүкіл ауылда ағасын қатты азалаған осы Нұрымбет, тым еңсеріле қартайды.

Қадірлейтін ауылдарының жақсыларын бөліп алып шыққанда, Таңсыққожада есеп бар еді. Сүйек тамыр сүйенісіп күн көреді… Жаман ағайыннан жақсы жекжат артық. Малды жақты ауыл, ірі тұқымдармен ілк-шатыс болғанды тәуір көреді. Таңсыққожа екі қатын алған. Бәйбішесі Күнкенің баласы тұрыңқырамай жүріп, Жаманқұлды туды. Содан қауіптенген бай, жасы елудің үстіне шыққанда қыз айттырды. Тоқалдан Төлебай мен Томан… Бұл күндері бай үш ұлдың әкесі болып отыр.

Нұрымбетте қыз жоқ екенін естиді. Бірақ, үлкен баласы Ақмырза аяқтанғалы бес жыл өтіпті… Онан қалса немере інісі Бекбауыл отыр… Таңсыққожа батырдың ауылынан үш ұлының біреуіне қыз айттырғысы келеді. Мынау тек шалдың қонақасы… Кейінірек бірдеңені сылтау қылып, Нұрымбет аулына қыдырып қайтатын ойы бар еді.

Сырлыбай балалары аяғының ұшынан басып қызмет етіп жүр. Бірақ, Таңсыққожаның түпкі мақсатын біліп отырған бірі жоқ. Түкпірлі кісі, кезі жеткенде болмаса, ондай игі ниетін басқа түгіл қойнындағы қатынына да білдірмейді.

Бекқұлы келіп байдың қасына қисая кетті. Ас пісіп қалған екен. Соны айтқан.

- Е, онда қолға су құйсаңдаршы!

«Қолға су құйылатын» хабарын есіткен жұрт бір-бір қозғалысып қалды. Нұрымбет те көзін ашты. Алға ас келген соң, әңгіме-қауға да толастайды.

Мырза Таңсыққожаның дастарханы кең. Астау толы еттің ішінде жаңа сойылған тайдың жілігі мен қойдың жамбасы айқасып жатыр еді. Қысқы соғымның сыбағасы сары ала қазы да көрінеді. Бұл сияқты үлкен құрмет тек қатты сыйлайтын қонағына ғана жасалады.

Жылқайдардың жаманаты осы дастархан жиналмай жатып жетті. Кеше өздері түстеніп шыққан Жылқы батыр шапқыншы жіберіп отыр. Қарақалпақтар бір Жылқайдар емес, ауылындағы еркек кіндіктіні түгел бауыздапты. Хабаршы жігіт жау келтіре сөйлейді. Отырғандар үрпейісті.

- Жылқаман ағам бастаған жақайым баласы Жаршағылда. Сендерге мені жұмсады.

Қонақасыдан берекет кетті. Нұрымбеттің көзіне жас кілкілдейді. Қара сұр жігіт Бекбауылдың түсі бұзылды. Ол қарақалпақ Енесей бидің жиені еді.

- Жылқаман ағам ертең аттанады…

- Жәкемнің асығыс қимылдағаны қалай? Ондай жорыққа Әлім баласы түгел бас қосып аттанғаны жөн ғой. Қарақалпақ та қалың ел, қамсыз отырмаған шығар… - Нұрымбет мүдірді. – Бара көрейік. Сен жолыңнан қалма, айналайын. Біз атқа қонамыз. – Хабаршы шығып кеткен соң көңілдегі кәдігін айтты. – Ауылды шауып, азаматын өлтіріп, адамын тұтқындап кету ашынған жаудың қимылына ұқсайды. Сірә қарақалпақтар аянып қалмас…

- Бұл Нұртайдың ісі ғой! – деді Бекбауыл сұрланып. – Кешегі аста бас бәйгі алған ақ тұлпар, Нұртайдың маңдайына басқан жүйрігі еді. Жылқайдар ұрлатып алдырған! Өзінің де обалы жоқ!

- Тек… - Нұрымбет кәлима қайтарды. – Жылқы алып жатқан жаңғыз Жылайдар ма? Кімді кім өлтіріп жатыр.

Нұрымбет онан кейін үндемей қалды. Бұлардың ауылы Қызылды жайлап отыр. Енесей бимен құдандалы, жау күтпейтін еді. Мынау өлімнен кейін ел тыныштығы еріксіз бұзылатын сияқты. Соған жаны ауырады.

- Бұл барытма емес, қырғын ғой! Жылқайдар ақ тұлпарды алдырсын, басқаларының жазығы не? Жоқ, Нұртайдың бұл қылығын ақтауға болмайды!

Бекбауылдан төмендеу отырған сары бала ширығып айтты. Бұл Нұрымбеттің Ақмырзаға тете ұлы Жанқожа. Нағыз қошқар тұмсықтың өзі екен. Таңсыққожа оған сүйсіне қарады.

Бекбауыл қауіп айтты. Бұлар жаршағылда жүргенде, қарақалпақтар ауылға шауып жүрсе қайтесің? Шапқыннан басқа жұрт қорыққанмен, Енесей биге жиен Бекбауылдың қорқа қоятын жөні жоқ-ты. Сұңғыла жігіттің іші қатпар-қатпар сияқты, қара сұр жүзі сыр бермейді. Ауылға қайтқанша асығып отырғанын аңғартты. Нағашы жұртына іші бұрғаны ғой. Таңсыққожа оны да кінәлаған жоқ.

- Жардай құлап Жылқайдар ағам жатқанда, жазасына қайрылмай кете бергеніміз ұят шығар – деді Нұрымбет. – Балдар, аттарыңды ерттеңдер!

Таңсыққожа қонақтарға ерген жоқ. Оның да ағайынмен ақылдасатын жайы бар. Жылқайдардың жаназасына құр қол баруға болмайды. Бәйбішесін де еріте кеті керек. Інілерімен де хабарласады. Солай іркіліп қалған.

Медетті өзіне тете інісі Бөгенбайға шаптырып, өзі ертеңгі бата оқырдың қамына кірісті. Күнке де барғысы келіп отыр. Батырдың азасына нар апарады…

Ауыл кештеу жатқан. Таңсыққожа басы жастыққа тие ұйқыға кетті. Оянса, Күнке жұлқылап жатыр екен.

- Тыңдашы, бір әйелдің жылаған дауысы шығады…

Күнке қарақалпақтар алып бара жатқан қыздар ма деп қорқады екен. Дауысында үрей білінеді.

- Алда, байғұс-ай, Қатира ғой! Таңсыққожа орнынан атып тұрды. – Нұрбайдың келіні Жылқайдардың қызы емес пе? Бірі батыр, бірі би, кикілжіңмен күні өтіп еді. Қырсығы балдарына тиіп, осы Қатира қырыққа шыққанша отырды ғой. Ақыры Жылқайдар иілді. Біздің Тәбекен атама кісі салып, әзер бітісіп еді…

Күнке жағасын ұстады.

- Нұрбай бидің аулы Көкдомбақты жайлайтын еді. Райда кідіріп қалған екен-ау…

Таң атып қалған. Таңсыққожа шекпенін жамылып далаға шықты. Інілерін оятып жүр. Бөгенбай Бекқұлының үйінде қонып жатыр еді. Медет те келді.

Әнетей осы абыр-сабырдың үстіне тап болды.

- Алда, әулием-ай! Әлі тірі екенсің ғой…

Таңсыққожа қарақалпақ биін көк жұлынның үстінен өзі түсіп алды. Ашыққан, шаршаған шал, үйге шаққа жүріп келді. Өмірқұл шыр пыры шығып, қолтықтып жүр.

Таңсыққожа естіген білгенін жасырған жоқ. Қол бастайтын Жылқаман екен. Жазықсыз жұртты жәбірлетпес…

- Бәйбіше екеуміз Жаршағылға жыргелі отырмыз. Таңсыққожа қонағына жағдай айтты. – ауылда Бекқұла қалады. Сыбағалы қонақасыңыз бар. Мынау Өмірқұл да келіп қалған екен. Қосық тыңдап көңіл көтеретін, қап! Екеуінің астанда жалғыз ат, бұл жүрістеріне, жол болсын? – деді ол таңырқап.

- Бекқұлы, мына бидің астына бір ат мінгізіп қайтарарсың. Он жылдан бері есік ашқаны екен…

Бекқұлы ат ерттеп жатыр еді. Қисықтау біткен сопақ беті тыржың етті.


Х Х Х
Бекқұлының жетегіндегі торы атқа қарап тұрып, Әнетей қомсынып қалды. Қыстан жүдеу шығып, көктем туа қойшының астына түскені көрініп тұр. Қабырғасы ырсиған кәрі торы ат басы салбырап аяғын шау басады.

Көк жұлынның арқасында жалғыз терлік қалдырып, көк бас ерді торыға ауыстырып салды. Жаман да болса өз малы ғой… Әнетей торыны мініп қайтқысы келіп тұр. Осы арада күтпеген жағдай кездесіп, жұртты күлкіге қарық қылды.

Ертелі Бекқұлының қасында, ат ерттеудің қызығына қарап тұрған Өмірқұл, үзеңгіге аяғын салды. Атқа сол жағынан мінеді. Үзеңгіге сол аяқтың орнына оң аяғын салған Өмірқұл, аттың үстіне қарғып шыққанда өзінің теріс қарап отырғанын көріп, таң тамаша қалды.

-Бұнысы қалай болғаны? – дейді.

Торты атты қомсынған лаққы, Бекқұлыны мазақтап тұрғанын Әнетей ғана түсінді. Дос бергеннің тісіне қарамайді. Бірақ аңқау Бекқұлы түк аңғарған жоқ. «Ат мініп көрмеген көргенсіз қарақалпақтың ісіне» мәз болып, күлкіден ішек-сілесі қатып құлай кетті. Өмірқұлдың өзі де күлкі, сөзі де күлкі, кешелі бері жұрттың езуін жидырған жоқ – ты. Кетер жереде тағыда қарық қылды.

Өмірқұл былай шыққаң соң, Әнетейді қажады.



  • Осы не бітіріп қайтық? Биге алақанын жаяды.

- Таңсыққожа міндетіне алды ғой. Менің сәлемімді Жылқаманға да айтатын болды...

  • Билердің ісі осы ғой – дейді, шабан торындан озып кетпес үшін, көк жұлынды шаужайлап қояды. – Ел тыныштығын ойлаған болып жүреді. Өзінің көмекейін де ұмытпайды. Енді Нұртай қасқаның басы Жылқаманның қанжығасында кетпеген несі қалды? Мына торы ат тегін дейсің бе,соның өтеуіне келіп отыр ғой. Сорлы басым – ай! – деп күңіренді.

Өмірқұлдың жағы тынбайды. Былай шыққан сол бай ауылда қала тұрмағанына өкінді. Кешегі семіз қойдын майлы жамбасын еске алғанда, аузының сілекейі шұбырады.

Торы аттың жүрісі жайсыз екен. Ылдиға қарай түскен сайын солқ-солқ желеді.Әнетейдің тынышы кетті.

Қамысты көлінің басында кедейлеу қазақ ауылдын конып, ат шылдырды. Жақайым ішінде Тоқал Асанға қараған үш- төрт үй екен. Ұзақ қөшіп жайлауға шығатын көлік жоқ. Азғантай қойдың жайына қарап, көл сағалап отыр. Қамыстының суы биыл далаға шығып кетіпті. Жағалай жасыл құрақ, жайылған жылқының жоны көрінбейді. Жер от еді.

Жолаушылар бұл ауылдан ертерек аттанды.

Ақиреқтің жотасы көрінгенде күн сәске еді.

Етекте Домалақ көл жарқырайды.

Жағаға жақын төбенің баурайында қонырқайлау екі үй сексип тұр. Есіктің алдында үш-төрт жылқы көрінеді.


  • Жаман Қүржібай байыпты ғой, би аға. Желісіндегі үш құлынды көрдің бе? - Өмірқұл көк жұлынның тізгінің тартты. – Қымыз ішкім келіп, аңсарым ауып тұрғанын қарашы. Күн күйіп тұр. Мына ауылда қідіріп, ат шалдырайық, би аға.

Қүржібайдың түбі Үйсін. Әбілқайырдың тұсында Қытай қоластындағы бір ауыл қаша көшіп, Қіші жүздің ішіне келеді. Әр жерде тарап жүрген үйсін - қаңлылар кездесетін еді. Біреу-жарым қырғыздартда табылады.

Жетісудың мақында өскен қазаққа диханшылық таныс кәсіп. Бір жұтқа ұшырған жылы, қолындағы мал тұяғынан айрылған Күржібайдың әкесі, Ақиректің астына құлайды. Енесеймен бұрын да аяқ-табақ қатысы болса керек... Бос жатқан Домалақ көлдің басынан қыстау басып, жаз жер кетпендеп тары салып кәсіп қылады. Қүржібайлар бірте-бірте қарақалпақтың ішіне сіңісіп бара жатыр еді...

Онан бері де отыз жылдай уақыт өтіпті. Бұл күнде Қүржібайдың жасы елудің үстіне шықты. Жаз тары салады. Бір жағынан ата кәсібін де ұмытпай, бір-жар мал ұстайды. Адамға азары жоқ, момын Қүржібайда басқаның да шаруасы жоқ. Қоңданып қалғаны рас еді...

Қүржібайдың қатыны Масаты қарақалпақ қызы. Әнетейді танып, көзіне жас алды.



  • Күйеу балаң ауылда жоқ, аға. Бұрын қой ұстаушы едік. Екі жылдан бері есігіміздің алдына желі тартылып, құлын байланды. Күйеудің малы жанды. Былтыр бір інгенді болдық. Боталап тұр. Сыр бойында түйенің шөптен табатыны бар ғой. Оның жағдайын істеп, жайлауға көшуге, уысты құлақ тарымызды қимаймыз. Жалғыз інгенді қосамын деп, Палуандардың ауылына кетіп еді. Кеше кеткен. Аман болса, кешке дейін келіп қалар. Отырындар, сыбағалы малың бар...

Масаты бар шынын ақтарып, салдырап соғып отыр. Қыз кезіндегідей емес, жалпайып семіріпті. Үйдің шаруасын өзі жайғаратыны көрініп тұр, жүзін күн шалып күрең тартқан.

  • Рахмет, айналайын. Біз көп кідірмейміз. Ауылға асығып келе жатыр едік...

Әнетей Масатының сөзін тыңдап отырып, бұл ауылдың Нұртай салған ылаңнан хабарсыз екенін анғарды.Өзі де айтқан жоқ. Жалғыз үй, бала-шаға үркіп жүрер...

  • Мақпал айналайын, атаңа қымыз әпер.

Масаты шидің ішінде сары сабаны күрп-күрп піседі. Бабында тұрған қымыздың иісі үйдің ішін алып кетті. Өмірқұл жыбырлай берген мұрынын уқалап қояды.

Он жасар Мақпал, қыз үлгісімен киіндіріп қойған қуыршаққа ұқсайды. Қыз салтын жасап,басына камшат бөрік кигізіпті. Қап-қара көзі тұңғиық судың бетіндей мөлдірейді. Бір тостаған қымызды әрең көтеріп келе жатқандай, белі майысқанда, аққұба жүзінде нұр толқып тұрды.

Әнетей әлде қалай еске алды. Мамыт жалғыз баласы Жабыға Күржібайдың қызын айттырыпты деп еститін еді. Енесей бидің тұқымы жаман Күржібайдың қызына қалай аяқ салады деп жүрсе... Мақпал сұлу болып өсіп келеді екен. Әрі тәрбиелі көрінеді. Мамыт көңілі жүйрік, бәлекет қой... Алтынды таныпты... Мақпалдың көрсеткен қызметіне кәрі бидің көңілі толды.

Мәстәттағы ауыл мен Домалақ көлдің арасы он шақырым жер. Ақиректі асып түссе үйдің төбесі көрінеді. Биік жотаны қиялай өрлеп басына шыққанша ғана, аржағы теп-тегіс жазық, аяғыңды шық ілмейді. Мал тұяғы тимей тел өскен тау басының ақ жусаны аттың тізелігінен келетін еді. Биік қырдың басында аңқылдап соққан аңызақ жел, қойын-қонышыңды аралап, тершіген дене салқындап қалды.



  • ... Баяғы Енесей атам өлерінде...

  • Өмірқұл тағы бір хикаяның қызығына түсіп кеткен. Шықыманнан шыққалы екінші күн, әлі аузына тыным жоқ. Ойпырай, неткен заржақ еді. Әнетей жымиып қойды. Енесей өлетіндегі лақтың оқиғасы есіне түсіп еді.

Маған берген лағың еркек пе еді, уай-уай... Әнетей Өмірқұлды келекелеп кеңк-кеңк күлді.

  • Өмірі Өмірқұлдың есігінде бір тұяқ біткені екен. Өзің болсаң қайтер едің? Жалғыз лақ. Оның да еркек-ұрғашысын білмейсің. Үйде шыдап жатып көр ер болсаң!

  • Белгілі лаққы, көпшілікті көрген соң арқаң қозып кеткенді. Онан да шыныңды айтпайсың ба?

  • Құдай сақтасын, Енесей атамның жаназасында күлкі іздеп маған не көрініпті? - Өмірқұл шынымен шыжбалақтап келе жатқандай көрінді. – Бірақ, Мамыттың көңіліне келеді-ау деймін. Басы сол екен, менімен жөндеп амандасуды қойды ғой. Кеше он жылдан бері есігін ашқаным екен. Қатықсыз қара көже берді. Әкесі Енесейді мен өлтіргенім жоқ, ажалынан өлді, - содан соң тамсанды. – Шіркін, қазақтарды айт! Екеумізге бір қойды жайратты да салды. «Ата қоразды соясың, артқы көшеге ауыз тигізбейсің» деп төбелес шығаратын, осы қай қарақалпақ еді, би аға?

  • Күжбан ағаң ғой...

Әнетей жымың етті. Өмірқұл қазақты мақтап, қарақалпақты даттағанда, бидің намысына тигісі келіп айтатын еді. Қазақ жанының дархандығын, қазақ дастарханының мырзалығын бұл білмей ме екен? Ата қораздан ауыз тигісі келсе, қарақалапқтың да кең бейілділігі. Жалғыз күлшесін бөліп жейтін көрші жомарттығы екінің бірінде кездесе бермес. Қарақалпақ қонағына қой соя алмаса, сараңдығы емес, таппаған соң қайтеді? Жер емшегін емген халық, басы артық мал ұстамайды. Егіннің көгін аялаған адам, мал тұяғына түршіге қарайды. Жалғыз сиырының баспағын қай қонағына сойып береді? Әйтпесе, құдайы мейманнан дағарасын аяйтын қарақалпақ баласы жоқ.Әй, аңқылдағым, соны түсінсең ет-ті болмағанда!

Би көкейіндегі ойын сыртқа шығарып айтқан жоқ. Онымен Өмірқұлды сөзден тосуың қиын еді.

Мәстеттің төбесі көрінгенде, екі атты әулиенің тұсынан өтіп бара жатқан. Әнетейдің ерні қыбырлайды. Кішкентайынан көзі ашық әулие, құмалақшы бақсыға күдікпен қарайтын би, бірақ, Арыстанбаптың атағын сыйлайды. Олай бұлай өткенде, «құлқуалласын» аяп қалған емес.


  • Әнетей аға, анау сұмдықты қараңыз!

Бұл жерден мына шеті Ақпай, ана шеті үкілісай айналасы алпыс - жетпіс шақырым Ақирек алқабы алақандағыдай көрінетін еді. Өмірқұлдың сөзінен жүрегі тіксінген Әнетей аяттан жаңылды. Алдында құлама жар, атты кісі қиялай жүреді. Торының басын ірке берген...

Өмірқұлдың зәресін ұшырған сұмдық алыста емес, аяғының астында екен. Мамыттың ауылында қаптаған атты... Біреу-жарым жостыра шапқан жігіттер көрінді. Әлде қарақалпақтар елеуресе бастағаны ма? Жоқ! Ақиректің астындағы азғантай елге мұнша жігіт қайдан бітсін-ау! Жұртта бұт артар да жоқ... Шалдың үрейленген көзіне, қыстау үстін басқа аттылар қарақұрым халық болып елестеп еді.



  • Апыр-ай, бүліктің басталғаны ма? – дегенде дауысы дірілдеп кетті. – Мыналар қазақтар ғой!

  • Ойбай-ау, соны айтып тұрғаным жоқ па?!

  • Адам аман болса ет-ті. Өмірқұл, жүрейікші! Әнетей жаман торыны шаужайлай бастады.

  • Әлі қазақтар өзімізді жазым қылып жүрер. Өмірқұл аттан түсті. – Биеке, асықсаңыз бара беріңіз, мен қарызымнан құтылуым керек, - дейді даңғырлай сөйлеп.

  • Ей, сен не деп тұрсың?

  • Масаты апамның қымызы саумал екен. Ішіме жақпады. Әулиенің қасында рахаттанып отырып, аят оқитын.

  • Ой, құры!

  • Әнетей шабан торыны екі бүйірге тепкілейді. Тіп-тік жарқабақтан түсерде, аттың артқы аяқтары талтақтап кетті.

Мамыттың ауылын басқан Балталы Жақайым Бесбасбай батырдың жігіттері еді.

Жаршағылдағы жиен кеше кешкісін тарады.

Жыламан батыр бастаған жүз жігіт Жаңадарияға бет алып аттанғанда, Бесбасбай іркіліп қала берген. Хабарсыз жатқан ауылдарды құлақтандыруды міндетке алды. Әрі Сырдарияның құйылысында жиырма шақты ауыл қарақалпақ бар... Мүмкін Жаңадариялықтармен жең ұшынан жалғасып жатқан шығар. Қазақтар аттанып кеткенінестіп қосқа шауып жүрмесін...

Бесбасбайдың қасында бес жігіт, кешеден бері құмның ішіндегі ауылдарды арылтып шықты. Түнделетіп Нұрлыбайдың сыртындағы Бидай батырдың ауылына жеткен. Әйдербек ішінде Алтынбай аталығы, мал баққан шаруа еді. Жылқайдардың жаманатын енді естіп, қайда барарын білмей отыр екен. Бидай Жыламанның аттанып кеткенін білген соң елеңдеді.



  • Жігіттерді жинап, батырдың артынан жету керек шығар...

  • Оған саспа! Бесбасбай өз сөзін Жыламанның бұйрығы етіп жеткізді. – Батыр бізге сыр бойындағы қарақалпақтардан сақ болуды тапсырды. Жолдағы ауылдардан жігіт жинап келем. Ертең қарақалпақ қыстауларын бір-бірлеп сүзіп шығармыз. Сонан соң Жылқаман ағамның артынан жетерміз.Олар Сараман Қосада еру болып, бас-аяғын жинақтайды...

Шектінің мол руы бөлек ауылдарына адам кеткенін айтты.

Бүгін ертеңгісін Бидайдың ауылынан шыққанда Бесбасбайдың соңында бір жүздей жігіт бар еді.

Мамыттың ауылын қапыда басты...

Бір жігіт Көкшекөлдің ұлтанындағы сиырларды қуып келеді. Мамыттың қара қасқалары... Хайуан не біліп жатыр? Енесін көрген соң, үйдің сыртында жайылып жүрген бұзаулар жамырай шапты. Ауыл үсті азан-қазан... Сиырларға араласа, қыстауға Әнетей де кірді.

Мамыттың қорасында шаң-шұң дауыс шығады.


  • Соқ, аяма, әкесінің!...

Бесбасбайды бұл өңірдің қарақалпақтары түгел білетін еді. Күзді күні кеусен сұрай келгенде, қырмандағыларды қырып кете жаздай ды...

Бұл ауылдағылар запы болған.

Бесбасбайдың беті көкпеңбек талақтай, қалшылдап тұр.

Мамыттың құйрығы жалаңаш, көйлегі басына түріліпті. Батырды етпетінен салып, екі жігіт басып отыр. Қасында он төрт жасар баласы Жабы жатыр еді. Жас баланың ақ мақтадай етіне қамшының ізі қып-қызыл болып тұрып қалған.

Әнетей Жабыны құшақтай құлады.


  • Араша, араша!

Дүре соғып отырған бож қара күж етті.

  • Әй, мынауың кім!?

  • Қаңғалақтап қайдан шыға келді!?

  • Бұған да бұйырып тұрған бірдеңе бар шығар...

Бесбасбай арс етіп, қамшысын көтеріп алды.

  • Тоқта, Бесбасбай!

Қалың сақалды төртбақ қара кісі Бесбасбайдың алдын кес-кестеп құшағын жая берді. Бұл Бидай батыр еді. Әнетейдің әйдербек ауылдарымен аяқ-табақ қатысы бар. Бидай Әнетейді таниды.Бесбасбайдың әкесіндей адамға қамшы көтергені сұмдық көрінді.

  • Бидай аға, алдымды кесіп неғыласың?! Әлде қарақалпақтың жоқшысы сен болмақпысың?

  • Басқа қарақалпағың да жетіп жатыр ғой. Кәрі кісіге ұмтылғанына жол болсын. Әлде танымай тұрмысың? Әнетей кәрі әруақтай, қарақалпақтағы жалғыз шал ғой...

  • Әй, жаман қарақалпағыңды әулие қыла бермеші! Жылқайдар шал емес пе еді? Нұртайдың қолы қалтыраған жоқ!

  • Бұл Жылқайдар емес. Сен екеуміз Нұртай емеспіз. Мен орынсыз қамшы сілтетпеймін!

Жасы үлкен Бидай омыраулап кеткен. Бесбасбайдың қолына жас жігіт Бәркелет шап берді. Еңгезердей ірі Бәркелет Бидай батырдың туысы, жауырыны жерге тимеген балуан жігіт еді.

  • Асқынба, Бесбасбай! Күшің асса Нұртайды қумаймысың! Қатын балаға қамшы үйіріп, Жылқайдардың кегі қайтпас!

  • Әйдербек атамның балалары, сырың ашылды. Қарақалпақтан кеусен ішіп күн көріп, таңдайларына татыған екен!

  • Кеусен сұрап қаңғитын кім екенін құдай біліп тұрған-ды. Қарға өз атын өзі шақырады. – деді Бидай ашу шақырып, - Оттаған сөзді қойсайшы, Бесбасбай!

  • Көрерміз әйдербек! Қарақалпақты бірің қорғап, бірің қалқан болсаңдар, көрерміз!

  • Күш көрсетіп қайтесің, Бесбасбай!... Бәркелет оның қолын қайырыңқырап, кейін шегіндірді.

Дүре тоқтады. Біреулер Жабыны тұрғызып жатыр. Баланың жүзі сұп-сұр, көзіне жас алмаған екен. Мамыт жылап жүр. Жалаңаш етіне қамшы тигені бірінші рет еді.

Бесбасбай қарасын батырыпты. Қораның сыртында байдың қара қасқа сиырлары бөліске түсіп жатыр.



  • Әйдербек атамның балалары, сыбағаларыңды алыңдар! Біреу дауыстады.

Қорадан шыққан Бидай батыр сиырларға қайырылған да жоқ.

Бесбасбайдың өзіне тиген отыз сиырды бір жігіттің алдына салып, ауылына қайтарды.

Сексен жігіт екі жарылып, қораның екі жағында тұр.


  • Енді Құмбазар тартамыз! – деді Бесбасбай әңгірлеп. – Ал, кеттік, жігіттер!

  • Біздің жолымыз осы жерден айырылады! – Бидай батыр ер үстінде қамшысын көтере сөйлейді. – Тонауға шыққан жоқ едік қой. Қуғанымыз Жылқайдардың кегі екен. Бұл жерде маған түк те жоқ. Жылқаманға барып қосыламын!

Бесбасбай қайтып аузын ашқан жоқ. Ауылдан шыға шапты. Жігіттердің жартысы ізінде кетті.

  • Мен сиыр ала келгенім жоқ, малға қол тигізбеңдер! Бидай жігіттеріне әмір берді.

  • Бүлінген елден бүлдіргі алма... – деді біреу.

Қасында қырық елу жігіт, Бидай Мәстәттан әрі асқанда, намаздігер еді.

  • Әнетей аға- ай, қадіріңді білмейді екенбіз ғой...

  • Мамыт қораның ішінде теңселіп жүр.

Есіктен Өмірқұлдың басы қылтиды.

  • Пай-пай, Әнетей ағамның айбаты-ай! Даңғырлай сөйлеп кіріп келеді. – Биді көргенде Бесбасбай...

Жан-жақтағы қыстаудан жұрт ағылып жатыр.

  • Әйтеуір аманшылық па?

  • Қырып кетер ме екен деп едік...

  • Әнетей ағам тұрғанда... – деп келе жатыр еді Өмірқұл.

  • Өзіңнің қайда жүргеніңді айтшы одан да! Әнетей оның сөзін бөлді.

  • Мен даладағы қазақтарға «тәк-тәк» айтып тұрдым ғой!

  • Тұнжырап тұрған Мамыт езу тартты.

Х Х Х
Биыл қуаңшылық еді. Қуандарияның арнасына Сырдан су құйып жарытқан жоқ. Жоғарыда отырған ауылдар Қуандарияның алдын бөгеп тастап, азғантай тарысын ылаждап суарып отыр. Төмендегі Мөйтендер теңіз жағасына ығысты. Шетінен балықшы, қуаңшылық жылдары торта-тобыр аулап күнелтеді.

Кеуіп қалған дарияның жағасында ескі қамалдың орны жатыр. Опырылып түскен мұнаралардың етегінде ескі қыштың қалдықтары... Балшық дуал... Сараман Қосаның бағзы замандағы дәуірлеп тұрған кезінен қалған белгі жартусыз еді.

Дарияның жағасында тік жар арнаның орнында тал-шілік, тас құрақ өскен. Қуаңдарияның екі өңірі қатқақ, ат шалар ештеңе жоқ екен. Ебелек пен тырбық жусаннан басқа, шөп тұқымы көрінбейді.

Жылқаман Сараман Қосада жатқалы бес күн өтті.

Бұл күндері Жылқайдардың қазасына алты әлім тегіс құлақтанып болған. Арқасы қызғандар атқа қонды. Қаракесек Ақтан батыр, төртқарадан Тілеулі келді. Сырт ағайын шөмекейден Елемес батыр елу жігітпен аттаныпты. Жылқаман Жәнікені күтіп еді. Жылқайдармен бастас... Баяғы құба қалмақ заманында бір-біріне ат тізгінін беріскен ерлер... Бірақ, Қалбаның Қаратауын жайлайтын Жәніке, жаз ұзақ көшіп Сарарқаға асатыны бар... Хабар тимеуі де кәдік. Өйткені, арнап адам шаптырылған жоқ-ты. Әлде мойны ұзаққа түсіп, жете алмай жүр ме? Азамат ерлер санаулы... Бір ауыл Киікбай тұқымынан бір бала ғана ізіне ерген екен. Басқасын қойғанда, Өтеген Нұрымбеттен сегіз ұл бар... Қарақалапақпен құдандалы жекжат ауыл, ашынып шықпай отыр-ау... Жылқаман соған жориды.

Бір заманда қақпақ жауырынды балуан жігіт Жылқаман, бұл күнде жасы жетпіске тақап, шаршағандай шал болып қалған. Табиғатында мінезі ауыр кісі, қаңқу сөзге көп араласпайды... Қисайса, қалғиды. Қабағы салыңқы, көзін ашып-жұмып отырғаны. Екі ұрты салбырап бұғағына түсіп жатады, аузы толған мылтықтың бытырасы. Көзі ұйқыға кеткенде болмаса, күндіз аузында сақтайды.

Қазақ баласынада қолына мылтық ұстаған алғашқы жігіт те Жылқаман еді. Әбілқайыр Жолбарыс ханға аттанатын жылы, он бес жасар Жылқаман Жылқайдардың қасына ереді. Сол жорықтан сирақты мылтық алып қайтты. Өзі шаншып өлтірген жау сарбазынан түсірді. Сонан бері бір мылтық ұстамаған жылы жоқ. Кейін Жаманқаланың жәрмеңкесіне барып жүріп, үш жылқы беріп, бір орыс мүшкетін сатып алған. Білтелі мылтықтай қашан от алады деп отырмайсың, шүріппесін басып қалсаң тарс-ақ! Сорайтып жүруді ыңғайсыз көріп, мойнын кестірген. Қазақ оны

«қара шолақ» атайды. Жылқаман «қарашолақтың» түтінін түтініне талай қосты. Бірақ, дауысын дауысына қоса алмай-ақ жүр. Сонан келе анда-санда аң аулағаны болмаса, мылтықпен адам атып көрген жоқ екен. Бір-екі рет ауыл арасындағы жанжалда, біреулердің астындағы атын атып құлатқаны рас... Оны да көзін қорқыту үшін істеді...


  • Мына күн қайнап кетті...

  • Азық таусылды...

  • Тағы қашанға шейін жатамыз...

Бүгін жігіттердің арасында күңкіл шықты.

Бір мұнараның түбінде қалғып жатқан Жылқаман басын көтерді. Кеше бір сұрастырғанда, адам саны алты жүздің үстіне шыққаны анықталған. Біреу-жарым бүгін де қосылып жатыр. Осының өзі де ауыр қол-ау...

Жылқаман Нұртайдың ізін індетіп жүріп, Тықының қамалына кіргізді. Қарақалпақтың қара шоқпар содыр батырына барыпты. Оның қамсыз жатпағаны анық еді. Жаңадария мен Қуаңдария бойындағы көп қарақалпақ ауыз біріктіріп кетсе, алдыруы қиын. Жылқаман көзсіз арандағысы келмейді, аңдысқан жауды оңай алудың амалын іздестіріп жатыр. Жаңадария бойына жігіттерді жұмсап, тіл алдыру керек екен...


  • Әлгі Жылқы қайда?

  • Жылқы батырды іздеп жатыр...

  • Жәкем шақыртып жатыр...

Жылқаманның сөзі ауыздан ауызға тарап, шашырап жатқан қолдың арғы шетінен бір-ақ шықты.

Белі буулы, қара сақалы қауқиып Жылқы келді.



  • Сен тіл әкелуге бар!

  • Қасыма екі жігіт беріңіз...

  • Біреуіне Бәркелет барады... – Жылқаман жан-жағына қарады.

  • Екіншісі...

  • Мені алыңызшы, ағатай!

Жас өспірім қара бала орнынан атып тұрды.

  • Кімнің баласысың?

  • Әйдербек сырлыбай байдың немересі. Бала үшін Бәркелет жауап береді. – Бөгенбайдың баласы. Аты...

  • Дүйсенбай!

  • Тіл алып қайтуға бару оңай емес. Жылқаман балаға сынай қарады. – Қандай өнерің бар?

  • Осы баланы садақшы деседі. Жылқы Дүйсенбайды біледі екен. – Біріне осыны аламын!

Көп адамның қобыры да көп, Жылқы үшеу болып жүргенді артық көріп отыр. Қара күшке келсе, бір Бәркелет екі жігітті жалғыз байлап кетеді. Жақсы садақшы да керек. Жамандығына бағып, ізге жау түскендей болса, Дүйсенбайдың өнерін байқайды.

Зауал ауа аттанған жігіттер Қарақ тауына күн еңкейе жетті. Жаңадария көрінгенде қызыл іңір еді.

- Анау көрінген Балсүгір қыстауы. Дүйсенбай ақырын дыбыс берді. – Былтыр күз атам Хиуаға қой айдатқанда, осы ауылға қонып едік. Мына төбенің астында жиделі тоғай бар...

- Өзің жершіл екенсің. Жылқы бала жігітке ырза болды.

Жиденің тасасы үш атты кісінің жасырынуына мол жетті. Әрі бұл маңайдың бұтасы қалың екен. Жортуылшылар аттарын шылбырынан ұстап жайып отыр.

- Қараңғы түскен соң Бәркелет екеуміз жаяулап, қыстауды торуға шығамыз. Сен аттарды қорисың. Қорықпайсың ғой?

- О неге!

Жылқы жан-жағына мойынын созып қарайды. Ымырт үйірілді. Әрірек егіс басынан қайтқан он шақты адамның қарасы көрінеді. Оларға ұрынуға болмайтын еді. Шу шығып, ел құлақтануы мүмкін. Онда бәрін бүлдіреді...

Қас қарайды. Аттар суға ұмтылып тынышты алды. Жігіттер бұғып жатқан жерінен шығып, ат суарды. Жылқы батыр дәрет алып жатыр. Түйе жүн шекпенін жайып тастап, намазға ұйыды. Ана жақта Бәркелет күңк етті.


  • Аға...

  • Ассалаумәликүм Рахметылда...

  • Аға...

  • Ассалаумаликүм... Жылқы намазын бұза алмай отыр.

  • Не болды ?! – деді Дүйсенбай.

  • Қараңдаған біреулер...

  • А!

Жылқы батыр асығыс бет-аузын сипай қарғып тұрды.

  • Қайда!?

  • Бері... мына жақта...

Қарайған екеудің тұлғасы тұстарына келіп қалыпты. Жаяу еді. Қауқылдасқан сөздері ап-анық естіледі.

  • Тоқтаңдар!

  • Ибұи, мыналары кім еді?

Әйелдің дауысы. Бұларды өз ауылының қылжақпас жігіттеріне жорыса керек. Бәркелет қолтығынан шап бергенде, шыңғырып қалды.

  • Бас аузын!

Әйел аузын баспай-ақ жым болды. Екіншісі мосқал жасты еркек, қарсылық көрсеткен жоқ. Қасындағысы әйелі. Қасындағысы әйелі... Екеуі Тықының қамалынан келе жатыр. Шынын айтты.

- Біз жазықсыз диханбыз. Қазақ болсаңдар, босқа әурелемеңдер. Үйде балаларымыз бар еді...

Еркекті Бәркелет, қатынды Дүйсенбай мінгестірді. Бұлар әлгіден соң тілсіз еді. Қорыққан қатынның мырс-мырс жылаған дауысы ғана естіледі.

- Тірі қалғың келсе, былшылдамай отыр, - деді Жылқы, қайта- қайта былпылдай берген еркекке ақырып.

Еркектің аты Қожамұрат. Тықы қол жиып жатыр. Қожамұраттың он алты жасар ұлы Жанназарды әкетеді екен. Соған азық ала барған әкесі, аттан айырылып жаяу қайтыпты. Үйі күйгір Тықы, жолы түсіп барған кісіні қайта жібермейді. Қожамұратты да ұстаған екен, әйелінің бай-байы құтқарыпты. Аты қандай еді! Арбасы бір танысының үйінде қалды...

Осыдан екі апта бұрын он алты жасар Жанназар Нұртайға еріп кеткен. Сол сапарда қазақ ауылы шапқынға ұшырайды. Қожамұрат ол сырды тіл ұшына салған жоқ.

Қамыстының басында Нұртайлармен сөзге келіп қалған Жанназар, ауылына онан бұрын жетіп еді. Қазақ қыздарына ара түсемін деп, сөз сонан ұшыныпты... Үш күннен кейін Тықының жігіттер алып кетті. Жанназар қамалда...

Жылқаман Қожамұраттан жауап алып отыр.



  • Тықы біздің хабарымызды біледі екен ғой?

  • Қазақтар келе жатқанын елдің бәрі есітті...

  • Сіздің ауылдан Тықыға қанша адам қосылды?

  • Он жігітті алып кетіп еді. Бесеуі қашып келді. Жұрт Тықыны қайтеді, тарысына су жеткізе алмай жүр...

  • Қамалда Хиуаның әскерлері көрінбеді ме?

  • Әскер жоқ. Ондай жамандық болса, жұрт жатқызбас еді...

  • Нұртай қайда екенін білген жоқпысың?

  • Алдында көп жылқысы бар, Нұртай кеше аттанып кетіпті... Жанназар айтты. Менің балам... – Қожамұрат тілін тістеп алғандай үні өшті.

  • Айтқаны жобаға келді. Жанназардың кім екенінен хабарсыз Жылқаман, онан әрі қазбалаған жоқ. Нұртай ертерек сытылып кеткен болды...

  • Тақсыр бізді босата көріңіз...

  • Босатамын. Қазір біз де атқа қонамыз. Сендерді ауылыңның қасында қалдырып кетейік...

  • Ой, бала-шағаңның рақатын көр! Қожамұрат қолын төсіне қойып, бас шұлғып жатыр. – Қазақтардың бізде несі бар деп айттым ғой. Тықының жігіттері жұрттың зәресін алып жүр. Қазақтар қырады екен дейді, көріңде өкіргірлер!

  • Жұртты бізге қарсы қойғысы келгенде тапқан амалы ғой. Оны тыңдамағаның жөн болған. Жылқаман Жылқы батырға бұрылды. – Мына қарақалапаққа ат бер, ауылына қайтады.

  • Ой, бала-шағаңның...

  • Қазақтық қарақалпақта кеткен ұзын да өші жоқ. Бізге Нұртай керек. Жүрген жеріңе сәлем айт!

  • Тықының жұлыны үзілсін баламды айтсайшы! Арбам... Балсүгірге өгізге айырбастамап едім...

Қожамұрат алғысын айта-айта кетті.

Біреулер күңкілдесіп жатыр. Қарақалпақ ауыл шауып, адам өлтіреді. Біз тұтқын қарақалпаққа ат мінгізіп қайтарамыз... Айыпты біз төлеген болып шықтық қой ақыры... Дабыра сөз көбейіп барады...

- Шуды тоқтатыңдар! Жылқаман ақырды. – Жаңағы қарақалпақтың сөзін есіттіңдер ме? Тықы қазақты құбыжық көрсетіп, жұртты үркітіп жүр. Онысына елікпеген соң, қолына түскендерге күштеп қару ұстата бастапты. Мен қарақалпақты әдейі босаттым. Момын елге зиянымыз жоқ екенін, бүкіл қарақалпақ хабарлансын. Сонда Тықы оқшау қалады. Әлгі сөзді есітсе, оны туыстары да тастап кетеді!

- Рас, рас!

- Жәкем дұрыс айтады!

- Күллі қарақалпақта біздің не қысасымыз бар!?

Наразы дауыстар сап болды.

- Ау, жұрт, аттанатын мезгіл жеткен сияқты. Жылқаманның дауысы енді әмірлі естілді. – Қол Тықының қамалын қамайды. Қолбасшың Қылышбай...

Бұрынғы дәстүр бойынша, бұл сияқты жорықта қолды төре тұқымы бастайды. Әбілқайырдан кейін, бірі келді, бірі кетті әлімұлына хан тұрақтап жарытқан жоқ...

Жәдік сұлтанның әулеті Қайып, Хиуа тағына отырған бір жылдары, бұл өңірді баласы Әбілғазының еншісіне береді екен... Оның тұсында алым-салық көбейеді. Қайыптан кейін Хиуа сарайында инақтардың ықпалы күшейіп, Әбілғазы билейтін әлім - шөменнің тынышы кеткен. Оның ақыры хан шекті ортасынан шеттетіледі...

Бұл өңірде Әбілғазы туралы әжуа әңгіме көп айтылады.

Бірде сұлтан Хиуа ханы сыйлаған алтын зерлі шапанды көрсетіп мақтана беріпті. Тәбекен бидің қартайған шағы, өзі сайқымазақтау кісі болса керек... хан жамылып отырған шапанды киіп көріпті...

- Хан иемнің бір олжасын сарқытқа алған екен, жақтарың қарысып қалды ма, неге құтты болсын айтпайсыңдар!?

Онсыз да тәлкке айналып жүрген хан, Киікбайдың үлкен ұлы Өтеген бидің қара шаңырағында қияс мінез көрсетеді. Хан алдындағы астауда үйме табақ ет, асата-асата таусылуға жақын қалған кезі екен. Ең соңынан кірген он төрт жасар бала Жанқожаға босап қалған табақты ұстата беріпті.



  • Саған бұйырғаны мынау болды!

  • Қонақтың алдынан қайтқан аяқ, қатын-қалаштың сыбағасы. Хан болсаң да көргенсіз екенсің ғой!

Қазақта «көргенсізден» ауыр сөз жоқ. Одан кейін Жәдік сұлтан әулетінде қадір-қасиет қалмағаны... Не Жанқожа өлім жазасына кесілуі керек, не хан әлім ішінен қоныс аударады...

- Әбілқайырдан кейін де әлім-шөмен жесір қалған жоқ. Әбілғазының жендетіне бала берілмейді!

Кішкененің сөзін ұстап шыққан Қылышбай, ханның жоқшысын аяғына отырғызбайды...

Онсыз да қадірі кетіп, жұрт ауызында сықаққа айналған хан, бетін Жайық бойына қарай бұрып, көшіп кетті. Онан бері де үш жыл өтіпті, әлім ішіне аттап басқан емес. Бұған шейін ханды жоқтаған шекті баласы да жоқ еді. Бүгін аяқ астынан қазаға ұшырады. Жылқайдар жардай құлап жатыр...

Әбілғазы оған да төбе көрсеткен жоқ. Жылқаман аттандырған шапқыншыны үйден қуып шығыпты...

Енді қолбасы қара қазақтан таңдалады.

Жылқаман Қылышбайдың атын атағанда, ішінде бір бау жантағы жатыр еді.

Қылышбай екі мың үй кішкененің ішінде, Өтеген-Нұрымбеттің ет жақын туысы саналады. Сыр шектісін алғанда, ең жігіті мол тайпа да «Кішкене»... Қолбасы Қылышбай екенін есітсе, қалың кішкене бірі қалмай атқа қонатыны анық еді.

Осы жорық басталғалы бір аптадан асты. Жылқаманың көкірегінде бір түйткіл, айықпайды.

Киікбай тұқымының қарақалпақтармен құдандалы-жекжаттығы бар екенін біледі. Екі ауыл Өтеген-Нұрымбет осы жанжалдың тұсында бұғып қалатындай ыңғай танытып отыр...

Ағайынды екі шалдың кіндігінен сегіз ұл тарайды екен. Жақын-жуық, қоңсы-қосшылары тағы бар... Сонша жұрттан, жалғыз бала, Нұрымбеттің Жанқожасы ғана төбе көрсетті...

Әбілғазы ханмен Әлімұлы ат құйрығын кесіп шығатын жиында Жылқаман да болды. Өтегеннің үйінде өзі жоқ-ты. Көрген жұрт «қаршадай баланың бос астауды ханға қарай қалай жіберіп қалғанын» әлі күнге аңыз қылып айтады. Жылқаман осы баланы сырттан көріп сотқардың бірне жоритын еді...

Егер Қылышбай қол бастап, қарақалпақтың шымбайына батқандай іс қылса, иісі кішкене, қалды Киікбай тұқымы қанды мойын қылмыскер аталады...

- Ау, Жәке, сіз тұрып, менің қол бастағаным қалай болады? Қылышбай аузы айтқанымен, қуанышын баса алмай, жалқын сары жүзіне қан теуіп тұр еді.

- Менің қол бастайтын уақытым жоқ. Әлгіде Нұртайдың Хиуаға тартқанын есіттіңдер. Оны жіберіп қойып, қарап отыруға болмайды. Аман кетсе, Хиуадан әскер әкеледі. Мен соның ізіне түсем! Қасыма қырық жігіт беріңдер! Жылқайдарды өлтірген Нұртай ғой. Хиуаның өзіне барсам да, сол Нұртайдың басын алмай қайтпаймын! – Жылқаман дауды бір-ақ тиды.

- Дұрыс!


Жұрт шу етті.

Жылқаман қырық жігітті қырық рудан таңдады. Ішінде Нұрымбеттің Жанқожасы да бара жатыр.

Қырық жігіт, қосарында бір-бір ат, атқа қонды. Қалған қол таң ата қозғалды. Тықының қамалын қамайды. Батырлар алақанына түкіріп жүр.
Х Х Х
Ысылдаған Қызылқұм. Күн күйіп тұр. Жігіттер мезгіл-мезгіл ат ауыстырады. Жылқаман бір мезетте көз ілдірмей, суыт тартқан. Аяң шоқырақ, ара-арасында ат тұяғын қыздырып, шауып-шауып алады. Екінші күні адам сыр берді.

Түске таман құм оттай күйіп, ыстығы бет шарпыды.Құм шоқыларды асқанда, ат толарсақтап әзер шығатын еді.

Нұртай жершіл екен. Қазақ ауылдарына жоламай, қайдағы ескі құдықтарды тауып алып, сырттап жүреді...

Жортуылшылар сол құдықтың біріне бүгін де кездесна. Күн бесіннен ауып, жанторсықтағы сулары таусылап, жұрттың тілі аузы сыймай келе жатқан... Жапырласып аттан түсті. Түбіне көз жеткізбейтін шыңырауға үш-төрт шылбырды жалғағанда, әзер-әзер су алып шығады...

Жанқожа көкбестіні шылбырынан жетектеп, құдықтың сыртындағы жанбауырға беттеді. Оттың орнын көрген. Қолын тығып қарады. Шоқ жоқ. Бірақ, от жаққан жердің күлі бұзылмаған күйі тұр. Нұртайдың бұл құдықтың басында ұзақ аялдап, ат шалдырып аттанғаны анық еді. Көзі шашылып жатқан жылқының тезегіне түсті. Оның арасы да дымқыл көрінді.


  • Түсте аттанған-ау түрі...

  • Өзіңді тентек дейтін. Сірә зерделі тентек боларсың…

Ту сыртында Жылқаман батырдың даусы шығып, Жанқожа қарғып тұрды. Жылқаман да оттың орнын көріп, бұрылып еді. Жас жігіттің зеректігіне ырза болып тұр.

- Бұлар түнде ұйқысын қандырып, күндіз түстеніп алып, асықпай қозғалады екен. Нұртай қуғыншы күтпейтін тәрізді. Қазақтың жолында Тықы, оны орағытып кете алмас деген-ау.

Жылқаман ойланып тұр. – Қазір қозы көш жерде бара жатыр ғой. Жүріп кетсек, жетер ме едік?

Бірақ, сұрағына жауап күткен жоқ, құдыққа қарай аяңдады. Жанқожа еріп келеді. Шөлі қанған жігіттер, ендігі ат суаруға кіріскен. Жылқаман жетегіндегі құла жиреннің тізгінін жалпақ сары жігітке ұстатты. Жанқожа жігітпен жол бойы танысып алып еді. Бердінқұл жақайым Толыбай екен. Сараман Қосадан шыққалы, кәрі батырдың қасында, атын ерттеп, қолтығынан алып мінгізіп, қызмет көрсетіп жүр.

- Екі күн дем алмай тартқан жігіттер шаршаған шығар.

Жылқаман байлауын айтты. – Бір мезгіл еру болайық. Ентігіп жеткен аттарды тынықтырып суарыңдар...

Ат суарып жатқандар кідіріп қалды. Терлеп келген атты суарған соң жүріп кету керек. Әйтпесе, өкпесі қабынады. Батыр соны ескертіп тұр. Қазір зауал ауды. Күн батқанша тынықтырып, салқынмен аттанады. Сонда ертең ертелетіп Нұртайдың үстінен басады. Жылқаманның ойына Жанқожа түсінді.

Көкбестінің ер – тоқымын сыпырды. Малшынған тер. Аттың арқасында бір терлік қалдырып, төс тартпасын тарты.

Аспан бұлттанып, жел соқты. Төбенің басында үш- төрт дүзген. Жігіттер соны паналап тырайып- тырайып жатыр. Дүзгеннен басқа көлеңке жоқ, біреулер тоқымын қалқаланады.

Жылқаман қасына Жанқожаны шақырып, шөншікпен су алдырды. Беті- қолын жуып, дәрет алған. Бесін намазын оқыды. Оны көріп, біржар намаз сабақ білетіндер тоңқаңдап жатыр. Көпшілік қозғалған жоқ. Мал баққан қазақ намаз оқу түгіл, «Құлқуалланы» дұрыс айта алмайтын еді.

Намаздан кейін Жылқаман төрт- бес жігітке тәртіп берді. Намаздігерде аттар суарылады. Құптан намазына шейін ат шалдырылады. Алдын түн қылып, жүріп кететінін айтты.

Жанқожа ерге басын сүйегені сол, қор етті.



  • Ей, қисық найзалы бала, ей!

Біреу иығынан түртіп тұр екен. Тастай қараңғы. Жанқожа көзін уқалай тұрды.

  • Қисық найзалы бала, қалып қоя жаздадың, - дейді. Толыбайдың даусы.- Жәкем айтпағанда, аман бол!

Жанқожаның қоржынында найзаның ұңғысы жүретін еді. Сараман Қосада Бәркелетке саптатып алған. Далада оңды ағаш табыла қоя ма? Қисықтау қарағай екен. Жұттың бәрі оны «Қисық найзалы» атап кетті.

Айсыз қараңғы еді. Алдында аттың құлағы ербиеді. Айналаңда адамдардың тұлғасы қараңдайды. Аспанды бұлт көрпесі қымтап алған, жұлдыздар әр жерде біреуі жылт етіп көрініп, қайта жоғалады.



  • Жаңбыр жауса, жақсы болар еді. – Біреудің барлығыңқы даусы шығады.

  • Жігіттер, шамалы ат тұяғын қыздырайық!

Бұл Жылқаманның дауысы еді. Жұрт дүрк қозғалды. Құмдақ жерде ат тұяғы топ- топ тиеді. Әрі- беріден соң аты жүйріктер суирылып алға шығып, енді біреулердің жайылып артта қалғаны байқалады. Көкбесті енді- енді қыза бастаған сияқты. Жанқожа алдында ат басын іріккен қалың топқа килігіп тоқтады. Дабырласқан дауыстар естіледі.

  • Ойнасақта біраз жерге шаптық.

  • Құм жарықтық атты алқындырып тастайды.

  • Қатты аяңдап отырсақта қоймаймыз...

Жанқожа да аяң- шоқыраққа түсті.

Жылқаман жетектегі аттарды қосып бір топ жігітті ертерек аттандырыпты. Таң алдында қуып жетті.



  • Аттарыңды ауыстырыңдар!

Жылқаман Нұртай тобының жақын жерде екенін ескертті. Тың атпен өкшелей қуу керек еді.

Күн шықты. Жылқаман ат қинамай сар желіспен келеді. Алдарында жаудың сүрдегі сайрап жатыр. Кесе құмнан асты. Аржағы қоңырлық екен. Жусан иісі аңқып қоя берді. Қатқаққа шыққан соң аттар құлшына бас шұлғып, ауыздығын сүзе тартқан. Кенет Жылқаман құла жиреннің басын ірікті. Сол жерде жортуылшылар ат сарытты.



  • Шамалы ат басын жіберіп алайық!

Жанқожаның астына омырауы есіктей торы төбел түскен еді. Қанша ұмтылғанмен қалың шоғырдың алдына шыға алмай, діңкесі құрыды. Аңдығаны Толыбай. Ол ә дегенде алға түспек. Әрірек сары жонға шыққанша шалдырған жоқ.

  • Нұртай! Нұртай!

Толыбай қолын бұлғап тұр. Астындағы кербесті тізгінін сүзіп шыр айналады.

  • Иә, әруақ!

Жылқаман құла жиренді сауырынан тартып қалып, сары жонның басына шауып шықты.

Аржағы жазық екен. Төрт- бес шақырымдай жерде шұбатылған шаң барады...



  • Ал балдар, барыңды салатын жерлерің келді.

Жылқаман алға түсті. Құла жиренді сипай қамшылап, созыла шауып барады. Жануар түлкі алатын тазыдай көсіледі екен. Жанқожа батырдың тұлғасына сүйсінді. Шал ер үстінде бір уыс болып, бойын жинап алған. Қара шолақ мылтық оң қолында, алдына үңіле шабады. Торы төбел әлгідей емес тұяғы қызып, бауырын жазыңқырады. Кергедей жалы желп- желп етіп, жігіттің бетінен сипайды. Қысыңқырай түссе, құла жиренге жететін түрін байқады. Бірақ, жау шындап қашуға қараса, үлкен шабыс болады. Жанқожа сақтық ойлайды.

Бұларды жау да көрді. Қашып құтыла алмасы айқын еді. Аралары сәт сайын жақындай түсті.

Жанқожа бір ұмтылғанда, құла жиренмен үзеңгі қағысып келе жатқан. Шалдың бытыра толы ұрты сүзбе салған дорбаға ұқсап кетті. Жігіттің көзі Жылқаманның қолындағы шолақ мылтыққа түсті. Жанқожа бұл тәрізді қарудың сырын біліңкіремейді... Сондықтан мылтыққа қызыға қоймайтын. Жау әрірек төбенің басына шығып иірілді.

Ат басын бұлар да іріккен, сар желіске түсті.

Нұртай Тықыны алдап кетті. Көр көкірек батыр, қысылып кетсе, қазаққа ұстап беруден тайынбайтындай көрінді. Нұртай Хиуадан әскер әкелетінін айтпағанда, Тықы тірі айырылмайтын еді. Соның өзінде бір апта ұстады... Қазақтар Сараман Қосаға келіп жатқанын білген соң, амалсыз босатты.

Қамыстының басында Жанназар бастаған бес жігіт бөлініп кетті. Он бес жігітті Тықы ұстап қалды. Нұртайдың тобы селдіреп қалған...

Ақназардың жетегіндегі ақ түлпарды ерттеп мініп жатқанда, Нұртайдың көзі қазақтарға тағы бір түсіп еді, қарасы мол көрінді. Енді қашып құтыла алмайды. Нұртай бағын жекпе-жекте сынап көргісі келіп тұр.


  • Жеке- жеке!

Нұртай ақ тұлпарды ойнатып шыға берді.

  • Е, құдай, жолын оңғара гөр! Жігіттер шу етті.

Жекпе – жектен бас тарту өліммен тең екенін Нұртай түсінеді. Қазақтың атақты батырларын білетін еді. Жәніке, Жылқаман тұрғылас әруақты ерлер қартайған шақ... Біреу- жарым қазан бұзар үй тентектер болмаса, қазір аты шығып жүрген қазақ баласы жоқ. Қолды кім бастап келе жатыр? Жекпе- жекте шөбі кімге түседі? Сол сұрақ Нұртайдың көкейін тесіп тұр. Алғашқы шыққан батыры мерт болса, жау да абыржиды. Соны пайдаланып мына тұрған қырық жігітті бөріктіріп қуар еді... Қазақтар қайта ес жиып үлгіргенше, қара үздіріп сытылып кетеді...

Жылқаман қасында иірілген жігіттердің жүзіне бір – бір қарап алды.



  • Жекпе- жекке кім шығады?

  • Мен!

  • Мені жіберші!

  • Мен барайын!

Дауыс бес- алты жерден жамырай шықты. Мынау қалың қабақты жігіт қаракесек Ақтан... Жасы қырыққа жақындап қалған. Әрі қазақ қарап жүре ме, ертең «Жылқайдардың кегін алатын шекті табылмады», - деген сөз шығады ғой. Жылқаманның көзі Толыбайға тоқырады. Бердінқұл жақайым... Жылқайдар келіс, бұл игілік, жақын туыс... Бірақ, осы неменің қайраты қандай екен? Нұртай осал жау емес, бірінші шыққан жігітке сын... Алды жазым бола бастаса, соңғылардың жүрегі шайылып қалатыны тағы бар...

  • Ата, мені жіберіңізші!

Жанқожа торысын тебініп алға шықты. Қақпақ жауырын, апай төс... Нұрымбеттің қисық найзалы баласы шын қайрат иесіне ұқсайды екен. Кеше Нұртайдың жұртында кездескеннен бері, Жылқаман осы балаға іш тартып келе жатыр еді.

  • Жәке!

  • Жәке!

Бұл жолығы дауыстардан Жылқаман қызғанышты ғана аңғарды. Қатар жігіттер Жанқожа абырой алып кетеді деп қорқады ғой. Жас көкірек даңқ құмар келеді.

  • Сендер қоя тұрыңдар. Жылқаман қамшысын көтерді.

  • Жолды Нұрымбеттің қисық найзалы баласына берейік!

  • Жәке, жол менікі еді ғой...

Омыраулап шыға берген Толыбайды Жылқаман тоқтатты.

  • Жылқаман екі сөйлеп көрген жоқ. Күшің бойыңа сыймай баражатса көрсететін жер табылар. Нұртайға Жанқожа барады?

  • Дұрыс!

  • Баланың беті қайтпасын!

  • Жолың болсын, Жанқожа!

Жанқожа шоқытып шыға берді. Дүйсенбайдың екі көзі сонда, ішінен күбірлейді. Есенәлі, әйдербек бір туғанда, Жанқожа оларға жақын ағайын саналатынын біледі. Дүйсенбай ата- әруақтарға сыйынып тұр.

Нұртай қарсы салды.

Екі батыр Көктөбенің етегінде кездесті. Қарсы ұшырасқан бетте сатыр- сұтыр найза қағысып, ат екпінімен ағызып өте шыққан. Қайта оралған Жанқожа, аяғын үзеңгіге тірей, көк бас ердің қасына еңкейіп қалған екен. Арындаған аттар аспанға шапшығанда, қарап тұрған жұрт шу етті.


  • Найзаласты!

  • Е, әруақ қолдай гөр!

Екі аттың мойыны айқасы түсіп, шіреніп тұра қалды. Ердің үстінде мықшиып қалған Жанқожаны көріп, Дүйсенбайдың төбе құйқасы шымырлайды. Жас толып бұлдырай берген көзін сүртіп, қайта қарады. Қайсысы бел алып, қайсысы аттан еңсеріледі? Жұрт соны аңдиды. Әпсәтте жел тұрып, төбе баурайында ала құйын көтерілді. Көктөбенің үстінде ақ шаңдақ... Әрі- беріден соң, қайсысы Нұртай, қайсысы Жанқожа, айыруға болмай кетті.

  • Апырай анау еңсерілді!

  • Нұртай білем!

  • Жоқ, Жанқожа!

  • Қап!

Ақ шаңдақ бұрқ етіп, біреуі шалқалай құлап бара жатты.

  • Жанқожа түсірді! Дүйсенбай күрең атты сауырға бір көміп, тура шапты. – Бақтыбай, Бақтыбай!

«Бақтыбай» бес Шектінің ұраны еді.

  • Мына байғұс Нұртайды өзі түсіргеннен бетер қан сорпа болды ғой...

Толыбай айтқан. Атын сауырлап, шыға берген Толыбайдың сыртынан Жылқаманның ашулы көзі оқтай қадалды. Ақтанның даусы алқына шығады.

  • Нағыз батыр қасымызда жүр екен ғой! Мақтанып айтты. Жанқожа каракесекке жиен еді.

Жұрт жауға қарай жаппай шапқанда, Жылқаман мен Ақтан кейіндеп қала берді. Қарт батыр аузындағы батырларды алақанына сауылдатып төгіп тұр.

  • Біздің бастан тайған бақты, соған берсін, тәңірім...

Соны айтқанда Жылқаманның даусы дірілдеп тұрды.
Х Х Х
Қамал деп дабырайған аты ғана, шындығы айналасына топырақ үйдіріп қалқитып қойған ескі қыстау еді. Бұл тәріздес бекініс кез-келген дәулетті қарақалпақта бар. Отырықшы ел, көшпелі көршілері оқыс тиіп, ойран салып жүрмес үшін осылай жасайды. Тықының қамалында биіктігі төрт кез балшық дуал, сыртынан кісі бойы ор қаздырған, - атпен ұмтылған жауға тосқауыл болуға жарайды. Баспалдақ қойып, жаяу лап беру тәсілін қазақтар да біле бермейді. Қамалдың сыртында қамалып жатыр...

Бір аптадан асты, Тықы ат үстінен түспейтін еді.

Хиуа хандығының қолтығына кірген қарақалапақ шонжарларымен бір ауызды батыр, қазақты иттің етіндей көреді. Түймедей ілік тапса түйедей қылып, қарапайым бәле шақыра жүретін кісі, Нұртайды құшағын жайып қарсы алған. Ана шеті Қуаңдария, Жаңадария бойы, - Тықының шабармандары қарақалапақ жақсыларын жинап келді. Бұл көптің ішінде Маңғыт Орынбай би мен Есенгелді, Тоқтаболат, Маман сияқты зиялылар түгел еді. Енесейдің Мамыты келді.

Бірақ жұрт бір бәтуаға келе алмай тарады.

Желкесінде отырған қазақпен ұстасу тек апат әкеледі. Билер Хиуаға күдікпен қарайтын. Айдос құр сәлем айтқанда, Нұртайға хан сыпайын ерітпейме?... Хиуаға сенім жоқ, қазақ пен қарақалпақтың арасын ушықтырып жүретін қашанғы әдеті...Әмудария бойына ауып, бұл жерден су шығып отырған жоқ... Онда барса қорлықты хан жасауылы мен түрікпеннің баспашылары көрсетеді... Билер басын ала қашты.

Ақылынан ашуы бұрын келетін Тықы тас талқан болып бүлінді. Билер аттанып кеткен соң, Нұртайды атқа қондырған.



  • Жылқайдарды өлтіру керек!

Жылқайдар өлсе қазақ өре тұрады. Нұртайдың өкше ізі Жаңадариядан шығады. Кісі өлімінің жаласы бір Тықы емес, осы кеңеске қатысқан билердің бәрін шарпуы тиіс! Басына зымыстан түсіп көрсінші! Қалай қарап отыр екен ертең!

Нұртай айтқандай етті! Бұл кезде Тықы да сабасына түскен іс насырға шапқанын көрген жерде сасқалақтады. Баяғы ізімен шабармандар қайта ағызды. Бірақ, бұл өңірдегі қарақалпақтан бір би ат ізін салып төбе көрсеткен жоқ. Хабаршылар құр қайтты.

Тықы ақыл таппай алас ұрды. Жан-жақтағы қыстаудан жігіт жинатты. Қамалға кірген еркек кіндік қайтып шықпайды. Топ құралған сайын өзін хан сезінгендей Тықы бірте-бірте асқақтай бастады.

Әккі Нұртай аңғал Тықының осы кезін пайдаланды. Қарақалпақтың ендігі ханы «сол». Ос хабар Хиуа әміршісіне жетсе, Айдосқа қосын сыпайларын аттандырар еді...

Оның бәрі Қамалдан сытылып шығудың айласы екенін Тықы сезген жоқ. Бір апта бойы етегінен басып ұстап отырған адамын асығыс аттандырды. Нұртайға олпеаның көбісін беріп, айрықша ықылас көрсеткенде, Хиуа ханын ойлап тұрды. Үйір-үйір жылқы, Жылқайдардың торы алалары хан ордасына тартуға кетті...

Нұртай аттанып кеткен соң бір күннен кейін қазақтың жер қайысқан қалың қолы қамалдың алдында тұрды.

Қамалда екі-ақ жүз жігіт... Оның да көбісі сақалы қауқиған шал екенін ойлағанда, Тықы кіжінді. Қарақалпақтың атақты батырларын еске алып еді. Хиуа сарбазы жететініне түк күмәні жоқ. Қазақты қуып салған соң, келмей қалған жұртты қалай жазалайтынын ойлап, айызы қанып отырды...

Хиуаның сыпайылары келіп жеткенше қазақтарды бөгеу керек.

Тықы қатындардың басына бөрік кигізіп, қара көбейтіп, қамалдың басына шығарып-шығарып алатын еді.

Қазақтар арындап келген бойы қамалға ат қойған. Тықы екі-үш білтелі мылтыққа, қырық елу садақшы қойып, оқты қардай боратып қарсы алды.

Беті бір қайтқан соң қазақтар қайта шабуға асыққан жоқ. Артынан көмек күткендей. Әлде қамалдағы халықты ашықтырып алғысы келетін шығар? Тықының іші жылыды. Азық-түлік мол. Жауды ұзағырақ бөгеу керек тек... Хиуаның көмегі келіп жетеді...

Қазақ қолының басшысы Қылышбай екенін білгенде қалшылдады. Кішкененің Қызылды жайлайтыны бар. Былтыр осы Қылышбайдың жылқысын айдатып алған. Тықы жанасып кетсе қазаққа қыр көрсетіп қалатын. «Қылышбайдың жылқысы егініне түсіпті» ... Көктемде судан қалып, шөже болып біткен бір бөлек тарысына жайы жүрген өзі. Ақыры Қылышбайды аяғына отырғызбай, бір үйір жылқысын айыпқа алды...

Адам баласының бір кемшілігі, өзінің мінін көре бермейді ғой. Ал Тықының көкірегі көрдей қараңғы еді. Аттың майына, атанның қомына өкпелесе, кісі өлтіруден тайынған емес... Жылқайдар ақ тұлпарды алдырды. Нұртай оны өлтірді. Азаматтың қазасы ауыр екенін, артында кек қалатынымен Тықы есептескен жоқ. Басына бәле тілеп алғанын әлі түсініп жүрген жоқ.

Басқа біреу болса, келген жауға елші салып сөзге келер еді. Бар кінәні Нұртайға жауып, басын арашалайды ғой. Тықы ондай айла-амалға да шорқақ, орға өзі түсіп отыр...

Бүгін қазақ қостарында қобыр көп... Бір жерге үйіліп-төгіліп жатқан жұрт, төртке бөлінді. Өкше ізі Қызылдағы ауылдардан шыққан, көш келеді. Артып келгендері кереге... Қазған ордың үстіне кереге жайып, киіз тастатып жатыр...

Тықы сасайын деді.

Қақпаның алдында бір топ атты иіріліп тұр. Ортасынан бір жаяуды шығарды.

Қазақтар елші жұмсағаны ғой! Тықы өркештеніп қалды. Жүндес иегін қасып қойып, ер үстінде бір шынтақтап жатыр. Денесі еңгезердей кісінің бет бітімі қораштау біткен. Басы кішкентай, маңдайы тайқы, ал бет-ауызы түктен көрінбейтін еді. Елшімен не сөйлейтінін ойлап бас қатырып тұрған ол жоқ. Тықы алдын-ала ойлап пішпейді. Елшінің басын ала ма, құлағын кесіп қайтара ма, - шешімі табан астында табыла кетеді.

Қақпа ашылып, жалғыз жаяу ішке өтті.


  • Ақназар! Жанназардың дауысында үрей білінеді.

Тықының мінезін білетін Қылышбай, елшілікке қолға түскен тұтқынды жұмсап еді. Қамалды жеті жүз кісі қоршап тұр... Бастап келген Жылқаман батыр... Нұртайды өлтіріп, кеше ғана оралды. Ақназар айтып отыр.

- Қазақтардың басқа қарақалпақта жұмысы жоқ. Жылқайдарды өлтірген Нұртайдың басын алды. Ақназар дауысын көтере сөйлейді. – Енді Нұртайды жұмсаған Тықының басы керек...

- Мә, басымды ала ғой! Тықы екі бұтының арасына қолын жүгіртті.

- Сен иттің баласы не оттап тұрсың, әй!

- Мен қазақтардың сөзін айтып тұрмын...

- Қазақтардың сөзі екен ғой! Сен қазақтарға құл болған екенсің ғой! Құл екенсің! Мә, ендеше құлдың қандай болатынын көрсетейін саған!

- Тықы Ақназардың құлағына шап берді. Қолында алмас қанжар, жарқ еткізіп суырып алды! Ақназар сескеніп қалып, басын кекжиткенде, құлағы Тықының қолында кетті.

- Бар енді қазақ қожаларыңа!

- Қазақ кеспеген құлағымды сен кестің бе, Тықы! Көзіңе қара ұрынып тұр екен. Өмірің ұзақ болмас! – деді Ақназар қалтырап. – Батыр болсаң аналарға көрсет қайратыңды! Әне, қазақтар жекпе-жекке шақырып тұр ғой! Қамалға тығылып жан сақтағанша, қарсы бармайсың ба!?

Топ қазақтың ішінен қара қасқа атын ойнақтатып біреу шықты. Ақназар соны көрсетіп еді.

- Анау Шөмекей Елемес батыр. Қатын болмасаң, соның құлағын кесіп келші! Менің жазығым не?

Жігіттердің көзі қара қасқа атты батырда, сілтідей тынып тұр.

Тықы ақырды.


  • Аш қақпаны!

Ақназардың сөзі шымбайына қатты батты. Тықы құлагер аттың омырауына осып жіберіп, қақпадан шыға жөнелді.

Екі батыр ат үстінде үңіле шабады. Аралары сәт сайын жақындай түскен. Елемес ер үстінде етбеттей жатып, найзасын алдына ұстап төніп келеді. Басындағы дулығаның маңдайы күн көзіне шағылысып, жарқ-жарқ етті. Оның найзасы да бұрын тиіп еді. Бірақ көкірек тұсынан тайып кетіп, қара саннан шаншылды. Тықының бөксесі бұрылып барады. Әлгі де Ақназардың құлағын кескен қанжар, бұл жерде де кәдеге жарады. Елемес оңғарылып үлгіріп күш алғанша, Тықы найзаның сабын шауып түсірді.



  • Қайт, қайт!

Елеместің қарусыз қалғанын көрген қазақтар шу етті.

Бір топ жігіт қамалға қарай лап қойды.Бұлар шөмекейлер еді. Адам бауырға шыдамайды. Қарусыз қалған батырға ара түсуге бәрі де асықты.



  • Дөйт, дөйт!

Қаптаған аттылар лап бергенде Тықының жүрегі зырқ етті. Найзасын жебей ұстап, Елемеске төніп қалған. Кейін қарай жалт берді. Санында қалған найза ұшының ашуын енді ғана сезгендей, ауырсынып ернін тістейді.

  • Жеке, батыр, жеке!

Тайсала қашқан Тықы, кес- кестей шапқан көкбестілі сары жігітке кездесе кетті. Мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан жап жас бала… Екеуінің көзі ұшырасып қалғанда, Тықы ызадан жарылып кетердей, ақ найзасын жарқ еткізіп көтеріп алды. Қазақтардың ісін қарай ғой… жекеге шақырып алып жаппай ат қояды. Намарттық! Намарт… Қазір қолына түскен қазақты аяйтын ниеті жоқ.

  • Ә, кәпір қазақ!

Тықы бұл жолы бұрынырақ қимылдады. Бірақ, асығыс сілтеп қате қылды. Жас жігіт найзасын бойына дарытпай қағып жіберді.

Жанқожаның найзасы кіндіктің астынан ұрды. Тықының сауыты бар еді. Шықырлаған найза дыбысы батырдың төбе құйқасын шымырлатқандай. Аттардың мойыны айқаса түскен. Тықы найзасын оңғара алмай қор болды. Ер үстінде ауып бара жатқанын енді байқап, ердің басынан ұстай алды. Бірдеңе сырт еткендей… Тықы аттың төс айылы үзілгенін білген жоқ. Ат үстінде шалқалап құлап бара жатыр.

Аяғы үзеңгіге, Тықы құлагердің бауырында салақтап кете барды. Қисық найза денесінде кетті.


  • Бақтыбай, Бақтыбай!

  • Дөйт, дөйт!

  • Бозқасқа, бозқасқа!

Қазақтар қамалға лап қойды.

Қақпа ашық жатыр. Күзетші жасақтар қашып кетіпті.

Жылқаман "жәй халыққа жәбір көрсетпеуді" тапсырғанмен біраз адам қаза тапты. Қырық ру жігіттер… Арасында Бесбаспай сияқты алақанға түкіріп жібергендер көп еді. Қол бастаған ақсақалдардың басы құралып болғанша, қыстаудың әптер- тәптерін шығарды. Әр жерде қарақалпақ жігіттерінің өліктері жатыр… Жанқожа әр кімге бір жүгіреді.


  • Бұларың не?

  • Ойбай- ау, өзі тап берді ғой!

  • Садағын кезеп тұр екен, жалпайта салдым…

  • Айбалтасын ала жүгірді…

Бәрі де мойындамай шыға келеді.

Әркіммен бір керісіп жүргенде Бесбасбайдың үстінен шықты. Кілем, киіз әр түрлі киім- кешек, көрпе- төсек… Бесбасбай бір түйеге теңдетіп жатыр. Қораның ішінде дауыс қылған әйелдер, балалардың у-шуы… Кек қуған жорықтың аяғы бұлай жаугершілікке айналар деген ойда жоқ, Жанқожаның есі шықты. Азамат бастарымен, жазықсыз жанды найзамен шанышып, бала- шағаның несібесін талауға салатындары қалай? Жылқайдардың аулына ойран салған Нұртай… оның қолтығына су бүркіп жүрген Тықы батыр екен… Екеуі де жазасын алды. Қарақалпақта мұсылманның баласы, ендігі тонауды тоқтаттыру керек…

Жанқожа соны айтқанда, Бесбасбай шарт кетті.


  • Ей, Киікбайдың немересі, даңғырлап не айтып тұрсың! Осыны мен алғалы жүр деймісің? Тонатып жатқан анау Қылышбай ағаң! Сені де құр алақан қалдырмас! О несі, ей?

Құттықтан шыққан қарау би Қылышбай ағасының дүние - қоңыздығын бұл өңірдегі кішкене аңыз қылып айтатын еді. Әрі қазір алты әлім хан көтеріп, оның мейманасы асып тұр. Нұрымбеттің баласы ақыл айта бастаса, талағы тас айрылады… Жанқожа Қылышбайға барып, сөзін өткізе алмайтынын түсінеді, сол жерден ат басын ауылға бұрды.

Жекпе-жекте Нұртайды өлтірді… Тықыны өлтірді… өз басы ендігі Жылқайдардың кегі қайтты деп түсінеді. Жорық қызығына түсі алабұртқан жігіт жүрегі әлгіден кейін сап басылған, күйзеліп келе жатыр. Бейкүнә қанша жан қаза тапты… Бейбіт елдің мал- мүлікі талауға түсті… Өлген батырдың кегін қайтару болып басталған қасиетті істің ақыры, бұлай бүліншілікке соғар деген ойда жоқ… Қазір өз ісінен жүрегі айнитындай. Бекбауыл сұм ғой, осыны біліп бұғып қалған болды-ау…

Ерәлі сұлтан мен Айшуақ заманындағы шапқыншылықты әкесінен естиді. Жанқожаның жаны тіксініп отыратын еді. Бұл өңірдегі шекті ол жолы қарақалпаққа қол көтермейді. Киікбай мен Енесей би құда… Сыр бойында қарақалпак пен қазақтың төскейде малы қосылып жайылады… Кеше Нұртайдың ылаңын есіткенде, әкесі бармағын тістеді. Ақ тұлпарға зорлық қылған Жылқайдар мінезін де құптамайды… Әкесі бір жамандықты сезген екен ғой… Жанқожа бір күнде он жасқа есейіп шыққандай. Атты қысыңқырап айдайды.

Қазір өзін қылмысты адамдай сезіндірген бір түйсіктен қобалжи түседі. Жанына жұбаныш іздегенде, есіне Дәрменқұл қожа түсті. Суфы Әзінің әулеті, иісі шектінің піріндей болып отырған адам… Өзін қатты қинаған сұраққа жауап таппай қиналғанда, шариғатқа жүгіну де дәтке қуат көрінеді. Мынау жүгенсіз кеткен халыққа, қарау Қылышбайға атар ағаш оғы жоқ, асығып келе жатыр…

Айсыз қараңғы түн. Жас жігіттің ақыл- ойы бір қараңғы түнекке қамалып, жол таппай сандалады. Неше күнге созылған ат үсті жорық қажытқан, оқтын- оқтын қалғып кетіп, қайта оянады.

Түс көрді. Елемес батырдың қолында ұңғысынан сынған найзаның сабы, қашып келе жатыр екен…

Түс түлкінің боғы деген- ау… Жанқожа ат үстінде оңалып отырды.

Бесбасбай Қылышбайдың жарлығын әдейі бұрып айтқан. Ақсақалдар олжа жайлы сөз еткені рас. Бірақ, әнгіме Тықы батырдың ауыр дәулеті жайлы еді. Жылқаман қара халыққа зәбір көрсетілмеуін қатты тапсырды.

Бірақ, Бесбасбайдың сыңары әр рудан да табылып, жазықсыз жандар зәбір көргенін, ақсақалдар арт жағынан білді.

Талау- тонау тоқтатылды.

Қалың қол тарайтын еді. Қамал сыртында тігілген ақ боз үйлерде олжа бөлістіру қызығы басталды.

Жылқаман батыр жігіттерді түгендегенде, Жанқожа жоқ болып шықты.



  • Ол кеше кешкілік қайтып кеткен…

Бәркелет айтып отыр. Бірақ, Жанқожаның неге қайтып кеткен себебін біле алмады.

  • Соның өзі қызық бала… Бір жосын мінезі бар…

  • Жауды жеңдік, енді не бітіремін деген ғой…

  • Сол қисық бірдеңеге өкпелеп жүрмесін…

Кейбіреулер кәдік айтты.

Жылқаман батыр өкініп отыр. Бұл жорықтың бар абыройы "Нұрымбеттің қисық найзалы баласынан" ауысқан жоқ. Мынау мол олжадан, оның тәбәрік алғаны дұрыс еді…

Бұл отырған көпшіліктің ішінде, жас жігіттің неге кейіп кеткенін білетін жалғыз адам Бесбасбай, ол төмен қарап бұғып отыр.

Тықының ауыр дәулеті бөліске түскен жерде қып- қызыл дау басталды. Дүниеқоңыз шалдар, екеу ара бір шапанға таласып, жағаласып қалған. Бірінен- бірі дауыстарын асыра көтеріп, ақсақалдар ата таластырады.

Ақыры бірін- бірі көрместей болып айрылысты.

Бір бөлегі есе тимей қырылысып жатқанда, аталықты рулардан шыққан ақсақалдар атқа қоса иығына шапан жамылып, мұрттарынан күліп жүр. Кедей кепшікке жаны олжа, пышақ- шаппаққа қуанып, ауыл- аулына тарап барады.

Нұртайға еріп келген жігіттер құлдыққа таратылды. Соның бірі Ақназар, Жылқайдардың босағасына байланды.


  • Тықы құлағын кесіп еді, құл боларын білген екен…

Кешегі оқиғаны көрген жұрт жағасын ұстады.

Жанназар жайынан қазақтар хабарсыз еді. Қызыл қырғыннан аман шығып, әке- шешесіне қосылды.

Әр ру бөлек- бөлек бөлініп Сараман Қосадан әрі асты. Ақназардың жетегінде түйе, жаяу келеді. Түйенің үстінде жүк. Жылқайдардың құнына келген қымбат дүниеліктер… Ер жігіт олжа іздеп келіп, мойнына құлдық қамыты түсті. Басқа жігіттердің бай ағайындары бар, ертең басын сатып алар. Ақназарды іздейтін жан жоқ еді. Амалын тапса қашып құтылады…

Бірақ, мынау кесік құлағымен қалай көрінеді жұртқа?.. Соны ойлағанда іші қан жылайды.


Х Х Х
Бесбасбай Мамыттың аулынан шыққан беті бес- алты қыстауға ойран салып, артынан ат басын тартқан. Көздегені Ешназар, Күжбан сияқты дәулетті ауылдар еді. Бірақ, Бидай батырдың бөлініп Сараман Қосаға аттанғаны, Бесбасбайдың күшін әлсіретті. Әр ауылды шапқан сайын, екі адам, үш адам сиыр айдауға жігіттер қалып отырды. Ешназардың қыстауына тиетін жерде, қасында жиырма жігіт қалған. Жамандық хабарды естіп, күтініп отырған ауыл сойылмен қарсы алды. Ең аяғы қатындарға шейін, қолдарына бір- бір келдек, аянатын түрі жоқ. Бесбасбай бас аманда қашып шықты.

Хан, Аманөткел, Кәрібөгет сияқты дария бойындағы қыстауларға тиісе алмай, Бесбасбай ат басын Сараман Қосаға бұрған. Қалың қолға Тықының қамалында қосылды.

Тықы мен Нұртай қаза тапты. Қазақ кегі қайтты. Жылқаман ізінен ерген жұртты таратып, ауылға беттеді. Дүрліккен ел тынышталып, бейбіт тірлік қамына кірісіп жатыр.

Бесбасбайға Бекбауыл келді. Мамыт нағашысы… Бір жанға жазығы жоқ Енесейдің баласы нақақ күйіп, ауылы шабылып отыр. Тұщы етіне ащы таяқ тиді. Талауға түскен малы бар… Мамыт айып сұрамайды. Бірақ, Бесбасбай малды қайтаруы керек. Қоятын кінәсі болса, ақсақалға түсіп арылсын.

Ақсақалға түссе Бесбасбай ұтылады. Сыңыр езу дауға басты. Сол сықылды Жылқайдарды қарақалпақ өлтіреді. Үш бірдей азаматтың түбіне жетіп, іргесін түріп шауып әкетті. Өтекем баласы көзге көрінсе қайда қалды? Алты әлім Сараман Қосада бас қосқанда, ол бұғып үйде жатты. Енді жаман қарақалпақтың жоқшысы болмақ қой. Қазақ кімнен қыз алмай жатыр? Осы Бесбасбайдың нағашысы қалмақ… Екі талай күн туса, қалмақтың жетегінде кетуім керек пе? Бесбасбай солай қыңырайды.

Бекбауылдың уәжі дайын еді. Жылқайдардың кегін іздесе, Бесбасбай Нұртайды неге қумайды? Бейбіт елнді олжалағанына мәз болмасын. Өтеген-Нұрымбет қарақалпақтың иегінің астында отырды. Тап берер деп қорыққан шығар… Онда да Жанқожаны жіберді. Бір өзі-ақ бір ауылдың жігітіне татитынын біліп жіберді. Жылқайдардың кегін басқа ешкім емес Киікбай баласы алған…

Сөзден ұтылғанын Бесбасбай да түсінді. Енесей баласының көп сиыры қайтарылды. Он шақты бас қарамал жаратылып кетіпті. Кедей ағайындар сойып жеген көрінеді… Солай жырымшыланып, көзі тірі қалғанын қайта айдатты. Бірақ, үлкен қастығын түпке сақтап еді.

Бір аптадан кейін тарыға орақ түседі. Мамыт жиын-терін қамына кірісті. Қырман орнын дайындап, тары бастыратын күш-көліктерді жемге қойған…

Бесбасбай осы кезеңді аңдып еді. Жайлаудан құлаған бетінде, Нарынбай тұзының тұсында еру болып, бір түнде Мамыттың тарысына үш үйір жылқыны жауып жіберді.

Жылқы да бір, тасқан сел де бір, аузынан гөрі аяғын көбірек бүлдіреді. Тарыны ұйпап кетіпті.

Бір айдан кейін Мамыт Ақиректен көшті.


  • Қазақтар біресе малымды қуып алады. Онан қалса, егініме жылқысын жабады. Өтегеннің баласы қашанғы пана болады? Түбі көшірмей тынбайтын шығар-деп еді.

Мамыт Ақирек өңіріндегі қызлауларға түгел хабар берді.

Әулиенің басында неше жерден жер ошақ қазылып, көк өгіз пышаққа жығылды. Мамыт құдажолы беріп жатыр.

Халық көп жиналды. Мамыт төсекті ашық аспанның астына, кең далаға жайдырған екен. Табақ бесеу ара тартылды. Бала-шаға сорпаға тойып, ел көңілді еді.

Бағдад шаһарынан келген шайқы, шілдей арық, қу мұрт, ақ сұр кісі Арыстанбаптың шырақшысы отыр. Пайғамбардың үрім-бұтағы көзін ашып-жұмып мүлгіп қалған. Сүтке тойған мысық іспетті. Сақал-шашында нысан жоқ адамның кәрі екенін де, жас екенін де айырып айту қиын еді.

Домалақ көлден Күржібай құда келді. Кемсеңдеп отыр. Осынша жұртта қабырғасы қайысып отырған да сол…

Жұрт ас ішіп болды. Мамыт қол жайды.



  • Ілләһи әумин…

Әнетей бетін сыйпады. Содан соң аят оқылды.

Шырақшы бір ұзын сүреге түсіп алып, ұштығына шыға алмай отыр. Қаны қашқан көкпеңбек ерні күбір- күбір етеді.

- Сухан раббікі…

Жұрт қосыла күбірлеп, төңірек күңіреніп кетті.



  • Ал, ағайын, ұрланып кеткен адамға ұқсамайын деп, шақыртқаным сол еді. Енді Хорезм жұртына бет түзеймін. Еремін дейтін қарақалпақ баласы болса, ала кетуге мен дайын. Отыз шақты сиыр, жеті- сегіз ат бар. Көлікті аямаймын…

  • Тыныш отырған елді бүлдірді- ау…

  • Мен де көшемін! - деді Күжбан.

Мамыттың сөзінен кейін жұрт Әнетейге қарады. Қарақалпақ қазаққа билік айтқан аузы дуәлі қария неге үнсіз отыр?..

  • Биылғы алған астығымды көлік тауып әкетудің амалын таппай отырмын. - Әнетей ызалы мырс етті. - Әйтпесе, алдарына түспес пе едім…

Қара қасқа кедей бидің сөзіне біреулер күлді.

  • Әнетей ағаны қозғап қайтесіңдер. - Мамыт сөзді басқа жаққа бұрды. Мұнда да бір тайпа ел қалып барады. Оларға да тарыққанда ақылшы, қысылғанда басшы болатын біреу керек қой… Әлі біз де ат ізін салып тұрамыз. Далаға келгендей болмайық.

Мамыт соны айтқанда, жұрт Күржібайға қарады. Жабыға айттырып қойған Мақпал қыз он жасқа шығып отыр…

Мамыт көшуге бет алған соң, Күржібайға кісі салды. Құдасы қиса, келінін алып кетпек еді. Масаты бет бақтырмады, бірақ. Шіп-шикі бала, ел асырып жалғыз жіберуге, ана жүрек қимады. Ең болмаса он беске шықсын... Алып кететін адамға Үргеніш қашықтық қылмас... Масаты соны айтқан.

- Хорезм жұрты қыдыр дарыған ел... Шырақшы көзін жұмды.

- Қайда барса, дихан байғұстың жалынатыны екі қолы! Сағындық оған жақтырмай қарайды.

- Оған сөз бар ма!?

Күжбанның көкейіне жаман ой келді. Түбі Ақирек қазаққа қалады екен. Ата-баба мекені... Қарақалпақтар жаңа туған нәрестесін күншілік жерден әкеліп, мына бұлаққа жуып алатын еді. Енді оны қазақ жылқысының тұяғы ылайлайды. Күжбан қастасқан жауға, қайран, Ақиректің бір уыс топырағын қалдырмас еді, бірақ оған дәрмен жоқ... Қазаққа ең болмаса бір қастық жасағысы, ақ бұлақтың көзін бітеп кеткісі келді...

Жұрт тарады. Шырақшының қасында жалғыз Күжбан қалған. Шынын айтып ақыл сұрап отыр.

- Әділ сөз! Әділ істі құдай да қолдайды. Бұл сырыңды Мамыт мырза есітті ме?

- Менен басқа бір-ақ адам, сіз ғана білесіз...

- Ендеше ешкімнің білмегені мақұл. Ақиректің суы тартылып қалғанын көрген жұрт, саған кешірмейді оны!

- Сонысы бар екен ғой! – деді Күжбан үркіп.

- Оның амалын табамыз...

Бұлақтың бастауына жақын жолым үйдей қара тас жататын еді.

Күжбан төрт жігіт әкеліп, жер құшағына еніп кеткен тасты қаздырда. Басында шырақшы. Бұлақ көзіне қараған жағын үңірейтіп аштырып, құламалы еттірген. Екінші жағынан итерсе, домалауға дайын тұр.

Төрт жігітке Күжбан қосылып, қара тасқа иықтарын тіреп тұра қалған. Ауыр екен. Былқ етіп қозғалған жоқ.

Қара терге түскен Күжбанды шырақшы тоқтатты.



  • Төрт пар өгіз керек!

Күжбанның көзі алақандай болды.

- Тастың беліне арқан салып, өгіздермен тарттыру керек. Бір жылжыса сонда жылжиды.

- Осыны қойсақ деймін. Бір жігіт үркектеді. – Құданың құдіретімен біткен тас адамның ырқына көнбес...

- Арыстанбап атам аян берді. – Шырақшы арамдығын білдірмей тұр. – Бұл бұлақтың суын қазаққа арамдатуға болмайды! Өгіз алдыр, мырза!

Айсыз қараңғы түн. Егер күн жарықта болса, жігіттер әлем тапырақ шырақшы жүзіне көздері түссе, зәресі ұшар еді. Қазір мүлгіген шал ашулы әждаһаға айналған. Дыбысы жыландай ысқырынып есітіледі.

Күжбан екі жігітті ауылға шаптырды. Осы бәленің қайдан есіне түскенін білмей, қазір өкініп отыр. Шырақшы Арыстанбаптың атын атағанда тіпті зәресі ұшты. Бір түйір шүбә қылған жоқ. Жарықтық әулие... көкірегіне сол салған ғой... Соны ғана дәтке қуат еткендей еді.

Мұрындары шуылдап өгіздер де келді. Шырақшы өзі жүгіріп жүріп қара тастың беліне арқан салды. Төрт жігіт тастың сыртынан тіреп тұр.


  • Ал әуп деңдер!

  • Әуп!

Қара тас бір лықсып қалды.

  • Айт шу!

  • Әуп!

Екінші рет лықсығанда, бұлаққа қарай еңсерілді. Қорқып кеткен жігіттер быт-быт болып, алды-алдына қашты. Су бір шалп етіп, тас салдыр-гүлдір құлап түскен. Жер қарс айрылғандай, ауыр гүрс еткен дыбыс қиырға кетті.

  • Алда! – деді Күжбан жата қалып.

  • Ата-бабаң енді ырза шығар...

Шырақшы мырс етті. Біліп қалар деп қорыққан, жүресінен отыра қалып жалмажан аят оқыды. Басқалар да ес жиып, шырақшының қасына жақындады. Бұлақтың үңірейген қайнарына үрпейісе қарайды.

  • Енді тастың орнын тегістеп кетіңдер, - деді шырақшы.

Төрт жігіт тастың орнын топырақпен тегістеп біткенде, таң алды еді.

Күжбан көшіп жатыр. Өгіздерге арба жегіп, тай-тай жүктерді, қап-қап астықты далаға сүйрейді. Артында тұсаулық жіп қалдырған жоқ.

Арбалар сықырлап, көш орнынан қозғалғанда күн шыққан.


  • Болыңдар! – дейді Күжбан асықтырып.

Бұл күні ертерек тұрған типыша кемпір еді. Ірге жақта жатқан шалын жұлқылап оятты.

  • Байдың ауылы көшіп жатыр ғой!

  • Кім ол!?

  • Күжбан. Жау қуғандай таң қараңғысынан бүлінді.

  • Типыша кемпір кейіді. – Жаз болса бір сірә. Қазір күзді күні, қоңырсалқын...

Әнетей дәрет ала сыртқа шықты. Күзгі таң салқын. Күжбанның көші қыстауынан шықты. Мамыттың аулы да қыбырлап жатыр. Өгіз арбаларға жүк тиеліп болыпты...

  • Көшті...

Әнетей қасында Сағындық пен Мәтниязды көріп көзіне келіп қалған жасты іркіп ала қойды.

  • Күжбаннан жерағаш сұраймын ғой деп отыр едім. Сағындық өкінді. – Алды-артына қарамай зытқан екен.

  • Ізінен жүгірсейші. Мүмкін берер. Мәтнияз көршісін келекелеп күліп тұр.

  • Кісіден сұрағанның көзі шығады, - деді Әнетай.

Сағындық күрсінді.

Жұрттың көзі Мамыттың қыстауына ауған. Олар да қозғала бастаған екен.

- Енесей ағам қандай еді. Есіл қыстау енді иесіз қалғаны ғой. Соны айтқанда бидің көзінен жас ыршыды.

Мәтнияздың көзі ертелі әулиенің басында еді. Терең жыра жым-жырт, бұрқырап аққан су да көрінбейді. Тал түсе не болғаны?



  • Құдая сақтай гөр! Бұлақ!

  • Бұлақ жоқ!

  • Мынау ақырзаманның аламаты шығар?

  • Бір түнде жер жұтып қойғандай!...

  • Енесей ағам әулие кісі еді. Үрім бұтағы тозып жатыр. Ол да көрінде бір аунап түсті ғой... Әнетей кәлима қайырды.

Жер емшегінің кенет суалуын жұрттың бәрі де сондай кереметке жорыған. Ескі қыстауда жан қалмай сыртқа шықты.

Мамыттың көшіндегілер де артына қарай-қарай бара жатты. Тартылған бұлаққа қарайды. Жағаларын ұстайды.

Бұл сұмдыққа әулиенің де, өлі әруақтың да қатысы жоқ екеніне Ақиректегі елдің көзі кейінірек жетті. Біреулер қара тасты еске алған... Орнынан табылмады...


  • Мен құдай жолын қуған адаммын, - дейді шырақшы көзін ашып-жұмып. – Пенде ісінде шаруам жоқ...

Бірақ, надан елдің басын айналдырған қулығы іске аспай қалғанын енді түсініп, іші күйіп отыр.



Каталог: docs
docs -> Рефераты қызылорда, 2013 ж
docs -> Ұлы пайғамбар ( с. ғ. с.) ұлықталған ғибратты кеш Наурыздың 11-і, қасиетті жұма күні Елордамыздағы Конгресс-Холл сарайында «Нұр Астана»
docs -> "Псюхе" ұғымы келесі мағынаны білдіреді
docs -> C мінез-құлық d санадан тыс
docs -> Бердіқожа назгүЛ бердіқожақызы зейнолла Шүкіров өлеңдерінің жанрлық, көркемдік ерекшеліктері
docs -> Анықтама басылымдар 070(574) Қ 17 Қазақ телевизиясы
docs -> Мадиева жансая қойшыбайқызы абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезовтің шығармаларындағы педагогикалық идеяларының сабақтастығы
docs -> Сабақ Мұхтар Әуезов «Біржан сал Абай ауылында»
docs -> Мұражай-қорық коллекцияларына жаңадан алынған бұйымдар (ақын Төлеу Көбдіковтің 140 жылдығына орай) «Әдебиетті дарынды тұлғалар жасайды. Ал тұлғаны жарататын халық»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет