ЕЛ АУА
Базарда сендей соғылысқан халыққа қарап тұрып, Бесбасбайдың есі шықты. Алушыдан сатушы көп. Аттұрман әбзелінен бастап, алмас қылыш, асыл болаттан соққан қанжар, - мына базарда сатылмайтын нәрсе жоқ. Өрік-мейізін, халуасы мен науатын жайып салып, алыпсатар саудагерлер отыр. Тапал сары біреусі базарды басына көтере айқайлайды.
- Су деп сүт құйыппын, тұз деп шекер салыппын, жаңылып жалпақ болыпты. Алың, алың!
Бесбасбай әуестеніп жақындап еді, төбесіне көтергені дағара екен. Жұқалағы сүт бетіндегі қаймақтай, үлкендігі етектей күлшелерді текшелеп жинап көтеріп жүр.
Әрірек жатаған там үйлердің алдында бай сәудегердің жалдаптары, өткен-кеткенді етектен алып жүргізбейді.
- Алтын жүзік, алтын моншақ!
- Үнді жібегі, Бұқардан келген батсайы!
- Шай алың, ішсең сусын қандырады, тоңсаң бойың жылынар!
Қарақалпақ диқандары сары ала қауындарын үйіп қойып, гүрің-гүрің әңгімелесіп отыр. Бәрі де жайбарақат, айқай салып асып-саспайды. Оларға Хиуаның күйіп тұрған күні де әсер етпейді.
Бесбасбай бір қарқалпақтан қауын сұрады. Ақшасы жоқ. Қарақалпақ анайы шалдың бетіне қарап бір тұрды да, қазақ екенін байқаған соң күлді.
- Мәңіз!
Қауынды алып жатқанда Бесбасбайдың жүрегі дір етті. Осы қарақалпақты Мамыттың қасында көретін еді. Аты жетегінде, базардан шығып оқшауланып барады.
Бесбасбай осыдан бір ай бұрын ауылдан шыққан. Тамды маңындағы қарасақалдың ішінде құдасы бар еді...
Баяғы Жалаңтөс батырдың соңына ерген қарасақалдардың бір бөлегі Бұқар әмірінің қоластында қалып қояды. Бесбасбайдың құдасы сол қазақтардың бірі еді. Қырдан келген қазақтарға бұл жақтағы ағайын жылап көріседі. Бесбасбайға бір-бір ат мінгізді.
Үлкен қарақұмның елі Хиуа мен бұқардың базарына жиі қатынайды. Үйір-үйір жылқы, қора-қора қой апарып сатады. Қызына жасау, үйіне керек-жарағын алады. Бесбасбай Хиуаға олжа жылқысын әкеліп отыр.
Он жылқы сатылыпты. Басында құдасы жүр еді. Бесбасбайды ертіп дүкен жағалатты. Дүрия мен Мақпалға, көк ала қанауыз бен мақта матаға қара қоржынның екі басы істелді... Олжалы қайтқан Бесбасбай көңілді. Ауылдан ертіп шыққан жолдасына іштегі елдің тіршілігін жерге тигізбей мақтап, аузының суы құрыды. Бұл жақта қыс болып жарымайды екен. Бір малы екеу болып өсіп жатыр. Жарықтық Хорезм жұрты, ырыс дарыған жер ғой. Бесбасбайдың осылай қарай жылжитын ойы бар еді...
Әлгіде жеген қауынның дәмі таңдайында қалыпты. Бұл жерде жаныңа не керек, бәрі табылады. Елдегі жұрт күзді күні Жаманқала асады. Дінсіздердің қолынан шыққан мүліктің не адалдығы бар дейсің? Бесбасбай қартайған сайын діндар болып алған. Бес уақыт намаз, отыз күн оразаны қаза қалдырмайды...
Құдасы таныс қарақалпақтың үйіне бет алғанда, Бесбасбай қалаға қарай тартты. Кеше Хиуа ханының сарайын көрген. Соған бір қарап қайтады.
Түйе жүн шекпенінің етегінде бір ауылдың шаңдағы ере барады. Оны аңғармайды. Қаланың көшесінде ұзақ шырматылып жүрді. Кездескен жұрттан «хан тұратын үйді» сұрайды...
Пәрәнжі киген әйелдер, ала шапанды өзбек шаруалары, Бесбасбайға бәрі таңсық, бәрінің бетіне үңіле қарап өтеді. Таныс біреуін іздейтіндей...
Басында дағарадай сәлде, ала шапанды біреу ұшырасты. Ау, мынау Арыстанбаптың шырақшысы ғой. Әулиенің басына жылда бір рет зиярат етіп қайтар еді, тани кетті.
- Ассалаумалайкум!-деді Бесбасбай қуанып. – Тақсыр-ау, мұнда қайдан жүрсің?
- Немә деп гәп ұрып тұрғаныңды ұқпадым...
- Ойбай, шырақшы десем, сарт екен ғой!
Бесбасбай артына қарай-қарай барады. Қан-сөлсіз ақ сұр жүзі, сирек сақалы – бейтаныс әлгі сарттың бар кескіні шырақшыдан аумай қалғанына таңырқады. Мынаның үстінде ала шапан, шырақшы шекпен киетін еді...
Адамға адам ұқсай береді-ау...
Ала шапанды да артына қарай-қарай барады. Бір көшені айналған соң хан сарайына қарай бұрылды.
Күмбезді үйлер, төбесін күн шалған мұнаралар... Айнала биік қамал, темір қақпалардың алдында айбалтасын иығына салып, күзетшілер жүр.
Ала шапанды күзетшінің қасында кідірді. Қойнына қолын сұққан. Алақанындағы пайшаны күзетшінің көзіне тосты. Сол-ақ екен, түксиіп тұрған сарбаздардың түсі жылынып, ала шапанға жол беріп, есік ашты.
Қазір жан-жағына жалтақтағанын қойып, сабырлы қалпына түскен, Арыстанбаптың шырақшысы хан сарайына кірді.
Кенет елең етті. Өзіне сұқтана қарап тұрған біреудің назарын байқап еді. Қарақалпақ қой... Әлгіде қазақ байы кездесіп еді, енді алдынан қарақалпақ шықты...
Бірақ, жігіт жүзі бейтаныс көрінді. Сый қонақтар түсетін махалланың алдында тұр. Әлде Жаңадария бойынан келген біреулер болды ма? Ондағы қарақалпақтар, сирек те болса, Арыстанбаптың жайына зиярат етіп қайтатыны бар еді...
- Адамға адам ұқсай береді-ау...
Бесбасбайдың сөзін қарақалпақ та айтты. Ала шапанды есіткен жоқ. Ұзап кеткен.
Жігіттің ұялы үлкен көзінде таңырқау бар. Бұл тұрған Жанназар еді. Айдос би шақыртыпты. Қазір де хан сарайына Айдосқа еріп келіп тұр.
Қарақалпақ билерінің ішінде Айдостың бағы асып, Мұхаммед Рахим бектен «бегілер бегі» атағын алды. Соңғы жылдары бидің Жаңадария бойындағы қарақалпақтармен қарым-қатынасы күшейді. Хан да Айдостың сол артықшылығын, өзінің түпкі мақсатына пайдаланып қалуды көздеп отыр. Жанназардың ондай жағдайдан хабары жоқ. Әмудариядағы ағайындарына келсе, Айдос би қасынан қалдырмайтын еді.
Хан сарайында үлкен бір кеңес өтпекші. Айдосты тығыз шақыртып отыр. Жанназарды ерте шықты.
Қарақалпақ билері төрт-бес жылдан бері әрекетті күшейтті. Халық тозып барады. Біраз жұрт Сырдария өңірінен ауып, Хиуа ханының қоластына өтті. Жаңадария жақтағы жұрт не ел болып басы бірікпейді, не Хиуаға бағынбайды... Бір сыпыра халық көшіп келіп еді, Хан Әмудария бойынан қоныс берді... Мұндағы елге Айдос би үкімін жүргізеді.
Қолдаулының бір ақсақалы халық билегені Жанназар үшін зор мертебе көрінетін еді. Айдос жарты патша іспетті... Араны қартайған сайын ашылып, енді бүкіл қарақалпақтың басын біріктірмекші. Бұл әрекеттің шет жағасы Әуез ханның тұсында басталып, Елтізердің тұсында қайта ұмытылған... Елтізер қарақалпақты бағындырмақ түгіл,алтын таққа құйрығы үйренбей жатып опат болды. Түбіне тәтті шарап,сұлу әйел жетті. Рахим бектің еті тірі екен,алтын тәжді кигені сол, елді бір тарының қауызына сыйғызып әкетіп еді.Қазір де қуырып, қусырып барады...
Бүкіл қарақалпақтың басын қосып, ел болу Жанназардыңда арманы еді. Ханның кеңесіне Айдос қана қатынасады. Ол жерде қалай шешііліп жатыр, Жанназарға қараңғы...
Баяғы Жабыға еріп баратын жолы... Арыстанбаптың шырақшысын сонда бір көріп еді. Хан сарайының алдында кездесіп отыр. Қазақ даласындағы белгісіз шырақшының хан сарайымен қандай байланысы болуы мүмкін...
Өздері Ақирек алқабында болып қайтқаннан бері де он бес жыл өтіпті.Сондағы қалпы... Қалай қартаймайды? Сірә, Жанназар басқа біреумен шатастырған болды ғой. Жер түбіндегі Ақиректен мұнда қалай келіп жүр?..
Бетіне дағарадай май жаққан жылтырап Айдос келе жатыр. Анадайдан айқайлайды.Бидің қабағы ашылыпты. Жанназар бір жақсылықтың нышанын байқады.
- Ат көлікті дайындата бер,жүреміз! Кеңестің жайын жол жөнекей айтты.
- Жаңа хан қарақалпаққа ықыласты. Халықтың басын бір жерге қосуға шынымен кірісетін болды. Сен сірә Жаңадәрия бойына жүретін шығарсың...
Екеуі қамалдан бірге шықты. Кеңестің ішінде Айдостан басқа үш-төрт адам ғана болған. Әуелі биді шығарып салды. Онан кейін басқалары тарады. Хан жалғыз. Екі жебелігін өсіріп жіберген қара мұртын ширатып қояды. Жиырма бестегі жігіттен бетер, екі бетінен қаны тамып тұр. Шын жасы қырықтын үстінде еді. Алтын тақ мәртебе көтереді. Тежеусіз билік адамның табиғатын бұзады. Кешегі сыпайы жігіт,ертең қаһарлы әміршіге айналады. Жағымпаз тобырдың мадақ сөзі әуелі есті алады. Алыстан жау іздейді. Жеңіс даңқ әкеледі. Сарайда отырып зеріккен кезде, той думанға бой ұрады. Шараптың уы қанға араласып бірте-бірте адамның ағзасына сіңіседі. Денеңді май басқанмен, беттен қан қашады. Көздің алдында әжім білініп, күлтеленіп ісінеді...
Оның бәрі болашақтағы жұмыс. Рахимбек таққа отырғалы үш жыл да өткен жоқ. Сарай тіршілігі зеріктіруге оған әрі ертерек еді. Қан аңсаған ханның араны енді-енді ашылып келеді. Хиуа хандығының алақанның аясындай аймағынан аса қараған көз жанары, көршілерді түгел шолып өткенде, тоқтаған нүктесі Жаңадария өңірі... Қоқан мен Бұқарға көз алартып абырой таппайды. Екеуінің де дәуірлеп тұрған кезі...Түстік бетте түрікпен... қысылса қойнына кіреді, қытығына тисең қылышын суырады. Белгілі тұрағы жоқ көшіп қонып жүрген халық сынаптай жылпылдап қолда тұрмайтын еді. Қазір Рахим бектің назары теріске бір жола ауған. Қарақалпақ тыныш халық... Құдды өзбек, алты ай жаз жер кетпендеп, бел тебуден қолы босамайды. Тіл қайырмайтын момын екені көрініп тұр. Шариғат белгілеген алым-салығын да мезгілінде төлейді.
Қарақалпақ Жаңадарияда отырып, хан билігін мойындау қиын. Хиуаның Рахим бектен бұрынғы әміршілері де соны біліп, Әмударияның бойынан қоныс дайындап қасына шақырған екен. Қарақалпақ билері ұзын арқан, кең тұсауға салып жүр. Бүгін Айдос бимен сол жайында кеңесті.
Би бүкіл қарақалпаққа билік жүргізуден дәметеді. Рахим бек те Айдос бидің сол мансап құмар, аш көздігін пайдаланып көруге асықты. Ырық алып бара жатса, шетке қағу хан қолында... Оның орнына тағы бір Айдос дайын тұр.
Рахим бектің түпке сақтаған мақсаты, қазақ сахарасына шым-шымдап кіру. Екі ортадағы қарақалпақ әлгі ниетіне бөгет жасап отыр. Тілі, тұрмысы, салты ұқсас екі халық, сырттан жау қарасы көрінсе, оп-оңай ауыз біріктіріп кетеді. Айдос би Нұртайды жұмсап, қазақ батырын да өлтірткен екен. Қазақпен жауласқысы келген адамды, қара халық қолдамайды. Тізесі өтіп кеткен... Рахим бек бұл жағдайды соған жоритын еді. Сол қарақалпақтарды қасына көшіріп алса, қазақ даласына жол ашылады.
Қазақтардың аржағынан қусырып орыс патшалығы келеді... Аузы түкті кәпірден Рахим бек те сескенеді. Орыста солдат көп, қару мол... Оның қасында қара қытай мен қызылбас әміршілері ойыншық көрінеді. Орыс апыр-топыр асықпайды, ақырын жылжиды. Бірақ, табаны тиген жерден айрылмайды. Қазақ даласын Батыстан Солтүстікке шейін қоршап отырған орыс бекіністері жатыр. Сыр бойында да тартылар. Онан соң орыс патшалығымен Хиуа бетпе-бет қалады...
Ол болашақтың ісі. Хиуаның бүгінгі ең қауіпті бәсекелесі Қоқан хандығы... Таққа Нарбота бидің баласы Әлім отырды да көршілерден маза кетті. Ташкент, Түркістан, Сайрам... Айналасы екі-үш жылдың ішінде Сыр өңіріндегі талай қамал Қоқанның алдында бас иді. Әлім Хиуа хандығының алдын орап қалуға асыққандай екен-ау... Қоқан бірте-бірте қазақ даласына сұғынып келе жатыр.
Қарақалпақтың жарасы жеңіл. Мұхаммед Рахимбек онан әрірек бір кездерді көз алдына елестетті.
Қазақ даласын келешек кім билейді? Кімді кім?..Ол соны ойлап кетті .
Хан алақанын үш мәрте соқты.
Қызметші жігіт көрінді.
Бас уәзір мен Хожаниязды келтір!
Құп!
Хожанияздың тегі кім екенін білген жан жоқ. Хиуада неше атасынан бері тұрады. Өзі айтса өзбек те емес тәжікте емес, пайғамбардың әулиетінен...Әріректе бір атасы хан сарайында қызмет еткен... Сарайға өзі де жақын жүреді.Рахим бекпен жігіт кезінен сырлас.Хиуа шаһарындағы сұлу қыздыңсанағы Хожанияздың қолында... Арасынан қыл өтпейтін жан досы Рахим бек таққа отырған соң,жақын кеңесшілерінің бірі болды .Қазір терістікте жатқан елдермен арадағы қарым-қатынас Хожанияз арқылы жүргізіледі.
Хожанияз бен бас уәзір кірді.Сыр бойындағы «адамдары» келген екен. Жансыз солай аталады. Қазақ арасындағы жансыздың қандай адам екенін білу хан үшін қызық көрінеді.
- Келтіріңдер1
Ала шапаны сүйретілген ақ сүр кісі кірді. Бұл Арыстанбаптың шырақшысы еді.
- Мәртебесі биік ұлы хан,өміріңіз ұзақ болсын. Шырақшы қолын төсіне қойып, тізесін бүкті. -Басыңызға алла тағаланың рахметі жаусын, ұлы Рахимбек.
- Отыр, отыр.
Хан кілемнің шетін нұсқады.
Шырақшы сөйлеп отыр. Хан оның сөзін жиі бөледі.
- Сыр бойында қарақалпақтан кім қалды?
- Тірі жан қалған жоқ, мәртебелім...
- Қарақалпақтар қонысын жоқтап сағынбайтыны қалай? Сыр бойына қайта оралғысы келетін ниеттері жоқ па?
- Қалай қайтып оралады? Сыр бойында бос жер жоқ. Қарақалпақтың мекені қазақтардың қыстауына айналды. Жауынгер қазақтарды жеңетін күш жоқ оларда...
- Хиуаның сыпайларын аттандырсақ қайтеді?
- Сыпайлар келеді де кетеді. Қарақалпақ қыстауларын кім қорып отырады? Қан төгілсе артында кек қалады. Қарақалпақ пен қазақ арасындағы соңғы қақтығыстан бері он сегіз жыл өтті. Тықы мен Нұртай өлді. Қарақалпақ сонда селт етіп бас көтерген жоқ... Бұл жақта Хиуа да үнсіз жатты...
- Қарақалпақтың Сыр бойына қайта оралуы біз үшін тиімді бола қоймас. Олардың орысқа қол созатындары да бар. Мұхаммед Рахим бек тыжырынды. -Сен мынаны айтшы. Қазақ арасы қазір тыныштықпа?
- Өзді-өзі жиі қақтығысады. Сыр бойындағы қыстауға таласып қырқысқан. Қарулы соқтығыс болып, адам өлді...
- Соныңды айтпайсыңба?! Рахим бектің көзінде әуестік ұшқыны жалт етті.
- Мен осыдан екі жыл бұрын бір келіп кеттім. Марқұм Елтігез қайтыс болған жылы. Сыр бойына әскер жіберуін өтіндім мен. Қырқысып жатқан қазақтар, онда басымен қайғы болып кететін еді. Қарақалпақтар ата қонысына қайта оралып, Хиуа хандығына өмір бақи қарыздар болып өтетін еді. Қазір бәрі де тынышталды. Қазақтар Сырдың екі жағындағы қыстаулық жерді бөлісіп болды... Қасиетті дарияға енді жәһилтер жылқы суарып жатыр...
- Елтізер сарай қақпасына әрі жерге көз жібере алмаған күйі өтті ғой, -деген Рахим бектің үнінде мұң білінгендей. - Қазір алауыз қазақ бүтінделген екен де. Онда халыққа сөзін тындататын адамы мықты болды ғой...
- Әлім руының көпшілігі шекті. Сыр бойының екі жағасындағы қыстаудың көбісі шектіге тиді. Нұртайды өлтірген Жанқожа батыр да шектіден шыққан.
- Шектінің бір атасын Орыс дейтін еді. Бас уәзір бір жерде құлағына тиген сөзді қыстырып қалды.
- Жанқожа сол орысыңнан...
- Атасының аты Орыс екен. Қазақты да мұсылман деп жүріппіз-ау Мұхаммед Рахим бек бетін тыржитты: - Өздеріораза-намазды біле ме?
- Қазақтың шалдары діншіл келеді...
- Орыста Жанқожадан басқа тағы кім бар?
- Бекарыстан бидің аты шығып жүр. Жақайымда Байшоқы биді көп айтады.
- Жанқожа ендігі қартайған шығар?
- Қырыққа тақап қалды. Нұртайды өлтіретін жолы он жеті жаста екен...
- Көшпелі елді ақсақал билейтін еді. Жанқожаға тізгін беріп қойғандары қызық екен. Рахим бек жақтырмай қалды. - Қалғандарының жасы қай шамада?
- Бәрі де қырыққа жетпеген адамдар, -деп шырақшы езу тартты. - Қазаққа тізгін алудың екі жолы бар. Біреуі батырлық көрсетіп,аты шығып бедел алады. Екінші біреулері аталықты жерден шығады,өзі де дәулетті болады. Бекарыстан атақты Нұрыбай бидің немересі,мың жарым үй кішкенеден шыққан. Байшоқы Жылқайдар батырдың артындағы жалғыз тұяқ. Мың үй жақайымның ендігі естісі де сол. Жанқожа-батыр. Әкесінің кегін алған батырды Байшоқы да сыйлайды. Бекарыстан болса, Жылқайдардың туған жиені. Қазақ осылай ілік-шатыс болып кете береді...
- Осы үшеуінің жаз жайлау, күз күзеуін айтшы.
- Жанқожа көптен бері Қызылды жайлап жүр. Сыр бойында әзір қыстау баспаған да сол. Бекарыстан он шақты жылдан бері жаз Қызылды жайлайды. Байшоқы Қарақұмда, оның Сыр бойында қыстауы бар...
- Түрікпен жігіттері ыстыққа төзімді. Рахим бекті енді бас уәзірге қарап сөйлеп отыр. - Қызылға жиі-жиі шығып тұрғаны мақұл болар, -деп Хожанияз пен шырақшыға иек қақты.
- Сендер боссыңдар.
- Тақсыр бір арызым бар еді? Шырақшы бас ұрды.
- Айт!
- Отыз жыл ғұмырым жалғыздықта өтті. Жасым елу беске шықты. Жат жер қажытты. Қатын бала зарықты. Екіжыл,үш жылда, онда да жасырынып келем. Шырақшы Хиуаның шаһарында бір күн болғанда, екі танысын жолықтырғанын еске алып қорқынышын айтады.
- Бұл кісінің қасына зерек жігіттердің бірін қосу керек, - деп Рахим бек уәзірге қарады. - Бір ай демалсын. Серігін таңдап алып, қазақ тілін үйретсін. Пірдің қасында мүриті жүреді. Бір жыл қасында ұстап,қазақ дәстүрімен таныстыр. Содан соң сізді сарайға қызметке аламыз. Бас уәзір сізге қазынадан жүз динар ақша бөліп қойды. Жанқожаны көзіңнен таса қылма. Оның атағын қызғанатын адамдар да табылар. Адам жаралғанда, қолына күншілдік күлшесін қыса кіреді. Сондай біреуді айдап салып, оның көзін құрту керек...
- Әміріңізге құлдық...
Шырақшы қайта-қайта иіледі. Сол екі бүктетілген күйі есіктен артымен шықты. Аяғын ұшынан басып барады.
Х Х Х
Жанназар Хиудан оралғанда, жылы шуақ күз еді. Бір ай өтті, қазан соғып, Жаңадария бойында күн суытып келеді.
Соған орай бұл өлкедегі халықтың қабағы да салқын еді. О басында Айдостың сәлемін есітіп, жылы шырай көрсеткенімен, билер күн айналмай өзгеріп шыға келді. Қарақалпақтың бірлігі сөз болса, ұйымайтын адам жоқ. Бірақ, әңгіме Хиуаның қол астына қарай жылжыу жайына тірелген жерде, бәрі де нілдей бұзылатын еді.
Бұл жақта Айдосты Маңғыт Орынбай би тонның ішкі бауындай көретін. Жанназарды құшақ жайып қарсы алған би, ұстап келген сөзін естіп, абыржып қалды. Айтар уәжінің түйіні «халықтың ауыз бірлігіне» саяды. Билердің қашанғы әдеті, қысылған кезде жаласын халыққа жаба салады.
Жанназар бір ауылға қонады, бір ауылға түстенеді. Қалың қарақалпақ неге тіксінетіні түсінікті еді. Хиуаға бағынған елдің де маңдайы жарқырап отырғаны да шамалы. Алым-салық еңсесін көтертпеді. Ал бұл жақта тапқаны тамағына, жұтқаны жұмырына, - құдай бермесе амал қайсы, он қолынан басқа ортағы жоқ, оңаша тіршілігін қимайды екен.
Ханның қол астында халықтың маңдайы ашылмасын Жанназар да біледі, бірақ, бүкіл қарақалпақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын күн туса, ешкімге тізгін бермесіне сенетін еді. Көп қорқытады, терең батырады, көп болып тізе қосқан күні Жанназар ханмен басқаша сөйлеседі. . .
Басқаны қойып, туған әкесі Қожамұраттың өзі үркіп отыр. Бәрі де Хиуа ханының алым-салығынан қорқады. Қасында өзімен көңілдес төрт-бес жігіт, Тоқтаболат, Есенгелді сияқты билерге сәлем берді. Кемел ақылды Маман бимен кеңесті... Жаңадарияның суы кей жылдары егістікке жарамай жүр. Күйзелс жиілеп кетті. Бай ауылдар қанатын қомдап отыр. Бірақ, олар Хиуа ханы ұсынған қонысқа күдіктене қарайды. Біреуге қоныс қонғанша, өлмелі тіршілігі артық.... Одан Қоңырат хандығын қолайлы көретін. Құйылыстағы өзбектер мен Қарақалпақтардың арасында ертеректен келе жатқан достық бар. Бағы заманда Шахтемір хан Оразақ батырдың арасында қыл өтпейді екен. Әбілқайыр немере қызын Шахтемірге ырғап-жырғап ұзататын жолы, құдалықта Оразақ батыр жүріпті... Жолбарыс ханның тұсында Хиуа үстемдігін мойындаған қоңырат хандығы одан соң да неше бөлініп шықты. Төремұрат софы таққа отырғалы, Әмударияның құйылысына таман қоныс тепкен қарақалпақтарда қолтығынан тартқандай ыңғай танытып жүр...
Бір айға созылған сапардан кейін аттың белін бүгін суытты. Жанназар туған қыстауында, өз үйінің төрінде аунап жатыр. Ертең Орынбай бидің үйінде иісі қарақалпақтың игі жақсылары бас қосады. Қадалған жерінен қан алмай қоймайтын Жанназар, осы маслихатқа үлкен үміт артатын еді.
Қасында жолдастары, таңертең атқа қонды. Күн желдетіп тұр. Хиуадан күзде шыққан Жанназар қысты болдырды.
Әкемнің тонын кимеген екем...
Орынбайдың ауылына күн орнына қона жетті.
Бұл өңірдегі қарақалпақ түгел жиналыпты. Маңғыт, Қытай сияқты өрдегі рудан – Ешжан, Кешенек билер, Жаңадарияның құйылысындағы Ашамайлы, Жабы, Қият ішінен Есенгелді, Маман, Тоқтабулат билер бар. Балықшы Мүйтендерден де келді. Атағы шыққан ақсақалдардан ешкім қалған жоқ.
Бұлардың қай-қайсысы да тұтымы қатты Хиуа ханын жақтырмайды.
Баяғы ˝˝Ақатабан шұбырынды˝ заманында көрген қорлығын әлі күнге жыр қылып айтатын еді.
Қоңырат әміршісі Төремұрат софымен былтырдан бері астыртын сөз жүргізіп жүрген Есенгелді. Маман билер айтар уәжін дайындап келген екен.
Жанназар Айдостың сәлемін алып келгелі Орынбай би мен Есжан тыныш ұйқыдан айрылған. Бұқар әміріне елші аттандырып еді. Былтырдан бері Әмірмен жел ұшінан жалғасы бар Көккөз би арада жүр. Бәрінің ішіде бір-бір бау жантақ, сыртқа шығарып сыр бермей отыр...
Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ел болуға бәріде қарсы емес, бірақ кімнің қолы... Билер сол даудың ұшығына шыға алмай, түннің бір уағына шейін ырғасты...
- Мен сендерді Хиуаға шақырғанда, құлдық қамытын ұсынып отырғаным жоқ. Елдің басын бір жерге қосу керек. Мен білген жерде, қарақалпақ жиырма мың үйден асады екен. Айқаса кетсек, көрінгеннен таяқ жейміз. Хиуа ханы мықтағанда бес мың сыпай шығарады. Оның ішінде мың жігіт қарақалпақ жүреді. Жиырма мың үй, жиырма мың қол емес пе ? Басымыз біріксе, хан мен қамшыны алға тастап отырып сөйлеспес пе едік? Бізді құртқан бөлек-бөлек болып , басымыз піспей әр жерде пышырап жүргендігіміз ғой... Бұл Жанназардың өз пікірі еді. Осы отырған көпшіліктің ішінде хан жансызы отырғанын, аузынан шыққан сөз өзінен бұрын сарайға жететінін білген жоқ... Жанназардың сөз аңғарынан қарақалпақ билері шошып қалды. Халықтың басын қосып, ханмен терезесі тең отырып, сөйлескісі келген екен... Сонда екі арыс қарақалпақ кімнің ауызына қарайды? Жанназардың айтып отырғаны Айдостың сөзі... Екеуі де Қолдаулы... Айдосқа хан бегілер биігі атаған беріпті. Бейшара дихандардың табан ет маңдай терін алым-салыққа сыпырып алып, байып отыр. Ол қарақалпақты қайдан жарылқайды?
Билер солай таразылайды. Хорезм жұртындағы елдің ішіндегі біреуінің туысы, біреуінің жекжаты бар... Қолдаулыдан шыққан «арам биден» көрген қорлығын еске алғанда, қара халықтың еңіреген көз жасына етегі толатын еді. Айдосқа бұрын да тісін қайрап жүрген әр рудың жуандары Жанназардың соңғы сөзіне шамданып қалды.
- Жаңадария бойында он мың үй қарақалпақ бар екен. Біз де хаолықпыз деп отырмыз. Әзір көрші ағайындарға есеміз кеткен жері жоқ. Айдостың қолтығына барып тығылғандай, күніміз неден қуырылып отыр? Отырғандардың атынан Кешенек би жауап берді.
Айдос әуелі қасындағыларды жарылқап алсын! Біздің де құлағымыз бар. Естіп отырмыз. Қолдаулыдан шыққан бегілер бегінің көз еті тым өсіп кетіпті. Хиуа ханының жасауылдарын қасына ертіп, момын қарақалпақтардың ауылына ат ойнататын көрінеді. Осы сөзімді Айдосқа жеткізші.
Маман отырған орнында бір қозғалып қойды. Билердің ішінде жасы үлкені де осы. Оның ішкі есебі қарақалпақтың қоныс аударуына қарсы. Қазақ жақсыларының арасында сыйлы еді. Өзі осылай қарай шыққанда, бір жігітті Әбілғазы ханға аттандырды. Егер қазақ ханы қол ұшін бергендей болса, Хиуамен ат құйрығын біржола кесіседі.
Маман биді Жанназар да сыйлайтын. Бірақ әлгі сөзіне шамданып қалды.
- Маман баба, олар артық кетіспейік. Мен сөз тасып жүрген кәсіпкер емеспін...
- Сәлемді жеткізу өсек тасығанға жатпайды, Кешенек бидің үнінде ап-айқын кекесін байқалады, күліп айтты. - Өзіңді осында кім жұмсады? Айдостың сәлемін әкелдің ғой...
- Хиуа ханының тапсырмасын орындайсың. Айдостың сәлемін жеткізесің. Оны бойыңа ар көрмейсің. Маман Айдосқа бір ауыз сәлем айтқан екен, оған шамданасың! Ешжан бидің баласы Балмұхаммед есіктің аддында отыр еді, дауысы саңқ етті. – Жанназар батыр, осыныңды түсіндірші!
Балмұхаммедтің тізесінің астында екі бүктеулі қамшыны көріп, Жанназардың түсі бұзылды.
Бес-алты жыл соңына ерді, бірақ, Айдостың көп ісіне өзі де ырза емес еді. Былтыр Құттымұрат бек бастаған Хиуа сыпайылары, Шартақты өңіріндегі Қытай ауылдарына ойран салған. Осы Орынбай бидің Бұқардан пана сұрап жатқанын естіп, бері қарай беттей алмай кейін қайтты. Сол жолы арқасы қызған Жанназар Айдос биге барғанда, сөзін тыңдата алмай, пұшайман болғанын ұмытпайды. Оның сондай-сондай сорақылықтары, иісі қарақалпақ баласын Қолдаулыға жауықтырып қойғанын енді біліп отыр.
Бірігіп ел болудың орнына әлден билікке таласады, Жанназарды Айдостың жетегінде жүрген біреуге есептейді ғой. Сыңар езулей берген билерге іштей кіжініп қояды.
Ел болудан кеткен екенбіз... Айдостың сөзін ұстап келгенде, оған іші-бауыры елжіреп бара жатқан Жанназар жоқ. Бегілер бегінің бірақ ісін ұнатады. Онысы, тозып кеткен елдің басын қаластырып, қайта халық қылғысы келген игі ниеті... Онан кейін кімді би қояды, оны көпшілік өзі таңдап алсын...
Бәрі де құр әурешілік... Екі арыс қарақалпақтың жуандары, әржаққа тартады. Көп ішінен кім шықпайды, кемел ойлы біреу табылар-ау... Бірақ мыналар аяқтан шалып құртады ғой...Ертең қайта қырқысады.
Жанназар атақты билерді елдің бүтіншілері деп білетін еді. Бір заманда ондай-ондай кемеңгерлер болыпты. Оразақ батыр, мынау Маман би ... Бірі өлді, бірі қартайды... Қалған билердің түрі әне, ішіне шынашақ айналмайды. Бұлар бүтіндеуші емес, өзі ері мойнына кетіп жүрген сормаңдай елді тоздырушылар ғой...
Достарыңызбен бөлісу: |