Х Х Х
Жау қапы соқты. Түнгі күзетте екі жылқышы еді. Бірі сойылға жығылды. Екіншісі түн жамылып сытылды. Қараңғыда тиген он жігіт, қалың жылқыны бөріктіріп бара жатыр.
Жәнікенің баласы Қойбас, Сахар, Сарының үш ұлы — Бақа, Рахметәлі, Мелдебек— бұл бесеуіне басқа туыстары қосылады... Сайдың тасындай он жігіт, бәрі де ат үсті ұрысқа болдырмайтын жайсаңдар еді...
Бүгін қуғандары түрікпеннің жылқысы. Осыдан екі жыл бұрын Бабастың бір баласын баспашылар әкетеді. Хиуаның базарына салып тұрған жерінде, үстінен Ботаттың Ақыны шығып, сатып алады. Басы сол, екі жылда түрікпен ауылына Әліқұл балалары үш рет жорыққа шығып отыр.
Таң ата жігіттер Сырдариядан өтті. Қара үзідіріп кеткен сияқты. Түсте бір көгалға ат басын іріккен. Аттар болдырып, адамдар аш еді. Бір құлынды шыңғыртып жығып, жайратып тастады. Кесек-кесек ет отқа тоғытылып жатыр...
Бірақ, жайғасып отырып қаужаңдауға үлгіртпеді. Алыстан шұба-тылған шаң көрінді. Бір-бір жілік қолдарында, жігіттер абыр-сабыр атқа қонды.
— Әй, Бақа қайда?
Рахметәлі ат үстінде шаңқ етті. Шақшиған шегір көзді сары жігіт, күйіп түр. Жаңа ұстап мінген қасқа арғымақ ауыздықпен алысып, аспанға шапшиды.
— Бақа дәрет сындырып отыр...
— Сөйтеді ол! Жолшы аға, баршы!
— Бақа!
Бақа мықшиып отыр, мойнын бұрмайды.
— Ей, болсайшы, жау келді ғой!
— Жау келді деп бұтымызға...
Бақа Жолшыға кейіді. Балпиған жүзі былш етпес, орнынан тұрып, асықпай шалбарланды.
— Жетіп қалды! Қойбас, Жолшы, сен екеуің жылқыны айдап тарта беріңдер. Біз жауды бөгей тұрайық.
Қалың жылқы дүркіреп қырдан асты. Рахметәлі бастаған сегіз жігіт ат басын ірке шабады. Түрікпендер де көрінді.
— Беке, мыналардың біреуін жекпе-жекке шақырып бөгей тұрмасақ болмас...
Түн жамылып сытылып кетпеген соң, өкше ізге түскен жау құтқармайды. Түрікпендердің қарасы көбірек екен. Бұлардың ішіндегі жасы үлкені Бақа, Рахметәлі ақыл салды.
— Баршы, ал!- - деді Бақа барқ етіп.
Рахметәлі ат басын тежей түсіп, кері бұрылды. Қарағай сапты найзаның ұстайтын жеріне қыл шылбырдың ұшын асығыс шалып жатып, Бақаға бір қарап қойды.
Қуғыншылар да, қашқандар да ат басын ірікті.Түрікпендердің ішінен өңкиген қара бері шықты.
— Кәпірдің сұры жаман екен...
— Ат үстінде төбедей болып отырысын қарашы!
— Бұған Сахарды салу керек еді...
Қазақтар күңкілдесіп тұр. Қапсағай денелі қара бұжыр Сахарға Бақа да қарады. Рахметәлі өзі тіленген соң амал жок, бұлардың ішіндегі қарулысы Сахар еді.
Екі батыр шоқыта шауып аралары жақындай түсті. Рахметәлі бойын тіктей қойып, ақ найзаны жарқ еткізіп көтеріп алған. Түрікпенді қоян қолтыққа келтірмей, алыстан жіберіп ұрды. Мерген қол қате кеткен жоқ, найза өндіршектен қадалып, сабы қысқа арғымақтың басына сақ етті. Үріккен ат ала қашқанда, Рахметәлі түсіп кала жаздады.
Ат сауырында салақтап бара жатқан түрікпеннің батырына қарап тұрып Бақа өкінді.
— Есіл ер қапы кетті-ау!
Тұсына келгенде Рахметәліге кейістік айтты.
Түрікпендер сол жерде үймелесіп қала берді. Қазақтар кеткен жылқының жөнімен төпеп барады.
Күн ұлы бесін болды.
— Енді кідірмейік! Жылқы ұзады. Жеткенін қағып тастап, қаша ұрысу керек. Күн батқанша алдырмасақ, кеттік!
Бірақ, қуғыншы ұзатпады.
Рахметәлінің айтуымен жарыса салған жігіттердің басы пышырап кетіпті. Ең алдында Мелдебек барады. Оның аты ұшқыр екен. Ат ауыстырып мінуге үлгірмеген Бапан кейіндеп қала берді.
— Мен Көкең, мен Көкең!
— Жирен атты бір түрікпен төпеп келіп қалыпты.
Артына бұрылып қайрат қылар әл жоқ, Бапан күнең қасқаны жостырта түсті. Кенет оң жамбастан кірш еткен найзаның ұшын сезді. Бақ етіп, аттың жалын құша құлады....
— Бапан ағамды шаншып кетті!
Алда бара жатқандар амалсыз ат басын бұрды.
— Мен Көкең!
Бұл жолы түрікпен батырына Бабастың кіші ұлы Жәркеш кездесіп қалды. Оны да түсіріп кеткен. Бауыр қиын екен. Сахар аһ ұрғанда қолындағы найзасын түсіріп алды.
— Мен Көкең!
Жирен арғымақ пен Сахардың кер құласы омырау қағыстырып калған екен. Найза сілтесуге жер тар, түрікпен Сахардың жағасынан ала кетті.
— Сен көкем болсаң, мен Сахар!
Сахардың салалы саусақтары түрікпенді бас салды.
Қара шөгерме бастан ұшты. Сахардың көзі түк көрмейді, түрікпенді ат үстінен жұлып алған сияқты еді. Жағасы жыртылып жау колында кетіпті... Бақ еткен дауыс шығып, жирен ат жалт берді.
Сахардың көзі алақанында, уысындағы шөгерме шығар деген, бас терісі екен. Жиреніп кетіп, жерге лақтырды...
— Сахар, қолың қандай қатты еді. Әлгінің көзі ұясынан шығып кетіпті. Бас сүйегі ырсиып жатыр.
Мелдебек алқынып тұр.
Басқаларыңды қойшы, шын батыр Сахар ғой!
Бақа шақшасын ердің басына тық-тық ұрады.
Өлген ешкім жоқ. Екі жігіт жаралы. Оның үстіне бар жылқыдан айрылып қайтты. Бұлар Көкен батырмен болып жүргенде, жаудың бір бөлек тобы түре қуып айдап әкетіпті.
Осы жорық бұл ауылға қырсық болып жабысты. Түрікпендер енді тік көтеріле аттанып, ауылға тиюі кәдік еді.
Көршілерімен ылғи қырғи қабақ болып жаман үйренген ауыл, өздері де дәйім жау күтіп, атын арқандап ұстап, көш-көлігі дайын отырады...
Ауыл бір түнде көтеріле көшті.
Қос аттап шауып, ентігіп жеткен Сегіздер, осы бүлгіннің үстінде кездесті...
Қырық күн шілденің іші, далада аптап соғады. Айнала шөл, бір көш жерден бір құдық әзер кездеседі. Құба дөңдердің бауырында сұрғылт сағым бұлдырайды. Үдере тартқан көш алты қонып, Сары-судың арғы жағына өтті...
Ақирек бұл жерден жеті көштік жер. Салт жүріп кеткен жолаушы үш-төрт күнде құлайды. Сегіз бір ай бөгелді...
Таңсыққожа араласқан іске Жәніке қырын қарайды...
Құлымға ол да немере, бұл да немере... Баяғы енші бөлісте тоқал тұқымының бәйбішеде кеткен есесі бар. Нияз қанша тентек болғанмен, көпке топырақ шаша алмады. Есенәлі әйдербектің төрт көзі түгел еді. Бірақ, сондағы өкпе, әлі тарқамай келе жатыр...
Өзі қонысынан ауып, іші күйіп отырған Жәніке Сегіздің не істеп келгенін есіткенде, тасталқан болып ашуланды.
-Тоқалдың баласы кедей болған сон, аяқтандыру міндеті Таңсыққожаға қалғаны. Баяғы кеткен есемді солай қайтармақ шығар. Барыңдар, Таңсыққожаға қоңсы қоныңдар! Ол малын айдай алмай жүрген көрінеді, оған отыншы, сушы керек...
-Топы теңселді. Мұнда алған бетінен Сегіз қайтпайды. Ана жақта пышаққа түсіп шал отыр.
Ал Жәнікенің ақ батасын алмай атқа қонғаннан гөрі, тәңірге тіл тигізу жеңіл сияқты еді...
Әр күн жылға татығандай, Сегіз шиыршық атады.
Ауылдың екінші үлкені ботаттың Ақыны еді. Топы соған барды.
— Әруақ сыйлаған қазақпыз ғой, - деді Сегіз. — Атамның алдын кесіп өту қиын болып тұр. Бірақ, шал қияс тартты. Екі жыл өткен екен, айттырған қалыңдығым құдай ісі болып өлді. Мал беріп, қыз айттыратын болса қайда жүр? Соның аузына қарап осы кезге шейін келгеніміз жоқ па?
-Таңсыққожаның атын естісе, оны жын буатын әдеті ғой, - деді Ақын қынжылып. — Әйтпесе, бәріміз бір торының тұқымы, кім айттырғанда не тұр?
- Өсер жастың алдына шыққан кәрі оңбайды...
Бақа кейіді.
- Ақын аға, атамның алдынан бір өтіп көрейік. Ердің екі сөйлегені өлгені. Үйсіннің қызын Таңсыққожа тауып берген жоқ, өзім тандағам. Батасын бермесе де кетем. Айтыпты ғой, Таңсыққожаға қоңсы қонар деп. Ол да жауым емес, Құлымның бір баласы. Бәйбіше-тоқал болып сендер-ақ бөліне беріңдер. Мен ертең көшемін. Солай деп айт. Алса, менің басым ғой. Қанға жерік болса, ішсін де тынсын!
Қайратты Сегізден үлкен-кіші ыға жүреді. Ақын баланың қанына қарайып жүрген түрінен сескенді.
Жәніке қанша тентек болғанмен, Ақын өкшелес інісі, шын мойнын салып барса, оның сөзін жерге тастамайтын еді. Қазір жалғыз Таңсыққожаға өшігіп отырған жоқ. Басқа балалардай емес, өзін тәуелсіз ұстап бетімен жүретін Сегізді тұқыртпақ. Қайраты бойына сыймай жүрген балуан жігіт, ел асып олжа әкелудің орнына, ауыл қыдырып, қайда той-томалақ іздейді... Батырдың тұқымы азғанда бақсы көбейеді...
Ақын қанша сыпайылап жеткізсе де, Жәніке Сегіздің не айтқанын түсініп отыр. Топы екі-ақ үй, оның бөліне көшкеніне қабырғасы кайыспайды. Бірақ... бүгін Топы бөлінсе, онан бір ата қашық бәшке, бабас, ботат қайтер? Бір өкпелеген күні бәрі де сырт айналады. Бір із түскен соң, аяғы сүрдек жолға айналуы оп-оңай еді. Есіне құба қалмақ заманы, қол бастаған батыр Тайлақ түсті. Туысы...
Онда да реніш бөліністен шыққан. Қалмақтарды ойсырата жеңген күндері еді. Тайлақ алтын сапты семсерді қапталына қойды. "Танығыма тұрсын..." Танық туған інісі. Тәуір дүниелік көрсе, Тайлақ Танықты ауызға алатын. Қол ішінде күңкіл бұрын да көбейіп жүрген. Жәніке бұл жолы жанжал шығарды. Соның ақыры қол екіге бөлінді. Жәнікенің соңында жеті жүз кісі, шығып кеткен. Сол түні Тайлақтың қосына қалмақ тиеді. Көп адам қырылыпты.
Тайлақ та, Танық та өлген... Жәнікенің әлі күнге жаны тітірейді.
Тоқалға қарағандардың арасына жік түскелі тұр. Дәулетті Жәнікенің етегін жауып отырған да кедей туыстары... Ағайын адам айтысып ақы сұрамайды. Жәніке-Сарының батыр ұлдары найзасы шошаңдап жылқы қуып жүргені де момын Топының арқасы екен. Жәніке шын ойлағанда, соның бәрін салмақтап отыр. Соңынан ерген жастың нала-сы қиын... Есіне тағы да Тайлақтың тағдыры түсті...
Сонымен шалдың ашуы басылды.
Сегіздің қасына Балпан мен Айбас бар, алты жігіт ерді. Ағайынның бергені, Топы шаңырағының өзінен шыққаны, бәрін қосқанда, үйірімен үш тоғыз еді. Құлынын еріткен тоғыз байталды қазақ бір тоғызға есептейді. Оған ішіндегісін қосып, жиырма жеті басқа жеткізетін еді...
Екі жігіт мал айдауға қалды. Бес жігіт суыт жүріп алға түскен. Төртінші күні Шықыманнан құлады.
Сегіз төбесінен суық су құйғандай сілейіп отыр.
Таңсыққожа ағасын сөкпейді. Самсаған сары қолға Сырлыбай ауылының он шақты жігіті қайрат қылып жарытпас еді. Кінә өзінен кешігіп жетті...
- Тойы тарқағалы үш күн өтті. Сонда бұрнағы күні жүріп кеткені ғой...— Таңсыққожа сөйлеп отыр.
Түйе жетектеген жолаушы ұзап кете алмайды. Соны ішке түйген Сегіз басын көтерді.
— Аға, мен аттанам!
— Қайдан білейін, шырағым, — Таңсыққожа толқып отыр.
— Жабы қырық жігіт жолдас ертіпті. Бәрінің де ер қаруы сай көрінеді. Көпке топырақ шашу қиын ғой...
— Сонда тағдыр ісі көн дейсіз бе?
— Әліқұлдың жесірін қарақалпақ тартып әкетті деген атағы жаман ғой. — Айбастың арқасы қызып отыр. — Онан соң жұрттың бетіне қарай алмаспыз...
Таңсыққожа қысылды. Қазаққа жесірін алдырудан артық қорлық жоқ. Сүйекке таңба түсті. Жақын маңайда Әйдербектен Бидай батырдың ауылы отыр еді. Дүйсенбайды шаптырды.
Ат алсаң аулыңмен, ағайынға ойласайық.
Қарақалпақтың Мақпалды алып кеткенін есітпеген ел жоқ. Алтынбайлар да елеңдесіп отыр екен. Бидай батыр қасына Бәркелет бастаған он жігіт ертіп келді.
— Аттану керек!
— Қарақалпаққа жесірімізді жіберіп отыра алмаймыз!
— Аттанамыз!
Жігіттер араның ұясындай күжілдеп кетті.
Артта жылқы айдап келе жатқандар да жетті. .
Таңсыққожа Сегіздің қасына екі інісін — садақшы Дүйсенбай мен Дайрабайды қосты.
— Бәркелет, Бидай, бері келіп кетіңдерші... Таңсыққожа екі алтынбайды ертіп сыртқа шықты. Ауылдың ақсақалдары ақ құмшықтьң басында отыр еді. Таңсыққожа сөз бастады.
— Бәркелетжан, осы жігіттерді сен бастайсың. Менің тапсыратыным қан төгіске бармаңдар. Жазым болса, артында жаманаты дайын. Әзір кісі өлген жоқ, екі жігіт қызға таласып отыр ғой. Мен бір есіткен сөзімді айтайын, тыңдап ал. — Таңсыққожа ақ бурыл сақалын сипап қойды. - Арғын Қасқарау батыр, жорытуылда жүріп, жетірудың бір бай ауылына кездескен ғой. Байдың бойжетіп отырған қызы бар екен. Қызып кеткен батыр алып қашыпты. Қыз Мәметек атаңның жесірі... Сырлыбайдың бір өзінен алты бала, үлкені Матығұл. Оның балалары Өмірқұл, Көбек, Құрымбайдың ержеткен кезі болса керек. Жиырма жігіт атқа қонып, Торғайдың сыртында Қасқарауды қуып жетеді. " Сендер жиырма, біз он бес — көппіз деп басынбасаңдар, ердің ісін істейік - деген екен Қасқарау батыр. — Менімен күресуге біреуіңді шығарыңдар. Кім жықса, жесірді сол алады. "Сонда Құрымбай атам шыққан екен. Ата-әруақ қолдаған-ды, Қасқарауды сүріндіріпті ғой. Жиырма бес жаста еді деп әкем айтып отыратын...
— Құрымбай атам батыр болған екен ғой?
- Батырлығын көп айтпайды, Бірақ, жауырыны жерге тимей кетіпті.-Таңсыққожа сонан шығарып айтты. — Сендер де ердің ісін қылыңдар. Кісі өлтіріп қан төкпей-ақ, бәсекемен бітіп кеткен даудың талайын көрдік. Күреске келсе Сегіз бар, әлі күнге жауырыны жерге тиген жоқ. Кейде мергендікте сынға түседі. Онда Дүйсенбайды шығарыңдар, құралайды көзге атады...
— Мынау бір табылған ақыл екен - деді Бәркелет.
— Кішкентай істен үлкен бәле ұшығады. Қан төгілсе, аяғы жаулыққа кетер. Кесірі жалпақ жұртқа тиеді. Қолдан келсе, қарғыс алмағанға не жетсін, - деді Таңсыққожа.
Қан төктірмеуге тырысып бағармыз.
Атқа қонар жерде Сегіз де соны айтты.
X X X
Қой қотанға қамалып, кешкі апақ-сапақ басылды.
Қомшабай бай үйінің алдында отыр. Сондағысы бір тостаған қымыз дәметеді. Күнұзын қой соңында, үйге қатқақсырып шөлдеп жетеді. Әсіресе, түстен кейін қиын... Масаты бар да күнде кешкісін бір аяқ қымыз беретін еді. Төрт күн болды, Қомшабай онан да қағылды. Масаты кеткен соң, Күржібай қулық биелердің құлынын босаттырып қоя берді. Кеткен қызына тағы той істейтіндей, қалған үш биенің сүтін қара сабаға кұйдыртып жатыр... Қара сабаға жеті көнек су кетеді. Оны өзі де ішіп түгеспейді, басқаға да татырмайды, бақырайып бағып отыр...
Қызыл іңір еді. Күржібай есіктің алдына жайнамазын жайды.Намазшам оқығалы жатыр.
Қомшабай құр тамсанып қояды.
Алыста Ақиректің жотасы қарауытады.
Әлде қайдан әуелетіп ән келді.
Қомшабай елең етті. Ән сәт сайын жақындап, айқындала түсті. Ауыл сыртында белгісіз жолаушылар өтіп барады...
Ал ән таныс секілді. "Мақпал" ғой... Сегіздің осы әнін жұрт "Мақпал" атап кетіпті. Екінің бірі айтады.
Көрінген анадайдан көшің, Мақпал,
Мың қойдың қорасындай төсің, Мақпал...
Апыр-ау, мынау Сегізге ұқсайды ғой...
— Алақай, Сегіз ағам! Қарақыз, Қарақыз! Сегіз ағам кетіп барады. Дәуде болса, Мақпалды қуып барады!
Күржібай намазынан жаңылды.
— Не оттап тұр мынау!?
— Мені жазғырғанша, анау әнді тыңдасайшы. "Мың қойдың қорасындай төсің, Мақпал" деп барады. Сегіздің даусын танымай тұрмысың, о, несі, әй!
— Жағың қарыссын, жағың қарысқыр!
— Е, менің жағым қарысса, қойың егізден туатын шығар. Әлің келсе, анау Сегіздің жағын қарыстыр!
— Уа, құдай, қыз емес қызыл көз бәле берген шығарсың.
— Күржібай сасқалақтап шапанын кие алмай жатыр. — Шекті мені шауып алады әлі...
Сегізді осылай қарай келеді деп тұр еді.
Бұл кезде ән алыстап, Ақпайдың басын айналып кетті. Қомшабайдың айтқаны жорамал сияқты... Күржібайдың өрекпіген жүрегі басылды.
— Кеше Нысан бір үйір қасқыр көріпті. Бар, ұйықтап ал! Түн ортасында өзім оятамын!
Күржібай Қомшабайды ақ таяқпен қуалап жүр.
— Қойыңның құлағын қасқыр жесін! Мен Сегіздің ізінен кеттім. Ертең әкеліп аулыңды шаптырамын!
Қомшабай кермеде тұрған құла дөненді міне шапты. Артында барқырап Күржібай бара жатыр.
Қомшабай Сегіз бастаған жігіттерді Талтаңбай қазған құдығының тұсында қуып жетті. Астындағы құла дөнен екі өкпесін соғып тұр.
Мақпал айтқан сәлемді есіткенде, қай-қайсысының да төбе құйқасы шымырлады. Онсыз да елеуреп келе жатқан жастар бір-бір өрекпіп басылған.
— Мұндай қыздың жолында садақа кетсең болмай ма? - дейді Балпан сүйсініп.
Қомшабай қош-қош айтып ауылға қайтты.
Сол күні дария жағасына жеткен Сегіздер, сәскеге шейін ат шалдырды. Өткел жоқ, атты жалдап өтті.
Сырдариядан әрі Қызылдың құмына іліккенше, аттың белін суытқан жоқ. Босаңси бастаса, тың атты ауыстырып мініп, суыт тартып келе жатыр еді.
Саршатамыздың іші. Аспан жерге түскендей, ауызың кеуіп жүргізбейді. Айбас ізшіл, ұзатылған қыздың көші қай жерде ат шалдырып, қай құдықтың басында түнеп шықты, - бес саусақтай біліп отыр. Көш бес рет қоныпты. Бұлар үш күн жүрді... Айбастың есебі дөп келсе, өздері ертең Босағакөңге жетіп қонуы керек...
— Сол жерде бір мезгіл ат суытармыз...
Сегіз жігіттердің босаңси бастағанын сезіп еді. Түнгі жүріс Балпанға батты. Анда-санда қалғып кетіп, басын ерге соғып алып, қайта оянады.
Олардың алты қонған жеріне біз төрт күнде жеттік.
Жігіттер Босағакөңде қонып отыр. Қоржындағы сүрді отқа көміп, қаужаңдасып алған соң, ер жастанып қисая-қисая кеткен. Бәркелет пен Сегіз ғана ояу еді.
— Олар да суыт тартқан екен...
Ерден ердің қаупі бар деген ғой...
Біраздан соң Бәркелет те қалғыды.
Сегіздің кірпігінің астына тіреу қойғандай, көзі ілінбей жатыр. Ертең бір күн Мақпалды қуып жетеді. Айырып алып қалу, айтуға жеңіл... Жабы да намысты қолдан бермес. Бұл егесті көк найзаның ұшы ғана шешетіні анық еді. Оның ақыры қан төгіспен бітеді. Мақпал үшін Сегіз қаны түгіл жанын да аяп қалмас. Бірақ, бейкүнә жұрт күйетіні жаман ғой. Кісі өледі. Мынау жатқан жігіттер... Олардың Сегіз үшін басын оққа байлар жөні жоқ. Сол есіне түскенде ұйқысы шайдай ашылады.
Жекпе-жекке шығу керек... бәрі сонымен бітсін!
Сегіз өмірі қолына найза ұстап көрген жан емес. Найза да бір кәдеге жарар-ау деп үш ұйықтаса ойда жоқ. Қан көрсе жүрегі айнитын еді. Адам түгіл қой бауыздап көрмепті. Енді біреудің қанын төгу керек. Бәрі Мақпал үшін... Онан мәңгі айрыларын ойласа, ақылдан алжасатыңдай. Сағыныш өзегін өртеп, жанын шыжылдатып күйдіргенде, көкірегі қарс айрыла күрсінеді. Оны намыс қуып келе жатқан жоқ. Мақпалсыз өмірден мән кеткендей, ғашықтық дерті бір орнында жатқызбайды.
"Жеті қарақшы", "Темір қазықты" айналып көкжиекке еңкейіп калған екен. Түн ортасы ауғаны ғой. Ендігі аттар да тынықты. Таңғы салқында жүріс те өнеді. Жігіттерді ояту керек...
— Айбас! - деді ақырын дауыстап.
Айбас басы жастыққа тисе қор етеді. Соған орай оянуы да тез еді. Дыбыс шығуын ғана күтіп жатқандай атып тұрды.
Егер атты қысыңқырап жүрсе, осы түн қыздың көшіне жетіп қалатыны анық. Қарақалпақтар "Кежектің көк төбесінде" қонып жатқан. Жүрдек атқа сәскелік қана жол. Бірақ, солай екенін жігіттер білген жоқ.
Жабының күндегі әдеті, таңғы салқынмен аттанып кетіп, алдағы құдыққа жетіп қонып отыратын еді. Кей күні бір көштік қана жер алады. Жетектегі түйенің ауанымен қимылдаған көштің жүрісі де өнбей, жұрт шөлден қырылып қала жаздайды.
Бүгін көш мойнын ұзартып, Көктөбеден ұзап барып қонды. Өмірі Домалақ көлдің басынан аттап шығып көрмеген Мақпал, бүгін отын ала алмай жатыр еді. Жеті күнге созылған ұзақ сүрдек оның титығына жеткендей. Аптап жел бетін шарпыса, төбесінен күн теседі. Ал қыз жүрегіндегі жалын күн көзінен де ыстық еді.
Қашан Қызылдың құмына кіргенше, екі көзі артында болды. Күткені Сегізі... Оның қуып жететініне шәк келтірмейді. Кешеден бері ғана күдер үзгендей. Мақпал бүгіндікке нәр татпай жатыр. Дәрмен құрып, әл біткен. Бірақ, көзі ілінбейді. Шыққалы әдеті, екі күн қатарынан ұйықтамай шығып, үшінші күні тастай қатып, жұлқылағанда оянбайтын. Бүгін үшінші күн... Мақпалдың тұла бойы оттай күйіп, басы жастыққа тигізбейді.
Масаты ет астыртты.
— Кешеден бері нәр татқан жоқсың. Өзегің талып кетер, сорлы аузыңа салсайшы, - деп жалынады.
Мұрнына еттің иісі келсе Мақпалдың жүрегі айниды. Жерік болған әйелдердің құсып жатқанын көретін. Соны ойласа жүрегі түршігеді. Мүмкін өзі де жерік шығар... Бала бойына қашан бітіп жүр? Кімнен бітіп жүр? Әйел бойына бала біткеннен соң неше күннен кейін жерік болады? Бұл құпияны шешесінен артық білетін ешкім жоқ. Онан сұрауға беті шыдамайды бірақ...
Мүмкін бала Сегізден біткен шыгар?.. Сегіз есіне түссе, жүрегіне шым-шымдап жылу енетіндей. Бойындағы бала Сегізден біткен болса деп тілеп еді. Сонда асығып сағынғанда, құмары баланы аймалап тарқар еді. Бірақ... ондай жағдайда өзінің түла бойы тұңғышына "құл" атағы таңылады. Бүкіл ғүмыры жат біреуге пенде, көз түрткімен күн кешеді екен...
Мақпалдың ішін ит тырнағандай, ашуын шешесінен алады. Алдына әкеліп қойған тамақты аударып тастап, теріс қарап жатып қалған.
Мақпал ерке еді. Кішкентайында тәттіден тәтті таңдап, алдына қойған асты татып алмай қиғылық салатыны бар-ды. Масаты қызының бұл қылығын соған жориды. Бірақ, қазір басына желек жамылған келіншек... Есі кіретін кезі болды ғой. Ертең жат босағаны аттағалы отыр. Қарақалпақтар оның балалық еркелігін көтере ме? Тағы да өзі күйеуінің алдында айыпты келіншек... Масаты қызының мінезінен түңіліп қалды.
Шаршап жүрген жұрт, шала-шарпы қаужаңдап, отырған-отырған жерлерінде құлай кетіп, ұйқы құшағына енеді.
Қызының ертеңін ойлап қобалжыған Масаты, біраз дөңбекшіп жатып, ақыры ол да қалғыды.
Көз ілмеген жалғыз Мақпал еді.
Бойына бала біткенін білгені бәле болып жабысқандай.
"Жауға аттанып, құл да әкеледі" деп еді-ау Жабы... Күйеуінің сол сөзі көкейінен кетер емес.
Өзін қарақалпақ ауылында күндік күтіп тұрғаны рас екен. Мақпал ондай құрыққа неге мойын ұсынады? Күң болып, жер басып жүргенше, өлген артық?
Қалай өледі сонда?
Өзіне-өзі қол жұмсаса, ана дүниеде дозаққа түседі...
Қайда барса, Қорқыттың көрі, тығалатын жер жоқ...
Қашып кетсе қайтеді? Түн жамылып қарасын батырады... Бірақ, шешесі... Оған не істер дейсің?.. Бәрі өзінің қарақалпағы... Қияттың қызы...
Сегіз жете алмай қалған екен, оны іздеп барады Мақпал ... Кенет қазақ аулына қалай баратыны көз алдына ап-айқын елестеп, қыз жүрегі алып ұшады.
Мақпал сыбдырын білдірмей, далаға шығады.
Ай батыпты. Тастай қатып ұйықтап жатқан жұрт, құлағын кесіп алып кетсе білетін емес.
Жабы қара қасқа арғымақты ерттетіп, шатырдың қасына байлатып қоятын еді. Күндегі әдеті... Қыз жан-жағына алақтап, аттың тұрған жерін іздеді.
Қасқа арғымақ басын төмен салып жусап тұр екен. Мақпал қасына келгенде құлағын қайшылады. Қыз қолы сағағына майда жанасып қаси бастағанда, арғымақтың жаны рахат тапқандай, шылбырынан жетектеген Мақпалдың ізіне ере берді. Құм белестен асып түскенше, қыз үш сүрініп тұрды. Жүрегі дүрс-дүрс ұрады. Ұзап шыққанын көрген кезде, демін бір-ақ алды.
Қасқа арғымақтың үстіне ырғып шыққанда, өзіне қанат біткендей, атты екі бүйірге тепкілеп келеді. Бет алды құла түз шоқыта тартты.
Қаперінде түк жоқ-ты. Өзінің жол білмейтінін де ескермейді. Түн айсыз қараңғы. Біраз ентігін басқан соң, айналаға көз салды. Әлде не қараң еткендей. Жүрегі тас төбесінен шықты. Қасқырдан қатты қорқатын. Кез келген бұта қыз көзіне аш бөрі болып елестейді. Әлде қайда жылт-жылт етіп от көрінеді. Енді есіне жын-шайтан, мыстан кемпірлер туралы естіген қорқынышты ертегілері түскен. Мақпалдың жаны түршігіп кетті.
Сонан кейін құлағына белгісіз бір дыбыс жеткендей. Жер түбінен талып келген. Алдаусыратып шақырған пері ме, аңдып жүрген аш бөрі ме?... Мақпал екеуінен де қорқады. Кенет әлгі дыбыс ән әуеніне ұқсап кетті...
Ән... таныс ән... Сегіздің әні... "Есіме сен түскенде, беу, қарағым, сағынып әнге қосам сәулетай деп..." Сөйдеп келеді. Сегіздің өзі ғой! Мақпал ән естілген жаққа қарай шапты. Сәт сайын ән жақындап, әр сөзі ап-айқын естіледі.
Сүйгенің әлде жақсы, әлде жаман,
Қор болған бір жаманға есіл, Мақпал...
Сегіздің өзі! Мақпалын іздеп жеткен екен!...
Мақпалдың қонып жатқан құдығы қашық емесін әлде қалай түйсінгендей, серінің жүрегі өрекпіп кетті. Көмекейінде ән лықылдайды. "Мақпалды" қалай шырқап жібергенін әуелі өзі де білмей қалған.
Бәркелет селк етті. Жау күтіп қорқақтап келе жатқан жұртқа, кенет ән есірсені ерсі көрінді. Енді біреулер бәрін ұмытып, әсем әнді тамсанып тыңдап қалыпты.
Көрінген Көктөбеден көшің, Мақпал...
— Апыр-ай, Сегіз аға, - деді Айбас ер үстінде қозғалақтап. — Жау төбесі көрініп тұрғанда мұның не? Түнгі дауыс жер түбіне жетеді...
— Естіп қалып сақтанып жүрер...
Сегіз даусын көтере күлді,
— Жігіттер, біз жау іздеп келе жатқан жоқпыз. Бізге керегі Мақпал емес пе? Ендеше Жабыны алдап басатын жөніміз жоқ. Қапы ұрғызып алмаймыз, алдына ашық барып, шынымызды жасырмай айтамыз...
Әй, бәрекелді! - деді Балпан ырза болып.
Айбас күйіп кетті.
— Сендердің не түсініп келе жатқандарыңды білмеймін. Мақса-тымыз Мақпалды айырып алып қалу екен. Ала қой деп қарап тұрмас. Ендеше қапы ұрғызу керек оларды!
— Айбас, сен үлкеннің алдын тоса бердің ғой! — Балпан інісін қағытты. — Сегіз аға ердің ісін істегісі келеді. Намарттықты кім білмейді!?
— Балпан жөн айтты, - деді Бәркелет.
— Сегіз аға айта бер!
— Құдай өзі берген жанын өзі алады!
Айқайды салып барайықшы. Қарақалпақтың есі шықсын!
Әнге еліккен көпшілік кеу-кеулеп кетті.
Айбастың кәдігі дұрыс. Түнгі дауыс алысқа кетеді. Сегіз де соны біліп айтқан. Мақпалды түн ұйқысынан оятып, бір елең еткізгісі келіп еді. Бірақ, ғашығы алдынан шыға келер деп күткен жоқ.
Таң білінді.
Алдарында бейсаубет салтатты қараң етіп, өздеріне қарай шоқыта шапқанын көрген кезде, жұрт шу етті.
- Жау!
— Ойбай, жау келді!
"Жау" даурыққан жұрттың сөзіне қарайтын емес, киіп-жарып келіп қалды.
— Аға!
Әйел даусы еді.
— Мақпал! - деді Сегіз тани кетіп.
— Мен Мақпал...
Жау күтіп тұрған жұрт қобалжып гуілдесіп кетті.
— Құдай сақтады, - дейді Дүйсенбай даусы қалтырап. — Садағымды кезей бергенім... Сегіз ағамның әлгі сөзі есіме түсіп, кідіріп қалып едім...
— Уай, ерім-ай?
— Біз Мақпалдың көшін іздеп жүр едік, - деді Балпан. Бұл өзі іздеп келіп, масқара қылды-ау.
— Қашып шыққан!
— Апам қалды... Мақпал өксіп жіберді.
Бар қатерден құтылғанын білген сәт, қыз жүйкесі босап кеткен, Шешесін жаңа ойлап тұр.
— Қап! — Айбас санын соқты.
Мақпал қолға тиді. Енді қарақалпақта алты аласы, бес бересісі жоқ. Ат басын ауылға бұруға асығып тұр еді.
Кемпір қолда қалыпты. Мақпалды ұрлап алып кеткен адам болып көрінбейік... Өшіккен жау кемпірге ақырет беріп жүрер... Жұрттың сөзі бір жерге құйылды.
Жау қырық жігіт екен. Көбісі Жаңадария бойынан қосылғандар көрінеді. Оны Мақпал айтты. Бұлар жиырма кісі... Бір кісіге екі адам көптік қылмайды...
— Сегіз әлгі бір әніңді шырқап жіберші! - дейді Бәркелет шалқып. — "Көрінген Көктөбеден көшің, Мақпал" еді ғой. Үстеріне әндетіп бір барайық!
— Уай, пәле!
Сегіздің әнін жұрттан бұрын Масаты есітті. Таң қараңғысы екен. Не қылған дыбыс екенін жөнді түсіне алмай, әлде қалай Мақпалдың төсегін сипалап еді. Көңілінде жамандық жоқ, ақырын дыбыс берді
Мақпалда үн жоқ.
Қызының шынымен жоғалғанын білген кезде, Масатының даусы қаттырақ шықты. Онан даладағылар оянды.
— Қасқа арғамақ қайда?!
— Босанып кетіпті ғой...
Көкірегіне кәдік кіріп, шошынған Масаты шатырдан ойбайлай шықты.
— Мақпал, Мақпал!
— Қызыңды қашырып жіберіп, не көлгірсіп тұрсың!
Жабы кемпірге ақырды. Қалған жігіттердің естияры Жанназар.
Жабыға Жаңадариядан қосылып еді. Ақирекке бірге барып, енді Мақпалды ұзатысып келе жатыр. Жабыға басу айтты.
— Қызын қашырып жіберіп, өзі қолда қала ма? Аңсыз қалған өзімізден көрейік! Ат бақтырып қойған күзетшіміз қайда жүр өзі? Бері шақырды!
Осы кезде Сегіздің әні ап-анық естілді.
— Бұл кім болғаны!?
— Еріккен қазақтар шығар...
Күзетші ұйықтап қалыпты. Ербиіп орнынан тұрды. Әр жерде
шідерімен шашырап жүрген аттар жинастырылды.
Ән жақындап қалды.
— Самсаған сары қол!
Төбенің басында тұрған бір жігіт, бері қарай домалай жүгірді. Қорыққанға қос көрінеді...
— Ат ерттеңдер!
— Қуғыншы!
Күн шыққан. Күншығыста қызыл шапақ нарттай жанады.
Жұрт түгел атқа қонып, төбенің басына шықты. Бір топ салтатты жақындап келіп олар да тоқтады.
Ей, кімсіңдер!? Елмісіңдер, жаумысыңдар!?
Бір жігіт атын тебініп жақын келді.
— Біз жесірімізді іздеп келеміз. Бізге Мақпал керек. Бұл келе жатқандар Жәніке батырдың інісі Сегіздің қолы. Елшілеріңді жіберіңдер, сөйлесейік.
Жабы атын тебінгенде, Жанназар тізгінінен тартты. Баяғы Нұртайға еріп баратын жолы жас жігіт Жанназар, бұл күнде аға болған. Оның сұсынан әркім де сескенетін еді. Жабы тосылып қалды.
— Батыр, тоқтай тұр. Біз жоғалтқан Мақпалды, олар іздеп жүр екен. Мен барып сөйлесіп көрейін.
Жанназар аттан түсіп жаяу кетті.
Оның алдында тұрған Бәркелет еді. Екеуінің жасы құрбы көрінді. Жанназарды көріп Бәркелет те аттан түсті.
— Ассалаумалайкүм!
— Әликүмүссалам!
Жанназар бұрын сәлем беріп еді. Бәркелетке бұл да жақсылықтың нышанындай көрінді. Енді күйбектеген жоқ. Іздеген жесірі қолында, өркештеніп отыр. Шынын айтты. Қазақ-қарақалпақ таласқан асыл Мақпалды ұрлап әкетсе, онысы намарттық болар еді. Бәркелет қарақалпақ ағайыннан алдынан өткелі, ат басын бұрып келді. Қарақалпақтар жесірін айырып қаламын десе, қазақтар тұрысудан қашпайды. Бірақ, Сегізге бейбіт тынымы керек. Осындай ұсақ нәрседен үлкен дау ұшынып, екі елдің арасы егес болған кезі бар... Босқа қан төгілмесін. Жан орнына жан... Үйде Сегіздің бойжетіп отырған қарындасы бар, Мақпалдың өтеуіне соны береді... Жабы қолындағы кемпірді қайтарсын...
— Жабы намысшыл байдың ұлы, оған көнбес... - деді Жанназар кәдік айтып.
— Ендеше Жабуыңа мынаны айт! - деді Бәркелет, Жабының атын әдейі бұра сөйлеп. — Бір қызға таласып отырған Сегіз екеуі ғой. Ол ер жігіттің ісін қылсын. Жекпе-жекке шыға ма, әлде күреске түсіп күш сынаса ма, онысын өзі біледі. Қай жеңгені Мақпалға куйеу болады! Бейбіт елдің қаны төгілмесін. Сегіз соны өтініп отыр!
Бәркелеттің екі талабы да көкейге қонатын еді. Құдай атып қолдағы жесірден айрылып қалды. Оны қайта айырып алу күшке түсерін Жанназар біліп отыр. Бірақ, Мақпалдың өтеуіне басқа қыз алып бітуге еркөкірек Жабы өлсе көнбейді. Қазақтың аты аталса, қанын ішіне тартатын мінезін байқап қалған. Намысқа басары хақ. Онда Сегіздің шартына тоқтайды. Жанын тастай алмай жүрген ешкім жоқ. Қолдаулы мен Қияттың жайсандарын бір қыз үшін құрбандыққа шалдырып, Жанназар отыра алмас!
— Қан төгілмесін дегеніңіз менің көкейіме қонып тұр. Жабымен сөйлесіп, бейбіт тынымын жасауға күш салып бағайын. — Жанназар орнынан тұрды.
Жабының кеудесінде жатқан кектен хабарсыз еді. Қазақ Енесей тұқымына не көрсеткен жоқ. Әкесі Мамыт екеуінің құйрығын түріп қойып, дүре соққан. Ата қонысы Ақиректен бездіре қуды. Бесбасбайдың бейбастақтығын Жабы бүкіл қазақтың қылығы деп түсінетін. Оның қазаққа атар оғы жоқ!
Сол қазақтың содыр ұлы бүгін жесіріне қол салды.
Көп зорлығының бірі ғой. Қарындасын бермекші... онысы тұтқында қалған кемпірді арашалап алып қалғысы келгенде, тапқан айла-шарғылары... Некелі жарын айырбасқа салу адам баласы есітпеген ауыр сұмдық еді.
Жабы тулады.
Ендігі сөз найзаның ұшында қалғанын қарақалпақтар сезіп тұр. Ашу қысқан Жанназар, бір бәлекей үшін бүкіл қарақалпақ кырыла алмайтынын ескертті.
— Ендеше жолың анау!
— Шын айттың ба, бала! Жанназар атын тебініп, Жабыға төне қарайды. — Қолдаулы, Қиятты ертіп тартып кетсем, көрер едім күшіңді! Олай ете алмасымды біліп тұрсың ғой. Ендеше тыңдап ал! Анау Сегіз жекпе-жекке шақырып отыр. Қайратың асса, жесіріңді тартып ал!
Жабы жауға аттанып, қару ұстап көрген жан емес. Атадан жалғыз екен. Мамыт көзінің қарашығындай жалғыз ұлын, ондай қатерлі жерге жібермейтін еді. Бірақ, үш-төрт жылдан бері той-томалақта күресіп жүр. Әзір жауырыны жерге тиіп көрген жоқ. Былтыр Хиуа ханы той қылғанда, Әуез ханның қоңыраулы балуанын сүріндіріп, иісі қарақалпақты бір қуантқан... Содан бері Жабының деміне нан піскендей еді.
— Ендеше, анау қазағыңа айтып кел! Қару жұмсасақ қапы кеттім дер. Мен белдесіп күресіп, бағымды сынаймын. Шартым сол, кім жығылса, соның басы алынады. Сегіз Мақпалдың ғашығы екен ғой. Ғашығынан айрылып, өмір сүріп не керек! Мен де жесірімнен айрылып жер басып жүргенше, көрге түскенім көп артық. Не өлім, не өмір!
Өзінің жығарына шәк келтірген жоқ.
Жабының жауабына Сегіз де ырза болды.
Қазақтар да, қарақалпақтар да аттан түсті.
Жұрт екі жарылып тура қалғанда, ақ құмшықтың баурайында майдан ашылған.
Балуандар иығына түк ілмей, жалаңаш етіне белбеу буынып шықты. Екеуінің денесі де жаңа жауған қардай аппақ екен. Көріп тұрған жұрт ішін тартты.
— Е, жасаған жолын бер!
—Е, бабам!
Тілекші жұрттың даусынан жер күңіренді.
Мақпалдың екі қолы көкірегінің үстінде, қалш-қалш етеді. Екі ұдай күн болып, Сегіз сүрінсе оның өмірі қараң еді.
Жабы ашу қысып әзер тұр. Белдесіп қалған сәт, Сегізді бүріп тастайтындай омыраулап, өкім-өкім қимылдап еді. Бойы да биіктеу екен. Кейде төске алып дөңгелеткенде, Сегіздің аяғы жерге тимей кетеді. Қазақтарда зәре жоқ.
Мынау итің қайтеді, - дейді Балпан дауысы дірілдеп.
Ашулы адам аңсыз келеді. Оған тек беліңді бермей бағу керек. Сегіз Жабының ішіне кіре түсіп, қапысын аңдып жүр... Жамбасқа алып, аяқтан бір қағуға келтірсе... Ондай кезде Сегіз қара нар болса да бір сүріндіреді...
Кім көп қимылдаса, сол адам да бұрынырақ болдырады. Жабының маңдайынан моншақ-моншақ тер шықты. Өзінің күш иесіне тап болғанын енді ұққан. Қимылы бәсеңсіп калыпты. Сегіздің күткені де сол сәт еді. Оң иықпен қолтықтан тірей беріп, сол аяқпен сарт еткізіп, шалып қалды!
— Түсті әдіске! — Балпан шыңғырып жіберді.
Оны Жабы да сезді. Түсі өрт сөндіргендей, мықшиып тұр. Оң балтыры ұйып, тізеліктен құмға кірді. Қап! Мұндай да әдіс бар екенін ескермепті-ау...
Жердің топырағы бұрқ етті.
— А, құдай! А, құдай!
Бұл даурығысқан қазақтардың даусы еді. Мақпал еңіз-теңіз жылап тұр. Жабыны екі иығынан басып ұстаған күйі, Сегіз демін алқына алады.
— Болғалы тұрған бала екенсің, - деді, Жабының көзіне қадала қарап тұрып айтты. — Қаныңды жүктеп қайтейін. Мақпал менікі. Айтқаным айтқан, қарындасымды бердім!
Жабы үн қатқан жоқ.
"Бозқасқалаған" дауыстан жер күңіренді.
Сегіз талтаңдай басып, күтіп түрған жігіттерге қарай кеткенде, Жанназар маңдайының терін бір сыпырды. Ер екен ғой... Жазықсыз жанның қанына қолын былғағысы келмеді-ау. Сегіздің ерлігіне ырза болып тұр еді.
Қыздың көші бетін кейін қарай бұрды. Сегіз уәдесінен шықты. Қарындасы Қарлығашты Жабыға қосатын болып еді.
Той тойға ұласты.
Жабының жанын өзіне қиды. Оның үстіне карындасын беріп отыр. Бұл бұрын-сонды қазақ-қарақалпақ есітпеген іс еді. Жабы да ойланды. Халықтың ішінен жақсы да шығады, жаман да шығады. Бір Бесбасбай тентек деп, бүкіл қазаққа өшіккені орынсыз екен. Сегіздің көрсеткен мәрт мінезі оның да көзін ашқан...
Көрінген Көктөбеден көшің, Мақпал...
Қазір бұл әнді қазақ-қарақалпақ қосыла шырқайды. Сегіз қонақтарын Қаратауға бастап бара жатыр.
Мақпал бетін Масатының төсіне басады. Атағы әлемге ән болып тарады. Жас келіншек күйеуіне ырза. Жас көкіректі мақтаныш кернейді.
Достарыңызбен бөлісу: |