СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
М. ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТ
Ғ.МҮСІРЕПОВ МҰРАСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
ОРЫНДАҒАН: Қайролла Г
ТЕКСЕРГЕН: Тагудретова Б.Б
Бұ кісінің өзге қаламгерлерден басты ерекшелігі – айрықша талғампаздығында, кірпияздығында шығар. Шөкімдей алтынға бола тау қопарылып, тонна-тонна порода шығарылатыны секілді, Ғабеңнің өзі де, жоғарыда аталғандай, бір парақ таза материал алу үшін екі-үш бетті жазып қайта өшіретінін, ақыры оның жыртылатынын айтқан. Нақтырағы, жазушы жүз елу бет қолжазбадан қырық бес беттей ғана қалдыратынын әңгімелеген. Тіпті, бірде «Өмір ертегісі» деп аталатын романын бірталай тұсына келгенде жағып жіберіпті. Көңілінен шықпаған болу керек.
«Мен өзім жазбауға болмайтын жағдайда қолыңа қалам ал, сонда ғана жүректен шығады дейтіндерді қолдаймын» – дейді бір сұхбатында. (Әшімбаев С. Талантқа тағзым. Әдеби-сын мақалалар. Алматы: Жазушы, 1982. – 204-б.). Тағы бірде: «Шығарма деген кейде бір жылда, кейде он жылда қаламгер жүрегінде пісіп шығады. Ішкі ағыстар күшейген кезде қағазға түспек» депті. (Ғ.Мүсірепов туралы естеліктер)
Бұдан жазушының өз-өзін аса қинамағаны, көлем қумағаны, шығармашылық күшті лайықты, барынша табиғи қалыпта пайдаланғаны байқалады. Яғни, сөзді оңды-солды сапырмай, тереңнен маржан терген. Бұқара көпшілікке сөз өнерінің жаухары мен жақұтын ғана ұсынған. Бұл – оқырманға деген асқан құрметтің де белгісі. «Ғабит Мүсірепов шығармашылығы – қазақ өнерінің сұлу бір арнасы. Ғабит әні – таза үнді, әсем әуезді шырқау ән. Ғабит арнасы – мөлдір, тұнық арна... Оның шығармашылығы әдебиетімізге мәдениет, көркемдік, тереңдік әкелді». (Академик Рымғали Нұрғалиев). Сөйткен Ғабеңді мақтауға сараң Бауыржан Момышұлының өзі «ювелир жазушы» деп мойындаған екен...
Ғабит Мүсіреповтің біршама ұзақ ғұмырында алғаш уәкілдік жұмыста, бертініректе атқамінерлік, лауазымды қызметте көбірек жүргені мәлім. Мұның шығармашылыққа тигізер залалы да орасан. «Біз қалам тартқан кезде қазіргідей жағдайлар түске де кірмейді. Күндіз кеңсе қызметі, аласапыран заманның ауыр шаруалары. Аядай бір бөлме үй, бала-шаға, қонақ. Сен бірдеңе шимайлайды деп олар ұйықтамай ма. Қайтсең де жазу керек. Сондықтан абыр-сабыр басылып, ел жатқан соң, шымылдықтың артында бір бұрышта, түнгі сменадағы жұмысшы секілді жазуға отырасың. Сол қиын кезеңдегі өмірдің дағдысы кейін жағдай түзелгеннен кейін де қалмай қойды». Бұл да жазушы «ұстаханасынан» біршама сыр аңғартатын Ғабеңнің сөзі.
Ғабит Мүсірепов алыс шетелдерге көп сапар шегіп, жер жүзін түгелге жуық аралағаны да белгілі. Өз айтуынша, Америка мен Австралияға ғана бармапты. Мұндай саяхаттардың пайдасы ересен болғанымен, қалыпты жұмыс ырғағын бұзатыны да аян. Іске қолбайлау келтіретін тірліктің өзге де күйбеңі біте қоя ма.
– «Оянған өлке» романының жалғасын, екінші кітабын қашан бітіресіз? – деп сұрайды тілші. Ғабең ағынан жарылыпты:
– Бұл сұрақ кәрі қызға неге күйеуге шықпайсың деген секілді. Жазбайын деп жүрмін бе? Жазбай жүрмін бе? «Оянған өлкенің» бірінші кітабы сегіз айда жазылды. Бес айы Қарағандыда, үш айы – Алматыда, тауда. Оның есесіне екінші кітабын отыз жылдай созып келем. Әдейі, қасақана созып созып жүр деймісің. Бірталай ойды, жиған-терген, тоқығанды «Ұлпан» қағып кетті. Біреулерге кішкентай нәрсе көрінер, өзім үшін «Кездеспей кеткен бір бейне», тіпті, күні кешегі «Достар қалжыңы», «Жаңбырлы түнде», «Майралар» ұсақ дүние емес. Сүйіп жазған нәрселерім. Әр шығарманы өзіне лайық қалыппен, бұрынғыларға ұқсамайтын қалыппен құйғым келеді. (Ғ.Мүсірепов туралы естеліктер.
Бір кезеңдері күнделік жазуға кірісіпті. Оның себебін: «Ұмытшақтық қоюланып келеді. Сондықтан кейбір керекті нәрселерді кезінде еске түсіру үшін бұдан былай күнделік жазуды дұрыс көрдім. Ұмытып кетіп жазбай қойсам пайдасы тиер. Сол үмітпен! 1970 жыл» – деп түсіндіреді. (Мүсірепов Ғ. Күнделік. Алматы: Ана тілі, 1997 жыл).
Ғабеңнің аңкөстігі де әуелден белгілі. Бұған, әдетте, ауыр жұмыстан қажығанда сергу, бой жазу үшін шыққан сияқты. Кейде он бес-он алты шақырым жерді жаяу шарлап, далада қос тігіп, қона жатып, төрт-бес күн табиғат аясында жүріп қайтуды әдет қылған. Ара-арасында суға түседі, балық аулайды. Осы арқылы ширайды, қуат алады, қанаттанады. Шабыттанады. Жазушының шығармашылығына нәр беретін өзге де әуестіктері баршылық.
Ғабит Мүсірепов шығармалары бойынша қорғалған диссертациялық жұмыстар мен зерттеулер .
«Ұлпан» тарихи роман. Оның кейіпкерлері Ұлпан, Есеней, Мүсіреп – тарихта болған адамдар. Сондықтан тарихи тұлғалар мен көркем шығарма кейіпкерлерін салыстыра оқыту оқырмандардың қызығушылықпен – ізденуіне итермелейді .Ғабиттің бұл еңбегі әуелі «Ұлпан»повесі болып 1975 жылы шықты, ал 1980 жылы автор аздаған қосымшалар, өңдеулер енгізіп, «Ұлпан» романы етіп жариялады
Ғ.Мүсіреповтің рухани мұрасы туралы зерттеулер өткен ғасырдың 50-жылдарында басталды. Зерттеулердің дені қаламгердің әдеби-сын идеяларына арналған. Ал оның тарихи көзқарасы мәселесі күні бүгінге дейін зерттеушілер назарынан тыс қалып келеді.
Т. Ахтановтың «Ғ. Мүсірепов» атты очеркінде жазушының өмірі мен шығармашылығы алғаш рет зерттелді.[3]. Т. Ахтанов Ғ. Мүсірепов шығармашылығын жанрларға бөліп қарастырады. Мүсіреповтің колхоз құрылысына арналған шығармаларын екі жүйеге бөлген: «бірі-колхоздың алғашқы ұйымдастыру дәуіріне, сондағы тап тартысын, қиыншылықтарды көрсетуге арналған әңгіме, повестер («Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Алғашқы адымдар»), екіншісі - колхоз құрылысы ұйымдастыру кезеңінен өтіп, нығайып, қалыпты тұрмысқа көше бастаған кезеңіне арнаған («Талпақ танау», «Туннель» т.б.)». Мүсірепов шығармаларына алғаш талдау жасаған Ахтанов оның романдары «Қазақ солдаты», «Оянған өлкені» қазақ әдебиетінің елеулі табыстарының қатарына қосады. Т. Ахтанов Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романында Отан соғысының негізгі үш кезеңін ерекше суреттегеніне тоқталады: «Бірінші кезең – 1941 жыл оқиғасы, біздің әскерлердің шегінуі. Екінші кезең - табан тірескен қорғаныс ұрыстары, Кавказды қорғау. Үшінші кезең - Совет армиясының шабуылы, жау қолында қалған совет жерін азат ету».
«Оянған өлке» романы туралы: «Бұл тақырып жазушыдан сол дәуірдегі қазақ халқының салт-санасын, әдет-ғұрпын білудің ғана емес, сонымен бірге сол кездегі Қазақстанның қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық өмірінде қоғамдық күштердің ара салмағын, олардың әр қилы қарым-қатынасын да терең зерттеуді қажет етті .Әлі бітпеген бұл еңбек, халық өмірін, ел тағдырын кең қамтуы жағынан, көркемдік шеберлігі, тереңдігі жағынан, құнарлы жасалған ұлттық характерлері, ірі тұлғалы образдары жағынан қазақ әдебиетінде М. Әуезовтың «Абай», «Абай жолы» романдарына тетелес», - деп тоқталады. Ол Мүсіреповтің драматургиясында талдап, халық тарихында елдің рухани өмірінде елеулі із қалдырған үлкен келелі тақырыптарға барғанын жазған.
Ғ. Мүсірепов сөз зергері деген атаққа ең бірінші ие болған қаламгер. «Сөз зергері» атты мақаланы алғаш жазған С. Сейітов: «Біз Ғабитті қазақ жазушысы ғана деп санамай, көрнекті совет жазушыларының, көркемсөз зергерлерінің бірі деп санаймыз» дейді. Мүсіреповтің Римге, Токиоға, Каирға барған сапарларын «...халықаралық мәдени, әдебиет қатынастарды нығайту, бейбітшілікті баянды ету мақсатынан туған қадамдар» деп оны «кабинетшіл жазушы емес, қоғамдық, мемлекеттік істерге белсене араласатын қайраткер жазушы» деп баға береді.
А. Нұрқатов, С. Жұмабеков сияқты ғалымдар жазушының суреткерлік тұлғасын тануға арналған әдеби сын-зерттеулер жазды. С. Жұмабеков Мүсіреповтің жазушылық қызметінің қыр-сыры, шығармашылығының басты ерекшеліктерін қарастырады. Автор сондай-ақ қаламгердің бірқатар шығармаларына талдау жасай отырып, жазушының өмірлік позициясы мен эстетикалық көзқарастарына тоқталады. «Ғабит Мүсірепов» атты очеркінде қаламгер еңбектерін хронологиялық тізбекпен бөліп қарастырады. Автор: «Ғ. Мүсіреповтің қаламынан 1928-1938 жылдар аралығында: «Қос шалқар», «Талпақ танау», «Көк үйдегі көршілер», «Шұғыла», «Адамның анасы», «Жеңілген Есрафил» және тағы басқа әңгіме - новеллалар дүниеге келді» деп, 1938-1955 жылдар аралығында әңгімелерді сирек жазғанын, ал 1956-1977 жылдардағы әңгіме-новеллаларында әлеуметтік философиялық сарын айрықша бітім-болмыспен көзге түскенін жазады. Олар. «Өмір жорығы», «Сөз жоқ соның іздері», «Автобиографиялық әңгіме», «Жиырма төрт сағатта» тәрізді әңгіме - новеллалары еді.
Ғ. Мүсірепов қаламгерлігі бірнеше диссертациялық еңбектердің обьектісіне айналды. Н.Ғабдулиннің «Ғ.Мүсірепов-драматург» атты монографиясында Мүсірепов драматургиясы алғаш зерттелді. Бұл – Ғ. Мүсірепов жасампаздығына арналған тұңғыш ғылыми еңбектердің бірі еді. Автор Ғ. Мүсіреповтің қазақ драматургиясында тарихи тақырыпты терең меңгергенін және осы жүйедегі пьесаларының зор үлгі - нұсқа болып келгенін айрықша атап айтады.
Қ. Құттыбаев, М. Бекбергенов, Ж. Молдағалиев, А. Оспанов қатарлы ғалымдар өз еңбектерінде жазушының прозалық шығармаларын зерттеуді мақсат еткен. Мүсірепов шығармашылығын толық зерттеген М. Бекбергеновтің «Ғ. Мүсіреповтің прозасы» деген еңбегінде: «Оянған өлке» мен «Жат қолында» романдары берері мол, тағылымы үлкен шығармалар. «Тағылым» деген сөз бұл арада кең мағынада айтылып отыр. Оянған, көркейген Қазақстан тарихы, егерде тіл бітіп сөйлей қалса, дәл Ғабит Мүсірепов романдарындағыдай тілде сөйлер еді [7]» деп жазушының роман - дилогиясында ел тарихының маңызды кезеңдерін көркемдегенін айтады. М.Бекбергенов академик - жазушының прозасына әдеби - тарихи талдау жасаған алғаш ғалым.
А. Ибраеваның «Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлке», «Жат қолында» роман-дилогиясының шығармашылық тарихы» атты кандидаттық диссертациясы оның роман-дилогиясының жазылу тарихын зерттеген еңбек болды. А. Ибраева кандидаттық диссертациясында қаламгердің шығарманы жазу барысында мұрағат құжаттарымен жұмыс жасағанын, осы кезеңге қатысты ғылыми еңбектерді қарағанын жазады. Автор: «Өндіріс өмірін жан-жақты меңгеру үшін жазушы «История горной техники», «Горное спасательное дело», «Карагандинское угольное месторождение» деп аталатын еңбектерді оқып зерттеп, олардан шығармаға қажет болар-ау деген тұстарын қысқаша конспектіледі. Шахта құрылысы, ондағы әртүрлі атаулар, солардың қазақша баламасы бәрін жазушы жіпке тізгендей етіп қағазға түсірген. Сан алуан суреттер, схемалар, диаграммалар, цифрлар, тау-кен пародаларының аттары, техникалық терминдердің барлығын жазушы қойын дәптеріне көшірген. Дәптер беті сондай-ақ, Москвадағы тау - кен департаменті архиві, Алматы мемлекеттік архиві, Ақмола архиві материалдарымен толды» деп Мүсіреповтің зерттеушілік методологиясын аша түседі.
С. Әшімханова жазушының шығармашылығы жайлы орыс тілінде докторлық диссертация қорғаған. Ол «Мир Габита Мусрепова» атты монографиясында қаламгердің шығармашылығының ерекшеліктері мен құндылығын зерттеген. Еңбегінде: «Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық қабілетін ұғынуға ұмтылу аса қажеттілікті тудырады. Ғ. Мүсіреповтің көптеген тілдерге аударылған туындыларын дүниежүзілік мәдени контекстен ажыратуға болмайды. Ол көркемсөз зергері, монтаждық қиыстырулардың виртуозды шебері ретінде суреткершілік әлемнің жаңа қырларының көшбастаушысы болды.»[9] дейді. Ғ. Мүсіреповті зерттеудің жинақталған көрінісін Хасен Әдібаевтың «Талант, талғам, тағдыр» кітабынан байқауға болады.
Бұдан басқа, қазақ прозасы, қазақ романдары туралы жазылған М. Қаратаев, Т. Нұртазин, М. Базарбаев, Р. Бердібай, С. Қирабаев, Ш. Елеукенов, Р. Нұрғали, М. Атымов, Б. Майтанов, Ж. Дәдебаев, А. Тұрбеков, Б. Шалабаев еңбектерінде Ғ. Мүсірепов романдары, прозасы әдеби даму арқауында сөз болады.
Аталған еңбектерде Ғ. Мүсірепов шығармашылығы әр қырынан зерттелді. Оның суреткерлік шеберлігі, өмір шындығын нанымды бере білетін ерекшелігі, оқиғаларды іріктеуі, тіл байлығы тұрғысынан сөз еткен. Р. Нұрғалидың «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атты кітабында: «Әдебиет тарихында Ғабит есімі Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбиттермен қатар аталады. Бұлар - өнеріміздегі жаңа арналардың көш бастаушылары. Әрине үлкен жазушы, кемел суреткер болу - бақыт, ал көшбасылық одан да зор абырой. Қазақ жаңа әдебиетінің ірге тасын қалау миссиясы осы алыптарға бұйырды» деп жазылған.
Ғ. Мүсірепов мұрасының бір саласы көркемдік-эстетикалық ойлар. Ол профессионал сыншы да, көп әдебиетшінің бірі емес, Ғабит әдеби процесті терең саралаған профессионал жазушы. Оның бұл саладағы еңбектері «Суреткер парызы» кітабында топталып берілді. Даусыз тұжырым: Ғ. Мүсірепов - қазақ әдебиетінің классигі» дейді.
Мүсіреповтің «Ұлпан», «Оянған өлке», «Жат қолында», «Қазақ солдаты» романдары жөнінде ғылыми еңбектер көп жазылған. «Оянған өлке» романы жөнінде Л. Климович, Б. Рунин, С. Марков сияқты орыс ғалымдары өздерінің еңбектерінде кеңінен сөз етті.
Л. Климович «Литература народов СССР» атты хрестоматиясында: «Ғ. Мүсіреповтің ең ірі туындыларының қатарына Ұлы Отан соғысында кеңес адамдарының батырлық ерлігіне арналған «Қазақ солдаты» романы және Қазақстанда жұмысшылар класы туралы, олардың өсуі, көбеюі және біздің елде халықтардың достастығы қалай пайда болғаны жайлы жазылған «Оянған өлке» романы жатады. «Оянған өлке» романы – ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өзгерістерін бейнелейтін үлкен шығармашылық еңбек. Онда қазақ жеріне орыс капиталының енуі, қазақ даласында таптық жіктелудің тереңдей түсуі, өз мақсаттары мен жер иелену үшін байлардың руаралық қақтығыстары, Ақбұйратта (Спасск зауыты), Қарағандыда, Нілдіде (Успен кен орны) алғашқы өнеркәсіптік кәсіпорындардың пайда болуы, қазақ кедейлері мен орыс жұмысшыларының арасында достық қарым-қатынастың орын алуы, қазақ пролетариатының қалыптасып, өсуі және орыс жұмысшыларымен бірге өз өмірі, құқығы үшін күресі туралы айтылады.
Романның басты кейіпкерлері – түрлі қоғамдық сатылардың өкілдері, қазақтар мен орыстар. Автор бір жағынан қазақ даласының кедейлері мен Ресейдің жұмысшы класын, екінші жағынан бай-феодалдар мен көпес - кенөндірушілерін бейнелейтін роман кейіпкерлерінің таптық қызығушылықтарының қарама-қарсылығын көрсетеді. Кейбір кейіпкерлер тарихи тұлғалардың негізінде алынған» деп жазады.
Мәдениеттің ұлттық болмысы мен ерекшелігін айқындайтын басты факторлар қатарында тіл айрықша орын алады. Әйткенмен елімізде әдеби тіл нормасы туралы талас пікірлер әлі де бар. Ана тіліміздің тазалығын сақтау жолында аянбай күрескен Ғ. Мүсіреповтің тілге қатысты еңбектері де ғалымдар назарынан тыс қалған жоқ. Академик М. Серғалиевтің «Ғабит Мүсірепов және тіл мәдениеті», Д. Ысқақтың «Сырбаз суреткер» атты еңбектерінде Мүсіреповтің қазақ тілінің қоғамдағы орны, оның тазалығы, басқа тілдермен қарым-қатынасы жайындағы ұсыныстары мен тұжырымдары жан-жақты қарастырылған.
М. Серғалиев «Ғабит Мүсірепов және тіл мәдениеті» атты еңбегінде Ғ. Мүсірепов тіл туралы, Ғ. Мүсіреповтің тілі туралы және Ғ. Мүсіреповтің шешендік өнері деген бөлімдерге бөліп зерттеген. Ғ. Мүсірепов тіл туралы деген бөлімінде «Көркем әдебиет тілімен қоса, Ғ. Мүсірепов жазу мен сөйлеуге байланысты тіл мәдениетінің де біраз мәселесін көтеріп жүр. Ойландырар ұсыныстар да айтады. Мәселен, «Амангелді, Қарагөз, Зілғара, Меңдіғожа сияқты адам аттарын Аманкелді, Қаракөз, Зілқара, Меңдіқожа демей-ақ, естілу тұрпатында жазсақ қалай болар еді» деп Мүсірепов ұсынысын көңілге қонатынын жазады. Қаламгердің «кейбір реттерде тілді зерттеуші ғалымдардың назарына ілігерлік проблемаларды алға тартатынын» жазып, оның «тілге қатысты қай еңбегін алсаңыз да, оның әрбір жолы, әр сөзі ана тіліне деген шынайы жанашырлықтың үлгісі болып табылады» дейді.
Д. Ысқақұлының «Сырбаз суреткер» атты оқулығында : «Ғ. Мүсірепов ұлттық әдебиет, мәдениет дамуының жалпы ұлт өркендеуінің басты белгісі оның тілінің қоғамдық өмірдің барлық салаларында қолданылуы деп қараған. Ұлттық Ғылым Академиясында қазақ тілінің бір проблемасына арналып өткізілген үлкен бір жиында баяндамашы (ғылым докторы) өз сөзін орысша бастағанда, осында қатысып отырған Ғабең «Қазақ академиясында қазақ тілінің мәселесі неге қазақша айтылмайды?» - деп жүргізіп отырған ғалымға, баяндамашыға ескерту жасағанын, ұйымдастырушыларға ренжігенін, конференцияның орысша өтілуіне қарсылық білдіріп, залды тастап шығып кеткенін де көзімізбен көрген едік....Ойлана қарасақ, Ғабеңнің бүкіл саналы өмірі туған халқының ұлттық тілі мен әдебиетінің болашағына арналып, сол жолдағы ерліктермен өрнектеліп өтіпті.» - деген ғалымның естелігінен Мүсіреповтің тіл туралы мақалаларындағы «...Кейбір ғалым бастары толы ми, ми толы ақыл, әттең сол ақылды айта алар тіл жоқ!» деп жазғаны түседі.
Ғабит Махмұтұлы дарынды драматург, сценарист ретінде театр, кино тарихында орны ерекше. Бұл туралы Қазақ ССР тарихында, Көркем суретті Қазақстан тарихында, «Елтұтқа» атты оқу құралында жазылған. Аталған еңбектерде академик-жазушының алғашқы операның пайда болуына, алғашқы драмалық шығармалардың авторы ретінде қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлесін қарастырған. «Елтұтқа» оқулығында: «...Қыз Жібек» операсының либреттосын, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу пьесасын берген Ғ. Мүсірепов кейінгі жылдарда да бүкіл қазақ драматургиясының тамаша туындысы болып табылған «Амангелді», «Ақан сері-Ақтоқты» пьесаларын жазады. Оның шығармаларының негізінде кинофильмдер түсірілді.
Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді» дейді.
Отызыншы жылдардағы қасіретті тарих зерттелген еңбектерде «Бесеудің хаты» аталып кеткен құжат қарастырылмай өтпейді. Бесеудің бірі болған Мүсіреповтің есімі де бірінші аталады. К. Нұрпейістің «Тарихи тұлғалар», М. Қозыбаевтың «Ақтаңдақтар ақиқаты», атты еңбектерінде: «1932 жылдың ортасында Ғ. Мүсірепов, М. Ғатауллин, М. Дәулетғалиев, М. Қуанышев, А. Алтынбеков сияқты көрнекті қоғам қайраткерлері халық тағдырына қабырғасы қайыса отырып, БК(б)П Орталық Комитетіне Қазақстан жерінде коллективтендірудің лениндік принциптерін аяққа басу фактілері орын алып отырғаны туралы хат жазды. Хат авторлары маңызды қорытындыға келген:
«Біздегі мал шаруашылығы саласында байқалған сызат терең жарықшаққа айналып отыр. Мұның өзі одақтың негізгі мал шаруашылығында - базасы болып келген Қазақстанның ел экономикасына қосар үлесін төмендетіп, республика қуатының деңгейін тұтастай бір сатыға төмендетті» - деген сөздерде кезең шындығы тұнып тұр» - деп кеңестік жолмен қайта құрудағы асыра сілтеушілікті сынайды. Сонымен қатар Т. Омарбековтің «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» атты оқу құралында: «20-30-жылдар тарихынан шынайы да ақиқат деректер беретін большевиктік партия мен кеңес өкіметі органдарында сол жылдары жауапты қызметтер атқарған Т. Рысқұлов, Л. Мирзоянның О. Исаевтың Мәскеудегі И. Сталиннің және В. Молотовтың аттарына жазған және өзара жазысқан хаттарының, сондай-ақ тарихымызда «бесеудің хаты» деген атпен мәлім болған Ғ. Мүсіреповтің, М. Ғатаулиннің, М. Дәулетғалиевтің, Е. Алтынбековтің, Қ. Қуанышевтің Ф. Голощекинге жазған хатының және Ғ. Исқақовтың, І. Қабыловтың, Ж. Арыстановтың, Б. Айбасовтың, Ғ. Тоғжановтың, О. Жандосовтың И. Сталинге және Л. Мирзоянға жазған хатының қазақ шаруаларының жаппай босқыншылыққа ұшырау және аштан қырылу себептерін дәлірек анықтауға көмектесіп қана қоймай, осы апаттың демографиялық көлемін анықтауға қажетті сандық мәліметтерде беретінін ерекше атап көрсеткен жөн» - деп сонау зұлмат жылдарындағы ақиқатты ашуда осы құжаттардың маңыздылығын көрсетеді.
Ғ.Мүсіреповтің прозасы, драматургиясы филолог ғалымдар тарапынан кең көлемде қарастырылғанмен, оның шығармаларында көрініс тапқан ұлт тарихы, мәдениеті жалпы қаламгердің тарихи көзқарасын арнайы қарастырған еңбек жоққа тән. Мәселенің кейбір қырлары Х. М. Әбжановтың «Ғ. Мүсірепов шығармаларының тарихи мәні» атты мақаласында дәйектелген. Мақалада автор қаламгер шығармаларының хронологиялық ауқымынының кеңдігін көрсетіп, туындыларды Отан тарихында із қалдырған оқиғалардың қисынын ашқанын дәлелдейді. Бұл туралы: «Жазушы қазіргі Қазақстан жерінде соңғы 1500 жыл аясында өткен оқиғаларды, адамдар тағдырын, ескі мен жаңаның арпалысын шығармашылық ізденісіне арқау етіп, ұлттық реңкі қанық кесек-кесек туындыларын, қаһармандарын дүниеге әкелді. Айталық «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы оқырманды мың жылдық тарих қойнауына жетелеп кетсе, «Қыпшақ қызы Аппақ» драмасы Еуразия құрлығындағы этносаралық байланыстар тамырының тереңінен сыр шертеді. «Ұлпан», «Оянған өлке», «Жат қолында» роман-повестері дәстүрлі қазақ қоғамы мен патшалық Ресей тарапынан жүргізілген отарлау саясатының болмыс-бітімін ашса, «Болашаққа аманат», «Амангелді» пьесалары, «Кездеспей кеткен бір бейне» атты әрелі туындысы азаттыққа жету құрбандықсыз болмайтынын меңзейді» - деп жазушы шығармаларының тарихи мәнін сипаттайды. Сонымен қатар: «...шығармалары арқылы тарих тұңғиығына еркін бойлаған жазушының өзі де отандық және әлемдік тарихи үрдістерден мол хабардар болатын. Бұған «Күнделігіндегі» әр жылдары өзі үшін жүйелеген сақтар, үйсіндер, қаңлылар, байырғы түркілер, қыпшақтар, қытайлар, славяндар, моңғолдар, қайта өрлеу дәуірі, ислам діні жайлы ойтүйіндері мен деректері айғақ бола алады» – деп, қаламгердің зерттеулеріне, тұжырымдарына алғаш тарих ғылымы биігінен баға береді.
Достарыңызбен бөлісу: |