ОТЫЗ ҮШІНШІ ТАРАУ
БОТАСЫН ЖОҚТАП БОЗДАҒАН
1
Мұхаммед-Шәрiп сол тұрғаннан сақайып тұрып кеттi. Осыдан кейiн Жаратқанның құдiретiне шәк келтiрiп бола ма! Пәленше уақыт сал боп сiресiп жатқан жерiнен Шегiр атасы аян берiп, қолынан тартып тұрғызып алды. Қыс бойы көк етi сөгiлiп тыртаңдап әрi уайымнан көздерi үңiрейiп жүдеп бiткен шынашақтай екi бала, түк iстемесе де әкелерiнiң таяққа сүйенiп қалқайып қастарында жүргенiне мәз. Жер-дүниенi жасартып, жадырап жеткен көктем күнiмен бiрге жар басындағы жадау үйдiң жабығынан да жылт етiп бiр жылы сәуле сығалағандай едi.
Мұхаммед-Шәрiп аяғына қонған соң мал-жанға бас-көз болар деген үмiт оянды ма, жандүниесi босаңсып, Нұрғайша баласының қайғысынан күрт шөгiп жатып қалған. Аяқ-қолы сау, кеудесiнде қыбырлаған жаны бар болған соң, амал жоқ, сүйретiлiп бiрер күннен кейiн қайта орнынан тұрған.
Содан берi Алматыға бiр неше дүркiн барып қайтты. Не iстеп, не қойып жүргенiн өзi де бiлмейдi. Ең болмаса соңғы рет бiр көрiп қалайын деген әйтеуiр далбаса. Адвокат байқұс жаны ашып жалбақтап әлек. Күн сайын парақ-парақ қағаз жазады. Бұған қол қойдырып, арыздарды Москваға дейiн бұрқыратып жiберiп жатыр.
Баласын бiр көруге зар болып мәңгiрген бұл таң атқаннан күн батқанға дейiн Әзиз-Сұлтаным бiреуiнен болмаса, бiреуiнен қарап тұрған шығар деген далбасамен әр терезеге бiр телмiрiп, бас-аяғы атшаптырым сұр үйдi шыр айналып жүредi де қояды. Әбден iңiр түскенде жылай-жылай жатқан үйiне қайтады. Әйтеуiр дәтке қуат – Әзиз-Сұлтанның сабақтас достарының ықылас-пейiлдерi. Солар болмаса, мына жат, қатыгез қалада кiмге қажетi бар. Жатақханаларына әкеп, жылы-жұмсағын алдына тосып бәйек. Жұбатып, көңiлiн аулайды. Жаудыраған айналайындардың осы пейiлнен садаға кетпейсiң бе. Солардың сыбырлап айтқан кейбiр жақсы лепестерiне қарағанда, бiраз беделдi азаматтар Әзиз-Сұлтанға ара түсiп, iсiн қудалап жатқан көрiнедi. Екi айдан берi үкiмнiң орындалмай кешiгiп жатқан себебi сол екен. Ана бiр әйгiлi ақын халықаралық ұйымдарға үндеу жазып таратып, қолдау көрсетуiн өтiнген деседi. Көңiл аулау үшiн айтылған нәрсе шығар деп онша илана қоймаған.
Соңғы рет келгенде алдынан қуанышты хабар күтiп тұрды. Мұның зары құдайдың құлағына шалынған шығар, капиталистiк елдердiң қысымынан жасқанған Горбачев ату жазасын өзгертiп, он бес жылға сотталсын дептi. Мехнат-азап шексе де жарық дүниеге не жетсiн, өлгенi тiрiлiп, өшкенi жанғандай қуанған. Капитализм жауыз, әдiлетсiз деушi едi, сол сөз бекер ме деп қалды. Жауыз болса, айдаладағы бiр қорғансыз кедейдiң баласына патшасына дейiн алаңдап ара түсе ме? Қандай қарапайым, елеусiз адам болса да оның өмiрiн бағалап, қорған болу деген осы емес пе.
Әзиз-Сұлтанның достары аттандырып саларда: «ендi, апа, алыс жерден қайта-қайта келiп, әуре болмай-ақ қойыңыз. Мәселе бiрыңғайлы болды ғой. Анау-мынау жаңалық болса, хабарлап тұрамыз» деп қалған. Жақында солардан: «адвокат арқылы бiлдiк, Әзиз-Сұлтанды этаппен Свердловскiге жөнелтетiн бопты» деген хабар келген. Свердловскiнiң поезi бұлардың станциясын баспай өтпейдi. Құдай оңдағанда, олай қарай жүретiн жүк поезi да, жолаушы поезi да күндiз өтедi екен. Сол күннен бастап Нұрғайша ұзақты күн сарылып, станция басын күзетумен жүр.
Бүгiн Нұрғайша алаң-елеңнен елегiзiп тұрды. Ештеңеге зауқы жоқ. Жаңғалақтап iстеген iсiнде береке болмады. Сиыр саууға шығып едi, бiр қараса су алатын құдықтың басында тұр. Жүрегi өрекпiп өз-өзiнен алабұртқан бiр хал.
Шай дайындап, дастарқан шетiне тiзе бүге бергенi сол, кенет төбе құйқасы шымырлап, өнебойында құмырсқа өрiп жүргендей жыбырлап ала жөнелсiн. Омырауының ұшы өз-өзiнен сыздап дыз ете түстi. Баяғыда емшек емiзiп жүргенде, әлденеге айналып баласының жылап қалғанын сезгенде өститiн. Сүт пе, су ма, ып-ыстық қос тамшы омырауын сызып төмен қарай сырғып барады. «Тас емшегiм жiбiдi ғой – Әзиз-Сұлтаным келе жатыр екен! Терезеден болса да көрiп қалсам дейтiн шығар, жарығым!»
Шайдан соң екi балаға құлын тастаған көтерем көк биеге арба жектiрiп, аялдамастан станция басына тартқан.
2
Кiшкентай болса да тоғыз жолдың торабындағы станциядан кiсi аяғы үзiлмейтiн. Қашан көрсең ығы-жығы боп жатқаны. Жарты сағаттай бұрын аттанған Алматы поезi артынып-тартынған жолаушыларды сыпырып-сиырып алып кетсе керек, бұл келгенде перрон қаңырап бос қалған екен. Iргедегi жайдақ орындықтың үстiнде шуақтап, қалпақтарын көздерiне түсiрiп үш-төрт еркек қалғып отыр. Емшегi салаңдаған бiр қызыл қаншық күшiгiн желкесiнен тiстеп алып, темiржолды қия кесiп өтiп барады. Екi бала ат-арбаның жанында қалған. Вокзал алдындағы аңылжыған кең бетон алаңқайда құлазып мұның ғана жалғыз көлеңкесi қалқаяды.
Көп өтпей түтiнi төбесiне қара таяқтай шаншылып, күткен поезi да көз ұшынан қылаң бердi. Табан астындағы дүрсiлдеген жермен бiрге дүрсiлдеп жүрегi алып-ұшып барады. Көзi тұздай боп жанған семафорға алқынып жеткен паравоз «уh, келдiм-ау әйтеуiр!» дегендей ышқына бiр боздап жүрiсiн бояулата перронға ендi. Жер-дүниенi солқылдатып ауыр доңғалақтар сатыр-сұтыр өтiп жатыр. Текше-текше бөрене, құм, цистерна тиеген вагондар. Тiзбектiң ең соңына екi жолаушы вагоны тiркелiптi. Есiк-терезесi тор. Жүрегi әлдененi сезгендей дүрсiл қағып солай қарай жүгiрдi. Ақырғы вагонның есiгiнен ағып-тамып төрт әскери адам түстi. Ентелеп жеткен бұған иығы жалтыраған бiреуi:
– Апай, сiзге не керек? – дедi қабақ астынан сүзе қарап. – Бұл жерде ештеңе сатылмайды.
– Маған ештеңенiң керегi жоқ, қарағым. Сотталғандарды әкетiп бара жатқан жоқсыңдар ма? Балам сотталып едi, бiр көрiп қалайыншы деп күтiп жүрмiн.
– Бiз ештеңенi бiлмеймiз. Жақындауға болмайды. Барыңыз!
3
Әзиз-Сұлтан қинаудың неше түрi бар екенiн осы жолға шыққалы тағы көрдi. Поезға отырғызарда жол азығы деп кiсi басы екi бөлкеден қара нан, алты-алтыдан тұздалған май шабақ берген. Бiр купеде сығылысқан сегiз адам. Ауа жетпейдi, қапырық. Қара нанның шетiнен бiр-екi үзiп жегенi болмаса, тартынып нәр татпай қойғаны мұндай жақсы болар ма! Өлгенде көрген бiр той деп, майшабақты қомағайлана қарбытқандар әрi-берiден кейiн-ақ қаталап, жандарын қоярға жер таппай аласұрған. Сiлелерiн қатырып бiр тәулiк бойы су татырмай қойды. Су-су деп арпалысып есiктегi торды сiлкiлеген бейбақтарды күзетшi автоматтың дүмiмен шекеден бiр перiп, жалпасынан түсiредi. Ыңырсып, күңiренген дауыстар. Алматыдан ымыртта шығып едi, келесi күнi кеш түскенде бiр күрешке суға ауыздары әзер тиген. Бұл қинағаны аздай, дәретке де шығармай қойды. Екi күннен берi бiр-ақ рет әжетханаға апарған. Жаны қысылғандар төгiп-шашып целлофан дорбаға дәрет сындыруға мәжбүр. Нәжiс пен зәр, қолаңса тердiң ойран-ботқа борсыған иiсi көз ашытады.
Туған жердiң шегiне iлiккеннен-ақ Әзиз-Сұлтан терезе алдынан кеткен жоқ. Терезе дейтiн терезе емес, аумағы қатар қойған қос кiрпiштей-ақ жыртиған саңылау. Арғы жағы тор. Түкiрiктеп жеңiмен қанша ысқылағанмен сырттағы баттасқан кiр маңдытып ештеңе көрсетпейдi.
Оймақтай ашықтау бiр тұсқа жанарын қадап сүт пiсiрiмнен берi қимылсыз шапталып тұр. Анау бұлдыраған – Қушоқының биiгi. Әлi басынан қар кетпептi-ау. Терiскей бетi тобылғылы қалың бұта. Етекте отырғанда талай рет арбамен отынға барған. Бүлдiргенi қандай, шалғынмен жүргенде етiгiңнiң тұмсығы боялады. Бiр жолы ұшқаттың түбiндегi апаннан көкесi екеуi бөлтiрiк ұстап алған. Бауырын жаңа көтерген қарақұлақ. Көкесi желкеден басып тұрып қыңсылатып, тiрсегiн қиғанда, бұл шыдай алмай терiс айналып кеткен... Ал, мынау – қойшылар ойға түскенде көкпар тартатын көк жазық... Көкiрегiнен санқилы сурет оянып, ыстық-суығы аралас сол бiр оралмас күндермен ойша табысып келедi. Тор сыртындағы бостан өмiрдiң азабының өзi пейiш бағындай екен ғой.
Осылай қарай аттанған сәттен бастап бiр ұлы сағыныш көкiрегiнен бас көтерiп, бүкiл ой-санасын билеп алып едi. Көкесi мен апасы, екi iнiсi, жар басындағы жалғыз там кезек-кезек елестеп, көз алдынан кетпей қойған. «Шiркiн, осындайда апам мен көкемнiң бiрi алдымнан шыға келсе ғой, ең болмаса жүзiн көрiп қалатын!» Қырық ойлағанмен қисыны келмесе де, неге екенi белгiсiз, үй iшiнен бiреу көзiне ұшырасатындай болды да тұрды. Байқұс жүрек алдамапты. Ауыр доңғалақтар солқ-солқ шайқалып, құлақ қырнай шиқылдап барып тыныштық тапқанда, осылай қарай жүгiрiп келе жатқан ақ жаулықты әлдекiмдi көзi шалып қалды. Бұлдыраған жанарына солай көрiндi ме, апасына ұқсап кеттi. Күнi бойғы қиялындағы елестен аумайды. Киiмi, жүрiс-қимылы – бәрi сол. Қой, ойлай-ойлай шатаса бастаған шығар? Көзiн уқалап, әйнектi айқыш-ұйқыш сүртiп жiберiп қайта үңiлген. Жоқ, анасының өзi! Вагонға жақындай алмай, есiк алдындағы күзетшi солдаттардың әрқайсысына бiр жаутаңдап, арлы-берлi алақтап жүгiрiп жүр.
– Апа! Апа! – Ышқына айғайлап терезенi жұдырығымен перiп-перiп жiберген. Апасы бiрақ естiр емес. Шөл мен дәрет қос жақтап қысып, бiрi еденде, бiрi тақтада домалап жанымен қайғы боп жатқан тұтқынның бiрi: – Чо орешь? – дедi ыңырсып.
– Апамды көрдiм. Маму вижу, маму!
– Я думал ты в туалет хочешь. Дәрет қысып шыдай алмай айғайлап тұр ма десем! Надо же, везёт людям.
– Ендi қайттiм, бiр ауыз тiлдесе алмайтын болдым-ау!
– Былай тұр. – Кеңiрдегi кетпеннiң сабындай шодырайған күдiс мойын дембелше армян жiгiтi терезенiң бiр жақ шетiн алақан қырымен шеңберлей басып, ортасын шынтағымен шекiп қалып едi, әйнек шырт етiп кесе түбiндей ойылып түстi. Сынықты сыбдырын шығармай лып еткiзiп алып қалтасына сүңгiтiп жiбердi. Кiшкентай ойықтан туған жердiң ауасы мен дауысы лап қойды.
– Апа, апа, мен мұндамын!
– Жаным-ау, құлыным-ау! Бармысың, аманбысың, жарығым-ау!.. – Аңырап-боздап берi қарай ұмтылғанда, үш-ақ минут тоқтайтын поезд, бүкiл денесiн солқ еткiзе жұлқынып, бiр ышқынып алды да, ақырын сырғып дөңгелей жөнелдi. Ана мен бала, бiрi iште, бiрi сыртта, бiр-бiрiне шырылдай ұмтылып у да шу.
– Апа, жаным апа! Жыламашы. Берiк бол!
– Құлыным-ау, Әзизiм-ау. Ең болмаса жүзiңдi бiр көре алмадым-ау!
– Денiм сау, апа. Көп уайымдама.
– Қаусатып кеттiң ғой, жарығым. Не жазып едiк бұл құдайға!
– Кiнәсiз кетiп барамын, апа. Ақпын. Iзденемiн.
– Аллаға аманат. Күт өзiңдi. Сақ жүр, құлыным...
Поезд жүрiсi үдей түстi. Аңыраған анасының құшағынан, анау арық көк биеге мiнгесiп ап жарыса шапқан екi бауырынан, мынау әр төбесi ыстық туған жерiнен алып қашып барады.
Байқұс ана бiразға дейiн поезбен қатарласа жүгiрген. Сәлден кейiн доңғалақтардың тарсылы жиiлеп, аралары ажырай бердi. Сонда да далбақтап соңынан қалған жоқ. Қолындағы дәм ораған түйiншектi, салаңдап жүрiсiн өндiрмеген соң, жерге тастай салды. Өкпесi күйiп, өнебойы қара тер. Түймелерi ағытылып, етегiн жел кеулеген сырма шапанын да шешiп тастады. Ақ жаулығы желкесiне түсiп кеткен. Шашы додырап, көйлекшең безiп келедi. Жайшылықтағы жiлiншiгiнiң қақсайтыны, тiзесiнiң сары суы ұстап аяғын бастырмайтыны – бәрi ұмыт. Тас па, түбiр ме – әлденеге шалынып, шекесiмен жер сүзе ұзынынан сұлап түсiп едi, ұшып тұрып қайта ұмтылды. Жанұшырта жүгiрiп келедi, айғайлап келедi: – Құлыным!.. Жарығым!..
Әзиз-Сұлтан тордағы арыстандай аласұрды. Терезе-нiң жақтауын жұлып алардай жұлқылап, шарасы таусылғаннан жалбарына сыбырлады: «Тоқташы, поезд! Аялдашы сәл ғана. Ең болмаса бiр ауыз тiлге келiп, сорлы анамның көңiлiн жұбатайын». Көз ұшында қарасы үзiлмей қалбалақтап келе жатқан анасына терезенiң торынан телмiрген күйi ыстық жасқа булығып, өксiп-өксiп жiбердi. Талай тозақтың қып-қызыл отына қақталып, ештеңеге селт етпес шемен боп қатқан жүрегi қалай езiлiп, елжiреп кеткенiн бiлмей қалды. Жартастың жiгiнен сығылып шыққан тамшыдай көз қиығында ыстық жас мөлдiреп тұр. Қалтасынан жарасының қаны жұғып, терi сiңген қол орамалын алып, көзiн сүрттi де, терезенiң саңылауынан жұмарлап сыртқа лақтырды: «Ең болмаса, туған жерде қос тамшы көз жасым қалсын!»
Қанның дағы әртұста қызыл гүлдей дөңгелеген ақ орамал жел екпiнiмен қырыс-тырысы жайылып, шарықтай жөнелген. Бiр төмендеп, бiр жоғарылап ұзақ қалықтап барып, қанаты – талған құстай құлдилай бергенде өкпесi күйiп сандалақтап жеткен Нұрғайша жерге түсiрмей қағып алған. Ары қарай аттауға әлi құрып, сол жерге құлай кеттi. Орамалды бетiне басты. Баласының иiсi, құлынының жұпары! Құшырлана иiскедi. Көкiрегi езiлiп, iште булыққан запыран-зар ағыл-тегiл ыстық жас боп ақтарылды. Төбесiнде будақ-будақ атқылаған қара түтiн құйрығын аспанға тiк шаншып, көз ұшына сiңiп жоғалған поездың соңында қара жердi құшақтай өкiрiп, өксiп қала бердi. Көл бетiнде оқ тиiп жан тапсыра алмай тыпырлаған ақ құстың қанатындай көк бұйра жусанның арасында жайылған әппақ шашы желмен желбiреп желп-желп етедi.
Амалы құрып дел-сал болған Әзиз-Сұлтан тұрған орнында арқасымен сырғи сылқ түсiп, жерге құйрығымен отыра кеттi. Күңгiрт бұрышқа телмiрiп, көкiрек тырналаған өкiнiш-наласын тұншыға сыбырлады:
Пақыр едiм, бейбақ едiм не деген,
Қиналғанда бiр адам жоқ демеген.
Кетемiн бе тұңғиыққа шым батып,
Ауып қалдым толқын ұрған кемеден.
Сен ғанасың отқа түскен, жан анам!
Қолың созып шырылдайсың жағадан.
Басқаларға құным менiң көк тиын,
Көзден кетсем, көңiлден де жоғалам.
Ет жүрегiң елжiреген, езiлген,
Боталайды ыстық жасың көзiңнен.
Сағым қуған сар даланың төсiнде
Боздайсың-ау, ботаңды iздеп, боз iнген!
Күңiрендi зарлы үнiңнен төңiрек.
Бәлкiм, сенi көрiп тұрмын соңғы рет?
Жүрегiме көз жасыңды құйдың да,
Қала бердiң әппақ шашың желбiреп!..
Аh ұрған ыстық демiмен бiрге iштегi бар күйiгi сыртқа шыққандай бойы суып, сұлық түсiп, жанары шыныланып, қыбырсыз сiлейiп қалды.
Қайта айналып келгенше кiм бар, кiм жоқ. Жер ортасынан асқан кәрi әрi дiмкәс ата-анасымен осы қоштасқаны қоштасқан шығар. Аузымен тiстеп жүрiп өсiргенде не көрсеттi? Жеткiздiк, ендi қолымызды жылы суға малғызады дегенде, мiне, қан жылап қала бердi. Бұның құрбы-құрдастары әке-шешесiнiң оң жағын қызартып, той-думан жасағанын көрген сайын қос мұңлық өксiгiне тұншығар-ау. Ату жазасын он бес жылға ауыстырғанда қуанып едi. Бекер екен. Ата-ананың тiрi жүр деген көңiлi үшiн болмаса, ондай өмiрден не барқадар? Он бес жыл! Қырықты алқымдағанда шықпақ. Одан кейiн жасадың не, жасамадың не! Денсаулық тозған, жүрек жасып қорланған. Бiлiм жоқ, кәсiп жоқ. Қой бағасың, трактор айдайсың... Одан арғыға КГБ жiбермейдi. Басқан iзiң, ашқан аузың аңдулы. Ондай селт етерi жоқ сүреңсiз өмiрге оралып қажетi не?
Көңiлсiз әнiн жалықпай айтып ауыр доңғалақтар зымырап келедi.
Достарыңызбен бөлісу: |