Жертөледегі жазу



бет6/29
Дата19.12.2016
өлшемі5,73 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

2

Күзгi аспанда түйдек-түйдек көшкен қара бұлттай көңiлсiз ойдың тiзбегiн кенет шар еткен телефонның ащы дауысы үзiп жiбердi. Димекең аңтарылып қалды бiр сәт – кешеден берi үнi өшкен телефонның аяқ астынан шырылдап қоя бергенiне сенер-сенбесiн бiлмей тұр. Күрпiлдек креслодан созалаңдай тұрып, столдың шетiндегi үстi-үстiне безiлдеген телефонның тұтқасын көтердi. Таныс дауыс. Үгiт-насихат бөлiмiнiң бастығы. Кiшiпейiл, сыпайы жiгiт. Аман-саулығын сұрап жалпақтап жатыр. Әрiптестерiнiң кешегi келеңсiздiгiне, жалпы Орталық Комитет басшыларының осы дөрекi, қысас әрекетiне өзiн кiнәлi сезiнгендей қысылып, ыңғайсыздана тiл қатады. Хал-ахуал ұғынысқаннан кейiн:

– Димеке, Алаңда не боп жатқанын бiлесiз ғой? – дедi бұйымтайына көшiп. – Жастардың алдына шығып, өзiңiз басу айтпасаңыз болатын емес!

– Бұл – Орталық Комитеттiң шешiмi ме, әлде өзiңнiң ұйғарымың ба?

– Орталық Комитет осылай ұйғарып отыр.

– Колбин жолдаспен келiсiлдi ме?

– Әлбетте. Геннадий Васильевичтiң өзi маған Сiзбен сөйлес деп тапсырды.

– Жарайды онда.

– Рахмет, Димеке. Жарты сағаттан кейiн машина барады.

Бәйбiшесi шай әзiрлеп қойған екен. Екеуi дастархан басына жайғасты. Үй iшiн жиып-тазалауға қызметшi ұстағанмен, қазан-аяқтың билiгiн бәйбiшесi ешкiмге бермейтiн. Сол әдетiмен қалампыр қосылған күрең шайдың бабын келтiрiп өзi құйып отыр.

– Кешеден берi жағы қарысқан телефонның үнi шығыпты ғой? – дедi отағасының жүзiне барлай қарап. – Не дейдi?

– Орталық Комитет шақырып жатыр. Жарты сағаттан соң машина келедi.

– Бәрiнен бұрын телефонды үзiп тастағандарын айтсаңшы. Осы органның жiгiттерiнде ұят жоқ. Бiзге бұлай iстегенде, басқаларға не қылмайды!

– Бiз ендi басқалармен бiрдеймiз! – дедi Димекең


жымиып.

– Соған үйренуiмiз керек.

– Үйренбейтiн несi бар. Бiрақ мыналар демалысқа шықсаң да тыныштық берер түрi жоқ қой. Немене, жаңа қожайын бiр күн болмай жатып сағынып қалып па?

– Бәйбiше, мен пенсияға шықсам да әлi Саяси Бюроның мүшесi екенiмдi ұмытпа. Орталық Комитеттiң өтiнiшiн жерге тастай алмаймын. Партияның солдаты емеспiн бе!

– Димекең жымиып қуақылана тiл қатқанмен көкiрек түкпiрiндегi мұңды әйелдiк сұңғылықпен сезген бәйбiшесi демiн iшiне жұтып, үнсiз күрсiндi.

Сәлден кейiн киiнiп, тысқа шықты. Ызғарлы, ылғал ауа бет қариды. Алматыда сирек болатын суық. Аспан шаңытып, аяз буып тұр. Көлденеңдей тоқтаған ақ “Волгадан” шыққан ұзын бойлы аққұба жiгiт iзетпен иiле сәлемдестi де, лып еткiзiп артқы есiктi ашты.

Машина күнделiктi жүретiн жолға түстi. Әдеттегiдей эскорт жоқ. Елеусiз көп ақ “Волганың” бiрi. “Бiрiншi хатшылықтан түскенмен әлi Саяси Бюроның мүшесi екенiн ұмытқан ба бұлар!” Димекең жаңа басшылықтың әр әрекетiнен қысастық танып қорланып отыр. Машина Фурманов көшесiн бойлай өрлеп келедi. Жүрiстерi өнер емес. Жолдың бойы лек-лек жөңкiген халық. Шұбала созылған шерудiң бас-аяғына көз жетпейдi. Түнере лықсыған қара тасқындай кең көшенi кернеп жыбыр-жыбыр өрлеп барады. Әр тұста ағараңдаған транспоранттар. Көсемдердiң портреттерi. Арасынан өзiнiң де суретiн көрiп қалды.

Орталық Комитет Пленумының шешiмiне наразылық бiлдiрiп жастар Алаңға шығып жатқан көрiнедi деген хабарды Димекең кеше кеште естiген. Бiрақ оған онша мән бермеп едi. “Е, қанша адам шықты дейсiң, қазiргi мына демократия, жариялық дегенге желiгiп, көп болса бiр, жүз шақты жiгiт-желеңнiң Алаңға барғанына даңғара қағып жатқан шығар” деп ойлаған. Жаңа “Алаңдағы жастарға басу айтыңыз” дегенде де көз алдына мұндай суреттi елестетпеген. “Әй, осылардың-ақ көздерiне қос көрiнiп, жүректерi суылдай бередi екен!” деп iштей кейiген. Ендi мiне, күтпеген көрiнiстен өзi де абыржып қалды. Сүйсiну де, қобалжу да аралас. Қара тасқын боп лықсыған ұлы шеру қандай айбарлы. Бiр бұлқынса, жолындағының бәрiн жапырып, жайпап өтердей. “Айналайындарым-ай, араңдап қалмасаңдар жарар едi!” дедi көптi көрген кәрi жүрегi қалтырап. Димекең Новочеркасскi мен Темiртаудағы қанды оқиғаларды бүге-шiгесiне дейiн бiлетiн, соның аяғын құшып жүрмес пе екен деп қорықты. Заңды талаптар қойған бейбiт шерудi әскермен жаншып, қанға бөктiрген жоқ па. Кешегi Целиноградтағы толқу да көз алдында. Оны Москваның нұсқауымен өздерi ұйымдастырған. Леонид Ильич марқұм көңiлшек адам едi ғой, Берлинге барғанда ықыласқа елiтiп отырып, “совет одағындағы немiстерге Целиноград облысынан автономия ашамыз” деп байқамай уәде берiп қояды. Бұл саяси қателiк едi, әрi қазақ мүддесiне қайшы. Димекең не iстерiн бiлмей дағдарған. Құдай оңдап, бұл идеяны бас идеолог Суслов та қолдамады. Не iстеу керек? Жалпақ әлемге жария боп кеткен уәдеден бас тарту үшiн, жергiлiктi халық өз жерiн бөлшектеуге қарсы шығып жатыр деген сылтау керек болды. Сөйтiп, өздерi қарсылық шеруiн ұйымдастырған. Бiрақ атқа қонған қазекем ерiк бермей шындап кете жаздап, әзер тоқтаған. Бұл да сондай қолтыққа дем бүркуден лап еткен дүрбелең бе? Сонда не үшiн? “Пленум шешiмiне наразылық бiлдiрiп, халық Қонаевты қолдап жатыр!” деп даңғыра қаққаннан не ұтпақ? Ақылы жетер емес. Әлде көлденең түртпексiз-ақ, “қайдағы бiр орысты неге қояды, қазақ құрып қалып па!” деп айналайын қазекем аруағы қозып, шынымен намысқа шапты ма екен? Қалай болғанда да айбары асқақтаған мұндай ұлы нөпiрдi бұрын-соңды көрiп тұрғаны осы. Қайтпас сұспен түйiлiп, лек-лек баяу жылжиды. “Үстiнен атан түйе аттап өтсе де мыңқ етпейтiн маңғаз, момын жұртым-ау! – дедi Димекең iшiнен, шарасыздана күрсiнiп. – Төзiп-төзiп келiп, бiр туласаң, өлген-тiрiлгенiңе қарамайтын бас асаулығың бар едi, сол мiнезiңе басып, арандап қалар ма екенсiң!”

Жүрiс өнер емес. Басқа көшеге бұрыла алмайсың бәрiбiр. Орталық Комитет үйiне апарар жалғыз жол осы. Көлiк атаулы тоқтаған. Автобустар жолды жиектей әр жерде қаңқайып тұр. Ақ “Волга” ұшы-қиыры жоқ қара иiрiмнiң ортасында қалықтап келе жатқан ақ желкен сияқты. Шофер жiгiт клаксонды қалай бажылдатқанмен, қыңып жатқан кiсi шамалы. Кей тұстан сыналай өтiп, көбiне шұбаған топтың соңынан iлби ерiп, баяу жылжиды. Екi аттап – бiр тоқтап, таяқ тастамдағы Орталық Комитет үйiне сүт пiсiрiмде әзер тұмсық тiреген.

Әлгi телефон шалған бөлiм бастығы, есiк алдында тықырши күтiп тұр екен. Елпелектеп өзi есiк ашып, iзет бiлдiрiп жатыр. “Димаш Ахмедович, берi қарай жүрiңiз!” деп Бiрiншi хатшының қабылханасына қарай бастады. Лифтiмен екiншi қабатқа көтерiлдi. Өзiнiң күнделiктi жолы. Жарқыраған кең дәлiз. Табан астындағы қызыл ала түктi кiлемнен аяқ дыбысы бiлiнбейдi. Жым-жырт. Сырттағы буырқанған теңiздей бұрқ-сарқ дыбыстан кейiн бiртүрлi құлағың тұнып қалғандай сезiнедi екенсiң. Ерсi, бөтен дүниеге кiргендей.

Димекең қабылхананың табалдырығын толқи аттады. Көңiлi алай-түлей. Әр зат көзiне оттай басылып елжiреу де, өзiн бөтен сезiнiп имену де бар. Кеше ғана осы жердiң алшаң басқан қожасы едi. Бiр бұл бөлменiң ғана емес, бүкiл байтақ елдiң тiзгiнi жалғыз өзiнiң қолында болатын. Ендi, мiне, бөгде, жат бiреудей жаутаңдай енiп келедi.

– Саламатсыз ба, Димаш Ахметович! – деп хатшы қыз Раушан мұны көрген бойда ұшып тұрып, көлдей қоңыр столды айналып алдынан шықты. Бұлтиған бүйрек беттерiнiң ұшы шұңғылдана, ұялы, қарақат көздерi ұшқын ата жаудырап әрi қуанып, әрi абыржып тұр. – Денсаулығыңыз жақсы ма?

– Шүкiр, айналайын. Өз халiң нешiк? – Димекең басын изеп, қыздың қолын алды. Осынау инабатты қарапайым жанның риясыз iлтифатына әжептәуiр марқайып көңiлi елжiредi.

Қасындағы жол бастап жүрген жiгiт: “Қазiр” деп, Бiрiншi хатшының кабинетiне кiрiп кеткен. Кiруiнен шығуы жылдам болды. Ілезде тауы шағылып, әлденеге жасып қалыпты. Шикiл сары өңi лап қызарып кеткен. Кiнәлi үнмен қипақтап:

– Кешiрiңiз, Димаш Ахметович, сәл күте тұрыңыз.
Геннадий Васильевич қазiр қабылдайды, – дедi де, аялдамастан есiкке қарай жылыстай бердi.

Ендi бар салмақ өзiне түскендей Раушан сасқалақтап тұр. Тоқтаусыз кiретiн шығар деп ойлаған. Бүкiл Қазақстан төбесiне тұтқан Димекең, құдыреттi Дiнмұхаммед Қонаев, көптiң бiрi сияқты бұлай есiк аузында тұрады деген ой ақылына сияр емес. Қабылдауға келгендер отыратын қапталдағы қара былғары диванға “отырыңыз” деуге аузы бармай, қапелiмде абдырап қалған. Сөйткенше болмай Димекең өзi барып диванға тiзе бүккен. Раушан өзiнiң шарасыз қалпына күйiнiп, одан ары қысылды. Жерде жүрген Құдайдай боп көрiнетiн Димекеңнiң жай көптiң бiрiндей босағада отырғаны көкейiне қонар емес мүлдем. Сол екi арада лыпылдай басып Айтуаров кiрiп келдi. Раушанға қабағын қағып жымия амандасқан. Димекеңдi көрген бойда кiлт еңсесiн тiктеп, түсiн суытып ала қойды. Аяқ астынан сыздап, саз беттенiп, маңғаздана қалды. Қалай сiрескенiмен iштей абдырағаны көрiнiп тұр. Сәл iркiлiп барып, қолының ұшын бердi де, сәлем мәзiретiмен ерiнiн болар-болмас жыбырлатып, сырғып өте шықты. Бiрiншi шақырып жатса керек, сәлден кейiн Қалдыбаев кiрдi шайқалақтап. Ол да сырдаң. Жаңа қожайынның қайтсем оңтайынан шығам деп басы қатып тұр ма, мұны тiптi елең қылар емес. Ықылассыз сұлық амандасты. “Сен шалға бұл жерде ендi не бар?” дегендей, бетiне тесiрейе бiр қарап, терiс айнала бердi. Бiрiншi қабылдау бөлмесiне кiм келiп-кiм кеттi – экраннан бәрiн көрiп отырады. Содан қаймығып сақтық жасағандары ма, әлде өздерiнiң кiсiлiк өресi осы ма? Қайсысы болса да ақтау емес.

Димекең бұл жiгiттердiң ұсақ, табандары тайғақ,
желдiң ығына қарай жығыла кететiн майысқақ екенiне соңғы кезде көзi әбден жетiп болған, бiрақ дәл мұндай арзымайтынға арзандайтын күйкi, мүскiн деп ойламаған едi. Ең болмаса бетiне дұрыс қарап, ажарланып сәлемдесуге де жарамады ғой. “Шоқ-шоқ, өзiме де осы керек! – дедi iшiнен күйiнiп. – Тәшеновтердi таптап, талап, соңдарына ит салып қуып едi. Бунтарлар құрысын, алдымды кеспей иiлiп тұратын елпек, елгезектер керек дедi. Сондағы сүйрегендерi, сүйенгендерi осы ма?” Димекең бұл қорлықты Жаратқанның жазасындай түсiнiп, өзiн кiнәлап iштей мүжiлдi.

Раушан екi бастық ағасының бұл қылығын көрiп, өз көзiне сенер-сенбесiн бiлмедi. Күнiне осы бөлмеде болып жататын талай “спектакльдiң” куәсi ғой. Не көрмейдi дейсiң? Қазақстанның кең даласына сыймай күркiреп жүретiн небiр арыстандар мұнда мысық боп кiрiп, мысық боп шығады. Кеше ғана осы екеуi Димекеңдi көргенде елден бұрын құлдыраңдайтын. Мұртымен бәтеңкесiн шөткiлердей иiлiп-­бүгiлiп бұраңдағанда, сырттан қарап тұрып бұл қарадай қысылатын. Ендiгi кердеңдерi мынау. Тiптi, көрiп тұрған кiсiнiң жүзi шыдамайды екен. Қарияның жан күйзелiсiн әйелдiк сұңғылалықпен сезiп, не iстерiн бiлмей қалбалақтады. Орнынан бiр тұрып, бiр отырды. Үлкен кiсiнiң бүйтiп босағада отырғанының өзi қорлық қой. Әлi қаншама адам келедi. Солардың әрқайсысының мүсiркеп, мысқылдап қарағанының өзi неге тұрады. Жүрекке қадалған бiр-бiр оқ емес пе.

Жан-жағына жалтақтап қараған Раушан кенет бiр амал тапқандай болды. Қарсыдағы көмекшiнiң бөлмесi бос екен. Бағанадан берi сол неге есiне келмеген десеңшi.

– Аға, андағы жерден суық тиiп қалып жүрер. Мұнда отыра тұрыңыз! – дедi ауыр емен есiктi шалқалай ашып.

Димекең қарсыласқан жоқ. Серiппелi қара диванды жапыра шөккен зор денесiн екi-үш ұмтыла әупiрiммен әзер көтерiп созалаңдай тұрды.

Енi мен ұзыны бiрдей шаршы бөлменiң iшi кең, жарық. Қабырғаға қапталдаса қойылған диванға отырғысы келмедi. Көңiл түбiне шөккен жайсыз ойлар байыз тапқызар емес. Екi қолын арқасына айқастырып, есiк пен төрдiң арасында теңселе басып бiраз жүрдi де, терезенiң алдына келiп тоқтады. Алаң алақанға салғандай. Кенерiнен асып төгiлердей буырқана шалқиды. Құжынаған халықта есеп жоқ, көз аясына сыймайды. Бейбiтшiлiк пен Фурманов көшелерiнiң арасында ине шаншар орын қалмаған. Үй-үйдiң арасы, көше-көшеден лек-легiмен құйылып жатыр. Алаңның бергi бетiн жиектей әскер қоршаған. Кiсi бойы қалқан ұстаған қатар-қатар тiзбек. Сәл кейiндеу аралары жымдастырыла тiзiлген бронетранспортерлар мен әскери машиналар. Трибунаның қос қапталын жағалата қойылған темiр тосқауылдар. Кәдiмгi баррикада. Бiрақ мұның бәрi Алаңдағы буырқанған ұлы толқын ышқына лап қойса төтеп бере алар ма? Жағдай бұлай ушығады деп ойламаған. Жаңа бастықтың тыпыршып, жаны қысылатындай жөнi бар екен.

Алаң кенерiне сыймай толқып теңселiп тұр. Көрген көздi айбынтып, қайтпас сұспен түйiле қорқыныш шақырады. Осыншама халықты бұл жерге алып келген не күш екен? Неден ашынды? Төменде, трибунада құндыз құлақшындардың төбесi дөңгеленедi. Мәмiлеге келу үшiн жiберiлген дөкейлер ғой. Жастармен не деп сөйлесiп жатыр екен? Қара иiрiм кенер теуiп шымырлай үйiрiледi. Шапши толқып қай тұстан лақ ете түсерi белгiсiз. Аяз буған сұр қабақ, бұлыңғыр аспан қайтпасқа бекiнген қайсар, қату жүздердi одан сайын сұстандыра түскендей.

Батареядан шарпи ескен шым-шым құрғақ леп тынысын тарылтып бара жатқан соң, Димекең терезенiң бiр қанатын жартылай ашқан. Ішке лап қойған суық ауамен iлесiп сырттағы күркiреген ұлы сарынның жаңғырығы құлаққа ұрды ұмар-жұмар. Ән салған, ұрандаған, айқайлаған... ию-қию дыбыс. Ара-арасында у-шуды бұзып-жарып граммофонның дауысы саңқ-саңқ құлаққа жетедi:

– Кешегi Пленумның шешiмiн қазақтың намысын таптау, бiздi халық ретiнде менсiнбеу деп бiлемiн! – дедi бiр тепсiнген өжет дауыс. – Қайдағы бiр облыстың хатшысын неге Қазақстанның басшысы ғып қоя салады? Соның бiлiк-бiлiмi Қонаевтан артық па екен? Әлде соған татитындай жетi миллион қазақта бiр азамат жоқ дегендерi ме? Бұл не басыну!

– Жiгiттер, мәселенi бүйтiп ушықтыра бермеңдер. Партия қалай шешсе, солай болады! Оған қарсы шығуға ешкiмнiң хақысы жоқ.!

– Бiз ондай шешiммен келiспеймiз! – Әйел дауысы орнықты, нық шықты. – Әр халықты өз көсемi басқаруға тиiстi. Бұл – ұлтшылдық емес, табиғи, адамшылық жөнi солай. Димаш ағаны неге себепсiз орнынан алады?

– Қонаев қартайды. Өз өтiнiшi бойынша пенсияға шықты.

– Одан да кәрiлер отырған жоқ па. Пенсияға шыққан күнде де неге лайықты құрмет көрсетiлмедi? Неге бiрауыз жылы сөз айтылған жоқ? Отыз жыл ел билеген қадырлы қариямызды бұлай құрметтемеу – бiздiң елдiк намысымызға сын. Димаш ағаны қамақта ұстап отыр деп естiдiк. Бос қауесет болса, шықсын алдымызға. Мән-жайды түгел өз аузынан естиiк. Димаш аға шықсын!

Сол-ақ екен, елеуреген жұрт жан-жақтан қосыла айғайлап iлiп әкеттi:

– Димаш а-ға! Димаш а-ға!.. – Бiр леппен күркiрей жаңғырыққан қуатты үн аспан астын кернеп тұр...

Димекең ғұмырында дәл бұлай елжiреп толқымаған шығар. Көкiрегi мейiрiмге толып, қалай өксiп жiбергенiн бiлген жоқ. Қария өз кiндiгiнен ұрпақ болмағанға iштей мүжiлiп, қатты қасырет шегетiн. Әредiк Естай ақынның өлер алдындағы: “Қайғының ең үлкенi – бала жоғы, мiнеки қалған жоқ па дүние боғы!..” деген зары есiне түсiп, өзегi аяз қапқандай қалтырайтын. Мейiрi қанып маңдайынан иiскейтiн бiр жаман шикiөкпесi болса, дүниенiң бар қызығын соның жолына тәрк етер едi-ау! Тереңге шөккен осы аңсар әсiресе кешеден берi ескi жарадай қозғалып, көкiрегiн сыздатты. Сенген дос, сыйласқан серiктерi бiр-ақ сәтте жалт берiп, беттерiн терiс салды. Айналасы сыпырылып, соқа басы сопайып жалғыз қалған. Тақ пен тәж, қолпаштаған нөкер, мадақ, мансап – бәрi жалған., баянсыз екен. Бiр-ақ күнде қорғансыз, қубас, жетiм шалға айналды. Үйде де жалғыз, түзде де жалғыз. Дүние сұрқай, мәнсiз. Баяғының адамдарының ат басындай алтын бергенше, көзi жоқ соқыр, аяғы жоқ шолақ болса да бiр бала бер, тәңiрiм, деп неге мойнына бұршақ салып зарлайтынын ендi түсiнгендей. Немере-шөберелерi болса, үңiрейген көңiлiн солардың қызық-шыжығымен толтырмас па едi!.. Жо-жоқ, жалғызбын, жетiммiн дегенi бекер боп шықты. Іздеушiсi бар екен! “Мiне, менiң ұл-қыздарым! Осы емес пе ұрпағым! Кешiре гөр, жасаған ием, халқым, қазағым барда қубаспын деп күңiренгенiм күпiрлiк екен. Осынша жоқшысы бар адам қалай жетiм көңiл жалғыз болмақ? Сағыңды сындыртпаймыз, намысыңды таптатқызбаймыз деп өре түрегелiп, әне мың-сан ұл мен қызы Алаңға келiп тепсiнiп тұр. От пен судан тайсалмай қай бала бүйтiп әке үшiн басын бәйгеге тiге алады? Айналайын, құлындарым, жарықтарым менiң!.. – Тереңнен тыныс тартып күрсiнгенде, көкiрегiн көк жалын шарпи соғып, өксiкке булықты. Көздерiнiң қиығынан ып-ыстық қос тамшы мөлт етiп, аққұба ашаң жүзiн қуалай домалап бара жатты. – Ардағым, асылым деп тұрсыңдар-ау, қарақтарым. Елжiреген жүректерiңнен айналайын. Ықыластарыңнан садаға кетейiн! Бiрақ мен сендер үшiн не iстеп, не тындырдым? Сендердiң тағдырларың, болашақтарың үшiн дәл өстiп басымды бәйгеге тiккен жерiм болды ма? Сендер ойлағандай мiнсiз әулиемiн бе? Сендер елестеткен кiсiлiк биiкке көтерiле алдым ба? Әттең дүние, өткен күннiң медетiнен өкiнiшi мол екен. Мен де жұмыр басты пенденiң бiрiмiн ғой, қарақтарым. Сүрiнген, адасқан тұсым көп болыпты. Қас деп доспен алысыппын, жуас деп нәрсiздi жинаппын айналама. Ендi мiне, көз алдымдағы көк тұман сейiлгендей, жақсы-жаманды басқаша парықтап, бармақ шайнап пұшайман болып тұрғаным мынау!..”

Иә, опық жейтiн жайлары көп-ақ. Осы келген көген көздердiң қайсы бiрiнiң шекесi шеруен атып тұр дейсiң. Көбi “жетiм бұрышты” сағалап, көрiнгеннiң босағасында жаутаң көз болып жүргендер. Ұзағаны жатақхананың тар бөлмесiнде бала-шағасымен қысылып-қымтырылып күнелтуде. Жұмыстың ақысы аз, лас, ауырын iстейтiн де солар. Өз елiнiң астанасында адам сияқты тiршiлiк ете алмау, келiмсектей қағажу көру, әлбетте, кiмге де болса қорлық. Оқу бiтiрген жастардың Алматыда тұрақтап қалуы қиын. Жақында қала бойынша әлеуметтiк талдау мәлiметтерiмен танысып отырып төбе шашы тiк тұрды. Алматы ауыр машина жасау заводындағы қазақ инженер-техниктерiнiң үлес салмағы екi проценттен аспайтын болып шықты. Ал, электр шамы заводындағы жалпы қазақтың саны бiр процентке де жетпейдi екен. Есесiне, балабақшалардағы күтушi, ауруханалардағы санитар, еден тазалаушылардың жартысына жуығы – пединституттардың қазақ бөлiмiн бiтiрген қыз-келiншектер. Қазақ жастары құрылыста, завод-фабрикалардың денсаулыққа зиянды, жұмысы ауыр цехтарында басым. Осы жайлардың бәрi қабырғасына аяздай бататын. Қазақтың санын Алматыда қайтсем көбейтемiн дейтiн. Бiрақ көкiректегi қыжылы қара бұлттай, қылған iсi қылдырықтай. Түбегейлi шаралар қолдануға ұлтшыл деген атаққа iлiгiп кетем бе деп жоғарыға жалтақтады. Өзiнше тiгiсiн жатқызып, жiңiшкелеп жасаған ұсақ-түйек тiрлiктiң нәтижесi шамалы. Соның өзiне кедергi көп. Емеурiннен түсiнiп, iлiп әкетудiң орнына кейбiреулер тiптi, керi тартты. Ана бiр жылы “жиырма бес жыл қой бағып пенсияға шыққан шопандардың Алматыдан пропискасыз, кезексiз пәтер алуға хақысы бар” деген дабырасыз қаулы шығартқан. Кейбiр азаматтар: “Астана қойшылардың қаласы болып кететiн шығар!” деп уайым жегенде, “Бәрiң де кешегi қойшының баласысыңдар, қайсыңнан қойдың иiсi шығып тұр!” деп ықтырып тастаған. “Осы қаулыны пайдалан” деп қала бастығына тапсырған. Жөнiн бiлетiн азамат сияқты көрiнiп едi, саңылаусыз азғынның өзi екен. Мышкин деген алаяқ екеуi Сiбiрден келген қалталыларға жарты микрорайонды сатып жiберiп, ақыры асылып өлдi.

“Кешiрiңдер, қарақтарым, – дедi Димекең iштей күйзеле күбiрлеп. – Сендер бүйтiп ардақтап, асқақтататындай дәрежедегi абырой иесi бола алмағаныма өкiнемiн. Сендерге не жақсылық жасадым? Қазақстаным деп жүрiп, қазағымның мұң-зары көңiлден таса қалыпты. Қазiр алдарыңа шыққанда айтарым көп. Бүкпесiз ағынан жарыламын. Осы уақытқа дейiн сендер маған бас иiп келсеңдер, ендi мен сендердiң iзгiлiктерiңнiң алдында басымды иемiн, асау жүрек, абзал ұрпағым. Қалған ғұмырымда сенiң тiлеуiңдi тiлеумен өтермiн. Тек сен аман болшы!..”



СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

ОППА

«Бейбiтшiлiк» көшесiмен кiлт оңға бұрылып, өрге қарай маңдай түзегендерi сол, тау жақтан iшiн тарта лекiген өткiр ызғырық бетке инеше қадалды. Бағанадан берi талып естiлген толассыз сарын күрт күшейгендей. Жұлқына соққан желмен iлесiп жеткен айқай-сүреңнiң сiлем-сiлем жаңғырығы құлақ түбiнен қаңқ етiп өте шығады. Сәлден соң қасқа жолдың тұйығынан Алаңның төбесi де қылт-қылт көрiне бастаған. Құжынаған қара-құрым халық. Ат шаптырым алаңқайды жел шайқаған теңiз бетiндей буырқана кернеп тұр. Ұлыған сирена, айғай-сүрең, иттiң абалағаны ию-қию ауаны тiтiрентедi.

Сыбағадан құр қалатындай делебелерi қозып, алды жүгiрiп, соңы шұбатыла бүлкектеп ентелей түскен. Бiрақ көздеген тұсқа жетiп үлгiрген жоқ. Алаңдағы теңселген халық кенет шапши толқып, кенер бұзған тасқындай көше-көшенiң бойымен сөгiле жөңкiсiн. Еңiске қарай сарқырай төгiлген қара тасқын, қапелiмде не боп, не қойғанын бiлмей үрпиiсiп жол жиегiне қарай ығыса берген бұларды жаңқадай iлiп ала жөнелген.

Қасындағылардың қайсысы қайда қалғанын бiлген жоқ Сәбира. Қара нөпiрдiң қақпайымен дедек қағып безiп келедi аяғы-аяғына жұқпай. Жүрегiн үрей буған. Шыңғырған дауыс, сарт-сұрт соғылған темiр шыңылы, иттiң арпылынан құлақ тұнады. Теңбiл сары күрте киген темiр қалпақты пәлелер мың-сан киiкке түре тиiскен үйiрлi аш жолбарыс дерсiң. Топ ортаға тұс-тұстан сыналай кiрiп, қолдарындағы тұтымдай жерiнен басқа өзегiндегi темiр шыбығы жалаңашталған дубинкамен, не кiшкентай қолкүрекпен жеткен адамын бас демей, көз демей құлаштап салып қалады. Соққы тиген сорлылар «аh» деуге шамасы келместен тұмсығымен жер сүзе сылқ етiп сұлай-сұлай кетедi. Азуы ақсиған қасқыр иттер құлағын жымыра атылып, тырнағына iлiккенiн домалата жұлмалап ол жатыр. Алда-жалда жандәрмен амал қылып, қанды шеңгелден босап шыққандарда ес-түс жоқ. Үстi-бастары алба-жұлба, қан-жоса, қалай қашарын бiлмей мәңгiрiп тұрғаны. Екi зұлматтан сытылсаң, құтқармайтын үшiншi тажал тағы бар – тырағайлаған нөпiрдi тақымдай қуған машина. Қып-қызыл өрт машинасы. Тас төбесiндегi жалғыз көзi мың құбылып ойнақшыған жалмауыз. Ысылдай өкiрiп, бұрқыраған мұп-мұздай ақ тасқынмен оңды-солды осып өткенде қалпақтай ұшырады. Сыпыра қуып, Алаңды «қоқыстан» тазалап келе жатқандай.

Самсаған қарулы әскер, азулы итке жалаң қолмен не iстемек. Әркiм өз жанымен қайғы. Қолдарына iлiккен таяқ-кесекпен қорғана соғысып, солдаттың дубинкасын жұлып алып, өзiне қайыра сiлтеп, қайрат көрсетiп жатқандар бiрен-саран. Бас сауғалап, қуыс-қалтарысқа жырыла сiңiп, дүркiрей қашқан халық. Бiреуге бiреу қайрылар емес. Ыңырсып, сұлап жатқандардың үстiнен аттай-маттай безiп барады.

Сәбира да тырағайлап келедi көп дүрмектiң iшiнде. Ес-түс жоқ. Құтылмас қанды қасапқа түскендей. Айналасындағы сұрапыл сойқанды көрген сайын жаны ышқынып, топ ортаға қарай ұмтылады кимелей. Сәл шеттеп қалса, арсылдай жұлқынған иттiң бiрi ала түсiп, не солқылдақ темiр шыбыртқы қауашағын қақ айырардай зәре жоқ. «Құдай-ай, өз басына өзi тiлеп алған не соры бұл. Ендi қайтпек!» Шұбатылған шарқаттың бiр ұшына аяғы шалынып мұрттай ұшқан. Бiр аунап, атып тұрды да, қайта зымырай жөнелдi. Оң тiзесiнiң удай ашып ауырғанына да қарар емес. Ауаға аппақ доға сыза қалықтап кеп жол ортасына қонған түбiт шарқат жөңкiген табандардың астында шалшыққа шашқан қардай ерiп жоқ болды. Құймышақ қағар тоқпақтай сыңар бұрым тарқатылып, тоқымдай қара бұлт төбесiне ойнап шыға келгендей, жайыла толқып, жарты денесiн жауып алды. Қара құйын дөңгелене ұйтқып, бiресе көз алдын бүркейдi, бiресе серпiле лықсып арқасына төгiледi. Өнебойы қансорпа. Маңдайынан тарам-тарам жосыған ащы тер көзiне құйылды. Қанаты жоқ демесең, табаны әр жерден бiр тиiп, ұшып келе жатқан сияқты. Бiрақ темiр шыбыртқының ауаны осқылаған ысылы мен иттiң ырылы iзiнен қалар емес, қайта сәт сайын адымын қысқартып, әне-мiне желкеден ала түсердей.

Бiрте-бiрте қасындағы дүркiрей жосыған топтың да қарасы сирей бердi. Тарыдай шашылып, үй-үйдiң жықпыл-қалтарысына жып етiп сiңiп, жоқ болып жатыр. Бiр қараса, жалғыз өзi безiп келедi екен қаңғалақтап. Қай жерге келдi, қайда барады – белгiсiз. Сансыраған санасын қамшылаған бiр-ақ ой: қарғыс атқан бұл маңнан тезiрек қарасын батыру керек, әйтпесе құрығаны. Жаны мұрнының ұшында. Қалай құтылмақ? Аңырайған апан ауыз подъездердiң бiрiне кiрiп кетiп, бой тасалай тұрса ма абыр-сабыр басылғанша? Бiрақ жұртқа сенiм бар ма. Көлеңкесiнен үрейленiп көзi шатынаған белсендi шал-кемпiрдiң бiрi шар етiп, ұстап бермесiне кiм кепiл! Көшенi қуаламай iз тастап, аула-ауланың арасымен жүгiрдi. Түксиген сұрғылт үйлер, сидиған ағаштар дөңгеленiп қалып жатыр.

Аз жүрдi ме, көп жүрдi ме, бiлмейдi. Аяғын сүйрете басып, iлбiп келе ме? Жоқ, бәлкiм, табаны жер иiскемей үкiдей ұшып келе жатқан шығар? – ол жағын бағамдайтын халде емес. Көз алды шұбартып бұлдырай бастады. Көлденең бiр арықтан аттай берем дегенде – екi өкпесi өшiп жеткен жерi осы ма, әлде аяғы тайып кеттi ме – мұрынымен шаншылып, етпетiнен түстi. Қарсы бет биiк, жарлауыт екен, жамбастай сырғанап арықтың iшiне құлады. Тұруға талпынған жоқ. Әбден сiлесi қатыпты. Бұрлыққан тән ой-сананы бұғаулап, үрейдi жеңген. Не болса, о болсын деген бiр бойкүйез хал. Арықтың iшi омбы қар. Аула сыпырушылар айналадағы кешелi-бүгiн жауған қардың бiразын осында күреп нығарлап тастаса керек. Күмп етiп жантая шөккен денесi жарым-жартылай көмiлiп қалды. Шiркiн, терең оппаға бiр-ақ сүңгiп кетсе ғой – көзден ғайып болатын. Тұрғанда не бiтiредi? Әл жоқ. Қаштың не, қашпадың не тәлтiректеп. Одан да сәл тынығып, ес жиып алғаны дұрыс. Үстiнен түспесе, сырт көз байқай қоймас. Қар да ақ, тоны да ақ. Тек мына қобырап, жер-көкке жайылған шашы құрғырды көрмесе болғаны, ұшынан уыстай ұстап, қойнына жұмарлай тықты да, жағасын көтердi. Мойынын iшiне алып, бүрiсiп, қауашағына тығылған құрттай, тонның iшiне кiрiп барады. Иығын ырғап, күпсе қарға сұғына түскен.




Төртiншi тарау
Тоғызыншы тарау
Он бірінші тарау
Он алтыншы тарау
Он тоғызыншы тарау
Жиырма үшінші тарау
Жиырма төртінші тарау
Жиырма бесінші
Жиырма алтыншы тарау
Жиырма тоғызыншы тарау
Отызыншы тарау
Отыз үшінші тарау



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу