Жертөледегі жазу



бет8/29
Дата19.12.2016
өлшемі5,73 Mb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   29

3

Қанша ұйықтағаны белгiсiз, әлдекiмдердiң дабырлап сөйлескен дауысынан оянып кеттi. Купе iшi алакеуiм. Әлдебiр күлiмсi өткiр иiс танауын жарып барады. Купеде бiреу жатыр ма деп көз қыдыртып едi, ешкiм жоқ, жалғыз өзi. Коридордағы топырлаған аяқ дыбысы жақындап кеп тоқтады.

– Вагонда қазақтар бар ма? – дедi қарлығыңқы, қатқыл еркек дауысы.

– Үшiншi купеде бiр кемпiр мен бiр балалы әйел бар. Басқа қазақ жоқ, – дедi проводник.

– Мына жатқан кiм?

– Ә, бұл өзбек жiгiтi ғой.

– Оны қайдан бiлдiң?

– Ана iлулi тұрған ала допысын қарамайсыз ба? Новосибирде отырған, жол бойы әңгiмелесiп келдiк.

– Қайда барады?

– Билетi Ташкентке дейiн.

– Байқа, старик, Алматыға дейiн тоқтаған жерде қазақтың қыз-жiгiтiн отырғызушы болма! Зорлықпен басып кiрсе, дереу бригадирге хабарла. Ұқтың ба?

– Мақұл... Не боп қалды, старшина жолдас? Қылмыскерлердi iздеп жүрсiңдер ме?

– Онда сенiң шатағың болмасын! – Есiк аузына кептелген қара көлеңке жалт бұрылып, сарт-сұрт нық басқан аяқ дыбысы бiртiндеп алыстай бердi.

Әзиз-Сұлтан көзi бақырайып жатқан орнында қимылсыз қатты да қалды. Бiр үрейлi сезiм көкiрегiн аяздай қарып өттi. «Япыр-ау, мыналардың жүрiсi қандай жаман едi! Ұры-қары, түрмеден қашқан қылмыскердi iздесе, бүйтiп даңғара қақпай, ақырын еппен жүрiп тексермей ме. Алматыға дейiн қазақ бiткендi поезға отырғызба деген не сөз? Әлде Алматыда бiрдеңе боп жатыр ма?»

Сырп-сырп басып акасын келдi қасына:

– Жаңа сасқалақтап жүрiп, күдiктенбесiн деген оймен iле салып ем, – деп бұның бас жағындағы iлулi тұрған тақиясын алып басына кидi. Бағанадан берi қолаңса иiстiң қайдан шығып тұрғанын Әзиз-Сұлтан ендi бiлдi.

– Неменеге қапылып жүр бұлар?

– Ит бiлiп пе. Қаптаған әскер. Вагон-вагонды тiнтiп, қазақ iздеп жүр. Қыз-жiгiттердi әй-шәй жоқ, жүктерiн қолдарына ұстатып штаб-вагонға тоғытып жатыр. Қазiр Қапшағайға тоқтағанда түсiрiп алып қаламыз дейдi.

Әрi-берiден кейiн дөңгелектiң тиген жерi даңғырлай дүниенi басына көтерiп, әлдебiр көлеңкелер терезе сыртынан қылт-қылт қамшы сiлтеп қалып жатыр. Поезд көпiр үстiмен өтiп келедi екен. Көп ұзамай аңырай боздап самаладай жарқыраған перронға келiп тоқтаған. Вокзал басы ығы-жығы халық. Арлы-берлi өтiп жүргенде бұл жерде мұншама жұрттың ентелегенiн көрiп тұрғаны осы. Поезд тоқтар-тоқтамастан бiрiн-бiрi баса-көктеп жапатармағай лап қойды. Денi жастар. Олар жетем дегенше қаптаған солдат алдарын орап, вагон-вагонның есiк алдына үш-төрттен тұра-тұра қалды. «Шығатын ешкiм болмаса, ашпа есiктi!» дедi проводникке бұйырып. Қалың тобыр оңды-солды лықсып, состав бойымен шашырай созылып барады. Вагон алдында топырлаған жиырма шақты адам солдаттармен ырғасып тұр:

– Ей, сержант, давай, есiктi ашқыз!

– Болмайды.

– Неге?


– Бұйрық солай.

– Бұйрығыңның әкесiн ұрайын! Тұр былай!

– Тарт қолыңды! Қару қолдануға хақым бар!

– Осылармен былшылдасып тұрамыз ба, быт-шытын шығарайықшы!..

– Әй, жiгiттер, сабыр-сабыр. Қызбаланбаңдар!

– Өстiп қойша үйiрiлiп тұра беремiз бе? Алдыңғысынан да қалдық!..

Сол екi арада поезд оқыс лықсып орнынан қозғала берген, сырттағы айқай-шу жаныға өршiп, сатыр-сұтыр тас жауды да кеттi. Коридордағы екi терезе салдыр-гүлдiр қирап түстi. Есiрiк айқай-шумен жарысып мылтық атылды аспанға. Алып денесiн ұршықша үйiрiп лезде жүрiсi шираған поезд ию-қию сойқаннан басын арашалап қашқандай, қараңғы түннiң қойнына қара жыланша сүңгiп барады.

?????? ?????ОНЫНШЫ ТАРАУ

ЖАУҚАБАҚ

1

Көкiрегiн ой кемiрiп, Геннадий Васильевичтiң оңаз көңiлiмен шала ұйқы боп жүргенiне қаншама күн. Екi айдан асқан шығар. Бiр қуанады, бiр үрейленедi. Төбесiн көкке жеткiзердей жақсы лепес болса да iшiнен күдiк балалап, япыр-ай, қалай болар екен деп уайымдап бiттi.

Егор Кузьмичпен ежелден сәлемi түзу болатын. Адуынды, тiк мiнез болғанымен өзiм деген кiсiге алды ашық, жайдары, ығына жығылып, ақыл-кеңес сұрап, кiшiрейiп тұрсаң, тiптен қолқ ете түседi. Орталық Комитетке Екiншi хатшы болып сайланғаннан берi бiрнеше рет қабылдауында болып, жылы шыраймен ұзақ-ұзақ әңгiмелескен. Сол кездесулерден жақсы әсерде қалса керек, екi-үш дүркiн өзi телефон шалып, хал-жағдай сұрағаны да бар. Е, ол да ой-сезiмi, жүрегi бар жұмыр басты пенде емес пе. Шарт етпе, шатақ мiнез, сұсты жүзiнен айбынып ешкiм жуымаған соң, мұң шағып, сыр бөлiсер дос iздеп жалғызсырайды ғой. Ықыласы ауып, мұны өзiнше тiлеулес санайтын шығар. Бұл басқаратын облысты жақында аралап, кетерiнде оң қолымен иығынан орай құшақтап, өзiмсiне бауырына тартқан:

– “Гена, қашанғы қайықта ескек есiп жүресiң? Үлкен кеменiң капитаны болатын кезiң жеттi емес пе?” – “Е, ол сiздердiң қолдарыңыздағы iс қой!” дегендей, бұл жымиып қараған. Ішi жылып қоя бердi. Грузияның бiраз жыл Екiншi хатшысы болып ысылдым, ендi алдымда биiк баспалдақтар күтiп тұр деп екi алақанын ысқылап жүргенде, қайдағы бiр елеусiз облысқа басшы ғып жiбергенге өкпелеп, қатты ширыққан. Кузьмичтiң мына емеурiнi сол өшкен үмiтiне қайта шырақ жаққандай, Орталық Комитеттiң, ең болмаса, бiр бөлiмiн басқаруға шақырып тұр ма деп емексiп қалған.

–“Қазақстанды басқаруға қалай қарайсың?” – дегенде, қуанудың орнына шошып кеттi. Ойлағанынан екi есе асып түскенге абдырап тұр.

– “Қазақстан үлкен республика ғой. Экономикасы өте күрделi...” — дедi күмiлжiп. Кузьмич жадырай күлiп арқасынан қақты:

– “Онда не тұр? Ұлттық республикада iстеген тәжiрибең бар. Облыстағы көрсеткiшiң жақсы. Ойланып-толғанып сенiң кандидатураңды қолай көрiп отырмын. Михаил Сергеевич Қонаевты қырына алып жүр. Ой-санасы икемсiз, ескi түсiнiктегi кәрi қақсалдардан құтылу керек қой. Лайықты кiм бар, iзде деп маған тапсырған болатын”.

– “Бiлмей тұрмын, Егор Кузьмич. Сенiмiңiздi ақтай алам ба, жоқ па ойланып көрейiн. Қазақстан, қалай дегенмен, советтiк республикалардың қай-қайсынан да орыны бөлек, үлкен ел ғой...”

– “Сен ойланғанды қой, Гена. Тартынба, қорқатын ештеңе жоқ. Ұлттық республика деп жүрексiнiп тұрғаныңды бiлемiн. Бiрақ Қазақстан – Грузия емес. Ұлттық республика деген аты ғана. – Жартысына жуығы –
өзiмiздiң орыстар. Қазақтың саны қырық процентке де жетпейдi. Оның үштен бiрi өз тiлiн бiлмейдi. Орыс тiлдiлер. Кавказдағыдай ұлтшылдық көңiл ауаны жоқ. Ұлттық тiл, тарих, мәдениет деп бықсуды бiлмейдi. Нигилистер. Бiз үшiн бұл – өте қолайлы фактор. Орталық Комитет жан-жақты қолдау көрсетiп отырады. Еш қиындығы жоқ”.

– “Ендi сiздер сенiм артсаңыздар...” – деген бұл сыпайы сызылып.



– “Жарайды, Михаил Сергеевичпен ақылдасып
көремiн. Алаңдамай жұмысыңды iстей бер!” – деп, Кузьмич қолын сiлкiлей қатты қысқан ұшақтың баспалдағынан көтерiлiп бара жатып.

Қалай алаңдамасын. Әлденеге емексiп күткен қандай қиын. Не күлкi, не ұйқы жоқ, Бас хатшы не дер екен деп күптi көңiлмен елегiзiп дөңбекшумен болды. Ақыры сәтiн салып, бiр айдан кейiн Михаил Сергеевичтiң батасын алған. Сонда ғана жүрегi орнына түсiп уһ деген. Бiрақ ол қуанышы ұзаққа барған жоқ. Көңiлiне басқа бiр күмән кiрiп, өз-өзiнен қобалжып байыз таба алса кәне. Республиканың хал-ахуалын зерттеп бiлмек болып, талдау мәлiметтерiмен танысып едi, төбе шашы тiк тұрды. Тұрғындардың қырық процентке жетер-жетпес бөлiгi қазақ болғанмен, басшы кадрлардың сексен проценттен астамы қазақ екен. Аудан басшыларынан бастап Орталық Комитетiң хатшысы, Бюро мүшелерiне дейiн солай. Ұлттық баланс сақталмаған. Қонаев тiзеге салып, өзiнiң қазағын өсiре берген. Бәрi соның кадрлары. Ертең олар бұған жұмыс iстеткiзе ме? Жұмысты айтасың, әуелi бекiп алсыншы. Қазiр, қалай дегенмен, демократия, жариялылық заманы, саяси көңiл ауаны, атмосфера басқа. Мұның кандидатурасын КПСС Орталық Комитетi ұсынғанмен, формальдi түрде болса да, республика партия ұйымының орталық органы бекiту керек. Қонаевтың кадрлары өре түрегелiп: “Бiз Москваның шешiмiмен келiспеймiз, республика партия ұйымының көз қарасы басқаша!” деп қарсы шығып, қасарысып отырып алса не iстейдi. Ондай мысал Өзбекстанда, Кавказ республикаларында болған. Бас хатшы айтты – бiттi деп арқаны кеңге салуға болмайды. Жүрегiне инедей қадалған осы қобалжудан кешегi Пленумға дейiн арыла алған жоқ едi. Мәжiлiс өтерде қалай болар екен деп қатты толқыған. Шытынаған маңдайына шып-шып бөртiп шыққан суық тердi төрт бүктелген қол орамалымен қайта-қайта құрғатып әлек. Дес бергенде, бәрi ойлағанынан керiсiнше болып шықты. Қауiпi бекер екен. Разумовский жолдас аузын ашып сөйлей бастағанынан сиқыршының дуасына арбалғандай, зал бас шұлғумен болды. Мұның атын атап, Орталық Комитет Бiрiншi хатшылыққа осы кiсiнi ұсынып отыр дегенде, ду қолшапалақтап, орындарынан ұшып-ұшып тұрмасы бар ма! Бұл өз көзiне сенген жоқ. Қуанар-қуанбасын бiлмей, әуелгiде сазарып отырып қалған. “Ойпырмай, сабазым-ай, бетi бүлк етпейдi-ау, неткен маңғаз едi!” дедi ме, алақан дыбысы одан сайын үдей түстi. Бұл амалсыз орнынан көтерiлiп, басын изегеннен соң барып саябырсыды, орнына қайта жайғаса берiп, көзiнiң қиығын Қонаевқа салған. Қолын столдың үстiне айқастырған күйi кеудесiн шалқап ұстап, мiз бақпай мелшиiп қалған. Өңi сәл қуқыл тартқанмен ешқандай сыр берер емес. Сол сәт қарияны бiртүрлi аяп кеттi. “Бейшара шал осыларға да дос, серiк деп сенiп келдi-ау. Мiне, сынап, мiнеп жатқанда араша түсiп, бiрауыз сөз айтуға жараған бiреуi жоқ.” Адамшылық түсiнiстiкпен сәл босаңси бердi де, iле: “жоқ, ылғи жалтақ, жағымпаз сатқындарды жинап ал деген кiм бар оған? Бәрiне өзi кiнәлi!” деп қайтадан бойын қатайтып алған. Пленум бас-аяғы он жетi-ақ минутта бiттi. Талас-тартыссыз бейбiт. Шала мас мылжыңның бiр тос айтқанындай ғана уақытта бар мәселе шешiлдi. Қарияға шынында да обал болды, Разумовский жөн бiлетiн көшелi басшы сияқты едi, Орталық Комитеттiң атынан келiп тұрып, жаман-жақсы болсын, бар өмiрiн партияға арнаған адамға бiр ауыз жақсы сөзiн қимағанға қайран. Бас хатшының қас-қабағына қарай құлап, өзiнше принцип ұстағаны ма? Әйтеуiр көңiлге оғаш, томпақтау нәрсе. Мәжiлiс бiтiсiмен Қонаев мұның қолын алып: “Қызметiңiзге табыс тiлеймiн!” деп қысқа қайырды да, бұрылып жүре бердi.

Бұл баспалдақпен төмен түсем дегенше залдағы жұрт жамырай лап қойды. Қаумалап жiберсейшi. Қаз-қатар тәртiппен сызылып кезекпе-кезек қол созады. Әрқайсысы уысынан жiбермей қолын ұзағырақ қысып, есiнде қалуға тырысып, соншалық махаббатпен мүләйiмсiп мейiрлене қарайды. Көрмей-бiлмей жатып бiрден лап етiп оянған неткен ыстық сүйiспеншiлiк десеңшi. Кеше ғана Қонаевқа да дәл осылай шексiз махаббаттарын арнаған пақырлар ғой бұлар. Қонаевпен бiрге жiбермей махаббаттарын алып қалыпты. Сонда бұлардiкi Бiрiншi хатшылық лауазымға арналған штаттық сүйiспеншiлiк пе? Жылбысқы, жабысқақ алақандардан жиiркенiп, қолын тезiрек тартып алуға тырысады. “Бiз сiздi сүйемiз ғой, сүйемiз! Ох, қалай сүйемiз!” деп жасаурай жыпылықтаған көздердiң қоршауынан әзер құтылған. Қолын сабындап екi рет жуды. Сонда да лас бiрдеңе ұстағандай бойы тiтiркенiп, көпке дейiн жиiркенiштi сезiмнен айыға алған жоқ.

“Бұлардан түгел құтылу керек. Бiрiн қалдырмай қуамын, сатқындардың маған қажетi жоқ! – дедi Қонаев мiнетiн қара “Чайканың” артқы орындығында шайқалып келе жатып. Келесi сәтте бұл ойынан кiлт айныды. – Жо-жоқ, осындай масайраған қуаныш үстiнде қытымырланып қайтедi. Кеңдiк керек емес пе? Әзiрге ешқайсысына тимейдi. Мұның алдында кiшiрейгенмен өздерiнше кереметпiн деп дүрдиiп жүрген дөкейлер. Жауды көбейтiп қайтедi. Қайта қорқытып ұстағанға жақсы. Сатқында иман жоқ, жалтақ. Қолында бiр күн билiгi бар адамға жағыну үшiн жанын салады. Бiрiн-бiрi сатады, жарамсақтанып, бiрiнен бiрi асып түсуге тырысады. Бұған керегi де осы емес пе?»

Көңiлi жайланып жаңа хатшы бүгiн бiр алаңсыз ұйықтамақ болған. Қайдан! Көз алдынан ертеңгi iстер жұмыстарының сан қилы елесi көшiп, ақ төсектiң үстiнде алабұртып, аунақшып кiрпiгi iлiнсе қане. Түннiң бiр уағында талықсып барып әзер тыншыған. Астынан су шыққандай таңсәрiден оянып алды. Талай күннен берi үмiт пен күдiк алаңдатып, ойдан қажып жүрсе де шаршаудың нышаны жоқ. Бойы қунақ, қимылы ширақ. Жаңа қызметтiң буы көтерiп, өрекпiген қуаныш байыз тапқызар емес. Күш-жiгерi тасқындап, тау болса да төңкерiп тастардай құлшынып тұр. Тағатсызданса да жұмысқа құлқынсәрiден қылқиып барып алғанды ерсi көрдi. Шофер, күзетшi, тағы басқа ұсақ-түйек қызметкерлер не ойлайды? Ұшып-қонған мазасыз бiреу екен, болмаса “о, түк көрмеген бейшара, таң атпай жатып елпектеп жетуiн қарашы!” демей ме. Керiсiнше жұмысқа он минуттей кешiгiп, күмпиiп, маңғазданып келген. Түнiмен стол, кресло, жолкiлемнiң бәрiн ауыстырып, кабинетiн жаңалап қойыпты. Талғамына лайық, әр зат көз қуантады. Айналасын барлай шолып, мiн iздесе де, ештеңе таба алмады. Бәрi орнында, тап-тұйнақтай. Мұның әдет-дағдысына дейiн бiлiп алған сияқты. Таңертең жұмысқа келген соң бiраздан кейiн кофе iшетiн. Ешкiм айтпаса да сағат-минутында хатшы келiншек бетiн ақ орамалмен жапқан подносты қалықтатып әкелiп алдына қойды. Алуан түрлi миуа. Кофенiң нiлi шыны-аяқтың шетiне жұғады. Буы бұрқырап дәл бабында. Дәмiн ала, сырбаздана ұрттады. Ернеуiне алтын жалатқан көкшiл шыны-аяқты орталап барып тоқтаған. Креслоға шалқалап, тершiген маңдайын қол орамалмен майпоздай сүрттi де, айналасын тағы да қыдырта шолып өттi. Көзi сүйсiнiп, көңiлi тасыды: салтанаты асқақтаған кең кабинет. Сол қапталдағы қабырғаны тұтас жапқан Қазақстан картасы. Жарты Европа, төрт Франция құшағына емен-еркiн сиып кетердей. Осынау алып ел, шалқар кеңiстiктiң ендiгi қожасы – өзi! Басына қонған осынау баққа сенер-сенбесiн бiлмей, масайраған қуаныштан жүрегi өрекпи соқты. “Шүкiр, шүкiр!” дедi iшiнен, көз алдына Христостың бейнесi емес, Егор Кузьмичтiң мейiрiмдi жүзi елестеп. Ыстық кофенi сораптан қойып, алдындағы текшеленген қағаздарды бiр-бiрлеп қарауға кiрiскен.

Есiк сықырсыз ашылып, хатшы келiншек босағадан имене бас сұқты:

– Миронин жолдас келiп тұр.

– Кiрсiн.

КГБ-ның төрағасымен кеше Пленумнан кейiн танысқан. Төбе шашы жиди бастаған, сидам денелi, жiгiт ағасы. Жүзi жылы адам сияқты көрiнiп едi, бүгiн көксұрланып, қанын iшiне тартып алыпты. Салқын амандасып, қарсыдағы креслоға сылқ етiп отыра кеттi.

– Жайсыз хабар әкелдiм, Геннадий Васильевич!– дедi жақ еттерi шақпақтана ойнап. Хатшы ол не хабар дегендей сұраулы жүзбен қарады. – Бүлiк шықты. Халық Алаңға ағылып келiп жатыр. Қазiрдiң өзiнде бес мыңдай адам жиналды. Қаланың дерлiк барлық ауданы толқып, дүрбелеңге түсуде. Транспорант, плакат көтерген жастар көше-көшеде лек-лек боп осылай қарай беттеп келедi. Шұғыл шара қолданбасақ, жағдай асқынып кетуi мүмкiн!

Айтуаров пен КГБ төрағасының қитұрқысынан жаңа хатшы бейхабар едi.

– Не айтып отырсыз, қайдағы бүлiк? – дедi дауысын қатайтып. Сыр бермегенсiп сiресiп отырғанмен стол шетiн мыти ұстаған саусақтарын дiрiл шерткiледi.

– Дүмпу бүкiл қаланы шарпыды, Геннадий Васильевич. Мұның аты көтерiлiс! – Өнбойынан ызғар шашқан үрейлi сөздiң Миронин әр әрiпiн шегелеп айтты. – Сенбесеңiз терезеден қараңыз. Еркiне қоя берсең, есiрген халық осы үйге басып кiрейiн деп ентелеп тұр!

Бұл жерден Алаң көрiнбейдi. Кабинеттiң терезелерi шығыс пен күнгейге қарайтын. Екеуi орындарынан тұрып, қалтарыстағы демалатын бөлмеге кiрдi. Жиһазбен жасанған кең, шаршы бөлме. Екеуi қатарласа тұрып терезеден үңiлген. Хатшы денесiн ток ұрғандай селк ете түстi. Басы кекжиген күйi сiлейiп тұрып қалды. Жаңа Миронин “бес мыңдай” дегенде аңырып отырып қалғанмен, қорқыныштан гөрi таңырқауы басым боп, ойына дәл мұндай елес оралмаған. Толқыған қара теңiз. Ышқына бiр лықсыса, қара тасқын жолындағыны жаңқадай қағып жайпап өтердей.

– Мынау... мынау – бунт емес, революция ғой! – Ерiндерi көгiстене дүрдиiп икемге келер емес. – Сонда бұлардың талабы не? Не қылмадың дейдi?

– Пленумның шешiмiне қарсы. Бiрiншi хатшының орыс болғанына қарсы.

– Бәрiбiр емес пе. Орталық Комитет солай шештi – бiттi!

– Оларға бәрiбiр болмай тұр. Әбден ұлтшылдықпен уланған.

– Бұл сұмдық екен!.. – Хатшы екi санын сарт ұрып, шарасыздана күрсiнген. Іле қас-қабағын аңдыған адамның алдында әлсiздiк танытқанына өкiнгендей, бойын жинап ала қойды. – Осыншама тобырдың жиналуына қалай жол бердiңiздер? Қырағы чекистер қайда қарадыңыздар? –


дедi кекете ширығып. – Мына түрлерiмен iшке басып кiрулерi мүмкiн. Нендей шара қолдандыңыздар? – Жүре сөйлеп кабинетке қарай беттедi. – Әскер қайда? Милиция қайда? Неге бұларды қумайды?

– Қауiпсiздiк шараларын жасап жатырмыз, Геннадий Васильевич! – дедi Миронин өң-бояусыз шыңылтыр дауыспен. – Орталық Комитет үйiне, телевидение тағы басқа стратегиялық мәнi бар объектiлерге күзет қойылды. Екi полк әскер Алаңды қоршап тұр. Ал демонстранттарды қууға, күш қолдануға келсек, ол – Орталық Комитеттiң ғұзырындағы мәселе. Күштеп таратқан жағдайда, iс насырға шабуы мүмкiн. Қан төгiс болуы ғажап емес.

– Сiз не ұсыныс айтасыз?

– Бейбiт жолымен шешу жағын қарастырған жөн. Әуелi үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзiп көрейiк. Халыққа сыйлы, ауызы дуалы деген интеллигенция өкiлдерi жастардың арасына барып басу айтсын, ақылға шақырсын. Жастардың бiр талабы – Қонаев алдымызға шықсын, мән-жайды өз аузынан естиiк деп отыр. Несi бар, ол талапты да орындауға болады. Жастардың аптығын басып, райдан қайтуына көп септiгi тиюi мүмкiн. Бұл жерде әрине, ұлтшылдық пиғылдағы көрнектi тұлғалардың ықпалынан абай болған абзал. Олар отқа май құюы ықтимал. Мәселен, Сүлейменов сияқтыларды Алаңға жолатпай, изоляцияда ұстау керек.

Мирониннiң бұл сөзi хатшының көкейiне қонды. “Төбең тегiн жылтырай бастаған жоқ екен!” деп қуақылана жымиып қойды iшiнен.

– Сiзге толық қосыламын! – дедi столға шынтақтай ұмсынып. – Дереу штаб құрып, осы iстi өз қолыңызға алыңыз. Қарулы күштер мен барлық тәртiп қорғау органдарының басшылары тiкелей Сiздiң нұсқауыңыз арқылы әрекет етсiн. Істiң барысы туралы маған үзбей хабарлап тұрыңыз!

– Құп болады!

Әскери адамның жiтi қимылымен нық басып ұзай берген Миронин есiктен шығып кеткенше iзiнен көз айырған жоқ. Ішiнде ит өлiп жатса да бетiнiң бiр талшығы бүлк етпейтiн осынау адамның сабырлы сөзi, байсалды қимылы жiгер бергендей көңiлi сәл де болса орнығып, креслоға салмақтана шалқайды.

Үрейi сейiлiп ес жиғанмен түс көргендей мең-зең боп ұзақ отырды. Кешегi көл-көсiр хошамет пен мына терезе сыртындағы қорқынышты көрiнiс көз алдына алма-кезек елестеп, қайсысына сенерiн бiлмей дал. Қандай парадокс. Кеше партиялық элита осы жерде таласа құшақтап, махаббаттарын бiрiнен-бiрi асыра бiлдiргенде бүкiл республиканың ыстық құшағында тұрғандай көңiлi шалқыған, күллi Қазақстан халқы қолын қысып хош келдiң деп жатқандай сезiнген. Аңқау басы “халық пен партия бiртұтас” дейтiн қалыптасқан қағидаға қапысыз иланатын. Тек бұл жерде олай болмай шықты. Бұлардың партиясы да, патшасы да Қонаев сияқты. Кеше кең залда қасына жан адам жуымай бiр шетте сорайып жалғыз қалғанда, өзiн тiптi, бiртүрлi мүсiркеп едi. Сөйтсе оның жақтастары да, жанышырлары да сыртта екен. Мiне, партияның шешiмiне қарсымыз, орыс керегi жоқ деп шулап тұр. Михаил Сергеевич тiсiн тегiн қайрамайды екен ғой. Сорайған қақпас айналасын әбден былықтырып бiтiрiптi. Жиырмасыншы ғасырдың аяғында ұлтшылдық ұранын бықсытқан қандай сорақылық. Феодалдық жабайылық қой!

Қаны қарайып, қазақ та, Қонаев та көзiне құбыжық боп көрiндi. “Мен сендерге ұлтшылдықты көрсетейiн! –


дедi шеке тамыры шодырайып. – Демократия дегенге есiрiп, Құдайларыңды танымайын деген екенсiңдер. Жындарыңды қағып алайын!” Ашуланғанда отыра алмайтын әдетi, орнынан серпiле тұрып, қолдарын арқасына айқастырған күйi, есiк пен төрдiң арасын ұзақ шарлады. Осылай келерiнде, бұл қандай ел, нендей халық, үстiрт те болса, мәлiмет алмақ боп бiраз тарихи жазбаларды парақтаған. Филолог қызынан сұрап көрiп едi, әйел заты әсерленгiш халық қой, көзi шоқтай жайнап, жетi қат көктi шарлап кеттi қиялымен. “Папа, қазақты, Қазақстанды бiлгiң келсе, Олжас Сүлейменовтi оқы! Гениальный поэт и философ! Это фономен. В нем сочетаются Запад и Восток, Прошлое и Настоящее. Осындай ұл туған халықты қалай жақсы көрмессiң!” деп ақынның бiрнеше өлеңiн жатқа оқыған. Рас, сiлтесi бөлек. Көз алдыңда құйындатып арғымақ шауып бара жатқандай, елеуретiп делебеңдi қыздырады екен. Бiрақ ақын жырларындағы сарын ұнаған жоқ. Кешегi Алтын Орда империясының туын ұстаған, Русьтiң төсiнде ат, төбесiнде қылыш ойнатқан осы халық емес пе? Сол астам көкiрек, асқақ мерейдiң тасқынды лебi еседi. Бiрақ мұны ақынның өз мiнезi, тепсiнген өз темпераментi деп ойлаған. Сөйтсе ол желiк, арын бүкiл халықтың бойынан әлi арылмаған сияқты. Алдындағы қалың кiтапты парақтап отырып, шөкiмдей ғана халықтың осынау ұланғайыр жердi қалай иемденгенiне бiр қайран қалса, патша әкiмшiлiгiнiң де, совет үкiметiнiң де осы халыққа айрықша шұқшиғанына екi таңырқаған. Сонау саяхатшы атын жамылған Прежевальскийдiң iндет таратып тышқан жiберiп далада қырғын салғанынан бастап, ашаршылық, атом сынағы, тың игеру, орыстандыру сияқты үздiксiз жасалып келе жатқан эксперименттердiң сырын ендi ұққандай. Төмпештеудi көре-көре әбден жыны басылып мәңгiргендегi iстеп отырғаны мынау, басы асау күйiнде тап болсаң, қайтер едi?

Буын-буынына ерiксiз дiрiл жүгiре бастаған, iле iштей серпiле сiлкiнiп, бойын жиып ала қойды. Бес-алты мың шуылдақ желкесiн күжiрейттi екен деп абыржығаны қай сасқаны? Әскер мен милиция бар, Һайт десе, қазiр-ақ түте-түтесiн шығармай ма. Әзiрге, әлгiнде Миронин айтқандай, күш қолданбай бейбiт бiтiрудiң амалын iздестiрген жөн. Оған көнбесе, өз обалдары өздерiнде. Орталықтан көмек сұрап, дабыралаудың қажетi жоқ. Өздерi-ақ жындарын қағып алады. Бiр жағынан бүлiктiң шыққаны бап болды. Іскерлiгiн танытып, көрiнiп қалатын жерi осы.

Ажарланып, столына қарай асығыс адымдаған. Орнына жетем дегенше, есiк сықырсыз ашылып, Миронин төбесiнiң жылтыраған теңбiлiмен жарықты сүзiп, апыл-ғұпыл кiрiп келе жатты. Өкшесiн қадап басқан жаңағы мығымдық жоқ. Мойыны алға кетiп, еңкеңдей келiп столдың қасына тоқтады. Хатшы “иә, не жаңалық?” дегендей, генералдың сазарған жүзiне тiксiне қарап, үнсiз иек көтерген.

– Геннадий Васильевич, жағдай қиындап барады. Әр жақтан түсiп жатқан мәлiметтер көңiл қобалжытады. Бүкiл республика толқу үстiнде. Шымкенттен бiр эшелон жастар келе жатыр. Алматы маңындағы аудан-ауылдарға дейiн дүрлiгуде. Атқа мiнiп, сойыл ұстап, осылай келуге жасақтанып жатқан көрiнедi.

Хатшы толқынысын тысқа шығарған жоқ. Саусағымен мыти ұстаған қара қарындашты темекi шиырғандай ебелек айналдырып, сәл үнсiз қалды да:

– Сiз маған не болып жатқанын емес, не iстеп жатқандарыңызды айтыңыз! – дедi дауысы ызбарланып. – Қара аспанды төндiрiп ойбайлағаннан не пайда ендi? Әлде даңғыра қағып, қорқытып-үркiту ме сiздердiң жұмыстарыңыз? Осының бәрi сiздердiң шалағайлықтарыңыз. Қайда қарадыңыздар? Уақиғаның алдын орап, мұндайға жiбермеу керек едi!

Миронин iштей жағдайдың ушыға түскенiн қалайтын. “Қазақтар бұлқынғанда не қиратар дейсiң, өздерiнiң соры. Қайта бүлiгiп, былыға берсiн. Ертең науқан ұйымдастырғанға жақсы. Бұл дегенiң иыққа қонатын жұлдыз, биiкке жетелер лауазым баспалдағы”. Сондықтан мән-жайға онша қанық емес жаңа қожайынға уақиғаның бояуын қоюлата жеткiзiп, өз бағасын асыра түспекшi едi, бiрақ әккi неме алдын орап өзiне дүрсе қоя бергенде, ұрлығының үстiнен дөп түскендей абдырап жасып қалды.

– Алдын алғанда не iстей аламыз? – дедi мүләйiм тiл қатып. – Бәрiн бiлiп, көрiп отырдық. Митингке шығу – азаматтардың конституциялық правосы.

– Мың жерден конституцияда жазылса да социлизм мүддесiнен жоғары ештеңе жоқ. Қара-құра көрiне бастағанда-ақ Алаңға жуытпай тоз-тозын шығарып, таратып жiберу керек едi. Ендi дабыра, ұлы айқай!.. Жә, болар iс болды. Не шара жасап жатырсыздар?

– Қалаға кiретiн жолдардың бәрiн бақылауға алдық. Қарулы күзет қойылды. Шымкенттен келе жатқан эшелонды алдағы станциялардың бiрiнде тоқтату жөнiнде бұйрық берiлдi.

– Дұрыс! – дедi хатшы басын изеп. Мирониннiң иығы көтерiлiп қалды. – Алматыдағы аэропорт пен темiр жол вокзалдары уақытша жабылсын. Облыс орталықтарындағы жағдай қатаң бақылауға алынсын. Мына Алаңдағы тобырды қалай таратамыз? Өстiп шулап тұра бере ме?

– Әзiрге үгiт-насихат жұмыстарынан пәрмен болмай жатыр. Сiрә, күш қолдануға тура келетiн шығар. Шекара әскерi мен курсанттар, iшкi iстер бөлiмiнiң жауынгерлерi бұйрық күтiп сақадай сай тұр. Бiрақ операцияны бастау үшiн Орталық Комитеттiң шешiмi керек.

– Қан төгiс болады ғой!

– Әлбетте.

– Жарайды, ойланып көрейiк.

Миронин кеткеннен кейiн хатшы креслоға көмiлген күйi жағын таянып ұзақ ойланды.

Геннадий Васильевич батыл қимылдың адамы емес болатын. Ертеңi бұлыңғыр, былқылдақ тұсқа әсте аяқ баспайтын әккi, тек аброй табам-ау дейтiн iске ғана белсене кiрiсiп кететiн. Әрi бұрын мұндай қысыл-таяң жағдаймен бетпе­-бет келiп көрген емес. Сондықтан жауапкершiлiктен тайсақтап, әскерге бұйрық бергiзуге тәуекелi жетпедi. Ертең iс лаңға айналып кетсе қайтпек? Қалайда Москвамен ақылдаспай әрекет қылуға болмайды. Ол жақ иек изесе, қандай iстiң де шаңын аспанға шығаруға әзiр. Бас хатшыға бiрден шығуға жүрексiнiп, не ақыл қосар екен, ауанын байқайын деген оймен әуелi өзiнiң жебеушiсi – Егор Кузьмичке телефон шалған. Шалың тоят iздеген қырандай саңқылдап тұр. Аман-саулықтан кейiн:

– Иә, достым, барған жерiңдi шуылдатып жатырсың ба? – деп алдын орап, адуынды мiнезiмен бастырмалата сөйледi. – Шет-жағалап естiдiм. Ол не жағдай өзi?

Өзiнен үлкен, қамқор адамның жылы қабағын байқаған соң, хатшы буыны босап, мұңын шаға жөнелдi:

– Егор Кузьмич, бұл бiр iрiп-шiри бастаған провинция екен. Әбден ұлтшылдық жайлаған. Пленумның шешiмiне қарсы болып бүкiл республика дүрлiгiп жатыр. Нағыз көтерiлiс. Мiне, менiң тереземнiң алдындағы бес мың ба, он мың ба, қаптаған қалың тобырды әскермен бөгеп әзер тоқтатып тұрмыз!

– Жағдай әбден асқынып кетiптi ғой. Ертерек неге хабарламадың?

– Дабыра қылмай, өзiмiз-ақ үндерiн өшiремiз деп ойлағанмын. Бiрақ әл беретiн емес, өршiп барады.

– Қарсылықтың үлкен-кiшiсi болмайды. Бұл деген инцидент! Сен, Гена, қызық екенсiң. Мұндайда “Караул! Жау шапты!” деп бар дауыспен айқайлау керек қой. Бить надо на все литаври! Сақтықта қорлық жоқ. Жарайды, алаңдама, Михаил Сергеевичпен сөйлесiп көрейiн. Содан соң хабарласармыз.

Кузьмичтiң iш тартып жылы сөйлегенiне әжептәуiр арқасы кеңiп, еңсе тiктеген. Әйтсе де Бас хатшы “бармай жатып бұл не бүлдiргенiң!” деп зiркiлдей ме деген қобалжу да бар көңiлiнде. Темекi тұтатып, орнынан тұрды. Байыз таппай есiк пен төрдiң арасында ерсiлi-қарсылы жүре бастаған қарыштап. Сәлден кейiн тiкелей байланыс телефоны зың өте түстi. Селк етiп орнында бiр дем тұрып қалған. Саусақ арасында түтiндеген темекiнiң жерге қалай түсiп кеткенiн аңғарған жоқ. “Кузьмич пе? Не хабар айтар екен?” Үмiт пен күдiк тайталаса телефонға асығыс қол созған. Бас хатшының өзi! Жүрегi дүрсiлдеп кеттi. Сәлемдесiп болып:

– Жағдай қалай? – дедi салқын, сабырлы дауыспен. Зiл, кекесiнi байқалмайды.

– Жағдай мәз емес.. Михаил Сергеевич... – деп мән-жайды айтпақшы болып едi...

– Жарайды, бiлем! – деп келте қайырып тастады. – Шұғыл мәлiметтердiң бәрi мiне, алдымда жатыр. Сен, Геннадий Васильевич, абыржыма. Жағдайыңды әбден түсiнемiн, сенiң ешқандай кiнәң жоқ. Мұның бәрi – бұрынғы басшылықтың былық-шылығы, республикадағы қалыптасқан келеңсiз ахуалдың көрiнiсi. Бiз саған жан-жақты көмек көрсетемiз, ештеңеге алаң болма. Сол жердiң ендiгi қожайыны өзiңсiң. Жалтақтамай батыл қимылда. Әскери мамандар жiберiлдi, солармен кеңесiп, шұғыл шешiм қабылдаңдар. Новосибирск, Свердловск, Ташкенттен бiрер сағаттың iшiнде арнаулы полктар барады. Ең бастысы, бүлiкшiлердiң бұл әрекетiне ешқандай саяси мән берiлмесiн. Маскүнем, нашақор, ұры-қары сияқты азған-тозған қылмысты элементтердiң бүлiгi сияқты көрiнiс тапсын. Сондай эпизодтар ұйымдастырылып, телевидение, баспасөз арқылы жұртшылыққа кеңiнен насихатталсын. Түн қараңғылығын пайдаланып, батыл қимылдаңдар. Таңға дейiн Алаң бүлiкшiлерден тазартылсын! Бұйрық осы. Іске сәт!

Бас хатшы қалай нықыртар екен деп тiзесi дiрiлдеп едi, бәрi керiсiнше болып шықты. Жылы шыраймен жадырай сөйлегенде абдырап қалды. Тiптi, шаң жуытар емес. “Сенiң мұнда еш кiнәң жоқ” деген жоқ па. Сенiм артып сара жолды сызып бердi. Ендi алаңдайтын не бар! Қыңсылаған қызыл тұтқаны қылғындыра ұстаған күйi Геннатий Васильевич бiр дем орнында сiлейiп отырып қалды. Сәлден кейiн барып тұтқаны сарт еткiзiп орнына қойды. Әрi-сәрi хал лезде ғайып болып бойына әлдебiр қуат құйылғандай. Сенiмi нық, қимылы батыл, жау қабақ, айбарлы... Тас түйiлiп бес минут бұрынғыдан мүлдем басқа адам болып шыға келдi. Қаһарлы күннiң iрге соғып буырқанған толқынына тайсалмастан күмп берiп қойды да кеттi.

Селектордың түймесiн басып, штабтағыларға iске көшiп, күш қолдануға бұйрық бере бастады. Әскер басшыларының бiрi:

– Геннадий Васильевич, әлi де әлiптiң артын күтсек қайтедi? Не дегенмен бейбiт демонстранттар ғой, әзiрге қауiп төндiретiндей бұзақы әрекеттерi байқалмайды. Күн суық, шыдамдылық танытсақ, бәлкiм кешке қарай өздерi-ақ тарап кетер? – деп едi, зiркiлдеп айғай салды:

– Мен не деп тұрмын, сен не деп тұрсың? Оларды мұнда кiм шақырыпты? Бүкiл елдi дүрлiктiрген бұзақыларды жайдан-жай үйлерiне қоя бер демексiң бе? Қылмыскер жазасын тартуға тиiстi. Бұлар – бұзақылар, маскүнем, нашақорлар. Екi жерде екi – төрт, ұғып тұрсың ба!



Төртiншi тарау
Тоғызыншы тарау
Он бірінші тарау
Он алтыншы тарау
Он тоғызыншы тарау
Жиырма үшінші тарау
Жиырма төртінші тарау
Жиырма бесінші
Жиырма алтыншы тарау
Жиырма тоғызыншы тарау
Отызыншы тарау
Отыз үшінші тарау



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   29


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу